Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. МӘдениет Әлеуметтануы 1 страница



1. Мәдениет әлеуметтiк танымның объектiсi ретiнде.

2. Мәдениеттердiң түрлерi мен өзара қатынастары.

1. «Мәдениет» атауы латын тілінде алғашында «топырақ өңдеу» дегенді білдірді. Сөйтіп табиғи себептерден туған өзгерістерден өзгеше, адам әрекетінен табиғат объектісінде болатын барлық өзгерістер мәдениет деп түсінілді. Кейіннен «мәдениет» сөзі адам жасағанның бәрін білдіретін жинақтаушы атауға айналды. Осы тұрғыда алғанда мәдениет адам жасаған «екінші табиғат», табиғатта жоқ, адамның саналы қызметімен жасалған бүкіл дүние ретінде қарастырылады. Мәдениет дегеніміз - белгілі бір адамдар тобы үшін ортақ мінез-кұлық нормалары мен үлгілері, сенімдер мен адамгершілік құндылықтарының жиынтығы.

Адамдардың өзара байланыстарының өзгеруі олардың мәдениетіндегі өзгерісті де туғызады. Осы жөнінен алғанда адам мәдениетінің әлемі адамның аса мәнді қуатты күштері қалыптасуының дамуы мен көрініс табуының, олардың табиғат пен қоғамда іс жүзінде асырылуының аясы болып алады.

Күнделікті санада мәдениет ұғымы дербес адам, белгілі бір әлеуметтік тұтастық сипаттамасы үшін әдетте бағалаушылық қызмет атқарады. Ал мәдениеттің ғылыми ұғымына енетін болсақ, онда оны адамдардың жасампаздық қызметі нәтижесінде жасалған және жасалынатын материалдық, және рухани құндылықтар жиынтығы ретінде қарастырамыз. Рухани мәдениет - өркенді рухани құндылықтар жиынтығын, тиісті мәдени-ағарту мекемелерінің құндылықтары мен өзіндік өндірісін танытатын рухани өмір дамуының нәтижесі, адам шығармашылығының жемісі. Бұл ұғым жасалынған құндылықтарды ғана емес, сондай-ақ оларды өндіру, бөлу және тұтыну процесінің өзін де қамтиды.

Әлеуметтануда мәдениет деп заттар қатынасы емес және әлеуметтік ұйымдасу жүйесіндегі рольдер қатынасы емес, қайта қоғам дамуының жеке тұлғалары мен субъектілері түріндегі адамдар, олардың өздерінің қатынастары түсініледі. Рухани мәдениет аса күрделі де өзіндік ерекшеліктері бар қоғамдық құбылыс.

Адам мәдениетінің көрінісі әлеуметтану тұрғысынан үш негізгі белгімен анықталады. Біріншісі — адамның қоршаған табиғатқа қатынасы. Қазіргі жағдайда мәдениет пен жеке адам, мәдениет пен қоғам адам тұрған ортасына түзетуге келмейтін зардаптарды болдырмайтын жауапкершілікпен қатынасуға тиіс хал-ахуалдың сана деңгейімен өлшенеді. Адам қоғамы мәдениеті — қоғамның табиғатпен өзара байланыстарының ең алуан түрлі аяларынан: өндірісте, демалыста, тұрмыста көрінетін үйлесімдікте. Екіншіден, мәдениет — адамның басқа адаммен қатынасы. Адамдар, мемлекеттер, этникалық топтар арасындағы қатынастар мәдениетінің дәрежесі, ұжымдағы, күнделікті тұрмыстағы, отбасындағы өзара қатынастардың мәдени ахуалы адамдардың өзара байланысы фактісін жете түсіну дәрежесіне тәуелді. Үшіншіден, мәдениет — адамның өзіне өзінің қатынасы. Индивидтің мәдени қызметі дегеніміз — бұл үнемі өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту. Жеке адамның мәдени деңгейі білім алуға деген ұмтылыстан, тұрақты адамгершілік принциптердің қалыптасуынан, әдемілікті кемелдікпен сезінуінен, байсалды сырт келбетінен, денсаулығын жақсы ұстауынан көрінеді.

