Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Оқушылардың философиялық -дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы



Жоспар:

Қазiргi қоғамдағы әлеуметтiк жағдаяттарға сәйкес оқушының философиялық-дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы.

Қазақ философиясы мен менталитетiнің негiздері. Еуразиялық мәдени типтiң қазақтың дәстүрлi мәдениетiмен тұтасуын жүзеге асыру.

Негізгі түсініктер: әлеуметтік орта, дүниетанымдық көзқарас, менталитет, еуразиялық мәдени тип, қазақтың дәстүрлі мәдениеті.

Қазiргi қоғамдағы әлеуметтiк жағдайларға сәйкес оқушының философиялық - дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы. Дүниетаным – адамның табиғат пен әлеуметтік ортаны түсініп білуін, онымен дұрыс қарым-қатынас жасау іс-әрекетінің бағытын бейнелейтін көзқарастарының бірыңғай жүйесі. Философия - дүниетаным формасы.

Әлеуметтік орта - қоғамдық-экономикалық формация түріне, қай тап пен ұлтқа жататындығына, белгілі топтың ішкі таптық айырмашылықтарына, тұрмысы мен кәсібіне тәуелді. Қоғамдық-экономикалық формация өзіндік тарихи, демографиялық, географиялық және ұлттық қалпында өмір салтының белгілі бір түрін, ойлау мен мінез-құлық амалдарын тудыратын әлеуметтік ортаны қалыптастырады. Сонымен, қоғамдық-экономикалық формация - әлеуметтік орта - өмір салты – жеке тұлға – дүниетаным ұйтқысы, жеке тұлғаның қалыптасуының негізгі жолы.

Қазақстан Республикасының осы заманғы қоғамдық-экономикалық формациясын түсіну, қазақ тарихына жаңаша көзқарас қалыптастыра бастады. Қоғамның мәдени деңгейі неғұрлым жоғары болса, тарихқа деген сұраныс та соғұрлым жоғары болады. Адам тарихты білу арқылы зияттық, рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып отырады. Тарихи тәжірибені қортындылау арқылы келешекке дұрыс бағдар жасалады. Қазіргі қазақ қоғамы ұлттық мемлекеттің қажеттігін тарихи тұрғыдан негіздеп түсіндіре алады. Тарих арқылы ұлттың мемлекеттік идеологиясының негізі жасалады. Сондықтан да, тарих ғылымының жаңа тұжырымдамасы негізіндегі қазақ халқының тарихы қалыптасады. Осыған орай, тарихи сананы ояту арқылы әр қазақ баласының бойында ұлттық рухты жандандырып, “Мен қазақпын” деген мақтаныш сезімін ұялату әр азаматтың борышы.

Ұлттық көзқарасты қалыптастыратын тарихтан басқа, рухани көркем туындылар ұлттық мүддені алдыңғы қатарға шығарып, ұлттық танымға қызмет етуі тиіс.

Қазіргі қазақ қоғамының отбасындағы өмір салты бұрынғы дәстүрлі отбасындағы өмір салтынан өзгеше қалыптаса бастады. Әсіресе индустриалы қоғамға еніп, технологиялық дәуірге ауысқаннан кейін, отбасының құрылымына, отбасылық құндылықтарға деген көзқарас та өзгеріп бара жатыр. Қазақ отбасының әлсіреуі, халық саны аз мемлекет үшін, мемлекеттің әлсіреуіне әсер етеді. Қазақтың дәстүрлі ұғымында «Отбасы – бүкіл берекенің бесігі» деп есептелсе, заманның, қоғамдық өмір тәсілінің өзгеруіне байланысты қазақтың отбасына деген дәстүрлі көзқарастары өзгеру үстінде.

Отбасына деген құндылық көзқарас, яғни отбасы - бақыт бесігі, ұрпақтарының өсіп-өнуін, болашақтағы ұрпақтарының жалғастығын ойлау орын алса, қазір бұл құндылықтар да әлсіреуде. Демек отбасы институты өзгеріс үстінде. Қазақстанда қазақ ұлтын көбейту мәселесі бүгінгі қоғам алдындағы басты мақсат болып тұр. Отбасында тәрбиеленіп келе жатқан ұрпақты ұлттық мұрат негізінде тәрбиелеу керектігі, бүгінгі маңызды мәселелердің бірі.

