Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. МӘдениет Әлеуметтануы 4 страница



Зерттеу жұмысының жоспарын жасаған кезде болашақта жиналатын мәліметтерді реттеу және талдау тәсілдеріне байланысты белгілі бір техникалық құралдарды сатып алуға немесе уақытша пайдалану үшін жалдауға қажетті қаражаттың мөлшері атап көрсетілуі қажет.

3. Мәліметтер жинау социологиялық зерттеудің ең негізгі кезеңі болып саналады, өйткені болашақтағы ғылыми қорытынды осы мәліметтердің негізінде жасалады. Сондықтан мәлімет жинаудың әдіс-тәсілдеріне айрықша көңіл бөлінуі тиіс.

Қоғамдық құбылыстарды зерттеу барысында мәліметтер жинау әдістері бір қатар қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ол қиындықтарды, бір жағынан алғанда, объективтік деп атауға да болады. Сол қиындықтардың бірі — қоғамның, қоғамдық құбылыстардың үздіксіз өзгерісте болатындығынан туатын қиындықтар.

Екінші қиындық — қоғамдық құбылыстардың аса кең ауқымдылығымен, кейде тіпті бүкіл адамзатты қамтитындығымен байланысты бақылау жүргізудің қиындығында.

Үшінші бір қиындық қоғамдық құбылыстардың аса күрделілігіне байланысты, сол себепті ол құбылыстарға әсер ететін көптеген факторларды зерттеу қажет болады.

Ақыр соңында, мәліметтер жинау қиындығының тағы бір себебі - мәлімет жинаушы адамның өзі қоғамның мүшесі, құрамдас бөлігі болып табылуы. Сол себепті ол кейбір жағдайда қоғамдық құбылыстарды шындықта қандай болса, сол күйінде көрмей, өз қалауынша көріп, өз қалауына қарай бағалауға бейім тұрады, осыдан барып субъективизмге жол беріледі.

Қоғам жайлы, әлеуметтік құбылыстар жайлы жиналған мәліметтер мүмкіндігінше шындыққа сәйкес, әділетті болу үшін қазіргі социологияда мәліметтер жинаудың бірқатар жетілген әдіс-тәсілдері қолданылады. Сондай әдіс-тәсілдерге бақылау, сұрау әдістері, салыстыру, математикалық-статистика әдістері жатады.

1. Бақылау — мәліметтер жинауда барлық ғылымдарда ежелден қолданылып келе жатқан кең тараған әдіс. Бақылау процесі белгілі бір қоғамдық құбылысты қабылдаудан, жазып қоюдан және түсіндірме жазудан тұрады.

Кез-келген қабылдау бақылау бола бермейді. Ғылыми бақылау - белгілі бір мақсатқа сәйкес құбылысты мұқият қабылдау болады. Жай бақылауға қарағанда, ғылыми бақылау жоспарлы да жүйелі түрде, белгілі бір зерттеу мақсатында қабылдау болып табылады.

Ғылыми бақылаудың түрлері: еркін бақылау және тексерілетін бақылау, тікелей және жанама бақылау, өзі қатыса отырып бақылау және сырттай бақылау, жаппай бақылау және жеке-дара бақылау.

Тікелей бақылау деп керекті құбылыстарды зерттеуге зерттеушінің өзі қатысып, өз көзімен көріп немесе құрал-сайманның көмегімен тікелей жүргізетін бақылауды айтады. Ал жанама бақылау деп зерттеуші кұбылыстың өзін тікелей бақыламастан, соған қатысы бар басқа құбылыстарды бақылау арқылы жанама қорытынды жасауды айтады.