Мәдениет өз бойына материалдық және рухани өндіріс нәтижелерін бейнелендіріп сіңіреді. Сондықтан осыған сәйкес мәдениетті материалдық және рухани деп негізгі екі салаға бөледі. Осылайша бөле отырып, мәдениет біртұтас жүйе, оның барлық элементтері өзара байланысты екенін ұмытуға болмайды. Әрине мәдениеттің материалдық және рухани салаларға бөлінуі олардың әрқайсысы қоғамдық қатынастар дамуында өзіндік өзгешелігі болатындығымен және ерекше роль атқаратындығымен өз ақтауын табады.

Материалдық мәдениет материалдық қызметтің барлық саласын қамтиды және оның нәтижелері (еңбек құралдары, тұрғын үй, көлік құралдары, тұрмыста қолданылатын заттар) адам идеяларының материалдандырылуы, білімнің заттандырылуы болып табылады. Қоршаған ортаны қайта құрумен байланысты материалдық мәдениет ұғымы, біріншіден, өндірістің материалдық ортасын мақсатқа сай қалыптастыруды, екіншіден, тұрмыстың материалдық ортасын өзгертуді және, үшіншіден, адам организмі дамуының әлеуметтік ортасын өзгертуді білдіреді.

Рухани мәдениет ұғымы - қоғамдық сананың барлық формалары мен деңгейлерін, білім мен тәрбие жүйелерін, мәдениет мекемелері жүйелерін қамтитын күрделі де көпжақты құрылым. Таным мен білім берудің барлық түрлері, әдебиеттің, өнердің, философияның, діннің, ғылымның, адамгершіліктің барлық формалары мен түрлері осыған жатады. Демократиялық қоғам орнатып жатқан қазіргі жағдайда рухани мәдениет жан-жақты кемелденген және әлеуметтік белсенділігі зор жеке адамды қалыптастыруда зор роль атқарады. Егер қоғамның рухани өмірі адамдардың рухани қызметінде болатын қоғам өмірінің біршама дербес саласы, ол қоғамдық сананы өндірумен, таратумен және қоғам мүшелерінің рухани сұраныстарын қанағаттандырумен байланысты десек, ал рухани мәдениет адамдардың шығармашылық (творчестволық) қызметі нәтижесінде жасалған және жасалынатын материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы.

Рухани мәдениеттің салыстырмасы дербестігін мойындай және оның бүкіл өзгешелігін ескере отырып, әлеуметтану оны әлеуметтік өмірден, әлеуметтік қауымдастықтар мүдделерінен бөліп алып, оған қайдағы бір рухани бастаманың көріну формасы ретінде қарайтын мәдениеттану тұжырымдамаларына үзілді-кесілді қарсы шығады. Әлеуметтану бүкіл адамзаттың мүдделер мен құндылықтарды қастерлейтін жалпыадамзаттық ортақ мәдениет түбінде үстемдік алатынына сенеді. Егер материалдық мәдениет негізінен табиғат күштерін игеруді білдірсе, ал рухани мәдениет қоғам мен табиғат танудың деңгейі мен тереңдігін көрсетеді.

Мәдениет адамдарға өз ортасында тұруға, бірлестіктің басқа бірлестікпен өзара әрекетіндегі бірлік пен тұтастықты сақтауға көмектесетін адамның өзара әрекетінің маңызды механизмі ретінде қалыптасады.

Әлеуметтануда әлеуметтік қатынастарда заттарды, идеяларды, құндылықты түсініктерді жасауға, игеруге, сақтау мен таратуға бағытталған, алуан түрлі әлеуметтік жағдайларда адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін әлеуметтік табиғаты бар мәдениет күрделі динамикалық құрылым ретінде қарастырылады.

Әрбір нақтылы қауымдастық (өркениет, мемлекет, халық) көптеген ғасырлар бойы өзінің таңғажайып алып мәдениетін жасайды, бұл мәдениет индивидті оның бүкіл өмір бойына жетелейді де ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Нәтижесінде тарихи процесте мәдениеттер көптігі туады. Социологтар алдында адамзат мәдениетінде ортақ әмбебап негіздер бар ма? деген сұрақ туындайды. Американ социологы әрі этнографы Джордж Мордок барлық қоғамдарға тән алпыстан аса мәдени әмбебаптарды (ортақ негіздері): тілді, дінді, шартты таңбаларды, еңбек құралдарын жасауды, сексуалдық шектеулерді, сыйлықтар тарту дәстүрін, спортты, денені сәндендіретін бұйымдарды т.т. бөліп көрсетті. Бұл әмбебаптар неғұрлым маңызды биологиялық, психологиялық және әлеуметтік қажеттіктерді қанағаттандыратындықтан өмір сүреді.

