Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып 9. Өндіріс шығындары



Лекцияның мақсаты: Кәсіпорын шығындарының түрлерін және табыс,пайданы анықтап түсіндіру.

1.Кәсіпорын шығындарының түрлері.

2. Фирманың жалпы, орташа және шекті табысы.

3.Пайда

Қоғамдық өндіріс шығындары – ол өнім өндіргендегі қоғамдық қажетті еңбек (тірі және затталған) шығынының жиынтығы.

Жеке кәсіпорынның өндіріс шығыны өзіндік шығын ол кәсіпорынның өндірістегі және сатудағы шығынының жалпы сомасы (шикізат, материалдар, аммортизация, жалақы т.б.).К. Маркс өндіріс шығындарын нақты өндіріс процесінде қарады. Ол бағаның тауар құнының айналасында ауытқуын, сұраныс пен ұсыныс заңының әсер етуін есепке алмай талдады. Әрине өндірістік шығынды қалыптастырғанда аталған факторларын есепке алу қажет. Сонымен қатар, қазіргі кездегі экономикада өндірістік шығындардың өзгеруін кәсіпорын өндірген өнімдер санына тәуелділігімен байланысты анықтау қажеттілігі туындап отыр.Экономикадағы осы талаптарды есептей отырып, қазіргі кезеңдегі концепцияны зерттеп дайындағандар А. Маршалл, Д. Миллен, Дж.Робинсон. Олар көп жағдайда К. Маркс ілімін есепке ала отырып, өндіріс шығындарын кәсіпорын өнімдерінің санына тәуелді және тәуелсіз деп бөлді. Осының салдарынан тұрақты және өзгермелі өндіріс шығындары ұғымы пайда болды.

Тұрақты шығындарға жататындар: кәсіпорынның қызмет жасауын қамтамасыз ету шығындары, қарыз пайыздарын төлеу, салық, аммортизациялық аударым, қорғау ақысы, қамсыздандыру шығыны, өндіріс тоқтаған кездегі құрал-жабдықтарға қызмет жасау шығындары, басқару аппаратының жалақысы т.б. Тұрақты шығындарды кәсіпорын ұзақ мерзім кезеңінде дамуды да бақылай алады. Олар қысқа мерзім кезеңінде де өнім шығару көлеміне байланысты өзгермейді.

Өзгермелі шығындар шығарылған өнім көлеміне байланысты өзгеріп отырады. Өзгермелі шығынға жататындар: шикізат, материалдар, жұмысшылардың жалақысы, энергия, тасымалдау шығыны, т.б. Кәсіпорын өнім өндіруді көбейту үшін, алдымен сол өнім өсіміне қанша өзгермелі шығын жұмсалатынын есептей білуі қажет. Сол үшін шығындарды өлшеуге (есептеуге) ерекше тәсілдермен ерекше өлшеу белгілерін зерттеп дайындау қажет.

Тұрақты және өзгермелі шығындардың қосындысы жалпы өндіріс шығынын құрайды. Оның көлемі өзгермелі шығынның өзгеруіне байланысты.

Кәсіпорын бірлік өнімге жұмсалған шығынды білуі қажет. Сондықтан орта өндіріс шығыны есептеледі. Оның үш түрі бар:

1) Орта тұрақты шығын. Оны тұрақты шығынды шығарылған өнім көлеміне бөлу арқылы анықтайды.

2) Орта өзгермелі шығын. Оны өзгермелі шығынды шығарылған өнім көлеміне бөлу арқылы анықтайды.

3) Орта жалпы шығын. Оны жалпы шығынды шығарылған өнім көлеміне бөлу арқылы анықтайды. Осы орта жалпы шығын бірлік өнім өндіріс шығыны болып есептеледі.

Кәсіпорын барлық уақытта максималды пайда табуға ұмтылады. Сол үшін, ол, өндірістегі өнім көлемін көбейтеді, қосымша өндіріс шығындарын жұмсайды. Осы шығындардың тиімділігін шекті өндіріс шығындары арқылы байқауға болады.

Шекті шығындар (кейде өсімді, маржинальды деп те атайды) қосымша бір бірлік өнімді шығарғанға жұмсалған шығын өсімі. Жоғарыда айтылғандай, тұрақты шығын шығарған өнім көлеміне байланысты өзгермейді. Сондықтан, шекті шығындарды қосымша бірлік өнім шығарғанда жұмсалған шығын өсуі (немесе кемуін) тек өзгермелі шығынмен анықталады. Себебі, ол, өнім шығарудың көлемін бір бірлікке көбейткенде кәсіпорынға қанша шығын жұмсалғанын көрсетеді.Кәсіпорын өз іс-әрекетінде шығындарды сыртқы және ішкі деп бөледі. Сыртқы шығындар өнімін шығару үшін өзі өндірмей сырттан алған өнімдерге ақшалай бөлінген шығын. Мысалы: жабдықтаушыларға көрсеткен еңбек қызметі, шикізат, отын, транспорт қызметі, энергия т.с.с. Ішкі шығындар - кәсіпорынның меншігіндегі және өз еркімен пайдаланылған ресурстар шығыны.Кәсіпорын экономикалық талдау процесінде басқа да өндіріс шығындарының түрін қолданады. Олар: алмастыру (балама) шығыны (немесе жіберілген қате мүмкіншілігінің шығыны), қайтарылмаған шығындар, трансакциялық шығындар т.б.Кәсіпорынның тәжірибедегі өндіріс шығынын есептегенде және іс-әрекетін талдағанда Батыс және ТМД елдерінде ұқсастық та, ерекшелік те бар. ТМД елдерінің кәсіпорындарында өзіндік құн категориясы кеңінен қолданылады.

