Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. МӘдениет Әлеуметтануы 2 страница



Лингвистикалық және этникалық жөнінен біртектес мемлекетте бір ұлттық мәдениет болуы мүмкін. Алайда жер шарындағы елдердің көпшілігінде бірнеше алуан түрлі ұлттық мәдениеттер бар. Әдетте бұл ұлттардың көпшілігінің өзіндік мәдениетін және ұлттық азшылдық өзіндік мәдениеттерін көрсетуге болады. Қазақстан мәдениеттердің осындай арақатынасының мысалы.

Социология үшін бұл өзіндік мәдениеттер араласа ма, қатар өмір сүре ме және бір-біріне шыдамдылықпен қатыса ма немесе мәдени жанжалдар орын ала ма дегенді маңызды деп айқындауға болады. Осы мемлекеттің экономикасының жай-күйі, әлеуметтік-саяси ахуалы және күллі әл-ауқаты дұрыс мәдениет саясатына тәуелді. Конфессионалдық мәдениет өзіндік мәдениеттің басқа бір маңызды формасы (түрі) болып табылады. Конфессионалдық мәдениет белгілі бір діни тұтастық негізінде жасалынады. Бұл тұтастықта символдар, құндылықтар, идеалдар мен мінез-құлық үлгілері ортақтастығы қалыптасады. Тұтасынан христиан, мұсылман, будда мәдениеті туралы айтуға болады.

Кәсіби өзіндік мәдениет қандай да бір кәсіби топқа бөлінген ортақ символдар, құндылыктар, мінез-құлық нормалары мен үлгілері негізінде құралады. Ол қоғамда оның өкілдері алатын жұмыс мазмұнымен, ролімен тығыз байланысты. Кәсіби білім мен дайындық бәріне ықпал етеді.

13 тақырып. Құқық әлеуметтануы

1. Құқықты әлеуметтану тұрғысынан түсіну.

2. Құқық әлеуметтік институт ретінде.

3. Құқық әлеуметтануының объектісі, пәні, әдісі, құрылымы, атқаратын қызметі (функциясы).

1. Қандай да бір ғылым болмасын, оның ішінде, әсіресе, қоғамдық және гуманитарлық ғылымның әлеуметтік жағы басым болады. Ғылым қоғам мен адамның қандай қажеттілігінен, мұқтаждығынан пайда болғанын, ғылым осы қажеттілік пен мұқтаждықты қалай іске асырып отыр, оның қоғамға тиімді жақтары неде, халықтың материалдық, мәдени, рухани дамуына қандай деңгейде және қалай әсер етіп отыр, оның басқа қоғамдық құбылыс-үдерістермен, ғылымдармен байланыс-қатынастары, болашақ даму бағыттары, қоғамдағы орны мен атқаратын қызметі қандай, т.б. мәселелер әрбір ғылымның әлеуметтік жақтарын құрайды.

Құқықтық әлеуметтану жалпы әлеуметтанудың жан-жақты терең дамуымен, оның жалпы құқық ғылымымен іштей тығыз байланыстарының нәтижесінде пайда болды.

Құқықтық әлеуметтану теориясы өте күрделі. Сондықтан ол осы уақытқа дейін өз деңгейінде қалыптаса алмай келеді, өйткені, ғалымдардың арасында бұл мәселе бойынша қалыптасқан ортақ ой-пікір әлі жоқтың қасы. Ой салыстыру, таластар әлі күнге дейін қызу жүріп жатыр.

1962-ші жылы V Халықаралық әлеуметтану Конгресіңде құқық әлеуметтануы ресми түрде ғылыми білімнің бір саласы ретінде танылған болатын, бірақ оның табиғи мәні, зерттейтін объектісі, пәні және оның қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар арасында алатын орны осы уақытқа дейін әр түрлі талқыға түсіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда шетелдік әдебиеттерде құқықтық әлеуметтануды жалпы әлеуметтанудың арнаулы теориясы деп қараса, Ресей құқықтанушылары (В.В. Лапаева, В.А. Туманов, т.б.) құқық әлеуметтануын жалпы құқық ғылымның бір саласы және ол құқықтық ғылым деп санайды. Ал Ресей әлеуметтанушылары Э.В. Тадовосян, С.В. Боботов, т.б. шетелдік әлеуметтанушылардың көзқарастарын жақтайды.

