Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жүктіліктің мезгілсіз үзілуінің жиілігі, негізгі себептері



Жүктіліктің мезгілсіз үзілуі ­ ең жиі кездесетін акушерлік асқынулардың бірі. Бұл асқыну перинаталдық ауру мен өлім көрсеткіштерінің жоғарылауының негізгі себепшісі. Жиілігі 13-30% аралығында.

Жүктіліктің мезгілсіз үзілуі деп- ұрықтанғаннан бастап 37 аптаға дейін әр түрлі себептермен өз мезгіліне жетпеуін айтады.

Жүктіліктің мезгілсіз үзілуінің бірнеше түрлері бар. Егер жүктілік 28-аптаға дейін үзілсе, оны өздігінен түсік тастау (аборт) дейді.

Жүктіліктің 12-аптаға дейін үзілуін өздігінен ерте түсік тастау, ал 13-аптадан 27-аптаға дейін үзілуін өздігінен кеш түсік тастау дейді.

Егер түсік тастау қатарынан екі және одан да көп қайталанса, оны әдетті түсік дейді.

Егер әйел 28-37 апта аралығында босанса, оны мезгілі жетпей босану дейді. Бұл жағдайда «шала» туған нәрестенің салмағы 1000-2500 кг, ал бойы 35-47 см болады.

Арнайы емханада әйелдің өз еркімен жүктілігін үзуін жасанды медициналық түсік тастау дейді.

Емханадан тыс, антисанитарлық жағдайда жатыр қуысына әр түрлі заттарды немесе түрлі ерітінділерді жіберу арқылы жүктілікті үзуді криминалды түсік тастау дейді.

Жүктіліктің мезгілсіз үзілуінің себептері: әлеуметтік тіршілік жағдайы (анасы, әкесінің жасы, кәсіптік зияндылықтар, зиянды әдеттер, уайымшылдықтың артуы); түрлі генетикалық, тұқым қуалайтын аурулар; эндокриндік өзгерістер (ішкі секреция бездер қызметінің бұзылуы); инфекциялық аурулар (токсоплазмоз, хламидиоз, әйел ағзаларының қабынуы, т.б.); иммунологиялық сыйыспаушылық (Rh және АВО қайшылықты жүктілік); анасының жыныс мүшелерінен тыс аурулары; жүктіліктің асқынулары; жасанды түсіктен кейінгі жыныс мүшелерінің қабынулары; жатыр мойнының жетіспеушілігі (ЖМЖ).

ЖМЖ көбіне ішкі мойын тесігінің зақымдалуынан (жасанады түсік, электроэксцизия) кейін пайда болады. Бұл жағдайда әйелдің белі, ішінің төменгі жағы ауырып, жатыр мойны қысқарып, жазылып, ашылу белгілері пайда болып, қағанақ жатыр мойнына тіреледі. Емі ­ хирургиялық. Ол үшін жатыр мойнына «П» әрпі тәріздес жіпті салып, оның қуысын тарылтады.

Жүктіліктің мезгілсіз үзілуінің себептерін анықтау үшін әйелден жалпы мәлімет алып, клиникалық, қынаптық зерттеулер жүргізеді.

Жүктіліктің үзілу дәрежесіне қарай түсік тастау бірнеше сатыдан тұрады: түсік қаупі, басталған түсік, босану жолындағы түсік, шала түсік, толық түсік.

1. Түсік тастау қаупінің негізгі белгілері ­ әйелдің белі және ішінің төменгі жағы ауырады, жыныс мүшелерінен қан ақпайды, себебі жатырдағы ұрық жатырдың шырышты қабығынан бөлінбеген, жатыр мойны жабық, кейде шамалы ғана жұмсарып, қысқаруы мүмкін. Жатырдың көлемі жүктілік мерзімімен сәйкес келеді.

