Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Әлеуметтану тарихының негiзгi бағыттары 1 страница



1. Шетел әлеуметтануы.

2. Ресейдегi әлеуметтанулық ойдың дамуы.

3. ХIХ-ХХ ғ.ғ. қазақ ойшылдарының әлеуметтанулық ой-пiкiрлерi.

1. Әлеуметтану тарихы әлеуметтiк ойшылдық мәдениетiн үйретiп, әлеуметтiк iлiм қалыптастыру тетiгiмен таныстырады, оны қоғам мүдделерiне қалай пайдалана бiлу керек екендiгiн көрсетiп бередi. Осының бәрi социологиялық iлiм игiлiгiне қызмет етерлiк дәлелдер болып табылады.

Қаншалықты өрескел болса да, адамдар өздерi өмiр сүрiп отырған әлеуметтiк ортаны жөндi бiле бермейдi. Бұған КСРО-ның соңғы жылдарында және кейiнгi кеңестiк елдерде ұзаққа созылып кеткен қирау үрдiстерi айқын айғақ болып отыр. Әлеуметтану тарихы қоғамның өз табиғатын бiлмеушiлiктен бiлуге ұмтылу жолын көрсетiп, әлеуметтiк құрылыммен адамның әлеуметтiк мiнез-тәртiбiнiң құпиясын ашып отырады. Әлеуметтану тарихы қызықтырмай қоймайды: социология қоғамдағы тiршiлiктi түсiндiрiп қана қоймай, белгiлi бiр дәрежеде, сондай-ақ, әлеуметтiк болмыс та жасай алады.

Социологияның дербес ғылым ретінде пайда болып қалыптасуы батыста француз философы О. Конттың есімімен байланысты (1798-1857). Ол ең алдымен Батыстағы позитивистік философияның негізін салушы болып есептеледі. Оның 1830-шы жылдары «Позитивті философияның курсы» деп аталатын 6 томдық еңбегі жарық көреді. Міне, осы еңбегінде негізінен оның социологиялық ойлары айтылады. Мәселен, осы еңбегінің 3-ші томында алғаш рет Конт «социология» деген ұғымды енгізеді және қоғамды ғылыми негізде зерттеу мақсатын қояды. Міне, осы пікір социологияның ғылым ретінде пайда болып, дамуына негіз болады.

О. Конт социологияның қажеттілігін қалай негіздеді деген сұрақ туады. Бұл мәселені О. Конт философия саласындағы өзінің адам ақылы дамуының үш сатысы туралы ашқан заңы арқылы дәлелдейді. Олар: теологиялық, метафизикалық және позитивтік (ғылыми) сатылар. Екінші сөзбен айтқанда, оларды адам интеллектінің дамуының үш тарихи қалпы деп айтуға болады. Яғни, бұл адам ақылы өзінің табиғи қасиеттеріне байланысты ойлаудың ең алдымен теологиялық (діни), содан кейін метафизикалық, одан кейін позитивтік (ғылыми) тәсілдерімен колданатындығын көрсетеді. Демек, адам ойлаудың алғашқы, теологиялық сатысында өзін қоршаған ортаны діни нанымдарга сүйене отырып түсіндірген. Ал екінші, метафизикалық сатыда діни негіздерден бас тартады да, құбылыстарды белгісіз абстрактілі мәндер себепте түсіндіре бастайды. Үшінші, позитивтік сатыда адам алғашқы екеуінен бас тартып, дүниені түсіндіруде нақтылы бақылаулармен шектеліп, тұрақты байланыстарды анықтауға негiзделедi. О. Конттың пікірінше, ойлаудың алдыңғы сатылары кейiнгiлерге негіз болып отырады. Адам ақыл көзінің дамуы осы үш сатының бiрiнен екіншісіне, одан үшіншісіне өту эволюциясын көрсетедi деп тұжырымдайды О. Конт. Сөйтіп, позитивтік ойлау алғашында математикада, физикада, астрономияда колданылды деп көрсетеді. Содан кейін ойлаудың ондай қорытындысы ретiнде биология пайда болды дейді. Ал социологияны позитивтiк бiлiмнiң шыңы деп есептейдi. Басқаша айтқанда, адам ақылының бақылау арқылы біліми тұжырымдар жасау процесінiң шегi ретiнде социология пайда болуы керек немесе социология жасалынуы керек деп қорытындылайды. О. Конттың ғылымды жіктеу тәсілі бойынша, социология биологиядан кейін пайда болған. Егер биология қозғала алатын немесе әрекет жасай алатын барлық тірі жануарлар дүниесін зерттейтін болса, социологияның одан айырмашылығы сол, ол әлеуметтік құбылыс ретіндегі адамның әрекеттерін қарастырады деп көрсетедi. Яғни, социология адамды өзі сияқты адамдардың ортасындағы қарым-қатынасы тұрғысынан қарастырады. Екіншіден, социология өзiнiң зерттеулерінде позитивтік (ғылыми) тәсілдерге негiзделедi деген пікірге келеді. Демек, социология өзінің теориялық талдауларында әр түрлі бақылаудың, эксперименттердiң нәтижелерiне, салыстыру арқылы алынған эмпирикалық мәліметтерге сүйенеді деген сөз.

