Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Әлеуметтану тарихының негiзгi бағыттары 3 страница



Сондықтан, М. Вебер әлеуметтік әрекетті түсіндiру үшiн ең алдымен әрекет субъектінің өз ісіне берген мағынасын анықтау қажет десе, екіншіден, әлеуметтік әрекеттің себептік мотивтерiн анықтау қажет деп көрсетеді. Вебердің пікірінше, әлеуметтiк әрекеттер үлкен әлеуметтік өзгерістерге әкелуі мүмкiн. Сондай-ақ, әлеуметтік әрекеттер институттар мен топтардың сипатына ықпал етеді.

М. Вебер әлеуметтік өмірдегі идеяның маңызды ролiн жақтай отырып, адамдардың қоғамдық санасын, бүкіл көзқарасын түгелдей қоғамның материалдық немесе экономикалық факторлары анықтайды дейтін пікірге қарсы болады. Оның пiкiрiнше, дiни көзқарастар арқылы да коғамның экономикалық жүйесін өзгертуге болады.

Символикалық интеракционизм тұжырымдамасының өкiлдерi де әлеуметтік әрекетке көңіл бөледі, бірақ, бұлар кіші шеңберiндегi (әлеуметтiк өзгерістер) интеракциялық жағдайларға баса назар аударады. Яғни, адамның өзіндік болмысы, оның қалыптасқан ортасындағы құрылымдық қатынастың көрінісін бередi және сол ортадағы символдарды қабылдаудан тұрады, әрі индивидтiң сол ортадағы ролінен құралады деп көрсетеді. Адамдар өзiнiң адамдық қасиеттеріне тек өздері өзара символдар арқылы қарым-қатынас жасаған жағдайда ғана ие бола алады деген пiкiрдi жақтайды. Ал символдың ең негізгісі тіл деп көрсетіледi. Символ тек затты белгiлеп қана қоймайды, сонымен бiрге, ол затқа ерекше образ бередi және адамның көңiлiн аудартады. Екiншi сөзбен айтқанда, символ сол заттың атқаратын қызметiн баса көрсетедi және адамның сол затқа деген қимылдық іс-әрекетiнiң белгiлi бір түрін, бағытын көрсетеді. Сондай-ақ, символ адамдардың әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас құралын қамтамасыз етеді. Мысалы, Мидтің пікірінше, символсыз адам арасында қатынас жоқ және сайып келгенде, адамзат қоғамының болуы да мүмкін емес. Сондықтан, символдық интеракция табиғи қажеттілік ретінде мойындалады. Әсiресе, символдың мәндік, мазмұндық жағына Мид ерекше көңiл бөледi. Адам тағдыры үшін ең құнды нәрсе — мән, мазмұн болып табылады. Символдың мәнін халықтың басым мүшелерi бөлiскен немесе онымен келiскен жағдайда ғана әлеуметтiк өмiр жалғасуы мүмкiн деген тұжырым жасайды. Бірақ, көпшiлiк мойындаған символ интеракцияның тек құралы ғана бола алады. Ал ол (интеракция) жалғасуы үшін, әрбір оған қатысты басқалардың да пиғыл, пікірлерін әрі қарай интерпретация жасауы қажет болады. Бұл процесс, Мидтiң пiкiрiнше, «белгiлi бір рольді атқару» арқылы жүріп отырады. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынасты үздіксіз интерпретациялық процесс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда әр адам екінші бір адамның ролін атқарған болады немесе қабылдайды. Мид басқа біреудің ролін қабылдай отырып, индивид өзін-өзі таниды деген тұжырым жасайды.

