Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі



МАЙҒАРАНОВА Ш, ИМАНБАЕВА С.Т.

ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

МАЙҒАРАНОВА Ш., ИМАНБАЕВА С.Т.

ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ

Алматы, 2014

Майгаранова Ш., Иманбаева С.Т. Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі.

Оқулық. -Алматы. 2014, - 266 бет.

Пікір жазғандар:

Наурызбай Ж.Ж., педагогика ғылымдарының докторы, професор.

Әмірова Ә.С., педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Авторлар:

Майғаранова Шакура Майғарақызы - педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Иманбаева Сауле Тохтарқызы - педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Оқулықта мектептегі тәрбие теориясы мен әдістемесінің мәселелері қарастырылады. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға лайықты оқушының ғылыми дүниетанымын, айналамен қарым-қатынасын, іс-әрекетін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру арқылы мәдени деңгейін арттырудың теориясы мен әдістемесі беріледі.

Оқулықта жоғары оқу орнының студенттеріне, магистранттар, докторанттарға және білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналады.

Оқулық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кеңесінде бекітілді.

Майгаранова Ш., Иманбаева С.Т, 2014

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын әлемдік өркениетті және мәдениетті елдер қатарына көтеру мәселесі білім беру жүйесін түбегейлі қайта құруды мақсат етіп отыр.

Білім беру мәдениеттің жетекші сыңарларының бірі ретінде жеке тұлғаның өз өмірінің субьектісі болып қалыптасуына ерекше мән береді. Мәдениет пен білімнің өзара әрекеттесуі жайлы мәселелер 1992 жылы Женевада өткен ЮНЕСКО-ның 43 сессиясында талқыланды. Ондағы білім берудің басты мақсаты - адамды дамыту құралдарымен қаруландыру болды.

Бұрынғы қалыптасқан педагогикада бала тәрбие обьектісі болса, қазіргі кезеңдегі тәрбие, балаға тәрбие субьектісі ретінде қарайды. Осыған орай, біріншіден, оқушы тәрбиеге ұстазбен бірге қатысады. Екіншіден, педагогикалық үрдісте оқушының барлық құқы сақталып, оның дамуына жан-жақты ықпал жасалады. Үшіншіден, оқушыға тәрбие үрдісінің субьектісі ретінде қарау, оның шығармашылық қабілеттерін жетілдіреді. Сонымен бірге, төртіншіден, оқушының жеке басына тән қасиеттерін, мысалы, өзін-өзі реттеуін, өзін-өзі дамытуын, өзіне сындарлы көзқарас қалыптастыруына бағдар берілуі қажет.

Тәрбие әдістері осы педагогикалық қызметтің түрлі қырын іске асыру үшін нақты қойылған мақсат пен міндеттерге сәйкес таңдалынып алынады. Тәрбие мектептегі біртұтас педагогикалық процестің құрамды бөлігі екені белгілі.

Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі

” атты оқулықтың мақсаты – мектептегі тәрбие теориясы мен әдістемесінің біртұтас жүйесімен студенттерді қаруландыру.

Тәрбиенің күрделі және көпқырлы педагогикалық қызмет екенін мойындай отырып, оның түрлі міндеттерін қарастыруға болады:

- тәрбиені мәдени құбылыс және педагогикалық ықпал ету құралы;

- оқушылардың қарым-қатынасын, іс-әрекетін, ынтымақтастығын ұйымдастыру;

- оқушылардың өзара және мұғаліммен бірлескен шығармашылық іс-әрекетін және өз өмірін құра білуге тәрбиелеу.

Оқулықта тақырыптық жоспар, дәріс сабақтары, студенттердің өзін тексеруге арналған сұрақтар, студенттердің оқытушылардың көмегімен орындайтын өзіндік және студенттің өздік жұмыстарының тапсрымалары, тест сұрақтары, педагогикалық ұғымдарға түсініктер және қосымша әдебиеттер тізімі көрсетіледі.

“ Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі” атты оқулық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу - әдістемелік секциясы ұсынған типтік бағдарламаға сәйкес дайындалды.

Оқулықта студенттер, магистранттар мен докторантар және білім беру мекемелерінің қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін ұсынылады.

I - Модуль. Тәрбие үдерісі – тұтас педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі

1.1. Тәрбие үрдiсiнiң мәнi мен мақсаты

Жоспар:

Тәрбие үрдiсiнiң мәнi мен мақсаты.

Тәрбие - педагогикалық үрдiстiң жетекшi компонентi.

Қоғамдық мәдениеттi игеру - тәрбие мақсатының әдiснамалық негiзi.

Негiзгi түсiнiктер: тәрбие үрдісі, мақсаты, гуманистік педагогика, жалпыадамзаттық мәдениет, материалдық, рухани мәдениет.

Тәрбие үрдiсiнiң мәнi мен мақсаты. Бүгінгі Қазақстан Республикасында халыққа білім, тәрбие берудің негізгі мақсаты - Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ету, оны бүкіл дүниежүзі мойындап, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тең қарым-қатынас жасау үшін оқушы жастарға Қазақстандық патриотизмді, өз отанын сүйе білуді үйрету, саяси бостандықты қамтамасыз ететін нарықтық ірге тас қалаудың нәтижесінде, экономикалық бостандыққа қол жеткізу, осылардың бәрін іс жүзінде жүзеге асыратын ізгілікті жеке тұлғаны дамыту, білімді, іскер жастарды тәрбиелеу болып табылады.

Осыған орай, мектеп мұғалімдерінен тәрбиенің мәнін, мақсаты мен міндеттерін жете түсініп, біліп, оны жүзеге асырулары талап етіледі.

Мақсат дегеніміз алға қойылған биік мұратқа ұмтылу, оны іске асыруға әрекет ету. Мақсат жас ұрпақтың болашағын алдын ала ойластырып, оларды өмірге әзірлеу барысында жүргізілетін тәрбие жұмысының нәтижесінде, жеке басына тән сапалық қасиеттерінің дамуын қамтамасыз ету. Тәрбиенің мақсаты мен жүйесі қоғамның дамуына тәуелді.

Мақсат пен міндет бүтін және бөлшек ретіндегі ара қатынаста болады, ол тәрбие жүйесіне және оның компоненттеріне тәуелді болады. Қорыта айтқанда, тәрбиенің мақсаты, нақты атқарылатын міндеттердің жүйесін жасау (И.П.Подласый).

Тәрбие мақсаты жалпы және жеке болып келеді. Тәрбиенің жалпы мақсаты барлық азаматтардың бойында сапалық құндылықтардың, ал жеке мақсаты - жеке тұлғаның қалыптасуын көздейді. Қазіргі заманда тәрбие мақсатының алуан түрлі болуына қарай, соған сәйкес оның жүйесі жасалынады.

Тәрбиенің мақсатына обьективті себептер ықпал етеді, олар: адамның физиологиялық жетілуі мен психикалық дамуы, философия мен педагогика ғылымның жетістіктері, әлеуметтік ортаның қоғам мүддесіне қарай, үнемі өзгеріп отыруы.

Қоғамның мәдени деңгейі, тәрбие мақсатының жалпы бағытын анықтап отырады. Тәрбие мақсаты қоғамның нақты тарихи сипатына қарай өзгеріп отырады.

Тәрбие мақсатын тұжырымдауда, міндетті түрде табиғат, қоғам, адамның обьективті даму заңдылықтарына сүйену керек.

Гуманистік педагогика баланың білімге қызығушылығын оятуды ең басты мәселе деп қарайды. Сондықтан да, тәрбиеленушінің өз ынта-ықыласымен жетістікке жету мүмкіндігіне басшылық жасауға ерекше мән беріледі. Осыған орай, тәрбиелік мақсатты екіге бөлуге болады; бірінші қоғам алдындағы жалпы жоғары мұрат (идеал) және екінші, көкейтесті мақсат - жас ұрпақтың жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру. Соңғысы тұлғаның дамуы мен даралығын қалыптастыру және үздіксіз дамыту міндеттерімен нақтыланады.