Өзіндік құн – ол өнімді өндірудегі және сатудағы шығынның барлық сомасының ақшалай көрінісі. Өзіндік құн – ол жеке өндіріс шығыны. Ескеретін мәселе, өзіндік құн тауар құнының нақты бөлігі емес, оның ерекшеленген бөлігі, Себебі құн мен өзіндік құнның арасында жеке шығын, жеке құн және баға бар. Сондықтын, өзіндік құн – жеке өндіріс шығынының және жеке құн бөлігінің ақшалай түрі.

Өзіндік құнның экономикалық категория ретіндегі мәні кәсіпорынның барлық шығындарын ақшалай түрінде жинақтап (аккумулировать) оны өтеу, ол жәй ұдайы өндірістің қайталануына қажет.

Шаруашылық тәжірибеде өзіндік құнның әртүрін пайдаланады. Олар: жеке және салалық, аймақтық (зона), өндірістік және коммерциялық (толық), жоспарлы және фактілік өзіндік құндар.

Жалпы өнімнің өзіндік құны шығын элементтерімен анықталады. Элементтері: шикізат, материал, отын, энергия, аммортизация, жалақы және т.б. ТМД және Батыс елдерінде өзіндік құнды есептегенде шығындарды тіке (тура) және қосалқы деп жіктейді. Тіке шығындарға өнім жасауға тікелей байланысты шығындарды жатқызады. Ал қосалқы шығындарға өнімнің бір түрін шығарғандағы кәсіпорынға қажет жалпы шығындарын жатқызады.Өзіндік құнды бірлік өнімге есептегенді өзіндік құн калькуляциясы деп атайды. Шығындар калькуляциясын есептегенде элементтермен емес, шығын статьяларымен есептейді. Себебі, калькуляция статьясы жеке шығын элементтерін терең бөлікке бөледі. Мысалы: шикізат және материалдар әрі қарай жанар-жағар май, тыңайтқыш, ұрық, жем болып бөлінеді.Өзіндік құн кәсіпорынның тиімділігін көрсететін қорытынды көрсеткіш. Кәсіпорын жұмысының нәтижесін жақсы немесе жаман деп сипаттау, ол өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, пайданы молайтуында немесе керісінше. Сондықтан өзіндік құнның деңгейін төмендету тікелей немесе қосалқы түрде өндірістің құндық көрсеткіштеріне әсер етеді. Ғылыми-техникалық прогрестің негізінде ол төмендейді, ресурстарды үнемдеу (шикізат пен материал шығындарының төмендеуі), өндірісті автоматтандыру және механикаландыру т.б. жағдайлар туғызады.

Жалпы қорыта айтқанда, өзіндік құнды бірқалыпты жүйелі түрде төмендету, кәсіпорын пайдасының жоғарылауының (көбеюінің) негізгі бағыты. Осыған байланысты дамыған елдердегі кәсіпорынның өндіріс шығындарын төмендету бағыттарын зерттеуі, экономикалық теорияның негізгі мәселесі болуы кездейсоқтық емес.

2. Пайда дегеніміз - нарықтық экономикада кәсіпорынның тиімділігін анықтайтын көрсеткіш. Өндірістің негізгі мақсаты- пайда табу болып табылады. Пайда кәсіпорынға түсетін ақшалай түсімнің бір бөлігін көрсетеді. Пайда жалпы түсім мен жиынтық шығындардың арасындағы айырмашылықты көрсетеді.

Нақты және айнымалы шығындардың арасындағы айырмашылықтарды көрсете отырып, экономикалық ғылымда пайдаға анықтама беруге болады.

Бухгалтерлік пайда дегеніміз - фирманың жиынтық табысы мен нақты шығындары арасындағы айырмашылық.

Экономикалық пайда дегеніміз - жиынтық табыс пен барлық шығындар арасындағы айырмашылық.

Фирма қызметін жоспарлау және есептеу кезінде пайданың 3 түрі анықталады:

а) тауарлық өнімді өткізуден түсетін пайда;

ә) баланстық немесе жалпы пайда;

б) есеп айырысу немесе таза пайда.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1.Шығын және оның түрлері.

2. Тұрақты және өзгермелі өндіріс шығындары.

3. Бухгалтерлік пайда.

4.Экономикалық пайда.

5.Фирма қызметін жоспарлау және есептеу кезінде пайданың 3 түрі.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 4212 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.005 с)...