Қорыта келгенде, Мидтің пікірінше, адам әр кезде өзі туралы басқаның пікіріне тәуелді болады да өзі туралы басқаның пікірін үнемі күтуде болады. Осы жағдай әлеуметтік процестің әр субъектісінің мінез-кұлқына ықпал етуіне негіз болады деп көрсетіледі. Ал әлеуметтік орта олардың іс-әрекетіне бақылау жүргізетін күшке айналады. Сайып келгенде, осылардың бәрі қоғамдағы бірлескен іс-әрекеттер негізін қалыптастырады. Адам өз ісін және оған ортаның реакциясын алдын ала болжап отырады деген тұжырым жасайды.

Мидтің пікірінше, адамның мінез-құлқы тек оның өзін-өзі түсінуімен ғана айқындалмайды, сондай-ақ, мәдениетпен, оның атқаратын әлеуметтік ролімен және әр түрлі әлеуметтік институттармен де айқындалады. Мәселен, мәдениет әрбір нақтылы атқаратын әлеуметтік рольге сай мінез-құлықтың белгілі бір түрін ұсынып отырады, Бірақ, қоғам мәдениеті ұсынған мінез-құлықтың түрі қатал сипат алмайды. Мінез-құлықтың түрін таңдауда индивидке үлкен ерік беріледі. Сондай-ақ, әлеуметтік роль өзгеріп отырады.

Сонымен, Мидтің пікірінше, адамдар әрі әлеуметтік ортаны өздері жасай алады, әрі сол ортаның ықпалында болады. Яғни, адам тек әлеуметтік ортада ғана қалыптаса алады. Және адамдар тек символдар дүниесінде ғана өмір сүреді әрі оның мәндік жағы, өмірдің мәндік сипаты адам қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негіз болады деп көрсетеді.

Мидтің шәкірті Герберт Блюмер интеракционизм парадигмасын дамытуға елеулі үлес қосты. Оның пікірінше, символикалық интеракционизм үш түрлі алғышарттарға негізделеді:

1. Адамдар, ең алдымен, заттар мен құбылыстардың мәніне негізделе отырып, іс-әрекет жасайды. Демек, адамдар сыртқы және ішкі символдарға көңіл аударғаннан көрі, ең алдымен, олардың мәніне қарай қимыл жасайды. Басқаша айтқанда, символикалық интеракционизм қоғамдық және биологиялық детерменизмді мойындамайды. Яғни, ол адамның мінез-құлқы мен еркінің қоғамдық және биологиялық жағдайларға әлеуметтік ортаға байланыстылық, себептілік заңдылығын мойындамайды деген сөз.

2. Заттар мен құбылыстың мәні, мазмұны тек қана алдын ала анықталып, беріле бермейді және мазмұн белгілі бір интеракциялық жағдайға байланысты қалыптасуы да, түрленіп өзгеруі де, дамытылуы да мүмкін.

3. Мазмұн белгілі бір интеракциялық жағдайда жасалынған интерпретацияның қорытындысы болып табылады. Басқа бiреудiң ролін атқарушы адам қандай да бір процеске қатыса отырып, өзiнiң кейіпкерінің іс-әрекеті мазмұнына және оның алдағы уақытта iстейтiн iс-әрекетiне интерпретация жасап отырады. Яғни, келешекте iстейтiн iс-әрекеттiң мазмұнына интеракция жасайды, сөйтiп ол алдын ала интерпретация жасау арқылы қалыптасады.

Сонымен, Г. Блюмер интеракционистік парадигма мен әлеуметтiк әрекет парадигмасының арасында елеулi айырмашылық бар деп есептейді. Егер әлеуметтiк әрекет парадигмасы адамның мінез-құлқын, оның сыртқы әсерлерге жауабы ретінде қарастырса, ал интеракциялық парадигма адамның мінез-құлқын, іс-әрекеті сыртқы құбылыстарға мән, мазмұн беру арқылы көрінетіндігін мойындайды. Сондай-ақ, егер әлеуметтiк әрекет адамның мінез-құлқын сыртқы әсерге алдын ала болжамдалған жауап ретiнде қарастырса, ал Г. Блюмер оны мазмұн арқылы алдын ала жоспарланған құбылыс ретiнде қарастырады. Бірақ, алдын ала жоспарланған мiнез-құлық адамның іс-әрекетінің жалпы бағыттарын ғана анықтауы мүмкiн. Демек, ол жоспардың ішінде ситуацияға байланысты адам өз мiнезiн маневр жасауы үшін белгілі бір кеңістіктер болады деп көрсетедi. Сонымен бірге Г. Блюмер адамның мінез-құлқын шектеп отыратын әлеуметтік институттардың болатындығын мойындайды. Бірақ, қандай да бір қатал шек қойылған жағдайда да адамның инициатива көрсетуге мүмкіндігі бар деп есептейдi.

