Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Экономикалық әлеуметтану



1. Экономика — әлеуметтанудың зерттеу объектісі.

2. Экономикалық өмірдің көкейтесті әлеуметтік мәселелері.

1. Экономикалық әлеуметтану жалпы әлеуметтану ғылымының қоғамның экономикалық өмірін зерттейтін арнаулы теориясы болып саналады. Бұл арнаулы теория жалпы әлеуметтанудың қарқынды дамуымен және оның экономикалық процестерімен тығыз байланысының негізінде пайда болды. Осыған орай экономикалық әлеуметтанудың объектісіне зерттеушінің қалауына қарай алынған қандай да болмасын экономикалық және әлеуметтік тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысқан құбылыстар мен процестер жатады. Ал, экономикалық әлеуметтанудың пәніне қоғамның экономикалық дамуының әлеуметтік аспектілері жатады. Бұған экономиканың алуан түрлі салалары, әлеуметтік институттар (фирмалар, акционерлік қоғамдар, корпорациялар, банктер, т.б.), алуан түрлі адамдар бірлестігі (мысалы, өндіріс, еңбек ұжымдары, өндірістік бірлестіктер, топтар, бригадалар, т.б.), экономикалық процестер, өндіріс саласындағы әлеуметтік қатынастар (үстемдік ету - бағыну, басқару - орындау), енбеккерлердің өндірісті басқаруға қатынасуы, жұмыс күшінің тұрақсыздығы, ауысуы, миграция, мамандықты іріктеп алу, еңбек ұжымдарының әлеуметтік қорлары мен ресурстық мүмкіндіктері, адам және алуан түрлі топтардың экономикалық іс-әрекеттерің себеп-дәлелдері, экономикалық сана, экономикалық ойлау, экономикалық-материалдық жағдайы, көңіл-күй, тәртіп, мұқтаждық, талап-тілек, әлеуметтік құндылықтардың еңбектің өнімділігіне, тауардың сапасының артуына әсері, т.б. жатады.

Экономикалық әлеуметтану экономикалықпроцестерді адамдардың іс-әрекеті, қызметінің жемісі ретінде қарайды. Қоғамдағы адамдардың материалдық тұрмыс жағдайы әр түрлі болғандықтан, олардың мұқтаждығы, талап-тілектері де, тұтыну дәрежелері де әр түрлі. Сондықтан олар қоғамда әр түрлі ролдер, яғни қызмет атқарады, осыған сәйкес олар қоғамда әр түрлі орында, жағдайда, беделде, т.б. болады. Экономикалық әлеуметтану экономиканы зерттеудің басты мәселесі ретінде экономиканы өз алдына жүйе деп қарайды. Ал, экономикалық жүйеде «өндіріс-бөлу-айырбастау-тұтыну» жүзеге асырылады. Ал, бұл процестің нарықтық түрі - сұраныс және ұсыныс. Нарық дегеніміз тар мағынада — азық-түлік және басқа өндіріс бұйымдарын, тауарларды сататын сауда орны. Ғылыми тілмен айтқанда, ол тауар айналымының өрісі, сатып алу мен сату ісінің жиынтығы. Тауарларды ұсыну және оған деген төлеу қабілеті бар сұраныс. Нарық теориясы ұдайы өндіріс теориясының құрамды бір бөлігі. Нарық тауар өндірісі туып, өсуімен қатар пайда болып, дами бастайды, әсіресе, ол қала мен ауылда натуральдық шаруашылық ыдырап, қоғамдық еңбек бөлінісі тереңдей түскен кезде етек алып кеңейеді.

Әлеуметтік зерттеуде бұл екі процесс, яғни сұраныс пен ұсыныс, қатар қолданылады, өйткені зерттеуші әлеуметтанушының басты назары ең алдымен мұндағы алуан түрлі адамдардың, олардың топтарының мінез-құлқына аударылады. Адам және оның топтары - жұмысшы, қызметкер, тұтынушы, айырбастаушы, сатушы, сатып алушы, т.б. ретінде қарастырылады. Экономикалық дамудың әлеуметтік аспектілерін жан-жақты ескеріп, талдап отыру керек. Мысалы, әлеуметтік, рухани құндылықтары бойынша адамның ең жоғары қасиеттері - инабаттылығы, еңбек сүйгіштігі, оған қатынасы, ынталығы, ұқыптылығы, оның қайырымдылығы, әділеттілігі, жауапкершілігі, белсенділігі, шаруақорлығы, т.б. қоғамдық өндірісті дамытып, оның өнімін көбейтуге, сапалы тауарларды көп өндіруге тікелей әсерін тигізіп отырады.

