Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Ақша-несие реттеуінің құралдары



Экономикасы өркендеген басқа елдердегідей Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі экономиканы реттеуді тікелей өзі емес, ақша-несие жүйелері арқылы жүргізеді. Сонымен қатар, ақша-несиелік әсер етудің жолдары мен әдістерін таңдау Ұлттық банк жүйесінің ерекшелігінен, елдің экономикасының бағдарынан тәуелді. Осыған байланысты, және басқа елдердің Орталық банкілерінің тәжірибесін ескеріп Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі экономикаға әсерін тигізу үшін мынандай құралдарды пайдаланады.

Дисконттық (есептік және кепілдік) саясаты. Бұл несиені реттеудің тарихи ескі әдісі. Коммерциялық банктер өзінің вексельдерін орталық банкіде қайта есепке алғызады, немесе олардан өздерінің қарыздық міндеттемесін беріп, құнды қағаздарын кепілдікке қойып несие алады.

Бұл саясаттың негізгі мағынасы, қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін не жоғарлатып, не төмендетіп ақша нарқындағы, капитал нарқындағы ахуалға әсер ету. Іс жүзінде бұл саясат былай іске асырылады:

- Егер Ұлттық банк, екінші дәрежелі банктердің несиелік әлуетін төмендеткісі келсе, ол есеп мөлшерлемесін жоғарылатады. Сонда, басқа жағдайлары бірдей болғанда, қайта қаржыландыру қымбаттайды. Бірақ, мұндай жағдайда, екінші дәрежелі банктер, біріне бірі банкаралық несие беріп, Ұлттық банктің мақсатын іске асырмай тастаулары мүмкін. Сондықтан қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін ақша нарқындағы жағдаятты ескеріп жоғарлату керек. Екінші жағынан Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін жоғарлатқаны, екінші дәрежелі банктердің бәрін бірдей елеңдетпейді. Орталықталған несие қарызы жоқ банктер клиентін жоғалтпас үшін және жаңадан клиенттер тарту үшін өзінің несие ресурстарына мөлшерлемені жоғарлатпауы мүмкін. Осындай саясатын қаржы жағынан тұрақты, ірі банктер де қолдана алады.

- Егер, Ұлттық банк екінші дәрежелі банктердің қайта қаржыландыру ресурстарына шығуын оңайлатқысы келсе, ол вексельдерін қайта есептеп, есеп мөлшерлемесін төмендетуі керек. Сонда, екінші дәрежелі банктердің несие әлуеті жоғарылайды, олар өзінің несие ресурстарына, депозиттарына проценттік мөлшерлемені төмендетуге мүмкіншілік алады. Ұлттық банктің есеп мөлшерлемесін өзгерткені, құнды қағаздардың нарқына жанама әсерін тигізеді. Қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін жоғарлауымен байланысты несие мен депозиттерге проценттік мөлшердеме жоғарыласа, құнды қағаздарға сұраным азаяды, ұсыным көбейеді. Сөйтіп, олардың нарықтық бағасының төмендеуіне апарып соғады.

1998-1999 жылдары Қазақстан Республикалық Ұлттық банкісі қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін жиі-жиі өзгертіп отырды. Бұл, сол кездегі елдің экономикалық ахуалының тұрақсыздығынан болды. 1998 жылы 5 тамызынан бұл мөлшерлеме 18,5%-тен 20,5%-ке дейін, ал сол жылдың қараша айында 25%-ке дейін көтерілді. Бұл Ресейдегі ақша дағдарысының шиеленісуімен байланысты болған (17 тамыздағы). 1999 жылы шілде мен тамыз айларында қатарынан екі рет төмендетілді: әуелі - 22%-ке дейін, сосын 20%-ке дейін. Бұл, сол кездегі қаржы нарқының серпіні оңала бастағанының әсері еді.

Міндетті резервтеу саясаты. Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан Республикалық Ұлттық банкісінің басты міндетінің бірі, қарызгерлер мен клиенттердің мүддесін қорғау. ("Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі туралы" Заңның, 7-бабы). Осы міндетті орындау үшін және екінші дәрежелі банктердің өтемпаздығын сақтандыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі арнаулы резервтік шотта сақталуға тиісті қаржының ең төменгі деңгейін белгілейді. Мұндай практика барлық, экономикасы өскен елдерде қолданылады. Бірақ әр елде, бұл резервтің құрылымы, амплитудасы, көлемі және процент төлеу өзіндігі әр түрлі.

Резервтің ең төменгі деңгейі, ақша саясатының құралы ретінде, бір жағынан ақша нарқында, екінші дәрежелі банктердің ағымдағы өтемпаздығын реттейді, екінші жағынан олардың айналымға несиелік ақша шығаруын бақылайтын құрал. Резервтік міндеттемелер, тәртіп бойынша, банктердің міндеттемелерінің белгілі бір бөлігінің жағдайына байланысты, немесе, өсуіне байланысты белгіленеді.

