Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. МӘдениет Әлеуметтануы 3 страница



Бұл қағида әлеуметтануда құқықты зерттеуге де қолданылады. Әлбетте, құқық-әлеуметтік факті, ол объективті тұрғыда қоғамдық өмірдің негізгі параметрлерін (яғни, көрсеткіш жақтарын) анықтайды, бірақ, құқықтың күші адамның жеке-дара қасиеті арқылы оның заңдылық ережелер тәртібін мойындаумен анықталады.

Қорыта айтқанда, құқық әлеуметтік институт болып, қоғамдағы алуан түрлі қатынастарды реттейді. Қоғамдағы тәртіпті, әлеуметтік бірлікті, тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

3.Қандай да бір ғылымның пәні зерттелетін нақты объектіні жан-жақты, терең бейнелейтін ұғымдардың жиынтығы болып саналады. Осыған сәйкес зерттеуші бір құбылысты, үдерісті немесе затты арнайы зерттегенде нақтылы объектіден (яғни, оны сезінуден, түйсінуден, елестетуден) бастап, ол объекті туралы ой-пікір, ұғым туғызады. Бұл нақты объектіні жан-жақты, терең бейнелеу болады. Осы ой-пікір, ұғымдардың негізінде объектінің даму заңдылықтары анықталады. Қандай да бір заңдылық объектіге тән тұрақты, негізгі, мәнді, қайталанатын қасиеттерді, байланыстарды, қатынастарды терең бейнелеп көрсетеді, сөйтіп объектінің заңды дамуын, объектінің өзгеру және қозғалып өмір сүруін анықтайды.

Жоғарыда айтылған ғылымның объектісі және пәні туралы ұғым құқықтық әлеуметтануға да тікелей қатысты. Жалпы алғанда, құқық құқықтық және құқықтық емес әлеуметтік ғылымдардың объектісі болып есептеледі. Бұлардың ішінде: құқық теориясы, салалық құқықтық ғылым ар, құқық философиясы, құқықтық әлеуметтану, т.б. бар. Нақтылы (яғни, тар) мағынада әрбір ғылымның құқықты зерттеуде өз ерекшелігі болады. Құқық саласының барлық өмір салаларымен байланысын құқықтық философия зерттейді, әлеуметтік өмірмен, қоғаммен құқықтың тығыз қарым-қатынасын, байланысын құқықтық әлеуметтану зерттейді. Құқық теориясы - бұл қорытындыланған теориялық ғылым. Құқықтық әлеуметтанудың саласы В.Н. Кудрявцев пен В.П. Казимерчуктің «Современная социология права» атты кітабында дұрыс тұжырымын тапқан. Бұл авторлар құқықтық әлеуметтану саласы — құқықтың әлеуметтік құбылыс ретінде қоғаммен байланысын, құқықтың атқаратын қызметін құқықтық ережелердің қоғамның әлеуметтік ұйымының барлық деңгейінде: қоғамда, әлеуметтік топтарда, мекемелерде, жеке адамдарда жалпы әлеуметтік тәртіпке айналу процестерін зерттейді деп атап көрсетеді. Мұңда, ең бастысы, құқықтық әлеуметтану құқық пен әлеуметтілікті жеке-жеке зерттемейді, ол тек қана осылардың, яғни, құқық пен әлеуметтіліктің бір-бірімен байланысын, бір-біріне қатынасын, әсерін зерттейді.

Сонымен, жалпы кең мағынада алғанда құқықтық әлеуметтанудың объектісі — ол құқық (құқықтық болмыс); ал, тар мағынасында алғанда құқықтың объектісі — бұл құқықтағы әлеуметтілік, құқықтың қоғаммен (социумен) өзара іс-әрекеті, қызметі, байланысы.

Жалпы құқықтық әлеуметтанудың екі негізгі объектісі болады: құқық әлеуметтік институт ретінде және индивидтердің (адамдардың) маңызды құқықтық жағдайлардағы әлеуметтік іс-әрекеті. Құқықтық әлеуметтанудың пәні құқықтың әлеуметтік іс-әрекетінің, қимылының өзгеруі, заңдылықтары арқылы дамиды.