Тәрбиенің обьектісі - тұлға болса, ұстаз оларды дамыту үшін оларға тәрбие субьектісі ретінде қарап, олардың белсенді іс-әрекетін ұйымдастырып, басшылық жасауы қажет. Тәрбиенің барлық түрі біртұтас педагогикалық процесс шеңберінде қарастырылады (Н.Д.Хмель).

Тәрбиенің мақсаты - жастардың тұлғалық қасиеттерін дамыту, олардың жоғары адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыру, өмірге, еңбекке әзірлеу.

Осыған байланысты тәрбиеге қойылатын негізгі мақсаттар мынадай:

- жеке тұлғаның дүниеге ғылыми көзқарасын дұрыс қалыптастыру;

- жеке тұлғаның даралық және дене қабілеттерін жан-жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.

Тәрбиелік мақсатқа сәйкес, тәрбие мынадай кешенді міндеттерді шешуді алға қояды: дүниетанымы кең, ой-өрісі жоғары, жеке тұлғалық қасиеттері дамыған адамның негізін қалыптастыру; еңбек, таным, қоғам, отбасы, уақытты тиімді пайдалана білу тәрізді әлеуметтік қызметтерді өз мәнінде қабылдап, оларды пайдалана білуге даярлау, кәсіп таңдау; өз тағдырын өзі шешуге мүмкіншілік жасау, оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, өз бетімен білім алуына мүмкіндіктер туғызу.

Тәрбие - педагогикалық процестің жетекшi компонентi

Тәрбие мақсатын жүзеге асыру, оның құрамды бөліктерінің байланыстарын шешуді талап етеді. Тәрбие мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін оның мазмұны, тәрбие әдістері мен құралдары, формалары бірімен-бірі тығыз байланыста қарастырылуы тиіс.

Мұғалімнің іс-әрекет обьектісі – педагогикалық процесс. Педагогикалық процестің түпкі мақсаты адамның тұлға ретінде қалыптасуы болса, онда педагогикалық процестің элементарлық бірлігі - бастапқы абстракция болып қалыптасудың қас-қағым сәті “педагогикалық ситуация” болады.

Педагогикалық ситуация педагогикалық шындыққа тән көпқырлы болады, оның нақты бір қырына көңіл бөлу қажет, мысалы, оның орны, өтетін уақыты, себеп-салдары, пайда болу жағдайы, тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктері, әлеуметтік жағдайы, психо-физиологиялық ерекшеліктері, іс-әрекеттің мазмұны мен тәсілі айқындалып, қас-қағым сәттегі педагогикалық процесс ішіндегі тұлға қозғалысының дамуын көруге мүмкіндік туады.

Педагогикалық процесте “ұстаз – оқушылар”, “оқушы – оқушы”, “сынып оқушылары – сынып ұстаздары” жүйесі қызмет етеді. Мектептің педагогикалық процесі – “мектеп – оқушылар” жүйесінің өмір сүру қызметінен тұрады.

Мектеп педагогикалық процесі көп деңгейлі және көп құрылымдық құбылыс, себебі олар өзінен кейінгі деңгейдегі жүйелерді қамтиды. Жүйе тек іс-әрекетпен алмасу арқылы өмір сүреді. Мәселен, ұстаздар оқушыларды әр-түрлі тәсілдер мен іс-әрекеттерге тәрбиелесе, онда оқушылар оны меңгере отырып, педагогикалық процестің белсенді қатысушылары болып, тек репродуктивті деңгейде ғана емес, шығармашылық деңгейіне көтеріледі. Педагогикалық процесте мұғалімнің басқару обьектісі - оқушылардың іс-әрекеті болады. Іс-әрекеттің барлық бөлшектері (мақсат, міндеттер, мазмұн және т. б.) жүйелі қызмет ету үшін, оқушы оны меңгеруі тиіс. Ол үшін ұстаздар, ата-аналардың іс-әрекеттері оларға көмек көрсетуге бағытталуы керек. Педагогикалық процестегі мұғалімнің басқаруы - субьектілер арасындағы қарым-қатынастар болады. Олар арқылы субьектілердің іс-әрекетімен бірге олардың дамуына тиімді жағдайлар қамтамасыз етіледі.