Енді символикалық интеракционистік парадигмалардың кемшіліктеріне тоқталатын болсақ, оның өкілдері адамның мiнез-құлқын кіші деңгейдегі топтарға ғана негіздеп, соның шеңберiнде ғана қарастырады. Ал үлкен әлеуметтік-тарихи ортаның ықпалы ескерiлмейді. Яғни, адамдарды үлкен әлеуметтік ортадан бөлiп қарайды. Екіншіден, олар адамның мінез-құлқындағы бостандыққа жан-жақты көңіл бөледі де, ал мінез-құлықты тежейтiн факторларға аз көңіл бөлінген. Оның себебi, интеракционистер адам мінез-құлқына әлеуметтік құрылымның ықпалын ескермейді. Яғни, олар неге адамда нормативтi мiнез-құлық болатындығын түсіндірмейді. Үшіншіден, олар мазмұнға көңiл аударуға себеп болған негіздерді көрсетпейді.

Феноменологиялық парадигма. Бұл социологиялық бағыттың өкiлдерi адам санасының ішкі мазмұндық жағына баса назар аударады. Яғни, адамның ақыл арқылы сыртқы дүниенi түсiну және жіктеу тәсілдеріне баса көңіл бөледі. Адамды және қоғамды зерттеуде олар әлеуметтік әрекетке көңіл бөлмейді, сондықтан, адамның мінез-құлқының себептік жақтары қарастырылмайды. Керiсiнше, олар, ең алдымен, құбылыстың мазмұндық жағын түсінуге тырысады да, ал оның пайда болу себептеріне көңіл аудармайды.

Феноменологтардың пікірінше, адам сыртқы ортаны тек сезім мүшелері арқылы ғана таниды: көру, есту, дәм, иіс, затқа дене мүшелерін тигізу арқылы. Бірақ, ол сыртқы ортаны толық түсіну үшін жеткіліксіз болады. Өйткені, сезім мүшелері арқылы алған информациядан кейін адам сезімдердің ретсіздігіне душар болады, ал ол ретсіздікті жою үшін адам алдымен сыртқы дүниені құбылыстарға жіктейді, содан кейін барып қана өзінің сезімдік тәжірибесін (информацияны) заттар класына жіктейді. Яғни, содан кейін ғана өз сезімін жалпы сипаттарға қарай, заттар мен құбылыстар класына жіктей алады. Ал тірі организмдерді түрлеріне, тегіне қарай жіктейді. Осыдан олар дүниені феномологиялық танудың негізін көреді. Демек, әлеуметтік өмірді тану үшін феноменологиялық жіктеу тәсілдерін зерттеудің қажеттілігін көрсетеді.