О. Контты социологияны жасауға итермелеген екiншi бiр нәрсе — ол еңбектің бөлінуі және кооперациялану заңының ашылуы. Осы факторлар қоғам дамуында маңызды роль атқарады. Өйткені еңбектің бөлінуі мен кооперациялануы арқылы қоғамда көптеген жетістіктерге жетуге болатындығын мойындай отырып, О. Конт, сонымен бірге ол факторлар (еңбектің бөлінуi мен кооперациялануы) қоғам негізін әлсіретіп, күйреуге де әкелуi мүмкін дейтін пікір айтты. Себебі, олар байлықтың бiржақты шоғырлануына, адамды адамның қанауына, бір жақтылы кәсіптенуіне, адамның бұзылуына бағытталған деп көрсетiледi. Ортақ әлеуметтік сезім бір бағыттағы маман иелерін ғана бiрiктiре алады. Ал ондай сезім оларды басқа маман иелеріне қарсы қоюы мүмкін. Осыдан топтық, кооперациялық эгоистік мораль қалыптасады да, олар өз тарапынан бүкіл халық арасындағы бiрлік, ымырашылдық сезімді бұзады деген қорытынды жасайды. Міне, сол халық арасындағы бірлік пен ынтымақты қалыптастыруға ықпал ету үшін, оған мүмкіндік туғызу үшiн социология пайда болды, - деп көрсетті О. Конт.

Тегінде О. Конттың социологиялық концепциясының басты өзегі — «әлеуметтік реттілік пен әлеуметтік прогресс» мұраты болып табылады. Қазіргі қоғамдағы ірі саяси және моральдық күйзелістерді О. Конт ең алдымен адам ақылындағы иерархиямен байланыстырады. Ол бүгінгі әлеуметтік гармонияның табанында жатқан нәрсе — ол «ақылдағы қайшылық болуы мүмкін» деген қорытындыға келді. Қоғамдық процестерді қадағалап жүрген адам және социолог қоғамда ортақ идеяның жоқтығын бірден байқауына болады, сондықтан, эмпирикалық факторларды зерттеу негізінде жаңа ортақ идеяларды көтере отырып, жаңа қауымдастықтардың құрылу принциптерін аша отырып, қоғамдық күйзелістерді толық жоюға болады деп есептейді. Жеке дара дарынды адамдар ақылға ақыл қоспайынша ортақ идея жасалынбайды, ал ортақ идеясыз, ортақ ақылсыз парасатты қоғамды құру туралы парасатты доктрина жасалынбайды дегенге келеді. Қаншама уақытша саяси шаралар қолданғанмен де, қоғам революциялық жағдайда қала береді, адамдар қауымдастығы уақытша сипат ала береді,- деп көрсетеді О. Конт. Алайда, О. Конт қоғамының табиғи қозғалысына өте сақтықпен, байыппен, даналықпен араласуды ескертеді. Ал ол үшін адамның жеке өмірі және олардың қауымдастық өмірі туралы білімді, сондай-ақ адамдардың ойы, сезімі, әрекеттері туралы білімді бірыңғай жүйеге келтіру керек деп есептейді. Адамзаттың табиғи даму желісіне тек дәл баға беру арқылы ғана оның бағытына жариялылық тұрғыдан ықпал жасауға болады деп көрсетеді.

