Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

ХХ тарау. Босану ӘрекеттерініҢ ауытҚуы



Әйелдің әдеттегі босану кезеңдерінің қалыпты ағысы асқынып, кейде босану әрекеттері ауытқиды. Бұл ­ ең жиі кездесетін асқыну (15-17%). Босану жолдары жиі жарақаттанады, нәрестенің қысылуы мен тұншығуы артады, үшінші және босанғаннан кейінгі кезеңдерде қан көп кетеді. Әйелді көбіне операциялық жолмен босандырады (30-31%).

Босану әрекеті ­ өте күрделі, көп салалы физиологиялық құбылыс. Ол әйел ағзасындағы жүйке жүйесінің, ағзалардың, т.б. көптеген жүйелердің қарым-қатынастық байланысынан барып туады.

Босану әрекеттерінің ауытқуы деп жатыр көк еттерінің жиырылу қабілеттерінің бұзылып, өзгеруін айтады. Жатырдың жиырылу қабілеттері төмендеп, әлсіреуі немесе күшейіп, жиіленіп ұзаққа созылуы не болмаса өзінің дұрыс реттілігінен айырылып, ретсіз болуы мүмкін.

Босану әрекеттерінің ауытқуы төрт түрге жіктеледі:

1. Патологиялық прелиминарлық кезең;

2. Әлсіз толғақ;

3. Күшті толғақ;

4. Ретсіз толғақ.

Негізгі себептері: ағзаның жоғарғы жүйке, нейрогуморалдық, гипоталамус-гипофиз жүйелері мен жыныс мүшелері пісіп-жетілгенде және орталық жүйке жүйесінде «босану доминанты» қалыптасқанда ғана әйел дұрыс босана алады. Осы айтылған «босану доминанты» пісіп-жетілмесе, ойдағыдай қалыптаспаса, босану әрекеттері өзінің физиологиялық дұрыс жолынан асқынып, бұзылады. «Босану доминантының» дұрыс қалыптаспауына әсер ететін жағдайлар:

Ø Қыз баланың жас кезінде жыныс мүшелері мен жүйелерінің дұрыс қалыптаспауы, етеккірінің кеш басталуы және ауырып келуі;

Ø Көп түсік тастаған, көп туған, ағзалары қабынған, көп жылдар бойы бедеу болған, түрлі операция жасатқан әйелдер, т.б.;

Ø Жүйке жүйесінің (абыржу, ренжу, қайғыру салдарынан) бұзылуы, тозуы;

Ø Гормоналдық әр түрлі бұзылыстар, әсіресе, зиянды семіру;

Ø Жүктіліктің асқынуы (гестоз, қан аздық, ұзаққа созылған жүктілік, баланың ірілігі, қағанақ суының көптігі, егіз жүктілік);

Ø Жатырдың және жатыр мойнының аурулары;

Ø Тұңғыш босанған, жасы 18-ге толмаған, 30-дан асқан әйелдер;

Ø Жыныс мүшелерінен тыс жүрек, бауыр, өкпе, бүйректері ауыратын әйелдер;

Ø Дәрі-дәрмектерді орынсыз қолдану.

Қазіргі кезде акушерлік салада босану әрекеттерінің жаңа түсінігі енгізілді – ол босануға дайындық және прелиминарлық кезеңдер. Осыған байланысты босану ауытқуының жаңа түрі ­ патологиялық прелиминарлық кезеңі енгізіледі.

Босануға дайындық кезең ­ жүктіліктің қорытынды кезеңі (37 аптадан босанудың бастапқы кезеңіне дейін). Бұл кезеңде «босану доминанты» қалыптасады, қандағы гормондардың мөлшері, аралық қатынасы өзгереді, жатырдың «төменгі сегменті» қалыптасып, жатыр мойны пісіп-жетіледі, нәрестенің басы жамбас қуысының кіреберіс жазықтығына тіреліп, жатырдың жиырылу қабілеті артады, жыныс жолдарынан «шырышты зат» ағады, жатырдың түбі төмендейді.