Қорыта келгенде, бұл тәсілдің негізінде философиялық көзқарастың жатқандығын көруге болады. Шындығында, феноменология неміс философы Эдмурд Гуссерльдің дамытуымен алғаш рет Еуропа философиясының бір тармағы ретінде қалыптасқан болатын. Ал феноменологияны әлеуметтік өмірді түсіндіруде алғаш қолданған Альфред Шюц болған. Альфред Шюцтің басты қызметі — қоршаған ортаға классификация жасауда және сыртқы ортадағы құбылыстарға мазмұн беруде қолданылатын тәсіл таза жеке индивид жасай алатын құбылыс емес екендігін дәлелдеуінде. Ол тәсілдер бұрыннан қалыптасқан, қоғамда қабылданған тәсіл, керісінше, ол ұрпақтан ұрпаққа тіл арқылы, әдебиеттерді оқу арқылы, ауызекі әңгіме арқылы беріліп отырады. Яғни, адам әлеуметтік өмірді тануда дайын типологияларды қолданады деп көрсетеді. Қоғамда бірте-бірте «парасатты мәнге ие болған білімдердің» қоры жинақталады. Міне, солар адамдардың қарым-қатынасына көмектесіп отырады деген тұжырым жасайды. Адамдарға күнделікті тәжірибелік мәселелерін шешу үшін оның маңызы зор дейтін пікірді айтады.

Сондай-ақ, А. Шюц, ол қалыптасқан парасатты білімдердің қоры өзгермейді деп айтуға болмайды, керісінше, ол интеракциялық процестердің нәтижесінде өзгеріп, дамып отырады деп қорытындылайды. Парасатты білімдердің қоры әлеуметтік ортадағы басқа адамдардың іс-әрекеттерін түсінуге көмектеседі деп көрсетеді.

Этнометодологиялық парадигма басқаларға қарағанда, біршама жаңа социологиялық тұжырымдама болып есептелінеді. 1967 жылы Гарольд Гарфинкель «этнометодология» ұғымын алғаш енгізген болатын. Жобалап аударғанда «адамдар қолданатын тәсілдер» деген мағынаны білдіреді. Дәлірек айтқанда, этнометодологтар адамдардың әлеуметтік ортаны тануда қолданатын тәсілдерін зерттейді. Г. Гарфинкель, бiрiншiден, этнометодологияны қарапайым адамдардың күнделiктi өмiр-тiршiлігіндегі іс-әрекеттерін түсіндіре алуға болатындығын көрсететін тәсілдердің жиынтығы ретінде қарастырады. Екiншіден, кез келген әлеуметтік құбылыстар мен әрекеттердiң барлығы тең дәрежеде социологиялық зерттеулердің пәнi бола алады деп қарастырады. Үшіншіден, ол әлеуметтік жағдайдың өзiндік ерекшелігін ескеруі керек және оны ресми ғылыми тiлмен емес, керісінше, сол жағдайдың өзіндік ерекшелiгiн барынша толық көрсете алатын ауызекі тілді, тәсiлдердi қолдануы қажет деп көрсетеді.

Этнометодология парадигмасындағы басты идея – ол «индексация» идеясы. Мұның мәні – кез-келген зат пен құбылыстың немесе мінез-құлықтың мазмұны оның контексiнен өрбиді деген қағиданы ұстануда. Яғни, Г. Гарфинкельдің пiкiрiнше, кез-келген әрекеттердің мәнін тек белгілі бір контекст тұрғысынан қарастырған жағдайда ғана түсіндіруге болады. Д.Х. Зиммерман этнометодологияның басты мәнi - «қоғам мүшелері дүниедегі құбылыстарды түсіну мәселесін қалай шеше алатындығын түсіндіруде» деп көрсетеді. Мұнда дүниенi түсiнудегi адамның қолданатын нақтылы техникалық тәсiлдерiн зерттеуге басты назар аударылады. Зиммерман құжаттық тәсiлдiң (документальный метод) маңызын жоғары қояды. Ол әлеуметтiк жағдайды адам интерпретациясынан бөлек тұратын, нақтылы объективті шындық ретінде қарастыратын социологтарға қарсы шығады. Оның пікірінше, әлеуметтік дүние тек адамдардың өз құрастыруынан және интерпретациясынан ғана тұратын құбылыс болып саналады. Этнометодологиялық парадигманың кемшiлiгi сол, біріншіден, адамдардың әлеуметтік іс-әрекеттерінiң немесе мiнез-құлықтарының себептеріне көңіл аударылмайды. Екiншiден, адамның мінез-құлқы өмір сүріп отырған әлеуметтiк институттар тұрғысынан қарастырылмайды.