Адамдардың бөтен мәдениетті қадірлеуі әлеуметтанудың маңызды проблемасы болып табылады. Адамдар көбінесе басқа мәдениеттерді өз мәдениетінің келбеті арқылы бағалауға бейім. Мұндай бағамдау этноцентризм деп аталады. Этноцентризм соншалық көп тараған құбылыс. Кез-келген миссионерлік қызмет, мәселен, өз дінін өзіне бағынышты елдерге мойындату этноцентризмнің айқын бір көрінісі болып табылады.

Кез-келген мәдениеттің абсолютті өзіндік түпнұсқалылығын жариялайтын мәдени релятивизм этноцентризмге қарсы тұрады. Осы тұрғыдан алғанда кез-келген мәдениет егер ол өзіндік тұтастығында алып қарастырылса, өзіндік байланысында ғана түсінікті болады деген қорытынды шығады. Бірде бір құндылық, бірде бір дәстүр, егер оларды тұтастықтан бөліп алып қарайтын болса, түсінікті бола алмайды деу дұрыс. Бірақ осы мәдениетті басқа мәдениеттермен байланыстылықта алмай, мәдени процесті жалпыадамзаттық процесс, тұтасынан әлемдік өркениеттің дамуы ретінде қарастырмай, мәдениеттің өзіндік түпнұсқалылығына ғана иек арту да дұрыс болмас еді.

Мәдениет әлеуметтануының қайсыбір аталып өткен проблемалары осындай.

2. Мәдениеттің негізгі элементтеріне ең алдымен тіл жатады. Ол — адамзат тәжірибесін сақтау мен болашақ ұрпаққа берудің объективтік формасы. Демек, тіл адамдардың қатынас құралы, ойлаудың тікелей шындығы бола отырып, олар туралы мәлімет берудің құралы болып табылады.

Белгілі бір халықтың дүниені қабылдауына тән ұғымдар, ұғымдар жүйесі тіл арқылы бейнеленеді, ол — кез-келген мәдениеттің алғашқы негізі. Барлық халықтар дүниені өзінше, ерекше түрде меңгереді, оның ұсақ-түйектеріне дейін ойлайды, белгілейді. Мысалы, қазақ халқына, қазақтарға ғана тән болып келетін табиғат құбылыстарының көптеген түсініктері мен ұғым атаулары кездеседі. Жыл мезгілдері - қыс, көктем, жаз, күз және оларға сәйкес ай аттары мен ауа райындағы құбылыстар (қызыл шұнақ аяз, үскірік, бес қонақ, бес ешкі, құралай т.т.) туралы айтуға болады. Әрине, басқа халықтарда да өздеріне тән осындай еркешеліктер бар. Бірқатар халықтар тілдерінде адамды ғана «кім» десе, ал енді кейбіреулерінде жандылардың бәрін «кім» деп, жансыздарды «не» дейді. Міне, бұл айтылып отырғандардың бәрі де мәдениет ерекшеліктеріне қатысты. Өйткені адам қоршаған ортаны ұғымдар арқылы қабылдайды.