Егер құқықтық ереже қоғаммен және оның салаларымен органикалық (бөлінбес) байланыста, қатынаста болмаса, онда құқықтық әлеуметтану болмас еді.

Сонымен бірге әлеуметтік құбылыстар мен процестер құқықтық ережелермен бірге қаралмаса, ондай кезде де құқықтық әлеуметтану болмас еді. Құқықтық ережелердің үш түрлі сипаты болады. Олар: 1) құқықтық; 2) әлеуметтік; 3) психологиялық сипаттар.

Жалпы алғанда құқықтық теория ғылымында осы уақытқа дейін құқықтық ережелер арқылы қоғамдағы алуан түрлі құбылыстардың реттеудің, тәртіпке келтірудің құқықтық негізі туралы толық анықтама жоқ. Бұл жөнінде заңгерлердің арасында ой-пікір таластары әлі жүріп жатыр.

Біздің пікірімізше, әлеуметтану тұрғысынан алғанда құқық ережелерінің іс-қимылының, әрекетінің құқықтық тетігі өзінің көлемі жағынан ол «құқықтық жүйе», «құқықтық қондырма» ұғымдарымен тең. Бұл ұғымдар құқықтық құбылыстар мен іс-әрекеттердің, барлық жүйесін қамтиды.

Құқық әлеуметтануының маңызды компоненттері әлеуметтік зерттеу болып табылады, ол құқықтанудың фактологиялық базасын қамтамасыз етеді, оның практикамен байланысын күшейтеді.

Құқық саласындағы әлеуметтік зерттеулердің мақсаты құқық пен қоғамның өзінің байланысын, құқықтыңәлеуметтік функцияларын және заң нормаларының барлық деңгейде: қоғам деңгейінде, әр түрлі әлеуметтік таптар деңгейінде, ұжымдар, топтар мен тұлғалар деңгейінде әлеуметтік мінез-құлыққа трансформациялануын анықтау болып табылады.

Құқық әлеуметтануы зерттейтін мәселелер тобы:

1) құқықтың әлеуметтік негіздері және құқық шығарушылықтың тиімділігі;

2) құқықтың әлеуметтік функциясы және құқық нормалары қызметінің тиімділігі;

3) әлеуметтік топтардың құқықтық санасының жай-күйі, қоғамдық пікір мен құқық, құқықты білу және заңның мәртебесі (құрметі);

4) моральдық және заңдық нормалардың өзара қатынасы, құқық және құқықтық субмәдениет;

5) құқық саясатының мәселелері, заң органдары қызметінің әлеуметтануы;

6) құқық тәртібінің жай-күйі және құқық бұзушылықтың әлеуметтік себептері, олардың алдын алу, жазалау мен қоғамдық ықпал жасау шараларының тиімділігі.

Бұдан біз кез-келген құқықтық іс-әрекеттің, мінез-құлықтың әлеуметтік астары бар екенін көріп отырмыз. Құқық ережелері мен зандарын қоғам мүшелері өздерінің күнделікті өмірлерінде, қызметтерінде басшылыққа алып отырады. Басқаша айтсақ, құқық-әлеуметтік бақылаудың түрі, құралы. Құқық қоғам өмірінің бар саласына белсенді түрде араласады. Олай болса құқық қоғам өмірінің экономикалық, саяси, рухани, моральдық, т.б. салаларымен тығыз байланыста болады. Бұл құқықтық іс-әрекеттің әлеуметтік ортасын құрайды. Сондықтан құқық әлеуметтануының басты міндеті — осы ортаны жан-жақты, терең зерттеу, оның құрылымының әрбір элементін, іс-әрекетінің себептерін, олардың құқықпен алуан түрлі байланыс, қатынастарын анықтау болып табылады.

Құқықтық іс-қимылдың, әрекеттің психологиялық астары бар. Бұл адамдардың, алуан түрлі топтардың мінез-құлқына ықпал ететін себеп, дәлелдер арқылы түсіндіріледі.