2. Басталған түсікте әйелдің ішінің төменгі жағы толғақ кезіндегідей қатты ауырып, жыныс мүшелерінен қан ағады. Жатырдағы ұрық бірте-бірте жартылай шырышты қабықтан бөлініп, жатыр мойны ашылуы мүмкін. Жатыр көлемі жүктілік мерзімімен сәйкес келеді.

3. Босану жолындағы түсікте әйелдің іші толғақ сияқты қатты ауырып, жатыр мойны ашылып қан көп кетеді, себебі ұрық бөліктері мойын қуысында қалады.

4. Шала түсікте әйелдің іші толғақ кезіндегідей қатты ауырып, жатыр мойны ашылып, қан кетеді. Бұл жағдайда жатырдың көлемі жүктілік мерзіміне сәйкес келмейді, себебі жатыр қуысында ұрық қалдықтары жартылай ғана қалады.

5. Толық түсікте ұрық тұтас жатырдың қуысынан шығып, жатырдың көк еттері жиырылып, қан кетуі тоқталады.

       
   

Кей жағдайларда ұрық жатыр қуысында дамымай, іште шетінеуі мүмкін. Оны «өсіп- дамымаған ұрық» дейді. Жатыр көлемі жүктілік мерзіміне сәйкес келмейді (мұны ультрадыбыс арқылы анықтайды).

Түсік тастағаннан кейін жатыр қуысына немесе басқа жыныс мүшелеріне инфекция енсе, дене ыстығы көтеріліп, қаны улануы мүмкін.

Емдеу жолдары. Жүктіліктің түсік қаупінде әйелді бірден емханаға жатқызады. Онда төсекте жату ережесін сақтап, жүйке жүйесінің қозуын басатын дәрілер (триоксазин, валериана, седуксен), дәрумендер, гормондар (туринал, прогестерон), қан тамырларының түйілуіне қарсы (но-шпа, магний сульфаты, баралгин) дәрілерді, нәрестенің қысылуы мен тұншығуына қарсы Николай үштігін, АТФ, кокарбоксилазаны, реополиглюкинді кеңінен қолданады. Сонымен қатар алупент пен партусистенді тамшылатып көк тамырға жібереді.

Ал түсіктің басқа түрлерінде жүктілікті сақтауға болмайды, тездетіп жатыр қуысын қырып, ұрық қалдықтарынан толық тазартады. Содан кейін жатырдың жиырылуын жылдамдату үшін окситоцин, метил-эргометрин, эрготал дәрілер, т.б. қолданады. Түсіктен кейінгі инфекциялық асқынудың алдын алу үшін антибиотиктер салады, ал әйел қансыраған жағдайда міндетті түрде қан құяды. Емдеу ұзақтығы ­ екі жұма.

Емдеу толық болуы үшін мезгілсіз үзілген жүктіліктің негізгі себебін анықтау қажет. Ол үшін ерте түсік тастаған, жүктіліктері мезгілсіз үзілген әйелдер тобын әйелдер кеңес орнында бала көтермей тұрып, күні бұрын зерттеудің маңызы зор.

Әйелдер кеңес орнында зерттеу әдістері: тиісті мәліметтер алу, клиникалық зерттеулер жүргізу ­ объектілік, қынаптық зерттеу, қан құрамын тексеру (резус-қайшылықты, т.б.), бактериалдық, гормоналдық тексерулер және ультрадыбыстық зерттеу әдісін кеңінен қолданады. Сонымен қатар, басқа маман дәрігерлердің (терапевт, кардиолог, т.б.) тексеруінен өтуі қажет. Әйелді тексеруден өткізіп, түсіктің негізгі себебін анықтағаннан кейін тиісті ем жүргізеді. Мысалы, жыныстық инфантилизмде екі-үш етеккір айналымында гормоналдық емдерді жүргізеді (микрофалин+ прогестерон), ал жатыр мойнының жетіспеушілігінде (ЖМЖ) мойын- пластика операциясын жасайды.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 7684 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...