Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Этнология ғылымдар жүйесінде



Дәріс мақсаты:

Студенттерге этнология пәнінің зерттеу пәні мен мақсат-міндеттерін, әдістері мен зерттеу көздерін тереңдеп түсіндіру.

Негізгі түсініктер: этнология, этникалық топтар, этнография, полиэтникалық мемлекет және т.б.

Дәріс жоспары:

1.Этнология пәні және объектісі.

2.Этнология ғылымындағы әдістері мен катеогриялары.

Дәріс сабағына арналған әдістемелік нұсқау: Дәріс сабақтарында тақырыпқа сай негізгі түсініктерді талдап, әдебиеттермен жұмыс жасай білуге дағдылану қажет. Тақырып бойынша оқытушы тарапынан берілген негізгі түсініктерді ғана емес, қосымша өз бетінше ізденіп, категориялық ғылыми аппаратты кеңейту ісімен айналысуы шарт.

Этнология ғылымы халықтың этногенезі мен этникалық тарихын, этностың шаруашылық - мәдени типін, әлем халықтарының этникалық және этно - мәдени процестерін зерделейді.

Сондай-ақ, қазіргі Қазақстандағы барлық этникалық топтардың этнографиясын зерделеп, зерттейді. Полиэтникалық мемлекет жағдайында этникалық және этнос аралық үрдістерге мониторинг пен сараптама жасау мәселесі өзекті болып табылады.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасындағы ұлт-аралық қатынастарды үйлесімді түрде реттеу негізіндегі ұлттардың татулығы мен тұрақтылықтың тәжірибесін зерттеу де өзекті болып табылады.

Этнология (грек. ethos – тайпа, халық және logos – ғылым, ілім, сөз) – қоғамдық ғылымдардың тайпалар мен халықтарды зерттейтін саласы. Этнология қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бәріне бірдей ортақ жайларды, тарихи және мәдени қарым-қатынастарын, күнделікті тұрмысын, кәсібін, қоғамдық және отбасылық қарым-қатынастарын, рухани мәдениетін жан-жақты ғыл. негізде зерттейді (қ. Тарихи этнография). Өткен өмір мағлұматтарын соңғы деректермен салыстыра зерттеп, этнолог халық тұрмысы мен мәдениетінің тарихи даму үрдісін анықтайды. Халық өмірінің өткен кезеңдерінің ең көне дәуірі палеоэтнология деп аталады. Мыс., халықтардың шығу тегін зерттеуде Этнология үнемі археол. деректерге сүйенсе, археология өзінің зерттеу жұмыстарында археол. ескерткіштердің қандай этн. топтарға жататындығын анықтау барысында әр дайым этнол. деректерді кеңінен пайдаланады.Мәдениет және өнер тарихын, халықтың көркем-өнері мен ауыз әдебиетін зерттеу және халықтың дәстүрлі шаруашылығы мен кәсібін зерттеу Этнологияны толықтыра түседі. Халықтардың тілдеріндегі жақындықты зерттеу лингвистика мен Этнология мүдделерін жақындата түседі. Халықтар мен табиғи ортаның әсерін, қоныстану үлгілерін және этн. картографияны зерттеу ісі Этнологияны географиямен және дүние жүзі халықтарының санын есептеуге арналған демография пәнімен байланыстырады. Сондай-ақ халықтардың шығу тегін және алғашқы қауымдық құрылыс тарихын зерттеуде антропология ғылымы Этнологиямен ұштасып, этн. антропология саласын қалыптастырды. Этнология жоғарыда көрсетілген ғылым салаларымен тығыз байланыса отырып, ғылым үшін де, күнделікті тәжірибе үшін де аса маңызды көптеген сауалдарды шешеді. Мыс., жеке елдер мен бүкіл дүние жүзі халықтарының этн. құрамын және халықтың шығу тегі мен этн. тарихын, артта қалған халықтарда сақталған көне дәстүрлер қалдықтарының негізінде алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық өмір мен мәдениеттің қандай болғандығына ғыл. талдау жасайды. Этнология термині шетелдік тарихнамада кеңінен қолданылғанымен, кеңестік тарихнамада мүлдем пайдаланылмады. Себебі, мұнда Этнологияға бірегейлік сипат берілмей, оны этнография деп атады да, бұл ғылымды тарих ғылымдарының бір саласы ретінде ғана қарастырып келді. КСРО ыдырай бастаған кезде ғана Этнология термині этнографияны ығыстырып шығарды. Сөйтіп, оның халықты танып білудегі рөлі нақтыланды. Этнология атауы этнос терминіне байланысты қалыптасқан. Антик. заманда эллиндіктер “этнос“ терминін грек емес халықтарға қолданған болатын. Э. термині 19 ғ-ға дейін кеңінен қолданыла қойған жоқ. Тек кей жағдайлардағы этногр. үрдістер мен құбылыстарды баяндау кезінде ғана қолданысқа еніп отырды. Антропол. ғылымдардың жалпы классификациясын жасап, оның ішінде Этнология ны бөліп, 1830 ж. алғаш рет көрсеткен француз ғалымы Жан Жак Ампер еді. Осыдан кейін еур. ғыл. жұртшылық осы терминді кеңінен қолдана бастады. Этнология ғылымының дербес пән ретінде ресми түрде қалыптасуы Париж этнологтары қоғамының құрылуынан (1839) басталады. Бұл оқиға пән және оның қоғамдық ғылымдардағы орны туралы қызу ғыл.-теор. пікір-сайыстар туғызды.