Тіл мәдениеті тіркеуде де маңызды роль алады. Олай болатыны мәдениет дене қимылымен де, әдет-ғұрыппен, ыммен, бимен, т.т. тарайды. Заттарда және басқа формаларда өмірден өткен ұрпақтар ой құрылысын, өз қабілеттіліктері мен дағдыларын қазіргі заманға жеткізеді. Бірақ мәдениетті жеткізудің ең сыйымды да тиімді, дәлме-дәл жолы болып табылатын тілге ештеңе де тең келмейді. Қазіргі жағдайда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатын Қазақстанда барлық азаматтар тегіне, тіліне және басқа да жағдайларына қарамастан заң алдында тең, сондай-ақ тілдер теңдігіне де кепілдік берілген. Мемлекеттік тілмен қатар қолданылатын орыс тілі елімізде ресми тіл болып табылады. Тіл проблемасының бұлайша өз шешімін табуы мәдениетіміз дамуына септігін тигізетіні даусыз. Республикамызда қазақ тілі шынайы өзінің мемлекеттік деңгейіне жетуі үшін алдымен оған қазақ жастары патриоттық, отаншылдық танытуы қажет. Бұл жөнінен мынадай бір тарихи шындыққа жүгінсек жөн болар: «18-19 ғасырларда Россияда неміс және француз тілдері үстемдік алып, тек осы тілдер арқылы ғана терең ғылым-білім алуға болады деген пікір кең тараған еді, тек М.В. Ломоносов пен көптеген басқа да орыс тілі патриоттарының көп күш салуының арқасында ғана орыс тілі мемлекеттік тілге, нағыз ғылыми білім тіліне айналған». Екіншіден, ұлттық мәдениетті және кез-келген басқа мәдениеттің негізгі элементтеріне сенім мен білім жатады. Сенімде адамдардың шынайы бейімділігі, күнделікті қызметінде нені басшылыққа алатындығы айқындалады да, ол мінез-құлық үлгілерінен, нормалары мен дағдыларынан т.т. көрініс табады, Сенімдер табиғи объектілерімен және әлеуметтік жағдайлармен байланысты болады да, өз бойында белгілі бір ғылыми және дағдылы мәліметтер мен ақпарат енгізеді.

Атап айтқанда сенімдер адамдар болмысының объективтік жағдайлары әсерімен және қоғам жасаған рухани мәдениетті игеру мен жеке практикалық тәжірибенің қорлануы процесінде жасалады. Жеке маңыздылық сипаты бар белгілі бір сенімдер құрылымына міндетті түрде қажетті, ажыратып алуға келмейтін құрамды бөлік болып енеді. Адамдардың қоғамда өмір сүретін және таратылатын білімдері мен сенімдері арасында әрқашан сәйкессіздік туындайды. Әсіресе көкейтесті әлеуметтік проблемаларды талғампаздықпен бағалайтын идеологиялық саладағы білімдерге қатысты сәйкессіздік жиі ұшырасады.

Білімдер мен сенімдер кереғарлығының себептері алуан түрлі. Егер білімдер шындыққа қарама-қайшы келсе, бірақ үстемдік етушілерден қолдау тауып және қоғамға күштеп таңылса, онда адамдар ерте немесе кеш оларды іс жүзіне асыруға қарсылық ете бастайды. Ал, керісінше, білімдер дамудың объективтік бағытын бейнелеген жағдайда олардың таратылуы сенімге елеулі ықпал етеді, рухани прогреске септігін тигізеді.

Үшіншіден, мәдениеттің құндылық-танымдық жүйесі оның маңызды компоненті (құрамды бөлігі) болып алады. Құндылық дегеніміз — бұл белгілі бір қоғамдық заттың, құбылыстың қажеттілігі, ынтаны, мүддені қанағаттандыру қасиеті. Құндылықтар әлеуметтік субъекті өз қажеттерін саналы түрде сезінуі нәтижесінде, қоршаған ортамен олардың сәйкестігінде, демек, бағалау актісінде жүзеге асатын құндылық қатынасы нәтижесінде қалыптасады.

Әлеуметтік субъектінің құндылықтар жүйесіне олардың алуан түрі енуі мүмкін:

1. Өмірдің мәні (қайырымдылық пен қатыгездік, бақыт, мақсат) туралы.

2. Әмбебап құндылықтар:

а) күнделікті өмір, денсаулық, жеке қауіпсіздік, әл-ауқат, отбасы, туысқандар, білім, квалификация (біліктілік), құқық тәртібі;

ә) қоғамдық мойындау (еңбек сүйгіштік, әлеуметтік жай-күй, т.т.);

б) адамдар арасындағы қатынас (адалдық, риясыздық, айнымастық), қайырымдылық;

в) демократиялық (сөз, ар-ождан, партиялар бостандығы, ұлттық егемендік, т.т.).

3. Азаматтық: а) туған жеріне, отбасына қарайлағыштық; ә) фетишизмдер (соқыр сенімдер, құдайға сену, мәңгілікке ұмтылу, т.т.).