Ал, прелиминарлық кезең ­ босануға дайындық кезеңінің соңғы сатысы, жүйелі босану толғағының алдындағы кезеңі.

Прелиминарлық кезең физиологиялық және патологиялық болып екіге бөлінеді.

Физиологиялық прелиминарлық кезеңде жатыр бұлшық еттерінің қозу қабілеті күшейіп, әлсін-әлсін жиырылып, жүйесіз, ретсіз толғақ басталады. Нәрестенің басы төмендейді, жатырдың мойны жұмсарып, аузындағы шырышты зат сұйылып, аға бастайды. Жүйесіз толғақтар аз (30-45 мин.) болады. Әйелдің мазасын алмайды, ол оны онша байқамайды да, ұйқысы бұзылмайды, шаршамайды. Бұл толғақты бұрын «алдамшы», «өтірік» толғақ деп те атаған. Физиологиялық прелиминарлық кезеңнің ұзақтыгы 4-6 сағат. Содан кейін жүкті әйелдің жүйелі босану толғақтары басталады.

Патологиялық прелиминарлық кезеңде жүйесіз, ретсіз толғақ ұзаққа, 6 сағаттан 1 тәулікке дейін созылады. Жүкті әйелдің әлсін-әлсін белі, ішінің төменгі жағы ауырып, мазасызданып, шаршайды, ұйқысы бұзылады. Нәрестенің басы төмен жылжымайды, жатыр мойны ашылмайды, шырышты тығын сұйылмайды. Бұл кезең көбіне босану әрекеттерінің ауытқуының бір түрі деп есептеледі.

Емдеу жолдары. Босанудыңмұндай ауытқуы түрінде емдеу тәсілдері жатыр етінің ретпен жиырылуына және әйел ағзасын босандыруға дайындауға бағытталады.

1. Егер жатыр мойны ашылуға дайын болмаса, ретсіз толғақты «акушерлік демалыс» наркозын беру арқылы тоқтатады.

«Акушерлік демалыс» наркозының құрамы:

· Натрий оксибутираты (50-60 мг /кг)

· Промедол сұйықтығы (1%-2,0 мл).

· Пипольфен (50 мг). Бұл құрамды әйелге тек дәрігер- анестезиолог береді.

2. Ал, егер, жатыр мойны жұмсарып, ашылуға дайын болса, ретсіз толғақты әрі қарай реттеу керек. Ол үшін димедрол, пипольфен, промедол, эстроген гормондарын қолданады.

3. Жатыр мойны пісіп-жетілген, бірақ қағанақ қуығы жазық болса, қағанақ суын мезгілінен бұрын жіберіп, толғақты қоздыру үшін окситоцин, простагландинді қолданады.

Әлсіз толғақ деп толғақ күшінің азайып, қысқарып сиреуін айтады. Осының салдарынан жатыр мойнының ашылу қабілеті төмендеп, нәрестенің босану жолдарымен жылжуы бәсеңдеп, босану мерзімі ұзарады. Бұл асқынудың жиілігі 10 % шамасында.

Әлсіз толғақ үш түрге бөлінеді:

1. Бірден басталған әлсіз толғақ.

2. Кейіннен басталған әлсіз толғақ.

3. Күшену толғағының әлсіздігі.

1. Бірден басталған әлсіз толғақ босану әрекетінің басынан басталып, соңына дейін созылады. Толғақ әлсіз, сирек, қысқа болады және күшею қарқыны болмайды.Толғақтың бұл түрі көбіне жасы 18-ге толмаған, 30-дан асып тұңғыш босанатын әйелдерде кездеседі, жасанды түсікті көп жасаған әйелдер арасында жиі болады.

2. Кейіннен басталған әлсіз толғақта толғақтың басталу күші, жиілігі, реттілігі ұзақ уақыт күшті болып, бірақ кейін күші азайып, ретсізденіп сирейді. Бұл толғақтың түрі көбіне көп босанған, жамбас қуысы тар, нәрестесі ірі не алып болғанда, нәресте жатырда дұрыс жатпаған жағдайда кездеседі.