Ал, себеп, дәлелдерге адамдардың, топтардың іс-әрекеттерін қоздыру, өршіту, желіктіру, т.б. жатады. Бұларға қосымша назар, көңіл аудару, ынта-ықылас, мұқтаждық, қажеттік, талап-тілек, әуестік, құштарлық, асқақ арман, мұраттар, мақсат, т.б. жатады.

Құқық ғылымы құқықтық әлеуметтанудың жалпы теориялық және методологиялық заңдылықтармен, қағидаларымен, әдістерімен қарулануын қажет етеді. Өзінің нақтылы социологиялық зерттеулерінде құқықтық әлеуметтанудың әдістерін кеңінен қолданып отырады.

Мұнда әр түрлі абстрактылы, логикалық тәсілдерді және әлеуметтанудың өзіне тән әдістерін (бақылау, сауалнама, құжаттарды талдау, сараптау, үлгілеу, тест, т.б.) қолдану арқылы зерттеулер жүргізіледі. Әлеуметтанудағы жалпы теориялық білімді түрлі теорияларға, ой-пікірлерге жан-жақты талдау жасау арқылы меңгеруге болады, нақтылы ғылыми мағлұматтар, ой-пікірлер, фактілер, хабарлар, т.б нақтылы зерттеулер арқылы алынады. Құқықтық әлеуметтануда нақтылы зерттеулер арқылы алынған жаңа ой-пікірлер, мағлұматтар, фактілер қайта қорытылып, жоғары мемлекеттік басқару органдарына қажетті ұсыныстар, кеңестер беріп отырады. Сөйтіп басқару мекемелерінің жұмыс стилін, ұйымдастыру, реттеу, басқару мәселелерін біршама жақсартуға, қайта құруға әсерін тигізіп отырады.

Осыларға сәйкес құқықтық әлеуметтанудың құрылымы шығады. Құрылым теориялық және нақтылы зерттеу арқылы алынған әлеуметтік - білім және ғылыми мағлұматтардың реттелген жиынтығынан құрылады. Құрылым таным объектісінің алуан түрлілігіне де байланысты болады. Мысалы, құқықтың құрылымына қарай ол азаматтық құқық әлеуметтануы, қылмыстық құқық, конституциялық құқық, т.б. болып бөлінеді. Алуан түрлі таным объектісіне байланысты заң шығару әлеуметтануы құқықтық сана, құқықтық тәртіп, қылмыстық сот және тәртіп сақтау органдары әлеуметтанулары болып келеді.

Құқықтық зерттеулерде зерттелетін құбылыстарды көлемі жағынан макро және микро деңгейлерге; зерттеудің сипатына қарай — теориялық және эмпирикалық әлеуметтануға; мақсатына және атқаратын міндетіне қарай негізгі және қолданбалы түрге бөледі.

Осыларға орай құқықтық әлеуметтанудың атқаратын қызметін қарастырамыз.

Құқықтық әлеуметтану негізінен танымдық және практикалық қызметтерді атқарады.

Құқықтың танымдық қызметіне зерттелетін объекті туралы жаңа білім алу жатады. Ал, жаңа білім өткен теорияларды одан әрі дамытады және жаңа теориялар жиынтығын құрайды. Бұл жерде құқықтық әлеуметтану бұрынғы ескі теориялар жиынтығына сын көзбен қарайды. Мұны француз ғалымы Ж. Карбанье құқықтық әлеуметтанудың сын және сынау қызметі деп атады.

