Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дүниетанымның психологиялық негiздерiн қалыптастыру



Л.И.Божовичтің пайымдауынша, жеке тұлғаның дүниетанымы – біршама кешіңкіреп келетін құбылыс, ол адамның жеткіншек шағында пайда болады. Оның қалыптасу негізі жалпы тәрбиелік бағыттылық, дүниетану мен дүниені сезіну жүйесі болып табылады.

Б.Г.Ананьевтің пікірінше, қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның басқа қасиеттерімен салыстырғанда жеке тұлғаның құндылық бағыттары ең соңғысы болып келеді.

Психологтар “құндылық” ұғыммен қоғамға қатысты әлеуметтік-тарихи мағынасы мен іс-әрекеттің белгілі бір құбылыстарының жеке тұлғалық мәнін сипаттайды. Олар құндылық деп жеке тұлғаның, топтың, ұжымның өнегелі іс-әрекетінің нәтижесін, сонымен бірге құндылық санаға қатысты адамгершілік пен арман-мұраттары, жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен бақыт ұғымдары сияқты түсініктерді айтады.

Құндылық бағыттар адам мінез-құлқының ең маңызды қозғаушы күші болып табылады, оның іс-әрекетінің себеп-салдарын анықтайды. Адамның құндылық бағыттары мен мотиві арасындағы байланысын адамның қажеттігін қанағаттандыруға, яғни қажетті обьектіні табуға ұмтылысы арқылы түсіндіруге болады. А.Н.Леонтьевтің пайымдауынша, қажеттілік қанағаттандырылмайынша өзінің обьектісін танымайды, ал ол обьектіні табуы тиіс.

Құндылық бағыттары субьектінің іс-әрекетінің мотивін анықтайтын болғандықтан, олар сол іс-әрекетті таңдау мен оның жүзеге асу барысына да әсер етеді. Осылайша құндылық бағыттары адамның қажеттіліктері мен қоршаған ортаны байланыстырушы буын болып табылады.

Құндылық - теориялық таным ретінде субьектінің бойында құндылық сана мен жалпы әлеуметтік мәдени факторлар әсерінен қалыптасқан, мақсат- мүддеден, ұнатудан, нұсқаулардан тұратын қатынас. Сананың құндылық бағыттары, яғни логикалық-әдіснамалық өлшемдері негізіндегі көзқарас, дәлелді білімді ұйымдастырудың формалары мен тәсілдері таңдалынып алынады. Санадағы құндылық - обьективті шынайы заттық білім, шынайы, дұрыс ақпараттың арқасында қоғам алдында маңыздылық пен құндылыққа ие болады (А.А.Микешина).

Бiлiм беру мазмұнындағы дүниетанымдық идеялар жүйесi - ғылыми көзқарас, сенiм және мұраттарды қалыптастырушы ретiнде

Дүниеге көзқарас – дүниенің даму заңдылықтарын ғылыми негізде танып білу. Оқушылардың дүниетанымы ғылыми-философиялық білімді, заманына сай ғылыми жетістіктерді, сонымен бірге болмысты танудың жалпы әдістерінің жүйесін жүйелі игеруі нәтижесінде қалыптасады.

Әр адамның дүниетанымдық көзқарасы ұзақ та күрделі зияттық қызмет нәтижесінде қалыптасады. Олар адамның рухани мәдениетінің негізін құрап, оның өмірлік ұстанымдарын, ар-ұят, намысын анықтайды. Сенім – көзқарастың ең жоғары күйі. Сенім білім сияқты обьективті шындықтың субьективті көрінісі, адамдардың ұжымдық тәжірибесін меңгеруінің нәтижесі. Сенім жеке тұлғаның ішкі ұстанымдарына айналған білім. Сенімге айналған білім мен биік мұрат (идея) дүние мен адамды өзгертіп, материалдық күшке айналдырады.

Сенім жеке тұлғаның рухани құндылықтары пен бағыттарын, мақсат-мүдделерін, тілектері мен қажеттілігін, сезімі мен қылықтарын анықтап, біртұтастықты реттейді, яғни жүйелеушілік қызмет атқарады.

Сенім жеке тұлғаның іс-әрекетін, болашақ өмір жолын анықтайды. Сенім – жеке тұлғаның өз құндылық бағыттары мен көзқарастарына сәйкес қызмет - әрекет етуге итермелейтін саналы қажеттілігі. Адамның сенім жүйесі оның дүниетаным көрінісі. Сезім – сенімнің үйлесімді қасиеті. Сенімді өмірде басшылыққа алу - таным қуанышы мен ақиқат шындығы, сұлулыққа сүйсіну мен оған берілгендік, әлеуметтік оптимизм мен мақсаттылық сияқты зияттық сезімдермен байланысты.

Қажымас ерік-жігер – дүниетанымның маңызды құрамы. Сенім адамды әрекетке итермелейді. Ғылыми дүниетаным теориялық санамен ғана шектеліп қоймай, тәжірибеде сана мен жігерді іс-әрекетпен біріктіреді.

Дүниетанымның құрамды бөлігі ретінде теориялық ойлау - адамның білімді, болмыс құбылыстарын шығармашылықпен ұғынуы, дүниетанымды мейілінше жетілдіріп, ерік-жігерді, сенімді іске асыруға бағыттаудың қабілеті.

Биік мұрат (идея) өмірлік мақсат рөлінде дүниетанымның ең маңызды құрамды бөлігі саналады. Биік мұрат сананың құрамында сенім сипатына ие болған жағдайда дүниетанымға айналады.

Дүниетанымның тағы бір құрамдас бөлшегі - дүниетанымдық сенім, принциптер мен арман-мұратқа сәйкес қызмет-әрекет етуге деген эмоционалды-жігерлі әзірлік.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 2603 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...