Жоғарыда көрсетілген парадигмалар өздерінің қоғамды талдау сипатына қарай екі түрге бөлінген. Егер біріншi түрдегi парадигмалар қоғамның құрылымы адамдардың мінез-құлқына ықпал ететініне басты назар аударса, ал екіншiлерi – қалай адамдардың әлеуметтік әрекеттері арқылы қоғамның құрылатындығына басты назар аударады. Алайда, қазiргi социологтардың көпшілігі жоғарыдағы екі көзқарасты бiрiктіретiн теорияны жасауды жақтайды. Осындай көзқарасты жақтайтын қазiргi социологтардың бірі — Британ Антони Гидденс болып есептеледі. Б.А. Гидденс қоғамның құрылымы мен әлеуметтiк әрекет бір-бірінен бөлек өмір сүрмейдi деп есептейді. Оның пікірінше, қоғамның әлеуметтік құрылымы тек әлеуметтік әрекеттер арқылы ғана жасалынады. Ол екеуінің өзара тәуелділігін немесе өзара байланысын түсіндіру үшін, Б.А. Гидденс «структурация» ұғымын қолданады. Ол мұнда, біріншіден, құрылым болған жерде ғана әлеуметтік әрекеттің болатындығын көрсетсе, екіншіден, тек әлеуметтік әрекеттер арқылы ғана құрылымның жасалатындығын көрсетеді.

Әлеуметтік өмірде Б.А. Гидденс құрылымның екі түрін көреді: «қағидалар» және «ресурстар». Ол әлеуметтік өмірде адамдар басшылықка алып отыратын процедураларды қағидаларға жатқызады. Құрылымдық қағидалар қоғам мүшелері арқылы жасалып және өзгертіліп, олардың жаңа үлгілері жасалынып отыруы мүмкін. Құрылымның екінші түрі — ресурстар да сол сияқты тек адамдардың әрекеттері арқылы жасалып, өзгеріп және сақталып отырады деп көрсетіледі. Билік ресурсы болуы мүмкін. Мұндай ресурстар адамның әрекетінсіз қалыптасуы мүмкін емес. Екіншіден, билік ресурсы бір индивидтің екіншісінің үстінен үстемдік жүргізу қабілеті арқылы көрініп отырады. Мұндай жағдайда биліктің ықпалында болатын адамдардың өзі ресурсқа айналып отырады деп көрсетеді. Билік ресурстары тек адамдардың интеракциясы арқылы жасалып отыратын жағдайда ғана өмір сүре алады.

Б.А. Гидденстің пікірінше, әлеуметтік жүйе белгілі бір уақытта және белгілі бір кеңістікте өмір сүретін әлеуметтік қатынастың үлгісі болып табылады. Мәселен, мемлекет немесе бюрократия мінез-құлықтың үлгісі ретінде қарастырылады. Адамдарды әлеуметтік кұрылым мен әрекеттердің агенті ретінде қарастырады. Қоғамның құрылымы адамдардың мінез-құлқына олардың қоғам туралы білімдері негізінде ғана ықпал ете алады деп есептейді. Сол білімдер адамдарға күнделікті өмірінде бағыт-бағдар беріп отырады.

Б.А. Гидденс адамдарда әлеуметтік өмірдің тұрақтылығын сақтауға ұмтылатын қасиет бар деп есептейді. Екіншіден, Б.А. Гидденс адамдардың мінез-құлқы билік қатынастары арқылы шектеліп отыратындығын көрсетеді. Үшіншіден, билік жүйесі оның иегерлерінің іс-әрекетіндегі еркіндікті кеңейтетіндігін де айтады.