Егер зерттеуші бақылауға алынған топтың өмірі мен әрекетіне белсенді түрде тікелей қатыспастан, адамдардың мінез-құлқын, қарым-қатынасын сырттай қадағалап жүретін болса, мұндай бақылау сырттай бақылау деп аталады. Ал егер, керісінше, зерттеуші бақылауға алынған топтың өміріне тікелей қатысып, онда белгілі бір роль атқаратын болса, онда бұл қатыса отырып бақылау деп аталады. Бақылаудың осы түрі толып жатқан адамдардың мінез-құлқы жайлы әлдеқайда толығырақ материалдар жинап алуға мүмкіндік береді. Ал егер бақылаудың бұл түрін қолдануға болмайтын жағдайда, мәселен зерттеушінің оған уақыты болмаса, онда сол топқа қатысушы басқа адамның көмегімен бақылау жүргізуге болады.

Бақыланатын құбылыстардың сан мөлшеріне қарай жаппай немесе жеке-дара бақылау әдістері қолданылады. Жеке құбылысқа, жеке әлеуметтік топтың өміріне бақылау жүргізу керек болғанда, мәселен отбасылық қарым-қатынасты немесе отбасы бюджетін зерттеу қажет болғанда, жеке-дара бақылау әдісі қолданылады. Ал жаппай бақылау әдісі белгілі бір салаға жататын қоғамдық құбылыстардың барлығын немесе көпшілігін зерттеу қажет болғанда, мәселен белгілі бір елдегі немесе өндіріс саласындағы еңбекшілердің әлеуметтік жағдайын зерттегенде қолданылады.

Ғылыми бақылаудың айрықша және аса күрделі формасын эксперимент деп атайды.

Эксперимент деп зерттелетін құбылысты жасанды түрде қолдан жасау (тудыру) арқылы бақылауды айтады. Мұның қиындығы жасанды құбылыстың табиғи құбылысқа дәл сәйкес келмеуінде, өйткені мұнда адамдардың өзара қатынасы, мінез-құлқы табиғи жағдайдағыдай болмайды. Оның үстіне, табиғат құбылыстарына қарағанда әлеуметтік құбылыстар әлдеқайда күрделі болғандықтан, әлеуметтік эксперимент жасау да оңай емес.

Зерттеуде бақылаудың қай әдісі колданылмасын, оның ойдағыдай іске асуына қойылатын бір міндетті талап бар: бақылаушы құбылыстардың барысына ықпал жасамастан, құбылыстар қалай жүріп-жатса, сол күйінде қабылдау қажет. Тек эксперимент жасағанда ғана белгілі бір ықпал жасауға тура келеді.

Бақылаудың нәтижесін дұрыс жазып алудың маңызы зор. Ол күнделік жүргізу, фотосуретке немесе кинофильмге түсіріп алу арқылы және басқа жолдармен іске асырылады.

2. Сауал қою да мәліметтер жинауда өте жиі қолданылатын социологиялық әдіс болып табылады. Ол зерттеуші мен зерттелушінің ауызша сөйлесуі түрінде жүргізіледі. Зерттеуші өзіне керекті құбылыстар жайлы сұрақтарды ауызша не жазбаша түрде қоюы мүмкін.

Ауызша сұрақтар еркін түрде немесе алдын ала жазылған сұрақтар түрінде қойылуы мүмкін. Егер сұралуға тиісті адамдардың саны көп болса, онда сұрақтар алдын ала жазылып қойылады.

Қоғамдық құбылыстарды зерттеген кезде сұрақ қою әдісін қолданғанда көбінесе сауалнама тарату әдісі, сұқбат пен тест әдістері жиі қолданылады.

3. Алдын ала дайындалған сұрақтар жазылған сауалнама тарату әдісі жиі қолданылады. Сауалнама тарату жолдары түрліше болады. Сауалнамаларды пошта арқылы жеткізуге болады немесе баспасөзде жарияланып, оқушылардың қойылған сұрақтарға жауап қайыруына өтініш білдіріледі. Алайда зерттеуші сауалнамаларды тікелей өзі таратуы да мүмкін.

Сауалнамада берілген жауаптар неғұрлым дәлірек болу үшін сауалнама әдетте анонимді болады, яғни жауап беруші өзінің аты-жөнін көрсетпейді.