3. Күшену толғағының әлсіздігінде толғақ босанудың ІІ кезеңінде сиреп, қысқарып әлсізденеді.

Әлсіз толғақты анықтау. Дәрігер толғақты бақылағанда, оның күшін, қайталануын және ұзақтығын анықтауы керек, себебі жатыр мойнының ашылу қабілеті толғақтың күш-қуатына тікелей байланысты.

Қалыпты физиологиялық босануда жатырдың мойны біртіндеп жұқаланып барып ашылады. Ашылу жылдамдығы тұңғыш босанған әйелдерде 1 сағатта 1 см, көп босанған әйелдерде 1 сағатта 2 см ашылады. Дәрігердің есінде болатын жағдай ­ бұл көрсетілген ұғымдар тек қана орта мөлшермен алынған. Әрбір әйелдің босану қабілетінің өзіне тән ерекшелігі болады, бірақ босану құбылысының әр түрлі өзгерістерімен кездескенде, бұл мөлшерді еске ұстап, бағдар ету қажет. Ал, егер, толғақ әлсіз, қысқа немесе сирек болса, жатыр мойнының ашылуы бәсеңдесе, жатыр еттерінің жиырылу қабілетін күшейтетін дәрілерді қолдана отырып, босану әдісін анықтау керек. Сонымен қатар, қынаптық зерттеу жасау қажет (әрбір 3-6 сағат сайын).

Әлсіз толғақтың асқынулары. 1. Босану кезеңдері ұзаққа созылып, 16-20 сағатқа дейін ұзап кетеді, мұндай босануды ұзаққа созылған босану деп атайды. Ұзақ толғақ әрқашан фето- плацентралық байланысты, әсіресе, оның қан айналымын бұзады, оттегінің жетіспеушілігінен жатырдағы нәресте тұншыға бастайды.

2. Баланың қағанақ суы мерзімімен бұрын кетсе, жатырға инфекция тарай бастайды, осының салдарынан ана да, бала да қабыну ауруына шалдығады.

3. Баланың басы кіші жамбас қуысының жазықтарында ұзақ тұрып қалса, миына зақым келіп, қан құйылуы мүмкін. Сонымен қатар, ананың босану жолдары да зақымдалады.

4. Әлсіз толғақ кезінде операциялық тәсілдер жиі қолданылады (акушерлік қысқаш және кесар тілігі).

5. Босану кезінде нәресте өлімінің көрсеткіші жоғары болады. Үшінші және босанғаннан кейінгі кезеңдерде қанның кетуі артады.

Емдеу жолдары. 1. Жатыр бұлшық еттерінің қозу қабілетін күшейту үшін төмендегідей гормондар мен дәрумендер қолданылады: синестрол, фолликулин, эстрадион, «В» дәрумені және «С» топтары, хлорлы кальций, глюкоза.

2. Жатырдың жиырылғыштығын күшейтетін дәрілер: окситоцин, простогландин, простенон энзапрост, питуитрин. Окситоцинді босану тәжірибесінде өте жиі қолданады, оны көк тамырға тамшылатып құяды (1 мл окситоцинді 500 мл 5 %-тік глюкозаға қосады). Қолдану әдісі: ең алдымен 8-10 тамшыдан бастап, әрбір 5-10 минутта тамшының санын 5-тен көбейтіп отырады. Толғақ күшейген кезде тамшының санын азайтады, 35-40 тамшыдан артық құюға болмайды. Простагландинді, простеноидті де осы әдіспен қолданады.

3. Босанып жатқан әйел шаршап, әлсізденгенде «акушерлік демалыс» берген жөн. Ол үшін промедол, седуксен, димедролды көк етке жібереді немесе ГОМК 40 мл 20% глюкозаға қосып көк тамырға жібереді. Сонымен қатар, электроанальгезияны да қолданады. Акушерлік демалыстың ұзақтығы әр түрлі болады, ол 2-3 сағаттан аспауы керек.

4. Жатыр мойнының түйілуіне қарсы спазмолитиктер қолданылады.