Сондықтан да, отбасындағы ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынас мәдениетін арттыру, ондағы ұлттық дәстүрді сақтау мәселелері де өте маңызды.

Демографиялық, яғни халықтың өсіп-өну мәселесі отбасы институтымен тығыз байланыста дамиды. Мемлекет тарапынан жас отбасыларына әлеуметтік жеңілдіктер жасай отырып, жастардың санасында отбасылық құндылықтарды орнықтыру, отбасын құруға жауапкершілік қатынас қалыптастыру, отбасынан қолға алынуы қажет. Отбасында қалыптасатын іргелі құндылықтар мейілінше жас ұрпақ санасына сіңірілуі тиіс. Адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі - отбасы бақыты екені жас ұрпақ санасынан орын алуы тиіс. Қазақ қоғамы, ұлт болашағы - мықты отбасынан бастау алады.

Нарықтық қатынастардың қарқынды дамып жетілуі үшін қоғам азаматтары еңбек ету мәдениетін үйрену қажет. Қазақ халқының ұлттық менталитетіне еңбек ету өнері деген түсінікті бүгінгі күн талабына сай жаңа сипатта қалыптастырған жөн. Кез келген материалдық немесе рухани өнімнің сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Ірі өндіріс салалары, орта бизнес, сауда-саттық өнімдерінің сапалық деңгейінің жоғарылауы, ішкі рыноктың сапалы тауарлармен қамтамасыз етілуі, жоғары сапалы өнімдердің әлемдік рынокқа шығарылуы, еңбектің өнер, шығармашылық деңгейінде атқарылуы, қоғам азаматтарының жауапкершілігін, біліктілігін, зияттық потенциалын дамытуды, кәсіпкерлікті ұйымдастыру мен басқару мәдениетін қалыптастыруды талап етеді.

Тәрбие философиясы тұлғаның өздігінен дамуын мәдениеттендіру мен әлеуметтендіруді біртұтас тұрғыда қарастырады. Жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесіндегі тұлғаның өзін-өзу тануы “Мен кіммін? Мен дүниеге неге келдім? Менің болашақ өмірім қандай болу керек?” деген сұрақтарға жауап іздеу арқылы өзін тану, өзінің өзгеге, өмірге қатынасын айқындауы керек. Адамның құндылық сапасын білу үшін өзінің даралық сипатын сақтап, оны үнемі жетілдіруі қажет. Адамның даралық қасиеті оның құндылық сипатын көрсетеді. Сол даралық сипаты өзгелердің назарына ілініп, төңірегіндегі адамдар сол қасиеттері үшін оны құрметтейді. Баланың мінезін қалыптастыру үшін ата-ана мен мұғалім оның жалпы дамуымен қатар, ішкі жан дүниесіне де күшті ықпал етуі тиіс. Адамның жеке тұлғалық қасиетінің жетілуі оның өзін-өзі құрметтеуіне, өмірде табысқа жетуіне тәрбиелейді.

Сонымен, жеке тұлғаның алғашқы өмірлік мақсаты - өзін-өзі тану, өзінің тұлғалық қасиеттерін барынша жетілдіру. Екінші басты мақсатының бірі, бақытты отбасын құру, отбасы мүшелерінің қарым-қатынас мәдениетін дамыту. Адамның үшінші өмірлік мақсаты - айналамен, табиғатпен үйлесімді шығармашылық қарым-қатынас орнатып, оны күнделікті өмірде қолдана білу, яғни өзінің іс-әрекеттік сапасын дамытып жетілдіру. Жетілген тұлға заман ағымына қарай өзінің дүниетанымын толықтырып, тереңдетіп, мықты отбасы, ізгілікті, бейбіт қоғам құруға еңбек сіңіруі, әр азаматтың міндеті екенін жадыда ұстауы тиіс.

