Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсінік



Жоспар:

Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсінік.

Жеке тұлғаны дамытудағы, тәрбиелеудегі, қалыптастырудағы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар.

Негiзгi түсiнiктер: жалпыадамзаттық және ұлттық мәдени құндылықтар, базалық мәдениет.

Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсінік. Құндылық деген ұғым философиядағы, қоғамтанудағы және педагогикадағы негізгі құбылыстардың бірі болып табылады. Мысалы, философияда құндылық дүниедегі обьектілердің ерекшеліктерін адам мен қоғамға, қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін көрсетету (игілік, жақсылық пен жаманшылық, әсемдік пен көріксіздік) үшін қолданылады.

Сондай-ақ, құндылықты құбылысты қоғамдық сана түрінде (әділеттілік немесе әділетсіздік) сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге оларға баға береді, оларды мақұлдайды немесе айыптайды және олардың жүзеге асуын талап етеді немесе кемшілікті жоюдың өлшемі болып табылады. Жалпыадамзаттық құндылықтардың арасында философтар мен прогресшіл ойшылдар мен педагогтар әрқашан бірінші орынға адамның құқығын, оның бостандығын және соған сәйкес келетін тәрбие мен білімді бөліп қарастырған.

Кез келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы қоғамның тарихи дамуының заңды нәтижелері болып табылады. Адам құқығының адамгершілік мүмкіндігі басқа жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты ғасырлар бойы жинақталып, жаңа үлгінің негізінде адамның мінез-құлқын реттеуші ретінде қызмет етеді.

Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда, оларға адамзат баласының қол жеткен қоғамдық-тарихи тәжірибесімен қатар, қоғамдық-этикалық қалыптар мен ізгілікті-адамгершілікті игеруге болатынын тәжірибеден көруге болады. Жалпыадамзаттық құндылықтар халықтық дәстүрлерде, адамгершілік принциптерде, діни мәдениетте нақты жазылып қойылған және әлеуметтік ойдың озық белгілері, жеке тұлғаның қасиеттері, адамгершілік үлгілері жинақталған күйде, әдептіліктің қоғамда қабылданған үлгісі ретінде көрінеді.

Ғалым-педагогтар осы заманғы педагогиканың алдында басты екі міндет тұр деп көрсетеді. Біріншіден, педагогиканы жалпыәлемдік құндылық (педагогикада адамды жақсы көру және адам бостандығын қамтамасыз ету) деңгейіне көтеруге әрекет жасаған жөн. Екіншіден, барынша жетілген адамзаттық идеалды құру. Осы екі міндетті кіріктіріп адами мұрат жасауда бостандық пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды да ескеру қажет.

Жалпы әлемдік құндылықтар – түрлі халықтың, түрлі діннің, түрлі дәуірдің рухани мақсаттарын жақындастыратын құбылыс. Сол себепті де ол жалпыадамзаттық деп аталады. ХХ ғасырдың соңында Халықаралық топ алғаш рет дүниежүзілік тарихта адамның құқықтары туралы халықаралық негізге алынатын құжаттар жасады. “Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы”, “Баланың құқықтары туралы конвенция” және т.б., оларда тәрбиенің методологиясы мен теориясы, жаңартылған мақсат пен мүдделер қарастырылған. Онда халықтардың мұраттарын және рухани құндылықтарын дамытуда жаңа көзқарастарға негізделген халықаралық стандарт болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтар - адамның құқықтары мен бостандығы көрсетілген.

Қазақстан Республикасы аталған құжаттардың басты идеяларын білім саласында негізге алды. Мектептегі тәрбие жұмысын жалпы әлемдік құндылықтарға негіздей отырып, жаңа құндылықтар жасауға талпыныс жасау көзделуде. Оның мәні жас ұрпақты басқаларда бар нәрсені бағалай білуге үйрету, жалпыадамзаттық дамуға үлес қосуға, халықтардың күш-жігерімен жасалған құндылықтарды құрметтеуге және қорғай білуге тәрбиелеу.

Педагогикалық процесте оқушылардың рухани байлығын арттыру үшін әр халықтың жетістігімен бірге алуан түрлі мәдениетін пайдалану да қарастырылады.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 15150 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...