Құндылық құбылыстарға социологиялық тұрғыдан келу, атап айтқанда, оларды әлеуметтік мінез-құлық стандарттары, үлгілері ретінде қарауда. Мұндайда құндылықтар себептер элементтері болып қана емес, қайта ережелер, міндеттер, талаптар сипаты бар нормалар, қатынас өлшемдері мазмұнының маңызынан көрінеді. Қазіргі заманғы аксиологияның (құндылықтар теориясының) атасы Герман Лотце құндылық көзін шындықтан емес, қайта адам санасынан іздеуге тура келеді деп көрсетеді. Құндылықтар дүниесі адам үшін айрықша маңыз алатын бірқатар мазмұнды элементтер ретінде айқындалуы мүмкін. Құндылық субъектінің мақсаттары үшін объектінің сан мен сапа көрсеткіштерінде айқындалатын мәнді қатынасты білдіреді. Шындықтың қандай да бір құбылысы құндылық болып алуы үшін пайдалылық қабілеті бар белгілі бір қасиеттері болуы тиіс.

Бұл жөнінен құндылық — объективті. Құндылық қажетті қасиеттерді сұрыптау мен пайдаланудың өзі адамдар мүдделерімен және қажеттіліктерімен айқындалатындығымен де объективті. Сірә, құндылықты бағаланатын затпен тепе-тең деу дұрыс емес. Өйткені құндылық дегеніміз адам үшін заттың маңыздылығы. Адамға қатынастан тыс құндылық категориясы - мағынасыздық. Мұндай ұғымдағы құндылық субъективті.

Құндылық қатынас құндылық бағдар, қызмет пен қатынастар қалыптастыруда қажетті компонент болып табылады, ал олар құндылық орнатудан көрінеді. Құндылық орнату қызмет пен қатынас нұсқаларын таңдап алумен байланысты қызмет пен қатынастың алдын ала өзіндік бағдарламасы болып табылады. Құндылық мақсаттарды қоғамдық-тарихи қызмет процесінде қоғам жасап шығарады да индивидтер мен келер ұрпақтар әлеуметтену процесінде: оқу, тәрбие және басқа қызметтерде оларды негізге алып отырады.

Құндылық мақсаттар адамды әлеуметтік қызметте бағыттайды, оның қызметін бейнелейді де ынталандырады. Индивидтердің құндылықтар мақсаттарының мазмұнын мойындауы қызметтің себебін құрайды. Себеп — бұл мақсаттарды белсенді қызметке келтіретін фактор. Себеп әлеуметтік субъектіге ол әрекет ететін нақтылы жағдайларды оның мінез-құлқында басшылыққа алатын құндылықтар жүйесімен жалғастыруға мүмкіндік береді.

Адам қызметінің ең жақын түпкі себебі, айқындаушы тәсілі мақсат түрінде көрінеді. Қызмет мақсаты болашақтың идеалдық келбеті ретінде әлеуметтік субъектілердің мүдделері негізінде қалыптасады. Ол қоршаған ортаны қайта құруға, оны өз қажеттеріне бейімдеуге деген мойындаушылықты, шешімділікті білдіреді. Аз немесе көп уақытты дәлме-дәл айқындау негізінде жақын немесе алыс мақсаттар туралы айтуға болады. Тұтасынан алғанда мақсаттар жақын, алыс мерзімді, перспективалық, ақтық болып келеді. Ақтық мақсат субъектінің күллі қызметінің өзіндік мақсаты болып табылады да ол қалған мақсаттарды өзінің қолын жеткізуі үшін қажетті құралдар роліне айналдырады. Ақтық мақсатқа жетуден субъект өз қызметінің мәнін, ал кейде бүкіл мәнін көреді.

Мақсаттардың көптеген түрлерінен ақтықтарын бөліп көрсету үшін «идеал» ұғымы қолданылады. Идеал шындықты алдын ала бейнелеу түрлеріне жатады. Идеалдың пайда болу мүмкіндігінің өзі адам санасының мақсат қою қабілетінде жатады. Жеке адам, әлеуметтік топ, тұтасымен қоғам бір нәрсе жасамай тұрып алдымен өз санасында объектінің пішінін жасайды, белгілі бір мақсатқа жету жолына бүкіл өз қызметін бағындырады. Бір жағынан идеалды белгілі бір әлеуметтік топтардың, таптардың қоғамдық практикасының неғұрлым мәнді де маңызды жақтарын бейнелеу ретінде, дамудың түбегейлі бағыттарын, заңдылықтары мен мүмкіндіктерін бейнелеу ретінде, ал екінші жағынан алғанда, саналы ынталандыруларды айқындайтын, себептен жоғары басты бағалау категориясы ретінде қарауға болады.