Резервтік активтің ең төменгі деңгейін есептеудің негізгі бабы, банктің қызмет көрсететін шаруашылықтарының шоттарындағы қаржының қалдығы, жеке тұлғалардың депозиттері мен салымдары және банкаралық міндеттемелер негізінде қамтылған міндеттемелердің түрі көбейген сайын бұл құралдың тиімділігі артады.

Резервтің ең төменгі деңгейінің көлемі есептеуде қамтылған міндеттемелердің сомасынан процент түрінде белгіленеді, және де бұл процент әр елде әр түрлі. Мысалы, Италия мен Испанияның Орталық банктері резервтік талаптың процентін жоғарғы шекте ұстайды, ал Англияның Орталық банкісі, керісінше, ең төменгі шекте белгілейді (0,45%), Жапонияның Орталық банкісі де 2,5%-тен жоғары белгілемейді.

Егер резервтік талаптың проценті жоғары болса, Орталық банк резервтік шоттағы қаржыға өсім төлеуге тиіс.

Қазақстанда, міндетті резервтеу саясаты екі дәрежелі банк жүйесін қалыптастырған күннен бастап енгізілді. 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісінің резервтік талабы, банктің міндеттемелерінің орташа қалдығының 30%-не тең болатын. Сондықтан Ұлттық банк резервте жатқан қаржы үшін жылға шаққанда 15%-өсім төлеуді міндетіне алған. Бірақ, іс жүзінде, ол ешкімге, ешқандай өсім төлеген жоқ. Соңғы жылдары бұл мөлшерлеме бірнеше рет азайтылып, 2000 жыл 1-мамырынан бері 8%-ке дейін түсірілді. (ҚР Ұлттық банкісінің басқармасының 2000 жылы 25 көкектегі №192 қаулысы). Ұлттық банктің басқармасының 1997 ж. 23 мамырда бекіткен ең төменгі резервтік талап жөніндегі ережеде оны орындаудың екі жолы көрсетілген:

а) банктің орналастырылған барлық резервтік активтерінің орташа айлық қалдығы, Ұлттық банктің белгілеген орташа айлық резервтік талабының мөлшерінен кем болмауы керек. Өз кезегінде ең төменгі резервтік талаптың орташа айлық, мөлшері былай есептеледі:

ең төменгі резервтік (орташа айлық депозиттық талапты есептеудің проценті міндеттемелер (резервтік актив);.

Резервтік активтің қатарына, корреспонденттік шоттағы қаржы (теңгемен және еркін айырбасталымды валютамен), кассадағы қолма-қол ақша (теңгемен және еркін айырбасталымды валютамен), және алтын қоры, барлық резервтік талаптың 20% шегінде, жатады.

б) Жоғарыда келтірілген формуламен анықталған ең төменгі резервтік талаптың сомасына тең қаржыны, Ұлттық банкіде арнайы ашылған шотқа депозиттау.

Ең төменгі резервтік талапты орындаудың, көрсетілген екі жолының қайсысын қолдану керек екенің Ұлттық банк шешеді.

Қазақстандағы банктер Халықаралық стандартқа көшуге дайындығының дәрежесіне байланысты, үш топқа бөлінген болатын. Міне, сол үш топтың біріншісіне кірген банктер, ең төменгі резервтік талаптың мөлшерін "а" тармақта көрсетілген тәртіппен орындайды, қалған банктер "б" тармақта көрсетілген тәртіпті басшылыққа алуға тиісті.

Ашық нарықтық саясат. Бұл саясат Орталық банктің өз қаражатына қатаң процентті құнды қағаздарды ашық нарықтан нарық бағасымен немесе, алдын ала жариялаған бағамен сатып алу, немесе сату жолымен жүргізіледі.

Мұндай құнды қағаздардың қатарына, қазіргі жағдайда, қазыналық вексельдер, процентсіз қазыналық міндеттемелер, мемлекет қарызының облигациясы, өндірістік міндеттемелер, бірінші сыныпты құнды қағаздар кіреді, Егер, Орталық банк мұндай қағаздарды сатып алса, сатушыға қызмет көрсететін банктің корреспонденттік шотына тиісті сома аударады. Сөйтіп, сол банктің резервін көбейтеді. Егер, Орталық банк ондай қағаздарды сатса, сол сатып алушыға қызмет көрсететін банктің корреспонденттік шотынан тиісті соманы шығарады. Сөйтіп, сол банкінің ресурсын азайтады. Сонымен, бұл саясаттың негізгі мағынасы, екінші дәрежелі банктердің резервтік жайғасымын реттеу.

Егер, елдің экономикасын жандандыру керек болса, Орталық банк құнды қағаздарға сұранымды арттырады. Ол үшін құнды қағаздардың бағамын тіркейді (бекітеді). Сосын, сол межеге жеткен кезде ұсынылған құнды қағаздарды түгелімен сатып алады немесе белгілі бір құнды қағаздың, белгілі көлемін ұсыным бағамына қарамастан сатып алады. Керісінше, егер Орталық банк, банк секторының резервтерін азайтқысы келсе, ол нарыққа қанша керек болса, сонша құнды қағаз ұсынады. Бұл жағдайда бір жағынан құнды қағаздарды сатқаннан Орталық банктің пайдасы көбейеді, екінші жағынан екінші дәрежелі банктердің резервтері азаяды.