Қорыта келе, педагогикалық процесс оқушылардың ұстаздармен бірлескен, және олардың басшылығымен жүзеге асатын іс-әрекеті, ол әлеуметтік тәжірибені меңгеруге және әрбір оқушы тұлғасын қалыптастыруға бағытталып, дамуға және өзін еңбекте, қоғамдық өмірде жүзеге асыруға дайын болуын қамтамасыз етеді.

Қоғамдық мәдениеттi игеру - тәрбие мақсатының әдiснамалық негiзi

Мәдениет – адамдардың бірлесе атқаратын ғылыми, моральдық-әлеуметтік, көркем және техникалық құндылықтар жасаудағы қарым-қатынастар жиынтығы. Мәдениеттің мәні адамның өзіндік адамдық еңбегімен байланысты туындайтын өнім. “Адамды адам еткен еңбек“ деген қағида осыдан шығады.

Материалдық мәдениет адам қолымен жасалған материалдық құндылық заттардың жиынтығы (техника, құрал-жабдық, әр түрлі бағыттағы обьектілер, т.б.). Рухани мәдениет (интеллектуальдық) адамдардың табиғат пен қоғамды қабылдауы мен бейнелеуіндегі белгілі бір ғылым немесе өнереде айқындалған болмысы ретінде қабылданады. Әлеуметтік қалыптағы мәдениет, қоғамдық өмірді ұйымдастыру (экономика, құқық, саясат, т.б.) мінез-құлыққа тәуелді еместігімен ерекшеленеді.

Мәдениетте пайда болатын әлеуметтік идея жеке тұлғаның бойына адамды әлеуметтендіру үрдісі барысында енеді, яғни жеке адамға жалпыадамзаттық мәдениеттің жиынтығын бүгінгі нарықтық экономиканың талаптарына негіздей отырып меңгерту көзделеді.

Осымен байланысты мұғалімнің кәсіби біліктілік бағыты күшейеді. Жеке тұлғаны қалыптастыру процесін ұйымдастыру үшін оның үнемі мәдениетке кіруіне зер салу, бүгінгі мәдени жетістіктер дәрежесінде әлемдік мәдениетпен қарым-қатынас жасауы арқылы тұлғаның әлеуметтік өмірдің мағынасына енуін қарастыру көзделеді. Жеке тұлғаның осы заманғы тәрбиесінің негізіне адамзаттық мәдениеттің бүкіл дүниежүзілік қоры алынуы керек. Атап айтқанда, мәдениеттің барлық түрі: ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, этикалық, экологиялық, экономикалық, саяси, құқықтық мәдениеті, тұлғаның кәсіби бағдары мен политехникалық, еңбек мәдениеті қамтылады.

Мәдениеттің осы түрлерінің бәрі, олардың өзара әрекеттеуі адамның дүниені, табиғатты, қоғамды, техниканы, өнерді біртұтас қабылдауымен бірге, оның тұтас ғылыми көзқарасын қалыптастыруға негіз болады.

Ғылыми көзқарас – ғылыми негізделген сенімнің, көзқарастың адамның табиғат және қоғаммен қатынастарындағы мінез-құлқын, эмоционалдық сезімін, танымдық қызметін айқындайтын кешен. Көзқарастың осы сипаттамасының мәнін ашу үшін, тәрбиеші өзінің жалпы жеке бас мәдениетінің жүйеге келтірушілік, кіріктірушілік рөлін түсініп, өзінің бойында жалпы әлемдік мәдениеттің барлық түрін жинақтап кіріктіре пайдалануы тиіс.