Осыларға орай, экономикалық әлеуметтану еңбектің мазмұны мен түрлерін, яғни жұмысшылар мен қызметкерлердің білім деңгейі мен мамандығы, саналылығы, әділеттілігі, белсенділігі, жауапкершілігі, т.б. қасиеттері еңбек процесіне қалай әсер ететінін де зерттейді.

Экономикалық әлеуметтанудың бір ерекшелігі сол, ол экономикалық құбылыстар мен процестерді жеке адамның, топтың, оның ішінде жіктің экономикалық жағдайы, материалдық әл-ауқаты, одан туатын сана, ойлау және мінез-құлқымен тығыз байланыстырады. Сөйтіп, ол экономиканы реттеудің, басқарудың әлеуметтік механизмдерін ашады да, экономикалық сананы, экономикалық ойлауды, экономикалық ынта, ықылас, мәдениет, т.б. мәселелерді зерттейді. Міне, осылардың бәрі экономиканы әлеуметтік тұрғыдан зерттеудің ең басты мәселелері.

Қазіргі уакытта біздің еліміз нарықтық экономикаға өтуде. Ал, нарықтық экономика деп нарықтық қатынастарға негізделген шаруашылық өмірін ұйымдастыру, оның белгілі бір деңгейдегі құрылымы мен шартты жағдайын айтамыз. Нарықтық қатынастар — бұл экономикалық қатынастар. Нарықтық қатынастарға өтуге байланысты жаңа экономикалық құбылыстар мен процестер (жекешелендіру, акционерлендіру, аренда, фирма, корпорация, аукцион, биржа, т.б.) өмірге келіп, жаңа ұғымдар, түсініктерді туғызды. Бұл құбылыстарды, оларды бейнелейтін ұғымдарды экономикалық теория тікелей зерттейді. Ал, әлеуметтану осындай экономикалық мәселелерді қарастырғанда, ең алдымен, адамның, әлеуметтік топтың, жіктің экономикалық мінез-құлқын қарайды. Сондықтан экономикалық әлеуметтану қандай да бір экономикалық құбылыс, процесс болмасын, оларды талдау, анықтауда әр уақытта нақтылы жеке адамнан, оның топ-жіктерінен, олардың өмір тіршілік ерекшеліктерінен, жағдайынан бастайды.

Сонымен, экономикалық жүйедегі адам, оның нысана бағыттары, тәртібі — міне экономикалық әлеуметтанудың экономикалық құбылыстар мен процестерді зерттеудің басты бағыттары мен мәселелері. Дәлірегі, адамның өмір сүріп отырған ортасы - қазіргі экономикалық жүйеге қатынасы, ондағы алуан түрлі жүріп жатқан өзгерістерге (ой-пікірлері, көзқарастары), нарықтық қатынастарға, ондағы экономикалық реформаларға қатынасын зерттейді. Алғашқы кезде көпшілік халық нарықтық қатынастарға, экономикаға көшкісі келмей оған бөгет жасады. Елде мұндай жағдайдың болуы ескі стереотипті ойлаудың, болып жатқан іс-әрекеттің сол уақыттағы керітартпалылығымен түсіндіруге болады. Тек қана кейінгі 2-3 жылдарда ғана халық нарықтық экономиканың қай жағынан болсын, пайдалы, тиімді екенін түсініп, мойындады. Сөйтіп, қазіргі халықтың басым көпшілігі нарықтық экономикалық қатынастарды жақтап, оның ілгері дамуына күш салуда. Экономикалық әлеуметтану экономикалық құбылыстар мен процестерді зерттегенде белгілі бір әдістемелік қағидаларға сүйенеді. Олар:

1. Қандай да бір экономикалық процестерді зерттеу объектісіне айналдырғанда экономикалық әлеуметтану өңдірістегі әрбір таптың оның ішінде топтың, жіктің, мұң-мұқтажы, мүдде, талап-тілегі тұрғысынан зерттеу.