Азақ философиясы мен менталитетiнің негiздері. Еуразиялық мәдени типтiң қазақтың дәстүрлi мәдениетiмен тұтасуын жүзеге асыру

Қазақ философиясы халықтың тарихын жан-жақты түсіну үшін үлкен негіз және методологиялық құрал. Осы тұрғыдан келгенде қазақ философиясы ұлт менталитетінің тек рухани негізі ғана емес, сонымен бірге оның реттелген, жинақталған құрылымдық элементтерінің басты көрінісі, адамдардың ойлау ерекшелігінен туындайтын, олардың күнделікті мінез-құлықтарында, қарым-қатынасы мен табиғи болмысында көрініс табатын рухани жиынтық деуге болады. Қазақ философиясын түсіну мен зерттеудің бір қыры осы менталитетте жатыр. Менталитетті түсіну арқылы ұлттық философияның даму деңгейін түсінуге болады.

Ұлт менталитетінің бүгінгі заман талабына сай бейімделуі, оның жаңа қоғамдық қатынастарды қабылдауы қазақ философиясының терең зерттелуімен тікелей байланысты. Өйткен себебі, философиялық деңгейде бейнеленген құндылықтар ғана менталитет құрылымында мәңгілік сипатқа ие болады және оның қазіргі ерекшеліктерін аңғаруға мүмкіндік жасайды. Олай болса, қазақ философиясы бүгінгі өмір талаптарына толық жауап беріп қоймай, ұлт менталитетінің рухани негізімен қатар, дүниетанымдық принциптерін қалыптастыруы қажет.

Менталитет ұрпақтан-ұрпаққа ұжымдық бейсаналық түрде беріліп отырады. Бүгінгі қазақ менталитетінде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан құндылықтар мен архетиптер көп. Солардың бірі - сөз өнері. Сөз өнері, шешендік дәстүр, қазақ халқының дүниені, қоғамдық қатынастар адам арасындағы байланыстарды талдаудағы өнердің бір түрі. Ол ұлттық ойлау ерекшелігінің бір көрінісі, ажырамас бөлігі. Айтыс, шешендік өнер қазақ философиясының негізгі бір бөлігін құрайды. Шешендік өнердің дүниетанымдық астары, ондағы көтерілген мәселелер, даналық сөздер бүгінгі қазақ философиясын қайта қалпына келтірудегі таптырмайтын рухани байлық. Шешендік сөздер болмысы өкінішке орай бүгінгі қазақ менталитетінде өзін тұтастай жоғалтқан. Оның негізгі себебі тоталитаризм, жаппай орыстандыру саясаты, ұлт тілінің қолдану аясының тарылуы.

Ұлт менталитетінде даналықтың орны ерекше. Ол қазақ философиясы мен ұлт менталитетінің ара қатынасын жақындатып тұрған және екеуіне бірдей тиесілі рухани құндылық. Даналық категориясы арқылы қазақ философиясының астарын ашып қана қоймай, сонымен бірге ұлт менталитетінің даму ерекшеліктерін байқауға болады.

Еуразия аймағында тұрған халықтардың бір–біріне ықпалы зор болды. Ұлы Жібек жолы бойындағы халықтардың рухани байланыстарға түсуі, олардың ерекше ойлау жүйесін, дүниетанымын және философиясын қалыптастырды.

«Менталитет», «менталдылық» ұғымдары алғаш рет ХХ ғасырда Батыста пайда болды, ол «сана», «жан», «ақыл иесі» деген түсініктерге балама ретінде қолданылды. Адамның шынайы тұрғыдан біртұтас дүние суретін көруі, сезінуі, қабылдауы «мен дүниедемін» және «дүние менде» деген жаңа түсініктерді меңгеруге көмектеседі. Онда философиялық, ғылыми, діни, көркем туындылардағы көзқарастар, сезімдік және абстрактылы–қисынды ойлау, санасыздық пен саналылық, тұжырымдық және құндылық сипаттағы ақпарат пен білім тоғысады. Түйіндеп айтқанда, ақиқатқа жетудегі жеке тұлға мен халық менталитетіндегі зияттық (интеллектуалдық), құндылық, интутивтік және руханилық қырлары тоғысады.