Кейінгі әлеуметтанушылардың пікірінше, құқық әлеуметтануы жалпы әлеуметтанудың белгілі бір саласы болып табылады. Құқық әлеуметтануы, әлеуметтік юриспруденция ұғымдары әр түрлі мағынада болып, олар әлеуметтану мен құқық ғылымдарында қолданылады. Әлеуметтік құқықтың юриспруденция ұғымы құқық ғылымдары дамуының әлеуметтік бағытын белгілеп анықтаса, құқық әлеуметтануы ұғымы жалпы әлеуметтану ғылымының жеке саласындағы әлеуметтік-құқықтық зерттеулерді белгілеп анықтайды. Сонымен, бұл екі ұғымның мазмұны мен көлемі жағынан бірдей, екеуі де жалпы әлеуметтанудың қоғамдағы құқықтың саласымен айналысатын өз алдына жеке бөлімдерінде қолданылады. Біздің пікірімізше, қазіргі құқық әлеуметтануы құқықты үш мағынада қарайды.

Біріншеден, құқық — бұл міндетті түрде орындалатын әлеуметтік ережелердің жиынтығы. Екіншіден, құқық белгілі бір қызметті атқаруда адамның, қоғамның мүмкіндігі, бостандығы, егемендігі болуын қамтамасыз етеді. Мысалы, еңбек етуге, демалуға рұқсат беруді айтады. Үшіншіден, құқық куәлік ретінде де қолданылады. Мысалы, машина жүргізу құқығы, т.б.

Біздің әңгімеміз алдыңғы екі категорияны қамтымақ.

Құқық ғылымының да жоғарыда көрсетілгендей әлеуметтану бөлімі бар. Осыған орай жалпы құқықтық ғылым мемлекет пен құқықты қондырманың бір түрі ретінде қарап, оларды қоғамның барлық салаларымен, әсіресе, экономикалық құрылыммен тығыз байланыстылығын, оған белсенді түрде әсер етіп отыратынын көрсетеді. Әлеуметтану ғылымы жеке қоғамдық және гуманитарлық (оның ішінде құқықтық) ғылымдармен тығыз байланыс, қатынастарда болып, олардағы құбылыстарды, үдерістерді, көкейтесті мәселелерді, ой-пікірлерді, істің мәні мен мазмұнын әлеуметтану тұрғысынан жан-жақты, терең зерделеуге, тұжырымдауға тырысады.

Ал, жалпы құқық ғылымы осындай әлеуметтік теориялық негіздеуді, яғни оның теориялық заңдылықтарын, әдістемелік нұсқау, бағдарламаларын, құқықтық құбылыстар мен процестерді зерттеудің ғылыми әлеуметтік әдістерін әр уақытта қажет етіп отырады, оларды кеңінен қолдануға тырысады.

Жоғарыда көрсетілгендей, осындай жалпы әлеуметтану мен жалпы құқық ғылымының тығыз байланыстары, әсіресе, әлеуметтану ғылымының құқық ғылымына кең енуіне (кіруіне) байланысты әлеуметтанудың арнаулы салалық теориясы — құқық әлеуметтануы пайда болды.

Құқық әлеуметтануы құқықты біртұтас, бірыңғай жүйе, ерекше бір әлеуметтік құрылым ретінде қарайды. Ал, мұндай құрылым әр уақытта әлеуметтік шеңберде қаралуы тиіс. Осыған орай құқық әлеуметтануы құқықтың қоғамдық қатынастар жүйесінде алатын орны мен атқаратын қызметін (функциясын), оның шығуы мен дамуын, өзгеру тетігін, құқықтық ережелердің құрылымын, олардың қоғамдағы адамдарға, топтарға, жіктерге, т.б. пайдалылығын, тиімділігін, басқа да қоғам салаларымен, құбылыстармен байланыстарын, ықпалын зерттейді.