Интеграциялы, яғни кіріктірілген көзқарас осы заманғы оқушының тұтас тұлғасын қалыптастыру мақсатында тәрбиелік қызметтің негізгі компоненттерінің ара қатынасын күшейтуге және оны жүзеге асыруға мұғалімді бағыттайтын әдіснамалық ұстаным ретінде қарастырылады.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Тәрбиенің мәнін, қоғамдық мақсатын қалай түсінесіз?

2. Адамды тәрбиелеудегі басты мақсат не?

3. Тәрбие міндеттері дегеніміз не?

4. Неліктен тәрбие - педагогикалық процестегі жетекші компонент болып саналады?

5. Педагогиалық процестегі мұғалімнің іс-әрекетін қалай түсінесіз?

6. Материалдық, рухани, әлеуметтiк қалыптағы мәдениет деген түсініктерді ажыратыңыз?

7. Осы заманғы тәрбиенің негізіне неге мәденет алынып отыр?

8. Ғылыми көзқарас дегеніміз не?

9. Неліктен кіріктірілген көзқарас тәрбиенің әдіснамалық ұстанымы ретінде қаралады?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Педагогикалық әдебиеттерде тәрбие мақсаты қалай берілгенін жазып, талдап көрсетіңіз.

2. Қазақстан Республикасы білім ұйымдарындағы кешенді тәрбие бағдарламасымен танысып, мектептегі тәрбие мақсаты мен міндеттерінің ерекшеліктерін жазып көрсетіңіз.

3. Педагогикалық процестің мәні, оның біртұтастығы мен элементарлық бірлігі туралы түсініктеріңізді сипаттаңыз.

4. Жалпыадамзаттық мәдениет деген түсініктің мәнін ашып көрсетіңіз.

5. Материалдық, рухани және әлеуметтік қалыптағы мәдениетке сипаттама беріңіз.

6. Ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін көрсетіңіз.

7. Тәрбиелік қызметтің негізгі компоненттерінің байланысын түсіндіріңіз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Тәрбие процесі, оның мәні және өзіндік ерекшеліктері.

2. Жеке тұлғаны қалыптастырып дамытудағы өзін-өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеудің маңызы.

3. М.Жұмабаевтың “Педагогика” еңбегіндегі тәрбие мәселесі.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы.“Дарын”, 2004.

2. Комплексная программа воспитания в организациях образования Республики Казахстан. Министерство образования и науки Республики Казахстан. – Астана, 2000.

3. Қалиев С., Майгаранова Ш., Иманбаева С.Т., т.б. Мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “РБК”, 1999.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. Алматы. “Білім”, 2001.

1.2. Тәрбие үрдiсiнiң жеке тұлғаны жан-жақты дамытудағы диалектиаклық байланысы

Жоспар:

Тәрбие үрдiсiнiң мақсаттылығы, мiндеттерi, мазмұнының жеке тұлғаны жан-жақты дамытудағы диалектиаклық байланысы.

Тәрбие үрдiсiнiң өзiндiк ерекшелiктерi.

Тәрбие көп факторлы, екi жақты және белсендi үрдiс.

Оқушы жастарды өз өмiрiн құруға даярлау. Тұлғаны әлеуметтендiру.

Негiзгi түсiнiктер: жалпыадамзаттық мәдениет, әлеуметтендiру, жан-жақты үйлесiмдi жетiлген жеке тұлға, тұлғаның шығармашылық күш-қуаты.

Тәрбие үрдiсiнiң мақсаттылығы, мiндеттерi, мазмұнының жеке тұлғаны қалыптастырып дамытудағы диалектиакалық байланысы. Тәрбие үрдісінің мақсаттылығы нақты өмір талабына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін береді. Оны тәрбиешілер өз қалауымен анықтай алмайды. Себебі тәрбие мақсаты қоғамның саяси-экономикалық, мәдени даму деңгейімен тығыз байланысты.

