Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мамандандырылған акушерлік көмек



Экстрагенитальді патологиясы бар жүктілерге, босанатын және босанған әйелдерге көмек көрсетудің өзіндік ерекшелігі бар. Ішкі мүшелер аурулары мен жүктіліктің қабаттасуы 12-14% кездеседі. Мұның көбі жүктілік, босану және босанудан кейінгі кезең ағымын қиындатып, нәресте дамуына кері әсерін тигізеді. Ал жүктілік өз кезегінде экстрагенитальді аурулы әйелдердің жағдайын төмендетеді. Осының бәрі жүктілік пен босануға байланысты емес ауыр науқастармен ауыратын әйелдерге көрсетілетін мамандандырылған көмекті дамыту қажеттілігін анықтап отыр.

Мұндай көмекті ұйымдастыру, әсіресе, жүрек-тамыр патологиясы (жүрек ақаулары, миокард зақымдалулары, гипертониялық ауру), бүйрек аурулары (пиелонефрит, гломерулонефрит) және эндокрин жүйесінің аурулары бар жүктілер үшін өте маңызды.

Экстрагенитальді аурулары бар жүктілерге арналған мамандандырылған акушерлік стационарды жүктілер, босанатын және босанған әйелдердің ауруларына (кардиологиялық, нефрологиялық, эндокринологиялық, т.б.) сәйкес көп профильді ауруханалар жүйесінде құру орынды.

Мұндай мекеме:

· профильді экстрагенитальді патологиясы бар әйелдерде жүктілікті сақтау көрсеткіштері мен қарсы көрсеткіштерін негіздеуге;

· негізгі ауру ағымының ерекшелігін есепке ала отырып науқас жүктілерді үнемі бақылау принципін әзірлеуге;

· әйелді босануға дайындауға, босану мерзімін анықтауға мүмкіндік береді.

Экстрагенитальді патологиясы бар жүктілер мен босанған әйелдерге мамандандырылған көмекті ұйымдастыру принциптерінің ішіндегі маңыздысы – оларға медициналық көмек көрсету барысында аймақтық емханалар, әйелдер кеңесі және мамандандырылған акушерлік стационар арасында сабақтастықтың болуы. Аймақтық терапевтер экстрагенитальді патологиясы бар, соның салдарынан жүктілік көрсетілмеген әйелдерді жүктілікке дейін алдын ала анықтауы қажет. Бұл әйелдер тізімі контрацептивтерді саралап таңдау және жүкті болу мерзімі туралы сұрақты шешу үшін әйелдер кеңесіне беріліп отыруы керек. Әйелдер кеңесі емханаға экстрагенитальді патологиясы бар босанған әйелдерге одан арғы бақылау жүргізу және қалыпқа келу шараларын өткізу үшін мәлімет береді.

Жүрек-тамыр ауруларымен науқас жүктілерге, босанатын және босанған әйелдерге көмек көрсету. Шамамен, босанатын әйелдердің 5,0-6,0% кездесетін ауру диагнозы белгіленгенде, медициналық көрсеткіштер бойынша жүктілікті сақтап қалу немесе оны үзу туралы сұрақты шешу қажет.

Жүрек-тамыр аурулары кезінде жүктілікті сақтап қалған әйел жүктілік ағымы бойында және босанғаннан кейін де үнемі терапевт және акушер-гинекологтың бақылауында болуы керек. Көрсеткіштер бойынша оны окулист, ревматолог және басқа мамандық дәрігерлері қарайды.

Жүрек ақауымен, гипертониялық ауру және басқа да жүрек-тамыр ауруларымен науқас жүктілер аурудың асқынуы және акушерлік патология болмаған жағдайда да жоспарлы үш еселік госпитализацияға жатады:

а) диагностикалық мақсатта (жүктілікті сақтау мүмкіндігі туралы сұрақтарды шешу үшін) 12 апталық жүктілік мерзімінде – терапиялық (кардиологиялық) стационарға; жүктілікті тоқтату қажеттілігі кезінде - мамандандырылған акушер-гинекологиялық стационарға;

б) алдын алу, қажет жағдайда емдеу мақсатында 28-30 апталық жүктілік кезінде (жүрекке максималды гемодинамикалық жүк түсу кезеніңде) - терапиялық стационарға;

в) босануға дайындалу және босану жоспарын жасау және босануды өткізу үшін босану мерзіміне дейінгі 2-3 апта қалғанда – арнайы акушерлік стационарға.