4. Сұқбат дегеніміз - белгілі бір мақсатта бір немесе бірнеше адаммен әңгімелесу арқылы мәлімет жинау әдісі. Сұқбат әдісімен үлкен әлеуметтік топты зерттеу қажет болғанда, сол топтың ішінен бірнеше адам әңгімелесу үшін іріктеп алынады (сауалнама таратқанда да осылай жасалады).

Іріктеу қарапайым және күрделі болады. Қарапайым іріктеуді қолданғанда әлеуметтік топтың ішінен кез келген (мәселен, әрбір оныншы) адам іріктеп алынады. Күрделі іріктеу кезінде әлеуметтік топқа жататын адамдар бірер белгісі бойынша (мәселен, жасына, мамандығына, т.б. қарай) кіші топтарға бөлініп, әңгіме осы топтардың өкілдерімен жүргізіледі.

Сұқбат нәтижесінде алынған жауаптар не еркін немесе стереотипті (алдын ала әзірлеген формаға сәйкес) болуы мүмкін.

Әңгіме еркін түрде жүретін болса, сұқбат экстенсивті және интенсивті болып екіге бөлінеді.

Экстенсивті сұқбат кезінде зерттеуші алдын ала әзірленген бірнеше сұрақ қояды, ал интенсивті интервью кезінде әңгіме еркін түрде жүреді, ешқандай алдын ала әзірленген сұрақ қойылмайды.

5. Тест. Алдағы уақытта болуға тиісті белгілі бір жағдайға байланысты жеке адамдардың қандай ой-пікірде екенін білу үшін мәліметтер жинаудың құралы ретінде тест қолданылады. Тест көбінесе белгілі бір ретпен тізіліп қойылған сұрақтар немесе пікірлер түрінде болады да оған жеке адамдардың көзқарасы қандай екені анықталады. Тестілеу негізінен жеке адамдарға ғана қолданылатын әдіс болғандықтан, психология ғылымы үшін маңызды болады да, социология үшін мүлдем дерлік маңызы жоқ десе де болады, өйткені социология әлеуметтік, адамдық қатынастарды біртұтас түрінде зерттейді.

6. Математикалық-статистикалық әдіс қазіргі кезде социологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылады. Кейде математикалық әдіс пен статистикалық әдісті жеке-дара атайды. Шынына келгенде бұл екеуі іс жүзінде көбінесе бірге қолданылады, өйткені олар бір-бірімен іштей бірлікте, екеуі де қоғамдық құбылыстар жайлы дәл сан мәліметтерін жинаудың құралы. Бұл екеуін қолданудың арқасында көпшілік пен жеке-дара, ерекше мен жекеше, құбылыстардың сандық және сапалық жақтары өзара байланыста, бірлікте қаралып, сандық қатынастар арқылы сапалық жақтарын түсіндіруге мүмкіндік туады.

Кейбір әлеуметтік құбылыстарды сан жағынан өлшеу мүмкін емес. Оларды тек ұғымдармен түсіндіруге болады. Мәселен, қоғам ұғымы, тап немесе мемлекет ұғымы, т.б. сондай құбылыстар. Солай бола тұрса да социология кейбір құбылыстарды аз да болса «өлшеу» мүмкіндігін тудырады. Мәселен, «материалдық өндіріс», «тұрғын халықтың қозғалысы» ұғымдарын сандық өлшемдер арқылы зерттеу іске асты.

Әдетте өлшемнің екі түрін айыра білу керек: тар мағынада алғандағы өлшем және кең мағынадағы өлшем. Математикалық әдіспен бірге қолданылатын статистикалық әдістің көмегімен зерттелуші құбылыстардың структуралық элементтері және сондай-ақ ол структуралық элементтердің өзара әсері, ықпалы ашып көрсетіледі. Статистикалық әдістердің ішінен социологиялық зерттеулерде көбінесе статистикалық заңдар жиірек пайдаланылады. Бұл заң бір түрге жататын көптеген әлеуметтік құбылыстарды зерттеген кезде белгілі бір заңдылық байқалатынын көрсетеді, яғни біртектес құбылыстардың көпшілік бөлігі бір түрлі сипатта көрінсе, аз бөлігі бұған керісінше көрініс білдіреді.