Қазақстан Республикасы бүкіләлемдік білім кеңістігіне енуді мақсат етуіне орай, мектептегі білім беру саласының түбегейлі өзгеріске түсуі оқушылардың тәрбиелік, мәдени деңгейін әлемдік жетістіктер деңгейіне көтеруді қажетсінеді. Осыған орай қазіргі заман оқушыларын тәрбиелеу мақсаты ізгілікті, білікті, мәдениетті, өзіндік өмірлік ұстанымы бар, қарым-қатынас мәдениеті жетілген, өз өмірін құруға, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға бейім жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады.

Тәрбиенің мәдени құбылыс ретіндегі міндеттері: ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, этикалық, эстетикалық, экономикалық, экологиялық, құқықтық, саяси мәдениет түрлерін мектеп қабырғасынан қалыптастыру көзделеді. Мәдениетті кешенді түрде қалыптастыруды жүзеге асыру, жеке тұлғаның сапалық қасиетін арттырады. Тәрбиенің мазмұнына бүкіл мәдениет жетістіктері қамтылады. Тәрбие мазмұны тәрбие міндеттерін толықтай жүзеге асыруды қарастырады. Сөйтіп, тәрбие мақсаты, міндеттері, мазмұны тығыз байланыста оқушылардың жас және жеке, дара ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылады.

Тәрбие процесiнiң өзiндiк ерекшелiктерi. Тәрбиенің қоғамда атқаратын қызметіне қарай, өзіндік ерекшеліктері болады.

§ Тәрбие - қоғамдық құбылыс. Адам қоғамнан тысқары өмір сүре алмайды. Қоғамның дамып өркендеуіне байланысты, тәрбиенің мақсаты жаңа жағдайға байланысты толығып отырады.

§ Тәрбие - біртұтас процесс. Тұлғаның кісілік қасиеттерін қалыптастыру бірыңғай жағдайда, бір уақытта іске асырылады. Тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді.

§ Тәрбие - ұзақ, әрі күрделі процесс. Адам туып, есею барысында тәрбиенің ықпалында болады. Онан кейінгі уақытта өзін-өзі тәрбиелеу процесімен жетіледі. Тәрбие мақсатының нәтижесіне дереу қол жеткізуге болмайды. Мектепте әр оқу сатысындағы оқушылардың тәрбиелік деңгейіне талаптар қойылып, соған қол жеткізу көзделеді. Тәрбиеге іштей және сырттай ықпал жасалады.

§ Тәрбие - көпжақты процесс. Мектеп оқушыларын тұлға етіп тәрбиелеу, қалыптастыру, дамыту, оларды қоғамдық өмірге даярлау барлық қоғам азаматтарының міндеті. Қоғамның тәрбиелік әрекетін бірыңғай бағытта ұйымдастырып, оқушының тұлғалық қасиетін қалыптастыруды жүзеге асыратын мектептегі ұстаздар ұжымы мен отбасы.

Тәрбие көп факторлы, екi жақты және белсендi үрдiс. Тәрбие - жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы. Тұқым қуалаушылық, орта және тәрбие жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының негізгі обьективті факторлары болып табылады. Биологиялық фактор, тұқымқуалаушылық пен адамға тән қасиеттер: іс-әрекеттің кез келген түріне бейімділігі жатады. Адамның биологиялық жетілуі мен өзгеру процесі оның мінез-құлқына әсер етеді.

Адамның жеке тұлға болып қалыптасуына сөйлеу, ойлау, тік жүру секілді адамға тән бейімділіктердің дамуы үшін қоғам мен орта қажет. Адамның мейілінше дамуына әсер ететін әлеуметтік орта, әсіресе, қазіргі уақыттағы экономиканың өзгеруі, қала мен ауылдағы өмір жағдайлары, миграциялық және демографиялық процестер, сәбилердің дүниеге келуіндегі, өмірінің ұзақтығындағы өзгерістер, т.с.с. жатады.