Бүйрек ауруларымен науқас жүктілерге, босанатын және босанған әйелдерге көмек көрсету. Жүктілерде жиі кездесетін экстрагенитальді аурулар қатарына бүйрек ауруларын және ең алдымен – пиелонефритті (шамамен 10-20 %) жатқызады.

Көп жағдайда жүктілік бүйрек патологиясының ағымына кері әсер етеді. Осыған байланысты бүйрек патологиясы бар жүктілер үнемі терапевт және акушер-гинекологтың бақылауында болып, оларға уролог (нефролог), окулист және басқа мамандық дәрігерлерінің кеңесі қажет болады.

Жүктілікті сақтап қалу немесе оны үзу, сонымен қатар бүйрек патологиясының асқынуы, ағымының төмендеуі, амбулаторлық жағдайда емдеуге жатпайтын симптомсыз бактериурия және лейкоцитурия кезеңінде госпитализациялау туралы сұрақтарды шешу үшін арнайы стационар ретіндегі профильді терапиялық (нефрологиялық немесе урологиялық) стационарды пайдаланған дұрыс. Жүктілердің кеш басталған гестозы, нәресте гипотрофиясы (алғаш белгілердің пайда болуы кезінде) және басқа да патология түрлері кезінде жүктілер акушерлік стационарға жатқызылады және арнайы кеңес берулер ұйымдастырылады.

Бүйрек патологиясы бар жүктілер жүктіліктің 37-38 аптасында босануға дайындалу және босану жоспарын әзірлеу үшін акушерлік стационарға жатқызылуды қажет етеді.

Жүктілер патологиясы бөлімшесінде керует санының көп мөлшерде (40-50% керует қоры) болуы осы акушерлік стационар құрылымының ерекшелігі болып табылады.

Науқас жүктілерді қандай да бір бөлімшеге (акушерлік немесе акушерлік емес профильді) жатқызу сұрақтары әйел қалауы мен жергілікті жағдайлар есепке алына отырып шешіледі. Босанғаннан кейін бұл әйелдерге үнемі акушер-гинеколог бақылауы ғана емес, сонымен қатар уролог немесе нефролог бақылауы қажет болады.

Қант диабеті ауруымен ауыратын науқас жүктілерге, босанатын және босанған әйелдерге көмек көрсету. Жүктілік кезінде, әдетте, диабет ауруының ағымы төмендейді. Әсіресе, жүктіліктің ІІ жартысында диабет ауруы кезінде ауыр ағымды гестоздар, көпсулылық, пиелонефрит, жүктілікті мерзімінен бұрын үзу жағдайлары жиі байқалады. Диабетпен ауыратын әйелдердің босануы барысында босану әрекетінің әлсіздігі, қағанақ суларының мерзімінен бұрын немесе ерте ағып кетуі жиірек байқалады. Бұл әйелдердің нәрестелері ерекше бақылауда болуы керек. Қант диабеті кезіндегі босанулар жалпы босану сандарының 0,3-0,5 % құрайды.

Әйелдер кеңесінде ауру диагнозын, қауіп-қатер дәрежесін нақтылап, жүктілікті сақтау мүмкіндігі туралы сұрақты шешу керек.

Диабетпен ауыратын жүкті әйелде жүктілік сақталып қалатын жағдайда акушер-гинеколог оған терапевт және эндокринологпен келісілген жеке жоспар құрады. Осы науқастар тобына көрсетілетін стационарлық көмек арнайы мамандандырылған мекемелерде жүзеге асуы керек. Эндокринологиялық бөлімшелері және соған сәйкес зертханалық қызметтері бар көп профильді ауруханалар құрамына кіретін ірі акушерлік стационарларда осы топқа арнайы палаталар бөлу бойынша оңтайлы тәжірибелер жинақталған.

