![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
Мақсаты: Әдебиет сабағында жүргізілетін тіл ұстарту жұмыстарының түрлері туралы мағлұмат беру.
1. Тіл ұстарту жұмыстарының түрлері.
2. Ауызша және жазбаша тіл ұстарту
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: тіл ұстарту, ауызша тіл ұстарту, жазбаша тіл ұстарту, эссе, реферат, шығарма.
Дәріс мәтіні (тезис)
Әдеби тіл дегеніміз белгілі бір қалыпқа түскен, диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпыға бірдей ортақ, түсінікті тіл. “Әдеби тіл дегеніміз – жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл”. Яғни, әдеби тіл қоғамның барлық саласында қолданылатын нормаланған тіл.
Мектепте әдебиет пәнін оқытатын мұғалімдерге қойылатын талап сынып жоғарылаған сайын күрделене береді. Оқушыларды ауызша сөйлеу мен ойын жазбаша жан‑жақты бере білуге дағдыландыру ‑ әдебиет сабағында жүзеге асады. Оқушылардың әдеби тілді меңгеруі әр түрлі тапсырмалар мен өздік жұмыс түрлерін орындату арқылы жүзеге асады. Бұл жұмыстар мәтінді талдаумен тығыз байланыста жүргізіледі. Мәселен, төменгі сыныптарда шағын, жай, хабарлы сөйлемдерге құрылған мәтіндер алынса, жоғары сыныптарда көлемдірек, суреттеме, диалогқа құрылған мәтіндер таныстырылады. Тіл ұстарту – оқушылардың әдеби тіл нормаларын сақтай отырып, көркем, айқын, нақты сөйлей алуы. Тіл дамытуда оқушыларға мәтінді дауыстап немесе іштей оқыту, мәнерлеп оқыту, мазмұндату, сұрақтарға жауап беру, көркемдік ерекшелігін талдау жұмыстарын жасайды. Одан әрі көркем шығарманың жекелеген элементтерін ажыратып, талдап, жай және күрделі жоспар түрлерін жасау жұмыстарымен жалғасады.
Тіл ұстарту жұмысының түрлері сыныптарға, оның ерекшеліктеріне сай жүргізіледі. Мәселен, ортаңғы сыныптарда төмендегідей тіл дамыту жұмыстарын жүргізуге болады:
Мазмұндау, олардың түрлері. Орта буын сыныпта әдебиетті оқытудағы негізгі жұмыстың бірі – оқушы тілін дамыту, ойын ауызша жүйелі айта білуге дағдыландыру. Мазмұндаудың бірнеше түрлері бар.
1) мәтінге жуық мазмұндау. Бұл көбіне ықшам мәтіндерге қолданылады. Мәселен, Ғ.Мүсірповтің “Ер ана” әңгімесін мәтінге жақын мазмұндау үстінде ондағы оқиға сюжет желісі сақталып, автор қолданған сөз тіркестері, қанатты сөздер, мақал‑мәтелдер тізбесі, сол сияқты пейзаж, портреттерді келтіре отырып мазмұндалады.
2) Көркем шығарманың мазмұнын қысқаша мазмұндау көлемді мәтіндерге қатысты. Онда оқушыдан өзі толық меңгерген шығарманың мазмұнын ықшамдап айту талап етіледі. Мәселен, повесть, роман жанрларының бөлімдері бойынша негізгі мәселелер жинақталып айтылады. Бұл мазмұндау оқушыларға мәтіннің негізгі түйінін ұғып, түсініп айта білуге дағдыландырады.
3) Шығарманың жағын өзгерте мазмұндау. Бұл оқушыға мәтінді жақынырақ түсінуге көмектеседі. Мәселен, С.Мұқановтың “Өмір мектебі” романы, Б.Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесі бірінші жақтан баяндалған. Соны үшінші жақтан баяндатса, оқушы автор мен кейіпкер қатынасын ажыратып, кейіпкер бейнесін терең ұға алады.
Қандай мазмұндау да оқушыға көркем шығарманы толық, ретімен айта білуіне, автор ойын кеңейтіп, өз сөздерімен, түсіне баяндауға жол салады.
Осы мазмұндау мен талдау жұмыстарын толыққанды жүзеге асыруда мәтінге құрылатын жоспардың мәні үлкен. Орта сыныптан бастап, көркем шығармаға жоспар құрудың екі түрі қолданылады.
1) Мәтін тұтас оқылған соң, бөлімдерге бөлініп, әрқайсысына лайық ат қойылады, негізгі мәселелері бойынша жоспар құрылады;
2) Мәтін бөліктер бойынша оқылып, жоспар құрылады.
Мәселен, Ғ.Мүсіреповтің “Ақлима” әңгімесіне тұтас мынадай жоспар құруға болады:
- Ақлиаманың тағдыры.
- Жауынгер хаты.
- Хаттың Ақлимаға әсері.
- Хат сыры.
- Ақлиманың майдангерді күтуі.
Сол сияқты, Абайдың “Қансонарда бүркітші шығады аңға” өлеңіне мынадай жоспар құруға болады:
- Аңшылық туралы.
- Аңшының қансонарға шығуы.
- Қыран мен түлкінің айқасы.
- Қыранның түлкіні ілуі.
- Аңшының масаттануы.
Бұл жоспарлар оқушыға мәтін мазмұнын жан‑жақты, толық ашуға бағыттайды. Мәтіннің негізгі ерекшелігін, идеясын анықтауға да көмектеседі.
Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 3915 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!