Жалпы әлеуметтану сияқты құқықтық әлеуметтану да практикалық қызмет атқарады. Егер ол мұндай қызмет атқармаса, онда оның тұжырымдары нақтылы өмірден қол үзеді де, догмаға айналып, дағдарысқа ұшырайды. Практикалық қызметінде, әсіресе, құқықтық әлеуметтанудың мүмкіншіліктерін заң шығару үдерісінде кеңінен қолданады. Ол қоғамдағы кейбір қатынастарды заң арқылы реттеуге, жөндеуге көмектеседі, заң шығару процестерін қалыптастыруға, құқықтық заңдардың іс-әрекеттерінің тиімділігін зерттейді. Ол сот жұмысындағы ашық жарияланған және жасырын түрдегі адамдардың мүдде, талап-тілектерін, сот үдерісіндегі сыртқы қысым күштерін және олардың әлеуметтік салдарын зерттейді. Одан әрі сотқа қатынасушылардың соттың қаулы-қарарларын қалай қабылдайтынын, жалпы сот шешкен көкейтесті мәселелерге қоғам қалай қарайтынын, мұндағы маман заңгерлердің және сотқа қатынасушылардың әр түрлі жағдайларға байланысты мінез-құлықтарын, істі жүргізу, дұрыс шешім қабылдауларын, т.б зерттейді.

Қоғамдық ой-пікір әлеумет зерттеушілердің басты назарын аударады. Құқықтық әлеуметтануда қоғамдағы адамдар тобының құқықтық санасының дәрежесі мен деңгейі, бұрынғы қолданыстағы немесе жаңадан қабылданған құқықтық заңдарға, актілерге, заң жолымен реттелетін көкейтесті мәселелерге қатынасы, сот және құқықтық органдарының ой-пікірі, көзқарасы, жұмыс әдісі, т.б. зерттеледі.

Құқықтық әлеуметтанудың танымдық, практикалық қызметтерінен басқа да функциялары бар, олар: реттеу, басқару, болжау, т.б.

Сонымен, қазіргі нарықтық жағдайда құқықтық ереже мен заңға, көкейтесті мәселелерге әлеуметтану тұрғысынан қарау және құқықтық құбылыстарға, процестерге кешенді, жүйелі әдістерді қолдану қажет.

Бұл үшін өмір мен тәжірибеде әлеуметтанушылар мен заңгерлер өздерінің қызметтерінде қоғам мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек.

Жауапкершілігі мол осы қызметте жүргендер не тындырғандығын, қандай мәселелер шешіліп немесе шешілмей отырғандығын, оның себеп-салдары мен шешу жолы неде екенін анықтап, орын алып отырған кемшіліктерді болдырмауға немесе оларды біршама жұмсартуға тиімді шешу жолдары мен бағыттарын қарастыруы қажет. Бұл тұрғыда көптеген ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер заң шығаруда белсенді әрі жауапты қызмет істеп жүр: олар заң жобаларын әзірлейді; жеке заң шығарушылар құқық органдарына барып кәсіби кеңес береді, әдістемелік дәрістер мен әңгімелер өткізеді. Заң шығару жөнінде жаңа тиімді ұсыныс, кеңестер, талап-тілектер, т.б. айтады. Заң шығару үдерісінің негізгі мәселесі қазіргі және болашақта шығарылатын заң актілерінің теориялық тұжырымдамасын жасау болып табылады.


14-тақырып. Социологиялық зерттеу методологиясы мен әдіс-тәсілдері

1. Ғылыми методология және әдіс-тәсілдер ұғымы.

2. Социологиялық зерттеудің бағдарламасын, жоспарын жасау.

3. Әлеуметтік мәліметтер жинаудың әдіс-тәсілдері (бақылау жүргізу, эксперимент, сұрау, сауалнама жүргізу, әңгімелесу, тест, құжаттарды талдау, т.т.).

4. Жиналған мәліметтерді тәртіпке келтіріп, ғылыми қорытынды жасау және оны тексеру әдістері.

1. Ғылым - алдын ала жоспарланған теориялық таным процесі, зерттеу барысында белгілі бір әдіс-тәсілдерді қолданады. Онсыз ғылыми ақиқатқа жету мүмкін емес. Осы жағынан алғанда, ғылым теория мен әдістің диалектикалық бірлігі болып табылады. Ғылыми танымның әдіс-тәсілдері жайлы ілім методология деп аталады.