Құндылық қатынас өзінше өзіндік өмір сүретін әлеуметтік нормалар түрінде болып алады. Белгілі мағынада әлеуметтік норманы тұрақты, қайталанатын бағаның салдары ретінде қарауға тура келеді. Нормалар құндылық маңыздылықты, қажеттілікті, тиістілікті өмірмен, практикамен жақындастыратын құрал, белгілі бір саты болып табылады.

Төртіншіден, мәдениеттің жинақталған, синтетикалық түрі, формасы мінез-құлық үлгілері: ырымдар, әдет-ғұрыптар, дәстүрлер болып табылады. Ырымдар дегеніміз бұл — өз бойына қандай да әлеуметтік идеяларды, түсініктерді, нормалар мен құндылықтарды топтастырған және белгілі бір ұжымдық сезiмдерді оятатын ұжымдық әрекеттердің символикалық өлшемдерінің жиынтығы. Ырымдар күші оның адамға эмоционалдық-психологиялық әсер етуінде. Ырымдарға қандай да бір нормаларды, құндылықтар мен идеяларды рационалдық (ақылмен) игеру ғана қатысып қоймайды, сондай-ақ олардың қатынасушыларының ырымдық әрекеттің ортақ жанашырлары болып та алатындығы да тән болып келеді, әдет-ғұрып адамдардың қызметі мен қатынастарын әлеуметтік реттеудің өткеннен қабылданған формасы, ал бұл белгілі бір қоғамда немесе әлеуметтік топта қайта туындайды және оның мүшелері үшін дағды болып табылады, Әдет-ғұрыпқа өткеннен қабылданған ережелер соңынан қалтқысыз еру де жатады. Алуан түрлі ырымдар, мейрамдар және басқалар әдет-ғұрыптар ролінде көріне алады. Әдет-ғұрып — мінез-құлықтың еш жерде жазылмаған ережелері.

Дәстүрлер - ұрпақтан ұрпаққа берілетін және белгілі бір қауымдастықта, әлеуметтік топта ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік және мәдени мұра элементтері. Дәстүрлер барлық әлеуметтік жүйелерде қызмет атқарады және олардың өмірлік қызметінің қажетті шарты болып табылады. Дәстүрге ұқыпсыз қарау қоғам мен мәдениеттегі сабақтастықты бұзуға, адамзаттың құндылықты жетістіктерін жоғалтуға келтіреді. Ал дәстүр алдында көз жұмып бас ию қоғамдық өмірдегі керітартпалық пен тоқырауды тудырады.

Бұл сипаттамалар бір халықтың, бір ұлттың, алуан түрлі ұлттық-мемлекеттік құрылымдардың, әлеуметтік топтардың және сондайлардың мәдениетіне ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттық мәдениетке де қатынасты болып келеді. Алайда мәдениет белгілі бір нақтылы формалардағы алуан түрлі деңгейлерде қоғамдық өзара байланыстарда қызмет етеді. Мәдениет болмысының осы нақты формасын бейнелеу үшін социологияда өзіндік мәдениет ұғымы пайдаланылады. Өзіндік мәдениет — қандай да бір қауымдастықты немесе белгілі бір әлеуметтік топты ажырататын символдар (шартты таңбалар), сенімдер, құндылықтар, нормалар, мінез-құлық үлгілері жиынтығы. Әрбір қауымдастық өзіндік мәдениетін жасайды. Өзіндік мәдениет жалпыадамзаттық мәдениетті жоққа шығармайды, қайта сонымен бір мезгілде оның өз айырмашылықтары болады. Бұл айырмашылықтар қандай да бір қауымдастықтардың өмірлік қызметінің ерекшеліктерімен байланысты.

Ұлттық, конфессионалдық, кәсіби өзіндік мәдениеттерді, ұйымдардың, әлеуметтік топтасулардың т.т. өзіндік мәдениеттерін бөліп көрсетуге болады. «Ұлттық мәдениет» термині қандай да бір елдегі, мемлекеттегі адам қауымдастығын сипаттайтын символдарды, наным-сенімдерді, құндылықтарды, мінез-құлық нормалары мен үлгілерін анықтау үшін қолданылады.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 3893 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.014 с)...