Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

ТаҚырыбы: ҚалдыҚтарды тазалаудыҢ Әдістері мен тӘсілдері



Сабақтың мақсаты: Қалдықтардың көптүрлілігі және оларды залалсыздандыру әдістерімен таныстыру.

Қаралатын сұрақтар:

1.Қалдықтармен жүргізілетін жұмыстар.

2.Қалдықтардың түрлеріне байланысты зиянсыздандыру әдістері.

3.Қалдықтарды тазалаудың биотехнологиялық әдісі.

Халық шаруашылығының барлық салаларында әртүрлі қалдықтар пайда болады. Оларды бақылауда ұстап, тиісті жолдармен пайдалануды, сақтауды, т.б. жұмыстарды жүргізіп отыру керек.

Қалдықтарды зиянсыздандыру төрт әдіс: жағу, химиялық немесе биологиялық жолмен нейтралдау, көму арқылы жүргізіледі. Кейбір өнеркәсіптерде жағу процесі қазандықтың күш беретін қондырғыларында жүргізіледі. Жағу алдында өңдеу арқылы қалдықтарды көп жылу шығаратын қасиет беріп жанғыш затқа айналдырады. Жанғыш қалдықтардың бәрі жағылады. Қалдықтарды жағуды 1000-1200 оС шамасында жүргізген орынды, себебі бұл жағдайда атмосфераға бөлініп шығатын ластаушы заттардың көлемі минимумға дейін төмендейді.

Бірқатар елдерде қауіпті қалдықтарды жағуға өте жоғары температураны ұстай алатын цементтік пештер қолданылады. Негізінде цементтік пеште химиялық тазартуға пайдаланылған өнеркәсі ерітінділері, баспа бояулары, бояу сұйылтқыштары мен олардан қалғандары, қолданылған майлар және жанғанда көп жылу бөлетін органикалық қалдықтар жағылады. Қалдықтарды көмудің орнына жою үшін жағу әдісін қолданған тиімді келеді, себебі оларды жаққанда бөлінген жылуды цемент шығаруға пайдаланса, осыған жұмсалатын біраз отынның мөлшері қысқартылады.

Қазақстанда ең кеңінен қолданылатын әдіске бір қалдықтың түрін екінші қалдықпен зиянсыздандыру жолдары жатады. Мысалы, байыту фабрикаларының сілтілі сұйық қалдықтары мен зауыттардан шығатын қышқылды ерітінділерді арнайы тұндырғыш-тоғандарға бір-бірін нейтралдау үшін бірге жинайды.

Коксхимиялық зауыттардан шығатын күкіртті смолалы заттарды нейтралдауға азот тыңайтқыштарын өндіретін зауыттардың әктішламдары қолданылып жүргені белгілі. Ал көмірді кокстауда бөлініп шығатын құрамында күкірттісутегі бар газ аммиак суымен нейтралданады.

Қатты және өте қауіпті сұйық қалдықтарды зиянсыздандыру үшін назар аударатын жолдардың бірі – биологиялық технология. Биологиялық технологияда адамға пайдалы өнімдерді алуға және қоршаған ортаны тазалауға тірі организмдер мен биологиялық процестер қолданылады. Барлық ауыл шаруашылық өндірістері биотехнологияға негізделген. Мысалы, нан пісірудің немесе шарап ашытудың негізі болып микробиологиялық процестер саналады. Микробиологиялық организмдердің әралуан түрлері кейбір органикалық заттарды сіңірумен қатар, оларды зиянсыз түрге немесе пайдалы өнімдерге, мысалы, шалшықты газға айналдыра алады.

Тікелей қоршаған ортаны қорғауға бағытталған биотехнология әдістері соңғы кезде қарқынды түрде дами бастады. Мысалы:

- ақаба суларды биологиялық жолмен тазалау;

- қатты қалдықтарды биологиялық әдістермен өңдеу (ақаба судың түбіне жиналатын ұсақ тозаңды тұнбаны пайдаға асыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, қауіпті өнеркәсіп қалдықтарын зиянсыздандыру мен жою);

- ауаны ароматты заттектерден биологиялық жолмен тазалау;

- қоршаған ортадағы ксенобиотиктерді (тірі организмдерге жат химиялық заттектер) биодеградациялау;

- органикалық химия қалдықтарымен және мұнаймен ластанған топырақты биологиялық жолмен рекультивациялау;

- органикалық қалдықтарды және биомассаны пайдалану арқылы қалпына келетін энергиямен, шикізат көздерімен қамтамасыз ету (биогаз және органикалық заттардың трансформациясы т.б.);

- аурулар мен ауыл шаруашылық мәдени дақылдарының зиянкестерімен күресуге химиялық пестицидтерге альтернативті қауіпті емес нәтижелі биологиялық шараларды жасау.

Улы қалдықтарды зиянсыздандыруға физикалық әдістер де қолданылып жүр, атап айтқанда, әртүрлі сәуле түрлерімен (мысалы, ультра күлгін сәулесі) күрделі молекулалардан құралған органикалық сұйық қауіпті заттарды жай молекулалардан тұратын зиянсыз зат түріне айналдыруға болады.

Кезінде Д.И. Менделеев «химияда қалдықтар болмайды, тек қана қолданылмаған шикізат болады» деп айтқан. Сонымен қатар ол озат технологияның басты мақсаты пайдасыздан пайдалы өнім алуға бағытталған болу қажет деп те ескерткен.

Қалдықтарды қайтадан қолдану қоршаған ортаны қорғаумен, бастапқы материалдарды, электроэнергияны үнемдеумен, еңбек ресурстарын босатумен байланысты көптеген мәселелерді шешуге жол ашады.

Сұрақтар:

1.Қалдықтарды жағар алдында не үшін өңдеуден өткізеді?

2.Қалдықтарды зиянсыздандырудың нейтралдау әдісі.

3.Қалдықтарды қайтадан пайдаға асыру мәнісі.





Дата публикования: 2014-10-18; Прочитано: 4049 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...