Құқық әлеуметтануы әр түрлі қоғамдық қатынастар жүйесінде, яғни құқық пен құқықтық сананың әр уақытта таптық сипатта болатынын, ақыр аяғында құқықтық экономикалық қатынастармен шарттас, тікелей байланыста, дұрысы, оларға біршама тәуелді екенін көрсетеді, сонымен қатар қоғамда құқықтық реттеудің көмегімен әлеуметтік қорғауды, бақылауды қамтамасыз етуді және қоғамдық өмірді ұйымдастыруды зерттейді.

Құқық әлеуметтануының пәні — құқық. Ол оны үш тұрғыдан талдайды.

1. Құқық әлеуметтік институт, яғни алуан түрлі ережелердің (нормалардың), бұйрық-жарлықтардың, талап-тілектердің жиынтығы. Бұлар арқылы ол қоғамдағы адамдардың алуан түрлі жіктерінің, топтарының әр саладағы жұмысын, қызметін бақылап, тәртіпке салып, реттеп отырады. Бұдан басқа құқық кейбір жекелеген қоғамдық қатынастарды да реттеп, басқарып отырады. Мысал ретінде азаматтық және мұрагерлік институттардың жұмысын басқаруды айтуға болады.

2. Қоғамдық қатынастар жүйесінде құқықтық әлеуметтік ережелердің дамуы, қоғамдық тәртіпті қолдау, тілек-талаптарды реттеуші сала ретінде талданады.

3. Ол құқықты, құқықтық сананы және құқықтық шығармашылықты қалыптастыру үдерісі ретінде және құқықтық ережелерді қоғамның барлық деңгейінде әлеуметтік тәртіпке айналдыру үдерісі ретінде қарастырылады. Осыларға орай жалпы құқық деген не, оны әлеуметтік тұрғыдан қалай түсіну керек, деген заңды сұрақтар туады. Жоғарыда көрсетілгендей, құқық — алуан түрлі нормалардың, бұйрық-жарлықтардың, талап-тілектердің жиынтығы.

«Норма» деген термин латын тілінен алынған ұғым, ол ереже (яғни, мөлшер, шама) деген мағынаны білдіреді. Жай тілмен айтқанда «ереже» сөзі басқарушы деген жалпылама мағынада қолданылады. Ал бұл жерде «басқарушы» ереже әлі заң мағынасында емес. Ереже ұғымы өмірдің барлық салаларында кездеседі. Сөйтіп, ол тек қана құқық ғылымында ғана емес, басқа өмір салаларында да қолданылады. Мысалы, техникалық ереже немесе әдебиет пен өнер ережесі (нормасы), т.б. айтамыз.

Кейде ереже деп, бір зат пен құбылыстың аз мөлшердегі сандық көрінісін немесе оның ережеге сай келетін мүмкіндігін де айта береміз. Табиғат пен қоғамның даму заңдары әр уақытта объективтік сипатта болады, яғни адамның еркінен, санасынан тыс, тәуелсіз, болып өз бетінше, дербес дамиды. Объективтік даму заңдылықтары адамның іс-әрекеті, қызметі арқылы көрініп, субъективтік сипатта болады. Ал қоғамдағы алуан түрлі нормалар адамдардың саналы, ерікті іс-қызметінің жемісі болады, олар мазмұн жағынан объективті болғанымен, нормалардың дүниеге келуі, қалыптасуы адамның санасына, еркіне тікелей байланысты, яғни, субъективтік сипатта байқалмақ.

Ғылым заңдары табиғат пен қоғамды алуан түрлі ұғымдарда бейнелей отырып, адамдардың практикалық ережелерін қалыптастырмайды, ал, ережелерді (нормаларды) алатын болсақ, олар адамдардың, олардың алуан түрлі топтарының өмірде, практикалық қызметтерінде белгілі бір негізделген ережеден шықпауын және әр уақытта ережеге сәйкес іс-әрекет етуін қадағалайды.

Нормалардың объективтік заңдылықтар мен ғылым заңдарынан (ережелерден) ерекшелігі:

1. Нормалар белгілі бір мақсаттың практикалық ережесі болып саналады.

2. Норма — тек жай ереже емес, ол жалпы халықтың белгілі бір тәртіп «мөлшерін» белгілейтін ұғым. Оның пәрмені тек қана бір адамға емес, қоғамдағы барлық адамға, олардың алуан түрлі топтарына бірдей жүреді.