7. Социологиялық зерттеулерде салыстыру әдісі де қолданылады. Бұл әдіс салыстыруға болатын ортақ белгілері бар құбылыстардың ұқсастығымен қатар айырмашылығын да табу үшін қолданылады. Бұл әдіс эксперименттің және басқа әдістердің қолданылу мүмкіндігі шектеулі болатын құбылыстарды зерттеуге қолданылады. Бұл әдіс бір құбылыстың бірнеше жағдайлардағы көрінісіне ортақ жалпы мәнді белгілерін анықтау үшін және сонымен бірге қоғам дамуының жалпы заңдарының ерекше көрініс формалары мен жағдайларын ашу үшін қолданылады.

8. Құжаттардың мазмұнын талдау әдісі. Бұл әдіс ғылыми-зерттеу объектісі болып отырған құбылыстар жайлы жазбаша құжаттардың мазмұнын талдау үшін қолданылады. Қазіргі заманғы адамзат қоғамында әлеуметтік құбылыстар жайлы жазбаша мәліметтердің көлемі барған сайын артып келе жатқанын еске алсақ, қоғамдық құбылыстарды зерттеу үшін кажетті мәліметтер жинаудың әдісі ретінде құжаттардың мазмұнын талдауды қолданудың қаншалықты маңызды екендігі өзінен-өзі түсінікті болар.

Құжаттардың мазмұнын талдау сапалық және сандық талдау болып екіге бөлінеді. Сапалық талдау қоғамдық құбылыстар жайлы ой-пікірлердің мазмұнына қатысты болса, ал сандық талдау ол ой-пікірлердің қаншалықты және қалай кең тарағанын көрсетеді.

4. Зерттелуші құбылыстар жайлы мәліметтер жиналып болған соң оларды ғылыми жағынан классификациялауға (жүйеге келтіруге) кіріседі. Классификацияның негізі ретінде құбылыстардың зерттелу мақсаты үшін айрықша мәнді белгілері алынады, өйткені сондай белгілер құбылыстарды мүмкіндігінше терең танып білуге негіз бола алады.

Зерттелуші құбылыстарды жүйелі түрде тәртіпке келтіріп, олардың заңдылығын білдіретін ішкі байланыстарын ашып көрсету үшін классификация белгілі бір логикалық ережелер мен теориялық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Олар мыналар:

1) классификация зерттеу үшін мәнді белгісі бойынша жасалуы тиіс;

2) классификация жүйелі болуы қажет, яғни ол бірден бірнеше белгісі бойынша жасалмай, бір ғана белгі бойынша жасалуы тиіс;

3) классификация толық болуы тиіс, яғни ол белгі бойынша сол құбылысқа қатысты жағдайдың бәрін қамтуы тиіс;

4) құбылыстардың әр тобының арасындағы айырмашылықтар елеулі болуы керек.

Зерттелуші құбылыстарды бұлайша классификациялауға кіріспес бұрын жиналған мәліметтерді мұқият ретке келтіріп, мәнді белгілерін анықтап алу керек.

Сауалнама тарату арқылы жиналған бірнеше жүздеген жауаптарды ретке келтіру былай жүргізіледі: жиналған жауаптарды алдымен барлық категорияларға (топтарға) классификациялаудың жоспары жасалады. Содан кейін кодпен жазылатын мәліметтер цифрлық символдарға, яғни жауаптардың әрбір категориясына есептеу кезінде пайдалануға болатын сандық белгілер беріледі.