5. Фето-плацентарлық байланыстың қан айналымын жақсарту үшін оттегі, глюкоза, сигетин, дәрумендер, реополиглюкин, кокарбоксилаза, АТФ сияқты дәрілерді кеңінен қолданады.

6. Толғақты қоздыру нәтижесіз болса (8-10 сағаттан асырмай), өз мезгілінде кесар тілігі арқылы ананы босандырып алу керек.

Тым күшті толғақта толғақ керісінше аса күшейіп, жиіленіп, ұзарады. Кейде толғақтар бірінің артынан бірі басталып, анаға демалыс бермей шаршатады, ал нәресте жатырда тұншығып өліп те кетуі мүмкін (жиілігі 0,8% шамасында).

Тым күшті толғақтың пайда болу себептері:

1. Көбіне жүйке жүйесінде ауруы бар, жеңіл мінезді, абыржығыш әйелдерде жиі кездеседі.

2. Босану жолдарында кедергі болса, жатырдың ісігі (төмен орналасқан), бала басының үлкендігі (гидроцефалия), ірі немесе алып бала, жамбас қуысының тарлығы.

3. Толғақты күшейтетін дәрілерді қолдану ережелерін бұзса. Тым күшті толғақ екі түрде кездеседі ­ шапшаң және қарқынды босануда.

Шапшаң босануда тұңғыш босанатын әйелдерде босану ұзақтығы 3-5 сағатқа, ал көп босанған әйелдерде 2-4 сағатқа созылады. Қарқынды босану да тұңғыш босанатын әйелдерде 1,5-2 сағатқа созылады.

Клиникалық белгілері: толғақ кездейсоқ, қарқынды басталады, жатыр мойны тез ашылып, қағанақ суы кетісімен, 1-2 рет күшенгеннен кейін әйел бірден тез босанады, көп кешікпей бала жолдасы бөлініп шығады.

Асқынулары. 1. Нәресте жатырда тұншығуы, босану кезінде зақымдануы, миға қан кетуі, жұлыны үзілуі мүмкін

2. Әйелдің босану жолдары жыртылып, шат сүйектерінің қосылған жері алшақтап, айырылып кетуі мүмкін.

3. Босану кезіндегі нәрестенің өлім көрсеткіштері жоғарылайды.

4. Қалыпты орналасқан плацента мезгілсіз жатыр қабырғасынан бөлінеді.

5. Үшінші және босанғаннан кейінгі кезеңдерде қанның кетуі артады.

Емдеу жолдары. 1. Босанатын әйелді қырынанжатқызып тез әсер ететін наркоз беру керек. Промедол, седуксен, баралгин сияқты дәрі-дәрмектерді қолдануға болады.

2. Егер толғақты қоздыру дәрілері қолданылып жатса, оны тоқтату қажет.

3. Егер толғақ реттелсе, жатыр мойнын жұмсартып, ашылуына әсер ететін но-шпа, платифилин, баралгинді қолдануға болады.

4. Ал егер қолданған ем нәтижелі болмаса, нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін кесар тілігі арқылы ананы босандырады.

Ретсіз толғақ. Қалыпты жағдайда жатыр толғақ кезінде өзініңретімен (координациясымен) жиырылады. Жатырдың жиырылғыш толқындары ең алдымен оның оң не сол бұрыштарынан басталып, түбіне қарай көшеді, содан соң денесіне тарайды, ең соңында төменгі бөлігіне (сегментіне) келіп тарайды.

Кейде көптеген себептерден бұл реттілік бұзылып, жатырдың жиырылғыш толқындары ретсіз, қалай болса солай болады, оның кез келген бөліктерінен басталып, тарай береді. Толқын жатырдың бұрыштарынан емес, денесінен, түбінен, төменгі сегментінен басталуы мүмкін, мұндай босанудың ауытқуын (дискоординациялық) дейді.

Себептері. Жоғарыда әлсіз күшті толғақтардағы айтылған себептер ретсіз толғаққа да себепкер болады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 4470 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...