Ғылымдар бір-бірінен тек зерттеу пәндері арқылы ғана ажыратылмайды, зерттеу әдістері арқылы да ажыратылады. Ешбір жеке ғылымның немесе ғылымдар тобының ерекше, басқалардан өзгеше, тек өзіне ғана тән ғылыми әдісі болмайды, керісінше, олардың бәріне ортақ жалпы методологиялық негізді басшылыққа алады. Осы жөнінен алғанда, барлық жаратылыстану және қоғамтану ғылымдары үшін ортақ екі негізгі таным методологиясы бар. Олар - диалектикалық және метафизикалық әдістер. Бұларды әрбір ғылым өз зерттеу пәнінің ерекшеліктеріне ыңғайлап қолданады.

Бұл екі жалпы танымдық әдістердің мазмұны мен принциптері тыңдаушыларға философия курсынан мәлім болуы тиіс. Диалектикалық әдіс шындық дүние құбылыстарынын сапалық өзгерістерін басшылыққа ала отырып, дүниені терең танып білуге мүмкіндік береді. Сондықтан, біздің пікірімізше, жалпы социологияның танымдық әдіс-тәсілдерін қоғам құбылыстарының ерекшеліктеріне сәйкес диалектикалық-материалистік методологияның негізінде ғана жасауға болады.

Әлеуметтік философия әдісі мынадай мәселелерді зерттеуі тиіс:

1) қазіргі заманғы социологиялық теориялардың логикалық негізін адамдар өмір сүріп отырған нақты объективтік жағдайларда қарастыруы керек. Сондай-ақ, әлеуметтік құбылыстарды жалпы байланыста және дамуда қарастыруы тиіс. Ол қоғамдық құбылыстардың өзгерісі мен дамуының негізі — ішкі қарама-қайшылықтардың нәтижесі, қоғамдық өмірдің өзгерісі біртіндеп жүретін эволюциялық түрде және революциялық жолмен секірмелі түрде де болатынын басшылыққа алуы қажет.

Диалектикалық-материалистік таным теориясына сәйкес социологияда ғылыми таным, шын мәніне келгенде, біртұтас қоғамды танудан оның бөлшектерін, жеке қоғамдық құбылыстар мен қатынастарды танып білуге, ал бұл соңғыдан қайтадан бүтінге, бүкіл қоғамды тануға көшуі тиіс. Жалпы мен ерекшенің диалектикасы, міне, осындай.

Адамзат қоғамын зерттеудің осы диалектикасын басшылыққа ала отырып, социология өз әдіс-тәсілдерін (методын) тағайындайды: фактілерді жинау әдісін, жинақталған мәліметтерді ретке келтіру және ішінара жалпылау әдісін, ғылыми жалпылау (қорытындылау) әдісін, т.б. әдістерді ғылыми зерттеудің түрлі кезеңдерінде қолданады.

Кез-келген нақты социологиялық зерттеу мынадай бес негізгі кезеңдерден тұрады: 1) зерттелетін құбылыстарды анықтап, бастапқы гипотезаларды тұжырымдау; 2) зерттеу жоспарын жасау; 3) мәліметтер жинау; 4) жиналған мәліметтерді тәртіпке келтіру; 5) ғылыми түсіндірме жасап, оны тексеру.

2. Зерттеу объектісін (зерттелетін құбылысты) анықтау және жоспарын жасау қоғамдық құбылысты ғылыми танып-білудің бірінші кезеңі болып табылады. Өйткені жинақталған фактілердің объективтілігі мен ақиқаттығы, қорытындының ғылыми дұрыстығы көп жағдайда зерттеу объектісін дұрыс анықтап алуға байланысты болады.

Зерттелетін құбылысты анықтағанда оның басқа құбылыстармен байланысы қаншалықты екендігі де анықталады. Бұл жағдайда зерттелетін құбылыс жайлы бұрыннан бар білімдер негізге алынады. Ол білімдер неғұрлым толығырақ болса, соғұрлым зерттелетін құбылыс толық анықталады.

Зерттелетін құбылысты және оның байланыстарын анықтағаннан кейін зерттеудің нәтижесінде расталуға тиісті бастапқы гипотезаларды (ғылыми жорамалдарды) тұжырымдауға кіріседі. Бұл гипотезаларда зерттелуге тиісті құбылыстардың арасында белгілі бір себеп-салдар байланысы бар деп жорамалдап, олар зерттеу нәтижесінде расталуға тиіс деп топшыланады.