О. Конт социологияны негізінен екіге бөледі: әлеуметтік статика және әлеуметтік динамика. Әлеуметтік статика әлеуметтік жүйенің өмір сүру жағдайы мен оның қызмет ету заңдылықтарын зерттейді.

О. Конт социологиясының бұл бөлімінде негізінен әлеуметтік институттардың, әсіресе: жанұя, мемлекет, дін сияқты институттардың қоғамдық қызметі және қоғамдағы бірлікті калыптастырудағы ролі қарастырылады. Ал әлеуметтік динамика әлеуметтік жүйенің өзгеру және даму заңдылықтарын зерттейді. Яғни, мұнда О. Конт қоғамдық прогресс теориясын дамытады. Бұл жерде О. Конт, қоғамдық прогрестің шешуші факторы ретінде адамның рухани дамуын, ақылының дамуын көрсетеді. Екінші сөзбен айтқанда, О. Конт үшін әлеуметтік динамика — ол қоғам анатомиясы, қоғамның реттілігі туралы теория, қоғамдық тіршілікті ұйымдастырудың ең жоғарғы үлгісіне, әлеуметтік гармонияға жету теориясы. О. Конт қоғамды тірі организммен салыстыра отырып, оны әр түрлі органдар құрастырады және олардың әрқайсысы белгілі бір қызмет атқарады деп көрсетеді. Демек, бір органның қызметін бүкіл организм жүйесінен бөліп алып қарауға болмайтыны сияқты, қоғамдық жүйеде де оның бір құрылымдық элементінің қызметін қоғамдық бүтiннен тыс қарастыруға болмайтындығын айтады. Бүтінмен арасындағы диалектикалық байланыста немесе қоғам мен адамның сондай қатынасында О. Конт үшін басты нәрсе қоғам болып есептеледi. Себебі, адам өзінің әлеуметтік болмысын өзi жеке-дара қалыптастыра алмайды, керісінше, оның әлеуметтiк табиғатын анықтайтын қоғам деп көрсетеді.

О. Конт қоғамды әр түрлі құрылымдық элементтерге бөле отырып, жанұяны, мемлекетті және дінді қоғамдағы органикалық бірлік пен ынтымақты қамтамасыз етудегi маңызды элементтер ретінде ерекше бөліп алып көрсетедi. Ол қоғамды құрайтын бастапқы бірлік индивид емес, ең алдымен жанұя деп есептейді. Оның пікірінше, адамда «әлеуметтiк бастамалар» немесе «қоғам қасиеттерi» болғанымен, адамда табиғатынан көбінесе эгоистік қасиеттер басым болып келедi. Сондықтан, бүкіл адамзат тарихы, О. Конттың түсiнiгiнше, адамдағы эгоистік бастамаларды немесе қасиеттердi жеңу тарихы болып көрінеді. Мұндай қасиеттер әсіресе адамзат тарихының алғашқы кезеңдерінде басым болған. Кейiн индустриялы қоғамның дамуына байланысты ондай қасиеттер азая бастады. Бұл процесс келешекте коғамның альтруистiк бастамасының қалыптасуына және оның таралуына әкеледi деген пiкiр айтқан болатын. Альтруизм (латын тiлiнiң alte (басқа) деген сөзiнен шыққан, одан француз тiлiне altruisme болып енген) - басқаның қамын ойлау деген мағынаны білдіредi. Яғни, О. Конттың пiкiрiнше, жанұяның басты қызметiнiң бiрi - жас ұрпақты альтруизм рухында тәрбиелеу болып табылады. Демек, жанұя адамдағы туа бiтетiн эгоистiк, өзiмшiлдiк қасиеттердi жоя бiледi деп көрсетедi.