Ереженің жалпы маңызы өзінің талап-тілектеріне, бұл талап-тілектердің дұрыстығына мәжбүрлеп сендіреді және ықтиярсыз істету әдісіне (яғни, күштеу, зорлау органдарына) сүйенеді.

Сонымен, ереже адамдардың табиғатпен қатынасында немесе олардың қоғамдық қатынастарында қолданылады.

Осыған орай ережелердің екі үлкен тобы болады:

1. Адамдардың табиғат қатынастарына байланысты тәртібі болады (мұны көбінесе техникалық нормалар дейді).

2. Әлеуметтік норма (ереже) адамдардың өзара бір-біріне қарым-қатынастарындағы тәртібін реттейді. Ережелердің бұл екі тобының бір-бірінен айырмашылығы бар. Олар мынандай себептерге байланысты:

а) Бұл ережелерді кім жасады және олар кімнен шығып отыр?

ә) Ережелер мазмұнының айырмашылығы қандай?

б) Оларды орындамау қандай нәтижеге әкеліп соғады? Әлеуметтік ережеге құқықтық ереже, тәртіп, өкілдік, т.б кіреді. Әлеуметтік ереже адамдардың белгілі бір ұжымында пайда болады.

Адамдардың табиғатпен қатынасының ережесін жеке адамдар да жасай алады. Табиғи заңдылықтарды ашудың негізінде жеке адам онымен қатынасудың белгілі бір тәртіп ережесін қалыптастырады.

Әлеуметтік ережені жасаған адам өз тәртібін ұжымға мойындатқанда ғана ереже деген атқа ие бола алады, өйткені, бұл ереже тек осы ұжымның мұң-мұқтажына, мүддесіне байланысты жасалады. Әлеуметтік ереженің мазмұны орынды әрі жөнді, мақсатқа сай субъективтік мінез-құлықты бейнелейді, ал адамдардың табиғатқа қатынасының ережесі — бұл объективтік мақсатқа сай тәртіп ережесі болып саналады.

Адамдардың табиғатқа қатынасу ережесін бұзудың арты әр уақытта кесірлі апатқа әкеледі. Сондықтан ғылыми дәлелдерге негізделген табиғат ережелеріне адам әр уақытта сүйеніп отыруы қажет. Әлеуметтік ереже өзін жасаған тапқа және топқа әр уақытта жақсы практикалық нәтиже көрсетіп отырады, өйткені бұл әлеуметтік ереже сол таптың немесе топтың мүддесі мен мұң-мүқтажын, талап-тілегін орындау үшін жасалған, керісінше бұл ереже осы тапқа немесе топқа қарсы тұрған тап пен топқа қайшы келуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік ереженің сақталуы, іске асуы үшін қоғамның белгілі бір дәрежеде ықпалын қажет етеді.

Сөйтіп, әлеуметтік ереже дегеніміз - белгілі бір адамдар ұжымының мүддесін көздей отырып жасалған және бекітілген әрі адамдардың бір-біріне өзара қатынасының тиісті тәртібі. Бұл тиісті, міндетті тәртіп қоғам тарапынан жасалған алуан түрлі іс-шаралармен қорғалып, сақталынып отырады.

Құқықтық ереже - әлеуметтік ереженің бір түрі. Құқықтық нормаға әлеуметтік норманың барлық белгілері, қасиеттері кірген. Сондықтан құқықтық ереже әлеуметтік ережені қайталап отырады. Бұл екеуінің арақатынасы бүтін мен жартыға тең.

Сонымен, жоғарыда көрсетілгендей, құқық ережесі дегеніміз, мемлекет шығарған және бекіткен, орындалуы мемлекеттік аппараттың күшімен қамтамасыз етіліп отырылатын жалпыға бірдей мінез-құлық тәртібінің ережелер жиынтығы.