Ғылыми зерттеудің міндеті - қоғамдық құбылыстар арасындағы байланыстардың формасы мен беріктігін анықтау. Бұл байланыстар мен қатынастар тәжірибеде іс жүзінде тексеруге болатындай болуы тиіс. Гипотезаның мазмұнын (ұғымын) эмпириктік жолмен де тексеруге болады. Егер оны эмпириктік жолмен тексеру қажет болса, онда оны фактілермен салыстырамыз, ал теориялық тұрғыдан тексергенде ақиқаттығы бұрын негізделген қағидалардың, теориялардың көмегімен дедукциялық жолмен дәлелденеді.

Гипотеза әрдайым ақиқат бола бермейді, бірақ олардың ақиқат болуына мүмкіндігінше талпыныс жасау керек. Ғылымда колданылатын гипотезалар төмендегідей талаптарға сәйкес келуі тиіс: 1) ол құрылатын ұғымдар анық, айқын болуы тиіс; 2) олар тәжірибе жүзінде (эмпириктік жолмен) тексеруге болатын объектілерге қатысты болуы қажет; 3) тиісті зерттеу техникасы мен теорияларға қайшы келмеуі керек.

Бірінші кезеңнің, соңында енді осы бастапқы гипотезаға қатысты ұғымдарды дәл тұжырымдау қажет, өйткені зерттеуді ойдағыдай жүргізу үшін олардың маңызы зор. Бұл үшін екі түрлі анықтама: 1) жалпы логикалық (теориялық) анықтама және 2) жұмысшы анықтама қолданылады.

Ғылыми зерттеулердің бұдан кейінгі кезеңі — зерттеу жоспарын жасау. Жоспар жасаудың алдында, әрине, тиісті қоғамдық қатынастармен және осы қатынастарға қатысушы адамдармен танысады. Зерттеудің жоспарында мәліметтер жинаудың қандай әдістері пайдаланылатыны көрсетіліп, зерттелетін құбылыстардың ерекшеліктері және мәліметтер жинауда кездесуі мүмкін қиындықтар ескерілуі тиіс. Мәліметтер жинаудың әдістерінде зерттелетін құбылыстардың ерекшеліктері және олардың басқа жеке қоғамдық құбылыстармен және тұтас қоғаммен байланысу ерекшеліктері ескерілуі қажет.

Егер зерттеу жоспарында сауалнама (анкета) тарату және сұқбат (интервью, әңгімелесу) жүргізу белгіленсе, онда сауалнамаға енгізілетін сұрақтар мен әңгімелесуде қойылатын сұрақтарды мұқият даярлау қажет.

Бұл кезеңде сауалнамалар таратылатын адамдардың тобы да дәл анықталады.

Қоғамдық құбылыстарды зерттеу ісі - көп адам қатынасатын, көптеген мамандық иелері жүргізетін күрделі ұжымдық іс. Сондықтан зерттеу объектісінің ерекшеліктері мен кездесуі мүмкін қиыншылықтарды ескере отырып, зерттеушілер тобының мүшелерін іріктеп алуға баса назар аударылу тиіс. Ұжымдық еңбек тиісті нәтиже беру үшін зерттеу жоспарында зерттеушілер тобының және әрбір зерттеушінің (ұжым мүшесінің) жұмыс жоспарын мұқият жасап, олардың бірінін жұмысын басқалары қайталамау жағын ескеру қажет. Топтың жұмысына маман социолог басшылық жасайды.

Жұмыс жоспарында сауалнама тарату әдісі жоспарланса, онда сауалнама таратуға тиісті адамдардың тізімі мұқият жасалып, оларды оқыту, үйрету жағы белгіленуі тиіс. Сауалнама тарататын адамдардың жалпы білім дәрежесі мен арнаулы даярлығына көңіл аудару керек.

Болашақта сауалнама тарататын адамдарды оқыту, үйрету ісі көбінесе семинар түрінде өткізіледі. Содан кейін олардың дайындық дәрежесі тексеріледі.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1606 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...