Сонымен, Б.А. Гидденстің пікірінше, «құрылымның екі жақтылы сипаты»; адамдардың мінез-құлқы қоғамның құрылымына толық тәуелді дейтін пікір мен адамдар өздерінің мүддесіне карай іс-әрекетінде толық еркіндікке ие болады дейтін көзқарас арасындағы қайшылықты жояды.

2. Ресейде әлеуметтану дербес ғылыми пән ретінде пайда болды. Батыс Еуропадағыдай марксистік емес социология Ресейде позитивизм дәстүрлері негізінде пайда болды.

О. Конттан кейін, мәселен, физика немесе астрология секілді социология ешқашан біртұтас ғылым болып көрген емес. Бір мезгілде орын алған көптеген мектептер мен ағымдар қарама-қайшы дүниетанымдық, философиялық және әлеуметтік тұжырымдамаға негізделді, олар объектіні зерттеу мен оны тану мүмкіндіктері жөнінен алуан-алуан көзқарастармен сипатталып отырды.

Бұл орайда Ресейде әлеуметтанудың дамуы көбіне-көп тақырет көрді. Еуропадағы бірде-бір ұлттық социология объективизм мен субъективизм секілді біріне-бірі керісінше екі нұсқаны бастан кешірген жоқ. Батысеуропалық, кейін американдық қоғамтануда социология ілімінің объективтік сипаты жөнінен өзіндік кемсітушілік орын алды.

Ресейлік социологиядағы екінші жік айырыстық - батысқұмарлық пен славянофилизм арасында болды. Сонымен бірге орыс социологтары түрлі таптық және идеялық-саяси күштерден керітартпа күштерге дейінгіні жақтап отырды. Революцияға дейінгі орыс социологиясында саяси бағдарды әлеуметтік ой-пікірмен қабат өзгеше ағымдар да орын алды.

Ресейлік әлеуметтану өз дамуының алғашқы кезеңдерінде әлемдік дәрежедегі теоретиктерді бере алмады. Рас, XIX ғасырдың өзінде өзгелерден өзгеше тұлғасымен дараланған ағымдар мен бағыттар пайда болған.

Ресейдегі әлеуметтанулық ойдың дамуында үш негізгі кезеңді белгілеуге болады:

1. XIX ғ. ортасынан 1918 жылға дейін.

2. XX ғ. басынан 50-шы жылдардың аяғына дейін.

3. XX ғ. 60-шы жылдарының басынан бүгінгі күнге дейін.

Бірінші кезең атақты әлеуметтік ойшылдар П.Л. Лавров (1828-1900) пен Н.М. Михайловскийге (1842-1904) байланысты.Олардың дамытқан бағыты субъективтік социология деп аталады.

Прогрестің ұйтқысы, әлеуметтік дамудың шешуші күші адам болып табылады, - деп көрсетеді П.Л. Лавров. - Адамның сипат ерекшелiгi - оның мәдени сана-сезімi. П.Л. Лавровтың пайымдауынша, мәдениет дегеніміз сіресіп қалған қоғамдық нұсқалар, оларды тек сыни тұрғыда ойлайтын адамдар ғана өзгерте алады. Кейiннен П.Л. Лавров субъективизмнiң асыра сiлтеушiлiктерiнен бас тартып, әлеуметтiк прогресс сыни тұрғыдан ойлайтын адамның iс-әрекетi ғана емес, қоғамдық ынтымақтастықты күшейту деп те бағалайтын болды.

Тарихта социологияның айырмашылықтары мен байланыстары туралы
П.Л. Лавровтың талдауы назар аударарлықтай. Тарихтың көмегінсіз бірде-бір социологиялық зерттеу өмір сүре алмайды деген түсініктің бағасы айтарлықтай, өйткені, қоғам мен оның заңдары тарих негізінде ой елегінен өткізілгенде ғана түсінікті болады.