Валюталық саясат. "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі туралы" Заңда бұл саясат "Валюта нарқындағы басқыншылық" деп аталған. Бұл, іс жүзінде валюталық саясаттың бір түрі - девиздік саясатпен сәйкес. Ұлттық банк, бұл саясатты жүргізгенде басқа елдердің валюталарын (девиздер) сатып алып, немесе сатып, Ұлттық ақша бірлігінің бағамын керек бағытта өзгеруін қамтамасыз етеді. Шынында да, бұл валюталық басқыншылық. Бірақ валюталық саясаттың мұнан да басқа нысандары бар. Бұл тек осы саясаттың бірақ нысаны.

Валюталық басқыншылық - девиздік саясат жүргізгенде, Орталық банк алтын-валюта резервтерін жұмсап, өз елінің ақшасын сатып алады. Сөйтіп Ұлттық валютаға сұраным көбейтіледі, бұл оның бағамын жоғарылатады. Керісінше, Орталық банктің үлкен мөлшерде Ұлттық валютаны сатқаны, оған ұсынымды көбейтіп, оның бағамын төмендетеді.

Елдің Ұлттық валютасының бағамын тек бір ғана елдің валютасымен қатынасты (мысалы долларға) жоғарылату, немесе төмендету керек болса, валюталық басқыншылық тек осы валютаға қатысты жүргізіледі, яғни тек сол валюта сатып алынады немесе сатылады. Сонымен қатар, елдің алтын-валюта резерві не азаяды, не көбейеді.

Іс жүзінде экономикасы өсіп жетпеген қаржысы жеткіліксіз елдер, өзінің Ұлттық валютасының бағамын қолдау үшін көбінесе шетелдік валюталарды сатып алады. Мысалы, 1998 жылдың 17 тамыздағы Ресейдің рублінің опырылымына байланысты Ресейдің Орталық банкісі мұндай опырылуды тоқтату үшін екі жетінің ішінде 17 миллиард доллар сатты. Бірақ елдің алтын-валюта резервін жоғалту қаупі туғанда, мұндай басқыншылықты тоқтатып, банкаралық биржада валюта саудасын тоқтатты. Осыдан кейін доллардың бағамы жоғарылап, 15 рубльдік валюталық дәліздің (коридор) шегінен шығып 20-25 рубльге жетті. Осыған ұқсас жағдай Қазақстанда да болды. Күтілгендей, Ресейдегі жағдай Қазақстанның теңгесінің бағамын төмендете бастады. Сонда Ұлттық банк валюталық басқыншылық жүргізуге 600 миллион доллар сатты (барлық 2.0 миллиардқа толмайтын алтын валюта резервінен). Ақырында бұл валюталық басқыншылықтан пайда шықпағаннан кейін Үкімет пен Ұлттық банк 1999 ж. 5 көкегінде Ұлттық валюта - теңгенің бағамын анықтауды, құбылмалы тәртіптемеге ауыстырды. Бұл жағдайда бағам нарықтағы ұсыным мен сұранымға байланысты анықталынады.

Валюталық саясаттың мұнан басқа дисконттық (есептік) нысаны бар. Сөйтіп, дисконттық (есептік саясат) тек отандық коммерциялық банктер үшін қайта қаржыландырудың жағдайын өзгертуге ғана емес, сыртқы нарықта валютаның бағамын және елдің төлем балансын реттеуге де пайдаланылады. Қазіргі жағдайда бұл саясат көбінесе елдің ішкі ахуалын реттеуге пайдаланып жүр.

Бұл екі нысаннан басқа, кейбір нарықты экономикалық елдерде валюталық саясаттың үшінші нысаны - депозиттік саясат қолданылады. Бұл саясат бойынша, ақшалық, қаржылардың, екінші дәрежелі банктер мен Орталық банк арасындағы қозғалу ағымы реттелінеді. Бірақ мұндай саясат жүргізу "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі туралы" Заңда көрсетілмеген. Бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісінің клиенттерге (мемлекеттік, коммерциялық болса да) тікелей қызмет көрсетпейтіндігінен болар. Сондықтан Қазақстанда Ұлттық банк пен екінші дәрежелі банктердің арасында ақша қаржысы айналмайды.2002 жылдың ішінде ақша массасының ба­рынша өсуі (10,1 %) желтоқсанда байқалды, бұл маусымдық фактордан басқа, әлуетті инвесторлардың «Қазақмыс корпорациясы» ААҚ акцияларының мемлекеттік пакетін жариялы түрде сатуға қаражат жинақтау нәтижесінде заңды тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттерінің ұлғаюына байланысты болды.

Ақша-несие саясатының негізгі құралдары Ұлттық Банктің ресми ставкалары, меншікті қысқа мерзімді ноттар эмиссиясы және ашық нарықтағы операциялар болып табылады.





Дата публикования: 2015-07-22; Прочитано: 605 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...