Кейбір мәселелерге қатысты сан алуан көзқарастар болғанымен, қазіргі таңда Этнология ның орны, пәні мен зерттеу әдістері, міндеттері, т.б. айқындалған. Алғашқыда Э. дамуы артта қалған, жазуы мен мемлекеттілігі болмаған халықтарды зерттеумен айналысып, бұл үрдіс 20 ғ-дың бас кезіне дейін созылды. Кейіннен түрлі саяси және экон. мүдделерге сай ғылымның ауқымы кеңейіп, бүгінгі күнге дейінгі мәселелер қарастырыла беретін болды. Жаңа тарихи жағдайларға байланысты қазіргі уақытта Этнология күрделі де сан салалы тармақтардан тұратын іргелі ғылымға айналды. Оған этн. антропология, этн. социология, этн. психология, экон. Этнология, этнодемография, этн. география, этнопедагогика сынды бірнеше бөлімдер кіреді. Қазақстанда Этнологиялық ізденістердің дамуы ілкі замандардан бастау алған. Ерте темір дәуірінен басталған мол Этнологиялық материалдар ғасырлар бойы жинақтала берді. Қазақ ұлты туралы нақтылы этнол. деректерді патшалық Ресей тұсында Қазақстанға келген орыс шенеуніктері жинастырды. Әсіресе, бұл салада П.С. Паллас, И.Г. Георги, И.П. Фальк, И.Г. Андреев, А. Левшин сынды зерттеушілердің еңбектері зор. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ Э-сына елеулі үлес қосқандар Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсарин, М.Бабажанов болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың бас кезінде қазақ Этнологиясына Н.Гродеков, Н.Аристов, Ә.Диваев, Г.Н. Потанин, Шәкерім, І.Қостанаев, т.б. елеулі үлес қосты. 20 ғ-дың 20-жылдарының соңында С.И. Руденко бастаған ғыл. экспед. құрылып, оның құрамында Ә.Х. Марғұлан жұмыс істеді. Бұл экспед. “Қазақтар“ деген атпен бірнеше жинақтар шығарды. 1946 ж. Қазақстан ҒА құрамында Тарих және этнология институты ашылғаннан кейін ел арасынан дерек көздерін жинастыру, ғыл. талдау жүргізу жұмыстары жолға қойылды. Жинақталған мағлұматтар негізінде қазақ халқын этнол. тұрғыда зерттеу тарихы (Е.Масанов), ру-тайпалық құрамы (В.Востров, М. Мұқанов, Х.Арғынбаев), ұлттық киімдері (И.Захарова, Р.Ходжаева), басқа өңірлердегі қазақтардың тұрмысы (У.Шалекенов), неке және отбасы, ұлттық қолөнер (С.Қасиманов), ұлттық тағамдар, т.б. көптеген тақырыптар төңірегінде көлемді зерттеулер жүргізілді. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін республикада этнол. ізденістер тарихи шындық тұрғысынан түзіле бастады. Республиканың түкпір-түкпірлерінде ғыл. ошақтар өркендеп, бірқатар зерттеушілер (Ә.Төлеубаев, С.Әжіғали, Ж.Артықбаев, Ш.Тоқтабаева, т.б.) этнол. мәселелерді жаңа қырынан қарастыруда. Ғалымдар мемл. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша да тың зерттеулер жүргізіп келеді.

Сұрақтар:

1.Этнология пәні және объектісі.

2.Этнология ғылымындағы әдістері

3. Этнология ғылымының негізгі катеогриялары.

Әдебиеттер:

1.Артықбаев Ж.О. Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелері.1 том.-Павлодар, 2007.-300 б.

2.Шалекенов У.К. Әлем халықтарының этнографиясы. Алматы, 1994

3.Артықбаев Ж.О. Этнология и этнография. Астана, 2006

4.Садохин А.П. Этнология. М.2004

5.Таводов Г.Т. Этнология. М.2003

6.Садохин А.П. Этнология: Учебный словарь. М.2002





Дата публикования: 2015-07-22; Прочитано: 1855 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...