Құқықтық ереженің сапалы болуы, оны жасайтын адамның өрісі мен танымына, мақсатына байланысты. Оның шығатын көзі — мемлекет. Сондықтан құқықтық ережелер жалпыға бірдей міндетті, тиісті тәртіп бола отырып, қоғамдағы адамдардан, олардың алуан түрлі таптары мен топтарынан, жіктерінен оны бұзбауды, сақтауды, орындауды, қорғауды талап етеді. Жалпыға міндетті ережелерге айнала отырып, құқық ережесі әлденеше құбылыс, үдерістермен ықпалдасып, қайталанып отыратын қоғамдық қатынастармен байланыста болады. Осы қайталанатын қатынастар, бір жағынан құқық ережесімен реттеліп отырса, екінші жағынан қайталанатын қатынастар құқық ережелерін жалпыға міндетті ережеге айналдырады.

Құқықтық ережелерді орындамаушылыққа, тәртіп бұзушылыққа қарсы мемлекет тарапынан еріксіз, мәжбүр ету, т.б. шаралары қолданылады.

Сонымен, өзінің түрі жағынан құқық — бұл ережелер жүйесі, ол мемлекеттің белгілеп орнатуы, көндіруі немесе санкциясы арқылы жүзеге асырылып отырады.

Жоғарыдағы айтылғандарға сәйкес әрбір әлеуметтанушы қоғам өмірінде болатын белгілі бір реттілік, тәртіптілік және байланыстарды ұдайы зерттеп, түсіндіріп отыруы қажет. Сондықтан осы мақсатты көздей отырып, ол қалыптасқан әлеуметтік ережелерін, ал, бұлар арқылы адамның іс-әрекетін реттеп басқарып отырудың маңызын әрдайым еске алып отырады. Әлеуметтанушы мұнымен тоқталмайды, өйткені қалыптасқан ережелер өздігінен, өз бетінше іс-әрекет жасамайды. Бұл ережелерді пайдаланатын және оны түсіндіретін күш — адам. Осыларды түсінгеннен кейін ғана біз қоғам өмірінде құқықтық ережелердің қандай қызмет атқаратынын, әлеуметтік ұйымның ережелерді қалай қолданып, құқықтық процестерді қалай шектейтінін түсінеміз.

Бұл жерде біз құқықтық әлеуметтанудың кейбір көкейтесті мәселелеріне көңіл бөлгенді жөн көрдік.

Біріншіден, құқықтық және нақтылы қоғамдық қатынастардың ерекшеліктерін айыра білу қажет, өйткені, қоғамдағы ережелер (нормалардың) ондағы индивидтердің (адамдардың), әлеуметтік топтардың, жіктердің мұң-мұқтажы, талап-тілектерімен жанама түрде байланысты болады, ал ресми қабылданған құқықтық ереже (норма) қоғамда құқық жүйесінің жалпы өмір сүруін қамтамасыз ететін бірден бір шарт болып есептеледі.

Алуан түрлі мекемелердің, ұйымдардың әлеуметтік топтардың, индивидтердің, т.б. әрқайсысының өзіне тән, ерекше талап-тілегі, мұң-мұқтажы, мүддесі болғандықтан қоғам әр қилы "Әлеуметтік кеңістіктегі" күштердің жиынтығынан тұрады десек, қателеспеген болар едік. Сондықтан бұлардың әрқайсысы әлеуметтік өмірде әр түрлі орында, ортада, жағдайда болып, әлеуметтік ресурстарда (мысалы, экономикада, саясатта, өнерде, т.б.) теңсіздікте болады. Әлеуметтік ресурстардың негізгі бір түрі «құқықтық ресурс» деп аталады. Осыған байланысты әлеуметтанушы мынандай мәселеге ерекше назар аударуы мүмкін. Қандай кезеңдерде немесе жағдайларда болмасын, кейбір әлеуметтік жағдайы біршама жоғары және көптеген әлеуметтік ресурстармен қамтамасыз етілген жеке адамдар мен топтар әрекет, қызмет етіп отырған құқықтық ережелерді (нормаларды) шектеуге мүмкіншіліктері бар ма, қолданыстағы, яғни олардың жұмысын біршама тоқтата ала ма немесе кейбір құқық ережесі (нормасы) басқа бір адамдардың, топтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне қарсы тұрып, кедергі келтіре ала ма немесе қоғамда құқықтан жоғары тұрған адам немесе топ бола ма, т.б.