Мемлекет, О. Конттың түсінігінше, қоғамдық реттiлiктi орнатушы, «қоғамдық рухты» көрсетуші болып табылады. Сондай-ақ, мемлекет қоғамдағы бірлік үшін күресiп, ортақ идеяның бұзылуына жол бермейді. Онсыз қоғамдық прогресс жоқ деген О. Конт. Сондықтан, қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекетке бағыну, оның құзырын қадірлеу әрбір адамның басты мiндетi болып табылған. Алайда қоғамдағы тұтастық ең алдымен моральдық бірлікке негізделуі тиіс болған. Бұл тұста О. Конт дiннiң құзырын ерекше қояды. Яғни, діни наным-сенім қоғамдағы әлеуметтiк татулық пен бірліктің ірге тасы деп біледі. Егер дiнге сенiм бұзылса, әлеуметтік байланыс бұзылатын болған.

О. Конттың пікірінше, әлеуметтік динамика - қоғам дамуының позитивтік теориясы. Қоғам дамуындағы нәсіл, халықтың өсуi, еңбектің бөлінуі сияқты факторлардың ролін жоққа шығармай отырып, ол қоғамдағы рухани, ақыл күшінің ролін жоғары қояды. Әрбір тарихи кезеңдегі қоғамның сипаты және оның даму бағыты, Конттың пікірінше, «адам ақылының жағдайымен» айқындалып отырады.

Жоғарыда көрсетілген адам ақылы дамуының үш сатысына (теологиялық, метафизикалық, позитивтік) қоғамдық прогрестің үш дәуірі сәйкес келеді деген пікірді айтады.

Алғашқы — теологиялық кезеңге — көне дәуір мен XIII ғасырға дейінгі Ерте орта ғасыр сәйкес келеді. Бұл дәуір діни кезқарастың үстемдігімен сипатталады. Екіншісі — метафизикалық кезең — XIV-XVIII ғасырлар аралығындағы ескіден жаңа дәуірге өту кезеңіне сәйкес келеді. Бұл дәуірде рухани салада философ-метафизиктер алда болды, ал саяси салада — заңгерлер, әдебиетшілер, публицистер алғы шепте болды деп көрсеткен. Бұл дәуір теологияның ықпалын бұзғанымен, өз тарапынан екінші бір қиындықтарды: революцияны, «анархиялық республикаларды», индивидуализмді, либерализмді, демократияны туғызды деп көрсетті О. Конт. Осының өзі қоғам дамуындағы үйлесімдікті бұзды дейді.

Үшінші — позитивтік кезеңге - XIX ғасырдан басталатын дәуір сәйкес келеді, яғни, бұл тұсқа ірі өнеркәсіптің, ғылымның, соғыс рухының, милитаризмнің, ескіге кеткен аристократияның орнына социократияның келуі, қоғам дамуында қондырмалық ғылымдарға сүйену, социологияға сүйену дәуірі сәйкес келеді. Рухани өмір тұғырына ғалымдар, философ-позитивистер және өнер қайраткерлері көтеріледі. Діни нанымның орнына жалпы адамзаттың мәртебесін жоғары ұстаған, оған сүйіспеншілікпен қараған, жалпы адамзатқа, қоғамға, жеке тұлғаға табынған құбылыс ретінде позитивизмнің келуімен айқындалады деп көрсетіледі. Бүкіл шаруашылық өнеркәсіп пен техникалық мамандар билеген заман ретінде мойындалады. Позитивтік саясатты іске асырудың О. Конт тізгінін пролетариатқа береді. Бірақ, мұнда О. Конт пролетариаттың социалистік идеядан бас тартпауына және мызғымас жекеменшікке нұқсан келтірмеуіне үміт артады.