Госпитализациялау үшін көрсеткіштер:

Ø диагнозды, жүктілікті сақтау мүмкіндігін нақтылау, емдеу курсын, сонымен қатар жүктілікті сақтап қалу кезінде инсулин мөлшерін анықтау үшін әйелдер кеңесіне қаралуын;

Ø диабет декомпенсациясы басталатын (инсулин мөлшерінің өзгертілуін және сәйкес емнің белгіленуін қажет етеді) 22-24 апталық жүктілік кезінде эндокринологиялық бөлімшеге немесе жүктілер патологиясы бөлімшесіне міндетті түрдегі эндокринолог кеңесі;

Ø 30-32 апталық жүктілікте акушерлік стационарға тексерілу және босану мерзімі мен әдісі сұрақтарын шешу үшін.

Жедел госпитализация қант диабеті декомпенсациясы басталған, ана мен (немесе) нәресте жағдайы нашарлаған, акушерлік патология пайда болған кезде көрсетіледі.

Денсаулық сақтаудың жергілікті органдары акушерлік стационарға науқас баланы балалар ауруханасының сәйкес бөлімшесіне (мерзімінен бұрын туған нәрестелер, неврологиялық бөлімшелер, т.б.) жедел түрде ауыстыруына мүмкіншілік жасауы қажет.

Жұқпалы аурулармен ауырған науқас жүктілерге, босанатын және босанған әйелдерге көмек көрсету. Тұмаумен ауыратын жүкті әйел акушерлік стационар жағдайында болуды қажет ететін акушерлік патология кезінде жүктілік мерзіміне қарамастан сондай стационардың обсервациялық бөлімшесіне жатқызылады және сол жерде босандырылады. Сонымен бірге жұқпаның таралуын ескертетін шаралар жүргізіледі.

Туберкулездің белсенді формасымен ауыратын науқасқа абортты туберкулезге қарсы стационардың операция бөлмесінде, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда оңашалау шараларын сақтай отырып аурухананың гинекологиялық (жүктілікті үзу үшін) немесе жалпы хирургиялық бөлімшесінде акушер-гинеколог жасайды.

Туберкулезбен ауыратын науқастарға жергілікті денсаулық сақтау органдарымен көрсетілетін стационарлық акушерлік көмек туберкулезге қарсы аурухана жүйесінде ұйымдастырылуы мүмкін. Туберкулездің белсенді формасы жоқ және ондай науқастармен қарым-қатынасы жоқ жүктілер мен босанатын әйелдер акушерлік стационардың обсервациялық бөлімшесіне (жеке палата), ал туберкулездің белсенді формасы бар босанатын әйелдер (туберкулез стационарына жатқызу мүмкіншілігі болмаған жағдайда) – акушерлік бөлімшенің босану бокстеріне жатқызылады.

Вирусты гепатитпен ауыратын жүктілер жұқпалы аурухананың сәйкес бөлімшелерінде оларға бөлінген палаталарға (бокстарға) жатқызылады. Бақылауды, емдеу және босануды акушер-гинеколог пен осы бөлімше дәрігерлері бірлесе жүргізеді.

Жүктілік кезінде міндетті түрде АИТВ-жұқпасына тексерілу қажет емес. Залалданудың жоғарғы қауіпті тобына жататындар: бірнеше жыныстық серіктері барлар, есірткіні парентералды жолмен қабылдайтындар, көп рет қан және оның компоненттерін қабылдағандар міндетті түрде тексерілуі керек.

Жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуі кезінде көмек көрсету. Жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу жиілігі 10-20 % құрайды (жүктіліктің жалпы санына қатысы – 10%, үміт артқан жүктілікке қатысы – 20%).

Көрсетілген амбулаторлық-емханалық көмекті ұйымдастыру жүйесі ірі (8 және одан да көп акушерлік аймақтарда) әйелдер кеңесі және «Неке және отбасы» кеңестерінде (отбасын жоспарлау және репродукция орталықтарында) және арнайы стационарлар құрамында мамандандырылған кабинеттер (қабылдаулар) құруды қарастырады.

Жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуімен айналысатын мамандандырылған кабинеттер қосымша гистерографпен, тонусометрмен, «Малыш» аппаратымен жабдықталады.

Мамандандырылған кабинет дәрігеріне кеңестік тексеруге жолданылады:

· жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуі үнемі қайталанатын әйелер;

· жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу қаупі бар және маман дәрігердің кепілдемелерін қажет ететін әйелдер;

· кеңес дәрігерімен жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу себебі анықталмаған әйелдер.

Мамандандырылған кабинетке жолдау кезінде акушер-гинеколог анамнез ерекшелігі, жүргізілген диагносткалық және емдік шаралар мәліметтері, зертханалық тексерулер нәтижесі мен терапевт қорытындысы көрсетілген көшірме жасайды. Мамандандырылған кабинет дәрігері тексеру жүргізудің, сонымен қатар медико-генетикалық тексеру жүргізудің қажеттілігі жайлы бекітілген аудандардың акушер-гинекологтарына хабарлайды.

Мамандандырылған кабинет дәрігері жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу сұрақтары бойынша кеңес береді, сонымен бірге оның кеңесіне жолданған жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілудің жоғары қаупі бар жүктілер мен жүкті емес әйелдерді жүйелі түрде бақылап, емдейді.

Жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуі кезінде ұйымдастырылатын мамандандырылған стационарлық көмектің анағұрлым озық және тәжірибе жүзінде өзін-өзі ақтаған формасы – кеңестік емханалық орталық енгізу арқылы стационарлық акушерлік және педиатрлық бөлімшелерді бір кешенге ұйымдастыру. Бұндай ұйымдасқан мекеме жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуінің алдын алуға, мезгілінен бұрын босануларды тиімді жүргізуге, сонымен бірге мерзімінен бұрын туған нәрестелерді реанимациялау, күту және емдеудің жаңашыл әдістерін енгізуге міндетті.

Мамандандырылған стационарлар жұмысының тәжірибесі барлық акушерлік керует ішінде жүктілер патологиясына керуеттердің 50 % жоспарлау қажет екенін көрсетті. Олар екі бөлімшеде тең орналастырылады, біреуі жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу қаупі бар 28 апталық жүктілер де, екіншісі – 28-36 апталық жүктілер (қоса санағанда).

Жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу қаупі бар әйелдерді алдын ала госпитализациялау жүктіліктің қысылтаяң кезеңдері: 7-8 аптада, 16 аптада, 28 аптада және де алдыңғы жүктілік үзілген мерзімде жүргізіледі.

Бірлескен стационардың босану блогында қарқынды бақылау палатасы болу керек.

Осы мекеменің акушерлік бөлігіндегі нәрестелерге арналған бөлімшелері (күтудің І кезеңі) түрлі дене салмағымен туған балаларға, ол балалардың жетілмеу дәрежесіне қарай сараланған көмекті қамтамасыз етеді, сонымен бірге реанимацияны қажет ететін балаларға арналған палаталардан тұрады.

500 мыңнан астам тұрғындары бар көптеген облыс орталықтары мен қалаларда жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілу қаупі бар және 22-36 апталық жүктілік кезінде мезгілінен бұрын босанған әйелдерді госпитализациялауға арналған осындай мамандандырылған мекемелер ұйымдастырылған, сонымен бірге 500 г не одан көп дене салмағымен туған балаларды күтуге арналған тиімді жағдайлар жасалған. Бұл қызметті перинатал орталықтары атқара алады.

Күтім көрсетілетін нәрестелер тобы тәулік бойы педиатрлардың (неонтолог, реаниматолог) кезекшілік етуін, зертханалық қызметтің тәулік бойы жұмыс істеуін, арнайы жабдықтардың (мониторлар, өкпені жасанды желдету үшін аппараттар, электросорғыштар, арнайы кувездер, инфузионды терапия және парентеральді тамақтандыру жүргізуге қажетті жабдықтар мен құралдар) болуын қажет етеді.

Жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуіне бақылау жүргізетін мамандандырылған стационарларға жатқызылатын жүктілер:

· объективті әдістермен (гистерография, т.б.) нақтыланған жүктілікті үзу белгілері барлар;

· қысылтаяң кезеңдерде (жоғарыда көрсетілген мерзім) алдын алу мақсатында;

· босану әрекетінің мезгілінен бұрын басталуында.

Босанудан кейінгі және аборттан кейінгі іріңді-септикалық аурулары бар әйелдерге көмек ұйымдастыру. Босанудан кейінгі және аборттан кейінгі іріңді-септикалық аурулары бар әйелдер, сонымен қатар айқын іріңді-септикалық жұқпалы жүктілер мен босанатын әйелдер үшін ірі қалаларда мамандандырылған акушерлік стационарлар ұйымдастырылған. Оларды гинекологиялық, нефрологиялық және жалпы хирургиялық бөлімшелері, бактериологиялық зертханалары, оған қоса гемодиализ жүргізу мүмкіншілігі бар реанимация, қарқынды терапия бөлімшелері (палаталары) бар ірі көп профильді ауруханалар құрамында құру орынды.

Мұндай мамандандырылған стационарға жатқызылады:

1) келесі іріңді-септикалық аурулары бар жүктілер, босанатын және босанған әйелдер: сепсис, септикалық шок; перитонит; ауыр ағымды тромбофлебит; эндометриттің ауыр түрі; кіші жамбастағы іріңді процестер (пельвиоперитонит, іріңдеген гематомалар, жатырдың қосалқы мүшесінің іріңді қапшықты түзілістері), оған қоса әдеттегі акушерлік стационарда қолданған емнен әсер болмағанда эндометрит, параметрит және аднексит;

2) нәрестесі антенатальді қайтыс болған жүктілер;

3) іріңді маститпен түскен босанған әйелдер;

4) аборттан кейінгі іріңді-септикалық аурулары бар әйелдер.

Бұл әйелдерді әдеттегі сатционардан диагнозы қойылғаннан кейін бірден ауыстырады.

Босанатын әйелдерде түрлі локализациялы іріңді жұқпаның экстрагенитальді ошағы анықталған кезде босандыру және ем жүргізу үшін мамандандырылған стационарға жатқызылады.

Мамандандырылған акушерлік стационар құрылысы босанудан және аборттан кейінгі іріңді-септикалық аурулары бар әйелдерді қатаң түрде бөлек топтауды және ұқсас аурулы науқастардың өзін бір-бірінен оңашалауды қарастыруы қажет. Қабылдау бөлмесінде диагнозы нақтыланбаған әйелдерді уақытша жатқызатын бокстар болуы керек.

Науқас адамдардың жеткіліксіз болуына байланысты осындай мамандандырылған стационары жоқ мекендерде стационарлық көмектің келесі түрін ұйымдастыруға болады:

· босануды акушерлік стационардың обсервация бөлімшесінің босану боксында өткізу. Босанудан кейін әйелді сауыққанша босану боксында қалдыру немесе аурухананың гинекологиялық не жалпы хирургиялық бөлімшенің арнайы бөлінген оңашаланған палатасына ауыстыру;

· аурухананың гинекологиялық (хирургиялық) бөлімшелерінің оңашаланған палаталарында аборттан кейінгі іріңді-септикалық аурулары бар әйелдерге көмек көрсету;

· хирургтің іріңді маститті аурулы әйелдерге көмек көрсетуі: амбулаторлы – емхананың іріңді хирургия кабинетінде; стационарлы – аурухананың іріңді хирургия бөлімшесінде. Акушер-гинекологтар хирургтер үшін лактацияға байланысты сұрақтарды шешу кезінде кеңесші болуы керек.

ХҮІІ ТАРАУ. ЖҮКТІЛІК ЖӘНЕ АНА МЕН БАЛАНЫҢ





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 2786 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...