Ділдік (менталдылық) адамдардың ішкі дүниесіндегі тұтастық пен тұрақтылықты ұстануындағы негізгі құндылықтар, белгілі көзқарастар типі, ой мен әрекетті тұрақтандырушы, әрі сол арқылы әлеуметтік және тарихи қауымдастықты біріктіруші деген анықтама беруге болады. Адам табиғатының үш құрамдық құрылымындағы: руханилық, менталдылық және тәндік модусты негіздеп көрейік. Осыған байланысты “менталдылық” түсінігіне қайта оралуға тура келеді.

Адамның менталдылыққа жақын тағы бір қасиеті – оның “ділі” (менталитеті). Ол жеке адамға да, тарихи қауымдастыққа да тән. Діл – рухтың басқаруындағы адамның жаны, жеке басына тән құндылық кодексі. Діл дегеніміз негізгі көзқарастар жүйесі, психологиялық ұстаным, жеке бастық, ұжымдық, этностық қасиеттердің бірігуі. Оның құрылымы: ә) басты құндылықтар жүйесі (даралық, адамгершілік немесе құндылық кодексі); а) ойлау ерекшелігі; ойлауы; б) ерік күші мен қиялы; в) дүниені сезінуі мен қабылдауы; г) жеке тұлғалық немесе топқа тән саналылық пен санасыздық, логикалық және эмпирикалық ойлаудың тереңдігі, идеологиясы, сенімі мен эмоциясының негізін тұрақтандыратын жалпы қасиет. Еуразия халықтарының, Қазақстан халқының менталитетінің ерекшелігі тарихи-әлеуметтік мәдениетінің географиялық, геосаяси себептермен, этноконфессиональдықпен тығыз байланыстылығы және түрлі халықтар мәдениетінің терең әрекеттестігі, олардың өмір салтындағы, тұрмысындағы, адамтанудағы, дүниетанудағы ортақ қасиеттерінің пайда болуы.

Ділдің жалпылама сипатымен қатар, шығыс, батыс, еуразиялық ділдің ерекшелігі туралы айтуға болады. Шығыс типті ділде адамтану мен дүниетану дәстүрлі, классикалық қоғам дәуіріне сәйкес келеді. Ол оң жақ үлкен ми сыңарындағы бейнелі ойлау белсенділігіне тән құбылыс. Шығыс типтегі менталдылықтың басты сипаты мынадай: 1) дәстүршілдік, консерваторлық, өзгенің сұранысына тез жауап бермеу, өз дәстүріне берілген тұйықтық; 2) жеке “мен” түсінігінің жалпы “біз” түсінігіне сіңуі және оның жағымды құндылық ретінде қабылдануы; 3) жекелік стихиясынан туатын өлімге деген сабырлы қатынас; 4) сыртқы жағдайларға бейімділігі, психикалық құрылымдардың сыртқы әсерге икемділігі, сыртқы әсердің әлсіреу сәтінде, өзінің бұрынғы қалпына оралуы; 5) сыртқы жағдайларға бағытталғанықтан гөрі ішкі дүниесіне бағыттылық басым, дүниені белсенді әрекетпен меңгеруден гөрі, оны ой-толғаныспен қабылдау; 6) қарама–қайшылықтар күресін қалау емес, керісінше тепе-теңдікті ұстай отырып, болмыстың жоғары сатысына көтерілу арқылы абсолютті сабырлылыққа жетіп, жетілген үйлесімді қалыпқа келу; 7) шексіз рационалдыққа жат, адам ойының күштілігіне скептикалық қатынас; 8) дүниені бөлшектемей, ақыл-оймен біртұтас жанды дүние ретінде бағалау; 9) мақсат пен құралды ажыратуға қарсы болу, оларды біртұтас қарастыру, құралға мақсатты кең ауқымда іске асырушы деп қарау; 10) табиғатты құрметтеп, оған аса бір жоғары тебіреніспен қатынас орнатып, бүкіл табиғи дүниеге - діни, эстетикалық, адамгершілік құқықтық қалыптарға шығыстық сана қалыптастыру, адам табиғат заңдылықтарын бұзбай, керісінше өзін соның құрамдас бөлігі екенін сезінуі тиіс.