Н.М. Михайловский социологиясының бел ортасында - адам проблемасы. Оның дамуынан ол қоғамдық прогрестің өлшемін таба білді. Бұл үрдістің қайнар бұлағы - адамды қоғамның әлеуметтік қанауынан, еңбекті қиынсыз ұйымдастырудан, діни, әлеуметтік және басқа сарқыншақтардан арашалау, адамды қоғамнан оқшаулауды жеңіп, оның қарапайым шылау ролін атқаруынан бас тарту.

Н.М. Михайловскийдің субъективизмі ең алдымен қоғамдық дамудың заңдылықтарын бағаламаудан, адамның ойлау жүйесінен жемісі болып табылатын қоғамның болжамды әлеуметтік мұратын мойындаудан көрініс табады. Оның пікірінше, социология әлеуметтік үрдістер мен құрылыстардың объективті құндылықтарымен сабақтас болмауға тиіс, адам қасиеттің мақсаткерлік факторларымен қызметтес болуға тиіс.

Орыс социологиясының тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі - ірі социолог, тарихшы, этнограф, құқықтанушы М.М. Ковалевский. Социология, ол нақты қоғамдық ғылымдардың берген қорытындыларының туындысы деп түсінді. Оның теориясын моралистік деп те атайды, өйткені ол әлеуметтік проблемаларды шешуде әлеуметтік факторлар мен элементтердің бүкіл жиынтығы мен өзара байланысын ескеру қажет деп тұжырымдайды. Прогрестің мәні әлеуметтік топтар, таптар мен халықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту деп білді, ал социологияның негізгі міндеттерінің бірі ынтымақтастық мәнін айқындау, оның алуан нұсқаларын бейнелеу және түсіндіру деп есептеді. Революцияны өзінің прогресс туралы ілімінде ол кездейсоқ және идеологиялық құбылыс деп бағалады. Бірақ, оны сөзсіз болар құбылыс деп бағалады, себебі, билік басындағылар пісуі жеткен проблемаларды жалтарып, объективті қажетті әлеуметтік прогреске тосқауыл қоюға тырысып бағады.

Жаңа славянофильствоның көрнекті өкілі - Н.Я. Данилевский.Оның социологиялық доктринасының негізінде оқшау, аймақтық мәдени-тарихи типтердің идеясы болды. Осындай типтің әрқайсысы, қандай да болсын биологиялық түр секілді, туу, ер жету, қартаю және өлу сатысынан өтеді. Қоғам тарихы - олардың қоршаған ортамен тартысы және өзара тартысы.

Мәдениеттер оқшаланған (қытай, үндi) және бiрiнен бiрi ауыспалы болып келедi, олардың элементтерi (бiрақ негiздерi емес) бiр мәдениеттен екiншi мәдениетке (грек, рим, батыс) көшiп отырады. Н.Я. Данилевскийдiң айтуынша, мәдениет дегенiмiз – ұлттық мінез-құлықты объективизациялау: этникалық қоғамдастықтың ортақ сана-мінездік ерекшеліктер кешені әлемнің болмыс-бітімінің ерекшелігінің жалпы мәдени сипаттамаларын бейнелейді.

Ұлттық мінез-құлықтың басты көрсеткіштері - рухани тектестіктің жиынтығы: адам, діни ұстанымдар, өкіметке көзқарас және басқа көрсеткіштер.

Н.Я. Данилевскийдің айтуынша, тарихи үрдіс-мәдениет негіздері болып табылатын адам қызмет бағыттарын кеңейту. Бұл қызметтің төрт негізгі нұсқасы бар: діни-адамшылық негіз, тар шеңберіндегі мәдениет мағынасында ғылыми, көркемөнер, техникалық, саяси, қоғамдық-экономикалық тұрғыда. Тарихи үрдістің ертедегі кезеңдерінде мәдениеттің сыңаржақ бағыттары қалыптасқан еді. Мәселен, еврей мәдениеті тек діни қызметтен, гректік көркемөнер-мәдени негізден, римдік-саяси негізден өсіп шықты.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 3555 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...