Тәрбие - жеке тұлғаны қалыптастыру процесі. Ол білім беру орындарында жүргізіледі. Мектепте педагогикалық процесті сауатты ұйымдастырумен бірге, оқушылардың жан-жақты қызмет әрекетін тиімді ұйымдастыру, жеке тұлға дамуының шарты болып табылады.

Тәрбие процесінің күрделілігі оның сан-алуан болуымен қарастырылады. Мектепте тәрбиелік ықпалдардың барлығын интеграциялы, яғни кіріктірілген қатынаста іске асыру қажеттігі пайда болады. Тұлғаның біртұтастығын қамтамасыз ету тәрбие үрдісінің мақсатын, міндеттерін, мазмұнын, әдістері мен формаларын бірімен-бірін тығыз байланыста жүргізудің керектігін көрсетеді. Тұлғаның сапалық қасиеттерін қалыптастыру бір сәтте, кешенді түрде іске асырылатыны белгілі, сондықтанда педагогикалық ықпал да кешенді сипатқа ие болуы тиіс.

Субьектінің әрекеті – жеке тұлға дамуының факторы. Жеке тұлға өзінің қалыптасу барысында өзіндік дамуының обьектісі ғана емес, сонымен қатар субьектісі екенін ескеру керек. Сана мен іс-әрекеттің тұтастығы материалистік диалектика мен психологияның ең маңызды заңдылығы болып табылады.

Белсенділік адамның табиғи қасиеттерінің бірі болып табылады. Психологияда белсенділікті іс-әрекет деп атайды. Жеке тұлғаның белсенділігі оның қажеттіліктерінен (материалдық, рухани, қоғамдық) туады. Сыртқы орта мен тәрбие жеке тұлғаның дамуының сыртқы факторына жатады. Ішкі факторға бейімділік пен әуестік, адамның сезімдері мен күйзелістері және сыртқы ортаның ықпалынан пайда болатын қажеттіліктер жатады. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактормен тығыз байланысты.

Оқушының белсенділіктері іс-әрекеттің алуан түрінде көрінеді. Өмірдегі қарым-қатынас, таным, өзін-өзі жетілдіру, айналаны өзгерту және түрлі белсенділіктері дамиды.

§ Қарым-қатынас бала белсенділігінің ең алғашқы белгісі. Ол түрлі қатынасқа түсу арқылы өзінің ең маңызды жақтарын дамытады. Бала өскен сайын оның танымдық белсенділігі тереңдей түседі. “Бұл не? Бұл кім? Қалай аталады?” деген сұрақтарға жауап іздей бастайды. Мектептегі оқыту баланың таным белсенділігінің қалыптасуы мен тереңдеуіне мүмкіндік жасайды, сыныптан сыныпқа көшкен сайын өз бетінше білімді игеруге, оларды практикалық әрекетте пайдалану қабілетіне ие болады. Адамның белсенділігі өзін қоршаған ортаға ықпал етеді, болмысты өзгертуге, қайта құруға бағытталады. Әлеуметтік белсенділік дегеніміз осы.

§ Жеке тұлғаның белсенділігінің бағыттары оқушының әр-алуан іс-әрекеттерінде көрініс табады. Олар: білім алу - танымдық, еңбек, қоғамдық пайдалы жұмыстар, ойын, эстетикалық, спорттық-сауықтыру әрекеттері. Жеке тұлғаның мүмкіндіктерінің ашылуына барынша көмектесуге мүмкіндік туғызатын қызмет - әрекетті ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерімен қаруландыру – баланың дамуын қамтамасыз ететін тәрбиенің басты құралы.

Кез келген тәрбиелік міндет белсенділікті арттыру арқылы шешіледі.