2. Қандай да бір әлеуметтік талдау жүргізбесін, экономикалық әлеуметтану өндірістегі әлеуметтік топтардың, оның жіктерінің меншік формасына қатынасын, әл-ауқатының дәрежесін, өмір сүру жағдайларын нақтылы ескеру.

3. Экономиканы, ондағы қатынастарды дамытуға әлеуметтік факторлардың тигізетін әсерін және экономикалық қатынастардың әлеуметтік қатынастарға, процестерге тигізетін әсерін ескеру.

4. Әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде әлеуметтік, яғни адам факторына басты назар аудару.

5. Экономикалық және әлеуметтік мәселелерді тығыз байланыста қарап, шешілетін практикалық мәселелерді де бірыңғай байланыста қарау.

6. Шаруашылық тетігімен салыстырғанда әлеуметтік тетіктің ықпалы басым түсетінін әр уақытта ескеру.

7. Экономикалық және әлеуметтік саясаттың тығыз байланыста болатынын есте сақтау.

Айта кететін бір жайт, экономикалық әлеуметтану жеке-дара әлеуметтану теорияларымен, мысалы, еңбек әлеуметтануы ұйым және басқару әлеуметтануымен де айналысады. Экономикалық әлеуметтануды зерттеудегі басты айырмашылық — ол жалпы экономикалық және әлеуметтік құбылыстар мен үдерістердің даму зандылығын зерттейді. Ал, зандылықтар деген не? Олар - осы байланыс, қатынастардың ең тұрақты, қайталанатын, қажетті, мәнді, басты жақтарының жиынтығы. Әлеуметтануда заңдылықтарды даму тенденциялары деп те айтады.

Осы құбылыстар мен процестердің қатынастары мен байланыстарының негізінде экономикалық әлеуметтану, бір жағынан, әлеуметтік: алуан түрлі топтардың, жіктердің мұң-мұқтажын, мүддесін, талап-тілегін қанағаттандырып, іске асыру жағын ойластырса, екінші жағынан, жалпы экономикалық дамудың факторлары мен алғышарттарын, экономикалық және әлеуметтік дамудағы байланыс-қатынастардың мәнін зерттеп, анықтайды. Экономиканың әлеуметтік қатынастарға ықпалын, әлеуметтік топтарға бөлінудің экономикалық себептерін ашу, экономика дамуының әлеуметтік факторларын талдап көрсету қажет. Мысалы, экономиканың кейбір әлеуметтік мәселелері,атап айтсақ, қызметкерлердің білім және мамандық, үй-тұрмыс, жалақы, табыс, кірісі, бала тәрбиелеу, т.б. біршама дұрыс шешілген, ал өндіріс жүйесіндегі топтардың, олардың ішіндегі жіктердің қоғамдық өндіріс орындарындағы іс-әрекеттері мен мінез-құлықтары әлі осы уақытқа дейін зерттелмей келеді. Бұл - өте маңызды, өзекті мәселе. Бұл мәселені дұрыс шешпейінше өндіріс қарқынмен дамиды, еңбек өнімділігі жоғарылайды, сапалы тауарлар көп шығарылады деп айту қиын. Өйткені өндірістегі өндірілген өнімді бөлу, айырбастау, тұтыну, оларды жоспарлап, жұмысты дұрыс ұйымдастыру арқылы жүргізу осындағы әр түрлі адам топтарына мінез-құлқына тікелей байланысты.

Ал мінез-құлық адамның іс-әрекетінің, қызметінің субъективтік жағын құрайды. Адамның мінез-құлқы оның өз алдына қойған мақсатын терең білу, оны жүзеге асыру арқылы реттеліп, басқарылып отырады. Адам ісінің мазмұны біршама қатаң ережеге негізделеді де, оның өндірістегі көрінісі және басқаларға әсері төмен болады.

Экономикада адамның тәртібін басқарып, реттеп отыратын құрал — ол шаруашылық механизмі. Бұл механизм өндірістегі жұмысты ұйымдастыру, жоспарлау және ынталандыру құрал-әдістерін толық қамтиды. Ол өндірістегі адамдардың жұмысын, тәртібін, басқалай да жағдайларын қадағалап отырады, бұларды бұзса, оларға құқық ережелерін (санкция) қолданады, осылай еңбекке ынталандырудың бүтіндей жүйесін қалыптастырады. Сөйтіп ол өндірістегі еңбек ұжымын, жеке жұмысшы, қызметкердің, маманданған топтардың іс-әрекетін, жұмысын әр уақытта реттеп басқарады және өндірісте еңбекті қажетті бағытта жүргізуге зор ықпалын жасайды. Екінші жағынан, өндірістегі адам факторы өндірістің дамуына, еңбек ұжымының тәртібіне, әсіресе, олардағы әлеуметтік реттеу, басқару құралдарына күшті әсер етеді.