Мәліметтерді ретке келтірудің ендігі кезеңінде белгілі бір сандармен белгіленген жауаптарды перфорациялау (тесу) жолымен тиісті карточкаларға көшіріп, карточкаларды машинкаға салады, ал машина тиісті сұрақтарға қатысты жауаптарды іріктеп алып, карточкаларды жауаптар категориясына бөледі. Алайда жауаптарды есептеп, классификациялауды машинасыз, қолмен жүргізуге де болады. Бұдан кейін жиналып, классификацияланған жауаптар статистикалық тәртіпке келтіріліп, түрліше таблицалар түрінде көрсетіледі. Таблицалар әрбір қойылған сұраққа пайыздық шама түрінде жинақталып берілген жауаптар болып табылады.

Ғылыми түсіндірме жасау ғылыми зерттеу процесінің қорытындылаушы кезеңі десе де болады, өйткені бұған дейінгі мәліметтер жинау істің түпкі мақсаты зерттелуші құбылыстардың түсіндірмесін жасау ғой.

Ғылыми түсіндірменің мәні зерттелуші құбылыстардың мазмұнын, құрылысы мен атқарар қызметін, сондай-ақ туу, даму және жойылу себептері мен жолдарын танып білуде. Түсіндіру дегеніміз - құбылыстарды диалектикалық тұрғыдан жан-жақты танып білу процесі.

Ғылыми түсіндірме беру процесін тар мағынада және кең мағынада ұғынуға болады. Тар мағынадағы түсіндірме тек құбылыстар арасындағы себепті байланыстарды ғана ашуды білдіреді. Ал кең мағынадағы түсіндірме себепті байланыстармен бірге, сондай-ақ, олардың даму заңдарын да ашуды білдірді.

Түсіндірменің тағы басқа да мағыналары бар: себепті түсіндіру, структуралық құрылысты түсіндіру, атқаратын қызметін (функциясын) түсіндіру және мақсатты түсіндірме.

Зерттеуші ғалым ғылыми заңдарды аша отырып, өзі ұсынған бастапқы жорамалды (гипотезаны) не растайды, не теріске шығарады. Ғылыми түсіндірме беру кезеңінде жинақталған мәліметтер ойша талданады, ал бұл үшін түрліше ойлау формалары мен амалдары қолданылады. Атап айтқанда, мәліметтер тәртіпке келтірілген соң құбылыстар арасындағы байланыстар жайлы бастапкы ұсынылған жорамалдар индукциялық және дедукциялық ой, қорытындылардың және басқа логикалық ойлау амалдарының көмегімен тексеріледі. Егер байланыстың бар екендігі расталса, оның сипаты анықталады.

Ғылымның мақсаты, олай болса, ғылыми түсіндірменің де мақсаты, алдымен құбылыстар арасындағы себепті байланыстарды ашу ғой. Бірақ, сонымен қатар басқа байланыстардың да, оның ішінде функционалды байланыстың да маңызы зор.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, зерттелетін құбылыс пен басқа құбылыстар арасында сыртқы байланыс болады және сол құбылыстың ішкі элементтерінің арасында ішкі байланыс болады. Құбылысты неғұрлым толық танып білу үшін, ең алдымен, осы ішкі байланыстарды ашу қажет, сондықтан зерттеушінің назары негізінен осы байланыстарды ашуға бағытталуы тиіс. Құбылыс элементтерінің арасындағы осы ішкі байланыстарды ашу және ол байланыстардың сипатын анықтау бұл құбылысты басқа құбылыстардан айырып тұратын ішкі мәнді қасиеттерінің сырын ашуға мүмкіндік береді.

Түсіндірме беру мен тексеруді бір-бірінен мүлдем бөліп қарауға болмайды, өйткені біртұтас таным процесінің барысында бұдан бұрын жасалған қорытынды әрдайым ұдайы тексеріліп отырады. Бірақ ғылыми түсіндірме жасалғаннан кейін оны арнайы тексеру ісі де жүргізіледі. Сондықтан қорытындыны тексеру жайлы әңгіме болғанда, тексеруді де кең мағынада және тар мағынада қарауға болады.