Социология ғылымының негізін салып, оны дамытудағы О. Конттың ролін анықтайтын болсақ, біріншіден, ол алғаш рет қоғамтануда ғылыми тәсілді қолданды немесе алғаш рет қоғамды ғылыми тұрғыдан танудың қажеттілігін негіздеді. Демек, ол ғылыми жолмен қоғамның ішкі жасырын жатқан заңдылықтарын ашуға болатындығын дәлелдеді. Оны алғашында әлеуметтік физика, сонан кейін социология деп атады. Екіншіден, социологияны әр түрлі эксперименттерге, бақылауларға негізделетін ерекше ғылым ретінде анықтады. Ол ондай көзқарастың қоғам реттілігi үшін практикалық негіздерін қамтамасыз ететіндгіне сенді. Үшіншіден, социология ғылымында эмпирикалық зерттеулерді жүргізу мәселесін көтереді

Төртіншіден, тарихи дамудың заңдылық сипатын, әлеуметтiк құрылымының жалпы контурын және ондағы кейбір әлеуметтiк институттардың өзіндік ерекшелігі мен маңызын негiздедi. Бесiншiден, О. Конт өзiнiң позитивтік социологиясын екi концепцияға бөледі: әлеуметтік статика және әлеуметтiк динамика. Әлеуметтік статиканың әлеуметтік институттар арасындағы өзара байланысты ашатындығын анықтады. Ал, әлеуметтік динамиканың қоғамдағы реформаға жағдай жасап, табиғи өзгерiстердi зерттеуге көмектесетіндігін дәлелдедi.

Қорыта келгенде, О. Конттың социологиялық тұжырымдамасында басты екі идея жатыр. Біріншісі — қоғамтануда ғылыми тәсілді қолдану болса, екіншісі — әлеуметтiк реформаларды жасауда іс жүзінде ғылымды қолдану идеясы. Ғылыми білім қоғамның дұрыс дамуы үшін қызмет ететiнiне О. Конт кәміл сенді.

XIX ғасырдың ағылшын ғалым-философы Г. Спенсер социологияның қалыптасып дамуында маңызды роль атқарады. Жас кезінен ғылым жолына түскен (темір жол инженерi) Г. Спенсер Дарвиннің эволюциялық теориясының ықпалымен, эволюция үрдісімен айналысады. Ол эволюция теориясын, дүниенiң барлық салаларын түсіндіру үшін қолдануға болады деген қорытындыға келеді. Г. Спенсер қоғамды биологиялық организмдермен салыстыра отырып, оны адамзат қоғамының тарихына да қолдануға болады деп мойындайды. Сонымен, ол эволюциялық гипотезаны дәлелдеу үшін өзінің алдына көптеген эмпирикалық қорытындылар жасауды мақсат етіп қояды. Мұның өзі табиғаттың барлық жақтарында, сондай-ақ, ғылымда, өнерде, дінде және философияда эволюциялық процестердiң болатындығына оның көзі жете түсті. Г. Спенсердің пiкiрiнше, биологиялық организм сияқты қоғам жай формадан күрделi формаға қарай дамиды. Г. Спенсер бұл эволюциялық 3 түрiн көрсетеді: бейорганикалық, органикалық және жоғарыорганикалық (надорганикалық). Ол эволюцияның жоғарыорганикалық түріне баса көңіл аударады. Өйткенi, ол қоғамның даму эволюциясын көрсетеді деп есептейдi. Сондықтан, социология осы жоғарыорганикалық эволюцияны зерттеуi керек деп саналады. Бірақ, оның пікірінше, әлеуметтiк құбылыстар көбіне қоғамды құраушы бірліктердің қасиеттерiне және сол бірліктердің өмір сүру жағдайларына тәуелдi болып келеді. Егер әр әлеуметтік топты қоғамды құраушы бірлік ретінде алатын болсақ, Г. Спенсердің пікiрiнше, адамдардың топқа бірігу себебі, олар үшін бастапқы қажеттiлiк болып есептелген. Демек, адамдардың топқа бірігуін Г. Спенсер әр индивидтің дамуы үшін қажетті бастапқы шартты жағдай деп есептейді.