Құқықта бекітілген құкықтық актілер нормалардың жиынтығы десек, онда құқық таза құқық (яғни, юриспруденция) ғылымына жатады да әлеуметтік сипаты болмайды.

Шетелдік кұқықтық әлеуметтануда құқықтық қатынастардың бейнесі құқық туралы кітап (кодекс) және «өмірдегі құқық» қағидаларында нақты тұжырымдалған. Бірінші болып мұндай қағиданы өзінің «Тірі құқық» атты еңбегінде Е. Эрлих, ал ондағы алдыңғы қатарлы ой-пікірлерді америкада кең таратқан Р. Пауңд болды. Осы нақтылы құқық пен жалпы және құқықтық қатынастардағы айырмашылықтарды көрсетуде М. Вебердің іс-әрекетті бір қалыпқа, ретке келтіретін «эмпирикалық» және «нормативтік» тұжырымдамасының маңызы зор.

2. Бұл тұрғыда құқық жалпы әлеуметтік бүтіндіктің бір бөлігі ретінде қаралады. Құқық әлеуметтік мұқтаждықтың, талап-тілектің негізінде пайда болып, өмірге келді. Сондықтан ол қоғамға қажетті қызметтерді атқарады. Сөйтіп қоғамның басқа да әлеуметтік институттарымен (мысалы, мәдениет, білім, саясат, экономика, т.б.) бірлесе, байланыса отырып, қоғамның бірлігін, тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырады.

Құқықтың институционалдық сипаты оның басқа жақтарынан да көрінеді. Мысалы, құқықтың іс-әрекеті, қызметі мемлекеттік институттардың іс-әрекеті, қызметі арқылы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде құқықтық нормаларды орындау үшін мәжбүрлеу шаралары қолданылады, ал, құқықты бұзса, санкция белгіленеді. Дегенмен, әлеуметтанушылар әлеуметтік ұйымдар тұрғысынан құқықтық ережелердің алға қойған мақсатты орындауда, олардың қызметінің тиімділігінің артуына әр уақытта күдікпен қарайды.

Әлеуметтану тұрғысынан қарағанда құқық әлеуметтік үдеріс ретінде қаралуы тиіс. Ал, оны осындай үдеріс ретінде түсіну — ол құқықтық ережелердің атқаратын қызметін (нақтылап айтсақ, бұл құқықтық ережелер өмірге қалай енгізіледі, олар өмірде қалай қолданылады және қалай түсіндіріледі, шаблондық пайдалану арқылы қоғамның институционалдық құрылымына қалай кіреді, т.б.) түсіну деген сөз. Әлеуметтануда құқық алуан түрлі әлеуметтік құбылыс, оның ішінде әлеуметтік институт ретінде қаралады. Бұл жерде құқық қоғамның объективтік-әлеуметтік-нормативтік (ережелік) құрылымын белгілейді. Мұның өзі оған әлеуметтік себептердің байланысын, шарттылығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса құқықтық нормалардың (ережелердің) қоғамның әр түрлі жақтарына тигізетін нақты ықпалын, оны халықтың алуан түрлі топтарының қалай қабылдайтынын, адамдардың құқықтық нысана, бағыттарын, тәртіптерін; заң шығарушы саласындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме ұйымдардың жұмыс қызметін, олардың тиімділігінің артуын, т.б. зерттейді. Сөйтіп М. Вебер көрсеткендей, қоғамдағы әлеуметтік тәртіп, адамдардың іс-әрекеті өзара бір нысанаға бағытталған және ондағы өмір сүріп тұрған әлеуметтік бағыттар, нысаналар, ережелер әрбір адамның жеке дара қалыптасқан бағытында, нысанасында көрініп отырады. Сонымен, қоғам объективтік факті бола отырып, адамды индивид ретінде қалыптастырады да оны белгілі бір қызмет атқаруға мәжбүр етеді. Екінші жағынан индивидтердің іс-әрекеті негізінде қоғамның іргетасы қаланады. Сөйтіп қоғам бізді анықтайды, ал екінші жағынан, біз, керісінше, қоғамды анықтаймыз.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 975 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...