Өндірістегі әлеуметтік реттеу, басқару құралдары деп ондағы экономикалық тұрақты тәртіп жүйесі мен алуан түрлі әлеуметтік топтардың өзара байланысын, әлеуметтік факторлардың іс-әрекетін реттеуді айтады. Сөйтіп бұл механизм әлеуметтік-экономикалық объектілердің іштей бірлігін, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуын сәйкестендіріп отырады.

Еңбекті, өндіріс ұжымдарын әлеуметтік құралдар арқылы басқару, реттеудің негізінде қызметкерлердің белгілі бір типі қалыптасады. Қалыптасқан бұл тип, бір жағынан, олардың ең жоғары адамгершілік қасиеттерін танытса, екінші жағынан, олардың кейбір жағымсыз қылықтарын да ашады.

Жоғары адамгершілік қасиеттерге еңбек сүйгіштік, сенімділік, әділеттілік, еңбекке саналықпен қарау, еңбекті сапалы әрі тез істеу, адамның еңбек процесінде өзінше шешім қабылдауы, жауапкершілік, белсенділік, т.с.с. жатады. Ал, керісінше, кейбір еңбеккерлер мен қызметкерлердің: өзінің Отан, ел, халық алдында борышына, немқұрайды, тапсырылған жұмысты, қызметті қалай болса солай істеу, оларға жауапсыз қарау сияқты келеңсіз мінез-құлықтары да орын алып отырады.

Осыларға сәйкес әрбір жұмысшы мен қызметкердің типін анықтау үшін экономикалық әлеуметтану олардың әрқайсысының барлық қасиеттерін терең талдап, содан кейін оның мінез-құлқының, тәртібінің өндірісте қай жағы басым екенін салыстыру өлшемі арқылы адам типін анықтайды. Осыған орай өндірісте алуан түрлі еңбек ұжымдары, топтары қайта құрылып, қалыптастырылады.

2. Жоғарыда көрсетілгендей, экономикалық әлеуметтануда экономикалық құбылыстарды, процестерді зерттеуде басты назарды адам факторына аударады.

Қоғамның өндіргіш күштерінің басты элементі деп, өнімді еңбекке қабілетті, талап-тілегі, мүддесі және денсаулығы, тәжірибесі бар қоғамның белгілі бір жас мөлшеріндегі адамдардың тобын айтамыз. Тиімді табысты еңбек ету үшін әрбір еңбек етуші субъектінің, яғни тұлғаның белгілі бір көзқарасы, білімі, мамандығы, тәжірибесі, тәрбиесі, жоғары санасы мен психологиясының болуы аса маңызды. Осыған орай әрбір еңбеккердің жұмысты ойдағыдай тиімді жүргізуі үшін оның жоғары әлеуметтік-адамгершілік қасиеттері де болуы қажет. Бұған жататын жоғары қасиеттер: терең мамандық, білімдар, маманданған тәжірибе, жұмысқа дағдылану, саналық, әділеттілік, сөз бен істің бірлігі, жауапкершілік, белсенділік, тәртіптілік, дербестік, т.б. Бұлардың әрқайсысы адамға, оның ішінде, әсіресе, еңбеккерге, жоғары мамандарға, кәсіпкерлерге, қызметкерлерге, т.б. тән қасиет.

Бұл қасиеттерді әрбір адам бойына сіңіріп, қалыптастыруы қажет. Бұл қасиеттер қоғамдық өңдірісті дамытудың, өндірісті тиімді жүргізуін, сапалы тауарларды шығарудың негізгі факторлары болып саналады.

Экономикалық әлеуметтанудың маңызды мәселелерінің бірі — адамдардың еңбекке қатынасы және олардың еңбек сүйгіш деңгейін зерттеу.