Адамдардың физикалық, эмоциялық және интеллектуалдық параметрлерін Г. Спенсер әлеуметтік құбылыстардың бастапқы шарты деп есептесе, ал одан кейінгі шарттарды әлеуметтік эволюция туғызып отырады деп есептеген. Себебі, ол адам әрекетінің және әлеуметтік құбылыстарының табиғат жағдайына тәуелді екендігін көрсетеді. Яғни, эволюциялық процесс барысында қоғамдық прогресс табиғаттың құбылмалы жағдайларына дағдылануға мәжбүр болады деп есептейді. Осының нәтижесінде «табиғи іріктеулер» болады да, өмір сүруге қабілетті элементтер ғана сақталады деп көрсетеді. Демек, жануарлар дүниесіндегідей, «табиғи сұрыптау» қоғамға да тән қасиет деп таниды. Сондықтан, қоғамның әлеуметтік құрылымы элементтерінің өмірге бейімделгені ғана қалады да, қалғаны жойылып отырады.

Адам дамуындағы бастапқы шарт болып есептелетін физикалық, эмоциялық және интеллектуалдық қасиеттері неғұрлым төмен болған сайын, соғұрлым олар қауымдастыққа бірігуге мәжбүр бола береді деп есептейді. Сонымен, осындай жоғарыорганикалық эволюцияның нәтижесінде қоғамдық құрылымдардың кейбіреуінің жойылу және екіншісінің пайда болу процесі жүріп отыратындығын дәлелдейді. Әр адам немесе белгілі бір топтың өз тіршілігі үшін күресі барысында олардың әрқайсысының қызметтік қасиеті қалыптасады. Топ мүшелерінің немесе бүтіндей топтың осындай қызметі арқылы қоғамның топтық құрылымы және жалпы құрылымы, сондай-ақ, осы топтардың және олардың мүшелерінің мінез-құлқын қадағалап отыратын институттар пайда болады деп көрсетеді. Демек, жоғарыорганикалық эволюция нәтижесінде пайда болған әрбір қоғамдық құрылым қызметтік қасиетіне немесе бағытқа ие болады. Сондықтан, Г. Спенсердің пікірінше, социология сол қоғамдық бірліктердің қызметін зерттеуі тиіс және социология, ең алдымен сол бірліктердің өзара қарым-қатынасынан туатын нәтижелерге көңіл аударуы тиіс. Яғни, социология, оның түсінігінше, қоғамның әрбір құрылымдық элементінің қызметін және қоғамның өмір тіршілігін толық зерттеу үшін дүниеге келген құбылыс.

Г. Спенсердің социологиялық танымын қорытындылайтын болсақ біріншіден, Г. Спенсер биологиялық организм мен әлеуметтік организм ретіндегі қоғам арасында аналогиялық талдау жасады. Яғни, қоғам да, биологиялық организмдер сияқты, «бастамалық көздер» арқылы дамып отыратынын атап керсетеді. Адамдардың бастапқы кіші топқа, одан үлкен топ, одан әрі тағы ұлғая беру процесін анықтады. Сөйтіп, Спенсер қоғамның кезеңдер бойынша даму эволюциясын айтқан болатын. Екіншіден, ол қоғам құрылымындағы бөліктер арасындағы өзара байланыстықты көреді. Үшіншіден, әлеуметтік организмдi құрайтын элементтердің әрекеттерін үйлестіру үшін басқарушы орталықтың қажеттігін және орталық пен бөліктер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін буындардың болуын анықтайды.