§ Тәрбиенің екі жақты сипаты болады: тәрбиешіден тәрбиеленушіге дейінгі тікелей байланыс - міндетті саналатын әрекет. Тәрбиешінің қолында кері байланыстан алынатын мәлімет неғұрлым көп болса, тәрбиелік ықпал соғұрлым мақсаттылықпен іске асырылады. Бұл заңдылық мұғалім мен оқушының өзара әрекетінің және тәрбие нәтижелерінің арасындағы байланыстың болуын қарастырады.

§ Оқушы жастарды өз өмiрiн құруға даярлау. Тұлғаны әлеуметтендiру.

Қоғамдағы күрделі өзгерістер мектеп қабырғасынан шығатын оқушылардың тұлғалық сипатына мынадай талаптар қояды: өз денсаулығын сақтап нығайтуда салауатты өмір салтын өмірлік ұстанымның құрамдас бөлігі ретінде тануы тиіс; өз құқығын қорғай білуі, түрлі өмірлік қиындықтарды жеңе білуі қажет; өмір сүру қағидасы мен оның ұстанымдарын білуі шарт; өмірінің мәнін, өзінің өмірлік ұстанымын, өзінің өмірмен байланысын анықтуы қажет; әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі, өз сезімінің басқалардың өміріне ықпалын түсініп, белгілі қоғамдық тәжірибені игеруі тиіс. Қорыта келе, оқушы жастар әлеуметтік қатынастардың мәдениетін меңгеріп, оны өмір талабына сәйкес жетілдіріп отыруы маңызды.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Тәрбие үрдiсiнiң мақсаттылығы деген не?

2. Тәрбие міндеттері мен мазмұнының жеке тұлғаны жан-жақты дамытудағы диалектиаклық байланысын қалай түсінесіз?

3. Тәрбие үрдiсiнiң өзiндiк ерекшелiктерiн атаңыз.

4. Тәрбиенің жеке тұлғаны қалыптастыруға қандай ықпалы бар?

5. Жеке тұлғаның дамуының сыртқы және ішкі факторларын атаңыз.

6. Тәрбиенің екi жақты сипаты деген не?

7. Әлеуметтік белсенділік қалай қалыптасады?

8. Белсенді әрекет түрлерін атаңыз

9. Оқушы жастарға өз өмірін құру үшін қандай тұлғалық сапалар маңызды?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Бүгінгі жалпы білім беретін мектептің тәрбие мақсатын анықтап, конспект жазыңыз.

2. Тәрбие мақсатынан туындайтын тәрбие міндеттерін жазып көрсетіңіз.

3. Жалпы білім беретін мектептің тәрбие мазмұнының тәрбие мақсаты мен міндеттері арасындағы диалектикалық байланысты нақты мысалмен дәлелдеңіз.

4. Тәрбиенің қоғамдық құбылыс екенін негіздеңіз.

5. Тәрбие - біртұтас құбылыс екенін сипаттаңыз.

6. Тәрбиенің көпжақты процесс екеніне дәлелді мысалдар келтіріңіз.

7. Тәрбиенің әлеуметтік рөлі туралы пікіріңізбен бөлісіңіз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Жалпы білім беретін мектептің тәрбиелік қызметінің мақсаттары мен міндеттері.

2. Осы заманғы оқушыны тұлға ретінде қалыптастырудың жалпы мәселелері.

3. Қазіргі жағдайдағы жеке тұлғаның даралық және әлеуметтік сипаты.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы “Дарын” 2004.

2. Комплексная программа воспитания в организациях образования РК. Министерство образования и науки Республики Казахстан. – Астана, 2000.

3. Қалиев С., Майгаранова Ш., Иманбаева С.Т., т.б. Мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. – Алматы “РБК” 1999.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. Алматы. “Білім”. 2001.

5. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. – Алматы, “Нұрлы әлем”. 2003.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 13659 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.026 с)...