Батыстық ділде, еуропалық мәдениетте таным мен сананы түсіну, адам табиғатына тән зиятты (интеллект) абсолюттендіру, технократтық ойлау арқылы дүниені өзгеріске ұшырату тән. Онда өмірдің құндылық, руханилық, даналық қырларының бағаланбауы, тіпті ескерілмеуі орын алады. Антикалық дәуірден бастап Еуропалық санада Даналыққа бағыттылық ескерілмей келеді. Бүгінгі Еуропалық ділде даналық пен білім теңестіріліріп, бір мағынада қолданылады. Зият танымның басты және жалғыз құралы болып саналады. Дүниенің ақиқаттығы тек қана білім арқылы бағаланады. ХVII ғасырдан бастап индустриялық қоғамның мәдени парадигмасындағы басты ұстаным, Ф.Б Бэконның анықтауы бойынша “Білім - күш” дегенді білдіреді. Ол, жетістікке білім арқылы жету деген сөз. Біртіндеп осы идея бүкіл адамдар санасын жаулап алып, бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес, ол қазірдің өзінде жағымды және жағымсыз мәнге ие болды. Сонан келіп, ғылым құдыреттілікке ие болды. Білімге рухани құндылық ретінде табыну белең алды. Осыдан адамдардың санасында рационалдық, прагматикалық, утилитарлы-тұтынушылық діл (ментелитет) орнықты, соның салдарынан руханилық пен адамгершіліктің құлдырауы, қылмыскерлік пен адам өлтіру, маскүнемдік пен нашақорлық, жаһандық тоқырау, адамзаттың тіршілігіне қауіп төндіріп, басқа да апаттарға соқтыруда.

Батыс типті ділдің (менталитет) сипаты адамдар санасындағы ойлау мен дүниетанымдық қасиет - сол жақ үлкен ми сыңарының қызметімен тығыз байланысты. Батыстық менталдылыққа төмендегідей белгілер тән: 1) адам зияты мен психикасының жаңалықты ерік-жігер басымдығымен меңгеруге ұмтылысы авантюристік, жәбірлеушілік формаға бағытталуы; 2) үнемі жаңалық пен өзгеріс іздеу; дәстүр мен өткен өмірлік тәжірибеге байланбау; 3) өзгеге қол ұшын беру, кімнің болса да жаңалығын меңгеру; 4) жеке басындағы “менін” қоғамдық “бізден” ажыртауға ұмтылыс, рухани, зияттық, адамгершілік, саяси тәуелсіздік үшін күресу, азаматтық еркіндік пен өз құқығын сақтау; 5) не нәрсені салыстыруға бейімділік қабілетінің әлсіздігі, кез келген жағдайға икемділігінің төмендігі, осыған байланысты ішкі құрылымындағы “менінің ” әлсіздігі мен осалдығы; 6) өз “меніне” ерекше байлануы, өлімнен қатты қорқуы; 7) үнемі ғылыми ізденіске түсіп, таңдау арқылы зияттың барлық қорын мейілінше қолданып, еуропалық өркениетті дамыту; 8) рациональдық бағыттың басымды болуына қарай, ақыл-ойды жоғары бедел тұрғысына көтеру; 9) таңдап алған бағдардың тимділігін ойлау салдарынан жоғары рухани құндылықтарды ұмытып, әрекетке ерекше мән беру; 10) кез келген әрекетті мақсат пен құралға ажыратуынан, әлеуметтік тәжірибедегі моральді әлсіретіп, қоғамға теріс ықпал жүргізуі.

Шығыс мәдениеті Еуропалық рациональдылық пен утилитарлыққа қарсы шындыққа құндылық бағдар мен руханилық тұрғысынан қарайды. Шығыс ойшылдарының көзқарасы бойынша шындықты абстрактілі–логикалық, тұжырымдамалық тұрғыдан меңгеру, дүниені толық мәнде түсіндіре алмайды. Ол дүниені біржақты ғана сипаттап, кішкентай қырынан ғана мәлімет береді, сондықтан оның көмегімен біртұтас шындықты білу мүмкін емес. Адам мен дүниені танудың ең жоғары формасы - даналық, ол өз құрамына зияттық білімді, сонымен бірге, толық ақиқатқа жету үшін рухани тәжірибені, сенімді, интуицияны, трансценденттік және басқа тәсілдерді де қамтиды.