Қорыта келгенде, Г. Спенсер социологиялық теорияның дамуына едәуір үлес қосты деп айтуға болады:

1) Ол қоғамды ерекше дискретті организм ретiнде қарастырады (дискретті - лат. discretus деген сөзден шыққан «жеке бөліктерден құралған» деген мағынаны білдіреді).

2) Г. Спенсердің аналогиялық тәсілді қолдануы нәтижесiнде ғылымға «құрылым», «функция» деген ұғымдар енгізiлді.

3) Социология тарихы бойынша ірі ғалымның бiрi ресейлiк Ю.Н. Давыдов ғылыми социологияның қалыптасуындағы 3 теория бар екендігін айтады: классикалық, бейклассикалық және аралық эклектикалық. Ол классикалық социологияның өкiлдерiне О. Контты, Г. Спенсерді, Э. Дюркгеймді жатқызады. Классикалық социологияның негізгі принциптері төмендегідей:

1) әлеуметтiк құбылыстар жалпы заңдылықтарға бағынады. Яғни, арнайы спецификалық заңдылықтар болмайды;

2) сондықтан, социология дәлдік ғылымдарға ұқсас тәртіппен құрылады;

3) әлеуметтiк зерттеулер тәсiлi дәл және айқын болуы керек. Барлық әлеуметтiк құбылыстар сандық тұрғыдан анықталуы тиіс;

4) әлеуметтiк құбылыстың ғылымилығын көрсететін басты өлшем-бiлiм мазмұнының объективтілігі. Бұл социологиялық бiлiмде субъективтiк эмоцияның, пікірдің болмауы керектігін көрсетедi. Мұның өзі социологияның ғылым ретінде идеологиядан тыс тұруы қажеттігін талап етеді.

Социологияның ғылымилығының классикалық түрiне қатысты принциптерін француз социологы Эмиль Дюркгейм өзiнiң «Социологиялық тәсілдердің қағидасы» (1895 ж.) еңбегiнде бiршама айқын көрсеткен болатын. Э. Дюркгейм өз социологиясын әлеуметтік факт (шындық) теориясына негіздейді. Жоғарыда көрсетiлген еңбегінде Э. Дюркгейм әлеуметтік фактіге қойылатын негiзгi талаптарды көрсетеді. Бірінші талабы - әлеуметтiк құбылысты шынайы объективті құбылыс ретінде қарау. Яғни, әлеуметтік фактіні индивидке қарағанда сырт құбылыс деп мойындау және әлеуметтік факт зерттеу объектiсi бола алатындығын мойындау. Екінші талап — социология идеологияға тәуелдi болмауы керек. Үшінші талап — социология бүтiннiң бөлiктен жоғары тұратындығын мойындауы тиіс. Яғни, әлеуметтiк фактiнiң көзі қоғамда екендігін мойындауға негізделетінін көруге болады. Әлеуметтік факт ерекше спецификалық құбылыс болып есептеледi. Өйткені, ол индивидтердің біріккен әрекетiнен туындайды және ұжымдық санаға негізделеді. Э. Дюркгеймнiң пiкiрiнше, әлеуметтік факт болу үшін бірнеше адам бірігіп әрекет жасау керек және ондай әрекеттен жаңа қорытынды тууы қажет. Ондай әрекеттің нөтижесінде мінез-құлықтың жаңа үлгісі пайда болады. Яғни, әлеуметтік фактінің объективті шынайылығы Дюркгеймнің социологиялық тәсіліндегі өзекті мәселе болып табылады.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 4862 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...