Бұрынғы Кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде адамның еңбегін бағалауда олқылықтар орын алды. Адамдардың еңбектерін бағалаудың нақты критерийлері болмады. Осының салдарынан миллиондаған адамдар еңбекке қалай болса, солай қарап, жұмыс істеу қабілетін жойды, еңбекке жауапкершілікпен қарау болмады. Бұл ойымыздың растығын 1997-1998 жылдары орта мектепті бітіруші оқушылардан сұрау арқылы алынған деректерден көруге болады. Орта мектепті бітірушілердің 7 пайызы ғана өндірістік, маманданған еңбекке құлық білдірген, 22 пайызы — еңбекті қажетті деп есептейді, ал 37 пайызы — еңбекті жағымсыз процесс ретінде қарайды.

Еңбекшілердің арасында еңбекке қызығудың өлшемдері мынандай: 99 пайызы — жұмыс қызықты (адамды еңбектің ұдайы тартатындай болу) болуын, 88 пайызы — жалақының істеген еңбегіне қарай бөлінуін, 85 пайызы — еңбектің әлеуметтік қорғау кепілдігін, 82 пайызы — басшылардың еңбек адамына әріптестік қарым-қатынаста болуын қалайды.

Қазір қоғамда зиялы кауымның беделі күрт түсіп кетті.

Елде жоғары мамандарды дайындау деңгейі, қазіргі өндірістің талап-тілегіне сәйкес емес. Ал нарықтық экономикалық қатынастар жағдайында ғылыми-техникалық жоспарға сәйкес жоғары кәсіби маманданған, білімді, компьютерді жақсы меңгерген, шет тілдерін білетін, жоғары адамгершілік қасиеттері бар кадрлар қажет.

Қазіргі өндірісте тауарды шығару немесе оның шығынын азайту, төмендету ғана емес, осылармен қатар тауарды тұтынушыға уақытында жеткізіп, тиімді сата білу де көкейтесті мәселелерге жатады. Бұл ретте әлеуметтік зерттеумен қатар маркетингтік зерттеу аса үлкен роль атқарады.

Маркетингтік зерттеу сапалы тауарды өндірумен бірге оны тұтынушыға өткізуде алуан түрлі қызмет атқарады. Маркетингтік зерттеудің жобамен алғанда кестесі мынандай болуы мүмкін.

Бүгінгі күнде маркетинг — бұл бір бүтін ғылым, тіпті ғылымдардың жиынтығы деп атауға болады. Сондықтан ол ерекше мамандық және болашағы зор. Маркетингтік зерттеулер нарықта өндірілген өнімді немесе көрсетілетін қызмет түрін тиімді сатуға бағытталады. Ол үшін зерттеу барысында тұтынушының талғамы, сұранысы, көзқарастары, мінез-құлықтары зерттеледі.

Яғни, әрбір маркетингтің басты қағидасын, басшылыққа алатын идеясын былай тұжырымдауға болады: өндірушінің басты мақсаты мен міндеті — ол тұтынушының талап-тілегін, мүддесін анықтап алғаннан кейін олардың қажетін қанағаттандыру. Тұтынушының талап-тілегіне сай қандай тауар шығару кажет, оған не керек? Осыны анықтап алғаннан кейін, тұтынушының ұсынысын өндіруші ескеріп отыруы керек. Мұнсыз ешқандай экономика, өндіріс алға басып дамымайды.

Жоғарыда айтылғандардан келесідей мәселелер шығады: өндірістегі әр түрлі қоғамдық топтардың құрылымын, олардың жіктерге бөлінуін, сапалық өзгешелігін талдап, анықтау қажет, өйткені олар экономикалық дамудың негізгі әлеуметтік жағын құрайды.

Өндірістегі барлық топтардың мұң-мұқтажын, мүддесін, қабілетін, белсенділігін ескеріп отыру — бүгінгі күннің басты талабы.

Қысқаша айтқанда, өндірістегі басты тұлға еңбек адамы екендігін естен шығармауымыз керек. Еңбек адамына жұмыс күші ретінде ғана қарамай, оның көңіл-күйімен, мүддесімен санасу керек. Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбегін бағалау — басты мәселе. Өндірісте, фирмалар мен корпорацияларда еңбек адамын өндірісті ұйымдастыру, тіпті басқару істеріне де араластырып отыру — әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Бұл - әлеуметтік еңбек қатынастарының «әлеуметтік әріптестік» деген түріне жатады.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1543 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.016 с)...