Шығыс типті ментальдыққа еуразиялық халықтар субконтиненттің әлеуметтік мәдениеті жақын. Оған жататындар қазақ, орыс және өзге де еуразиялық халықтар. Еуразия халықтарына тән ментальдылық яғни белгілерін төменде көрсетуге болады. 1) Оң және сол жақ үлкен ми сыңарлары қызметінің ерекшеліктерінің белсенділігін үйлестіру, дүниені бейнелі қабылдауды рационалдық талдаумен сәйкестендіру және рационалдылыққа басымдылық беру. 2) Тіршіліктегі даналыққа әрекеттік сипат беру және оны тәжірибеде жүзеге асыру. 3) Біртұтас білім мен біртұтас ақиқатқа жету талпынысын іске асыру. 4) Адам табиғатындағы ерік, ақыл-ой және жүрек (махаббат) үйлесіміндегі, руханилыққа, яғни жүрекке ерекше мән беру. 5) Сана мен әрекеттегі толеранттық, ымыраға келу, басқа адамдармен қарым-қатынаста болып, олардың мәдениетін түсіну. 7) Жаңалықты қабылдауға жоғары қабілеттілікті дамыту, ғылыми жаңалықтар, техникалық жетістіктер мен технологияларға ашықтық. 8) Антропоцентристік дүниетанымдағы адам мен ғарыш дамуының заңдылығының бір екенін білу. Еуразия екі суперөркениеттің жай қарым-қатынасы емес, олардың тұтастану үлгісі.

Еуразиялық мәдени типтің менталитетін айқындау үшін шығыстық, батыстық және қазақ философиясы мен менталитетінің үйлесімді байланысын көздеген жөн.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық формацияның сипаты қандай?

2. Қазiргi қоғамдағы әлеуметтiк ортаның қандай ерекшеліктері бар?

3. Отбасы институтының алдында қандай мәселелер тұр?

4. Жеке тұлғаның дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына не ықпал етеді?

5. Менталитет пен менталдылықтың қандай айырмашылықтары бар?

6. Шығыстық менталитеттің ерекшелігі қандай?

7. Батыстық менталитетке не тән?

8. Еуразиялқ менталитеттің белгілері қандай?

9. Қазақ дүниетанымның негіздеріне не жатады?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Педагогика және психология салалық ғылыми түсіндірме сөздігінен “мән”, “модель” сөздерін жазып алыңыздар.

2. Қазақстан Республикасының қоғамдық-экономикалық жағдайына қысқаша сипаттама беріңіз.

3. Әлеуметтік ортаның сипатына анықтама жазыңыз.

4. Қазіргі қазақ отбасының қандай ерекшеліктері бар, соны түйіндеп жазыңыз.

5. Еуразиялық менталдылық түсінігіне сипаттама беріңіз.

6. Еуразиялық менталитет пен қазақ дүниетанымының байланысын көрсететін кесте жасаңыз.

7. Шығыстық және батыстық менталдылық белгілерін ажырататын кесте жасаңыз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Қазіргі заманғы мектеп оқушысының жеке тұлғалық дүниетанымының қалыптасуы.

2. Еуразиялық менталитет - шығыс пен батыс менталитеті мен мәдениетінің тұтастану үлгісі.

3. Бүгінгі қазақ менталитетінің ерекшеліктері.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. – Алматы. “Нұрлы әлем”, 2003.

2. Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең. – Алматы. “Ғылым”, 1999.

3. Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. – Астана. “Елорда”, 2001.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. Алматы. “Білім”, 2001.

5. Майғаранова Ш. Мектеп оқушыларын рухани дамыту мәселелері. –Алматы, “Ғылым” ғылыми баспа орталығы. 2002.

6. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Педагогика және психология. – Алматы. “Мектеп”, 2002.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 3778 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.014 с)...