Ғылыми түсіндірме жасалғанның артынша тағы да жаңа мәліметтер жиналып, жасалған түсіндірменің ақиқаттығын тексеру мақсатымен ол мәліметтер теориялық тұрғыдан талданса, мұндай тексеру тар мағынадағы тексеру деп аталады.

Кең мағынада тексеру деп ғылым мен қоғамның бүкіл ұзақ уақыт бойы дамуының барысында ғылыми ақиқаттардың ұдайы тексеріліп отыруын айтады. Мәселен, материяның атомдық құрылысы жайлы қорытынды 2,5 мың жылдан бері әлі тексеріліп келе жатыр.

Білімнің ақиқаттығын тексеретін арнаулы ғылыми пән — логика. Логикадағы верификация (латынша ақиқаттықты дәлелдеу дегенді білдіреді) принципі бойынша қажетті пікірлер (білімдер) ғана емес, сондай-ақ барлық модальдық (ықтимал) ақиқаттарды да дәлелдеуге болады.

Логикалық дәлелдеу әдісінің көмегімен де арнаулы тексеруді іске асыруға болады. Алынған білімді тәжірибе жүзінде тексеруге нақты мәліметтер жеткіліксіз болған кезде логикалық верификация ретінде дәлелдеу әдістері қолданылады. Бұл әдіс ғылыми білімдердің ақиқаттығын практика жүзінде тексеру уақытын қысқарту қажет болғанда да пайдаланылады. Білімдерді тексерудің логикалық әдісі арқылы дәлелдеудің мәні мынадай: кейбір білімдердің ақиқаттығы бұрыннан негізделген басқа қағидалардың көмегімен дәлелденеді. Бұл дедукциялық жолмен негіздеу деп аталады.


ӘДЕБИЕТтер:

1. Абсаттаров Р.Б., Бобырь В.Н., Дакенов М. Әлеуметтану тестері, сұрақтары мен жауаптары. – Алматы, 1999.

2. Икенов А.И., Жүсіпова А.Д. Әлеуметтану негіздері: Оқу құралы. – Алматы, 2004.

3. Краткий словарь по социологии / Под общ. ред. Д.М. Гвишиани, Н.И. Лапина; Сост. Э.М. Коржева, Н.Ф. Наумова. – Москва, 1988.

4. Райнес З., Жақып Қ. Социология негіздері: Оқу құралы. – Қостанай, 1997.

5. Социология: Лекциялар курсы / Жалпы ред. проф. Ә.Х. Тұрғынбаев. – Алматы, 2001.

6. Тәжин М., Аяғанов Б. Социология негіздері: Оқу құралы. – Алматы, 1993.


Мазмұны:

Алғы сөз. 3

1-тақырып. Әлеуметтану әлеуметтiк-гуманитарлық ғылымдар жүйесiнде. 4

2-тақырып. Әлеуметтану тарихының негiзгi бағыттары.. 12

3-тақырып. Қоғам әлеуметтiк жүйе ретiнде. 40

4-тақырып. Әлеуметтік институттар мен әлеуметтік процестер. 51

5-тақырып. Әлеуметтiк құрылым және әлеуметтiк стратификация. 53

6-тақырып. Тұлғаның әлеуметтанулық сипаттамалары.. 74

7-тақырып. Теріс мінез-құлық әлеуметтануы.. 85

8-тақырып. Білім беру әлеуметтануы.. 102

9-тақырып. Саяси әлеметтану. 111

10-тақырып. Экономикалық әлеуметтану. 114

11-тақырып. Отбасы әлеуметтануы.. 120

12-тақырып. Мәдениет әлеуметтануы.. 132

13-тақырып. Құқық әлеуметтануы.. 139

14-тақырып. Социологиялық зерттеу методологиясы мен әдіс-тәсілдері 149


Құлжанова Г.Т. – ҚР ӘдМ ҚАЖК Қостанай заң институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент, әділет подполковнигі





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1230 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...