Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Отбасы Әлеуметтануы



1. Неке дегеніміз не?

2. Отбасының мәнi, құрылымы және атқаратын қызметтерi.

3. Отбасының тәрбиелік қызметі.

1. Отбасы — адамның өте маңызды, өте жауапты жанұясы, себебі отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. Отбасы - қоғамдық құрылымның кіші тобы, алғашқы ұясы.

Қоғамның негізгі мақсаты — адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі терезесі тең, берік отбасына байланысты. Отбасы қалыптасу үшін неке қалыптасуы қажет.

Неке - әйел мен еркек арасындағы табиғи қажеттілік, олардың өзара кұқықтары мен міндеттерін белгілейтін форма. Неке — отбасының заң жүзіндегі негізі, әйел мен еркектің өзара түсінісу, еріктілігі негізінде құрылатын одағы, адамның әлеуметтік-табиғи, сонымен қатар материалдық және рухани өмір қажеттілігі. Себебі жыныстық қатынас биологиялық-жыныстық сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар адамгершілік-эстетикалық қатынас. Некенің мазмұны мен ерекшелігі жыныстық қатынаспен қана шектелмейді. Некенің негізі - сүйіспеншілік (махаббат). Махаббат — өмір көркі (Абай).

Махаббат туралы Гомер де, Лев Толстой мен Стендаль да, Пушкин мен Гете де, Абай да, Горький мен Шолохов та жазған. Адамзаттың данышпан ойшылдары махаббаттың болмыс-бітімі, міндеті, әр адамның және тұтас қоғамның өміріндегі ролі жөнінде толғанған.

Қай кезде де махаббат туралы әндер айтылады, жырлар жырланады, романдар мен поэмалар жазылған, жазыла береді де.

Отанды сүю. Ана махаббаты. Әке махаббаты. Музыканы сүю. Қызға, жас жігітке, әйелге, ер адамға деген махаббат. Өз ісін сүю. Өмірді сүю. Бүл ұғымның көп мағыналылығы мен көп қыры-сыры шексіз, таусылмайды. Соның өзінде де ол барлық кезде жан-тәнімен берілу сезімін, адамның ең күрделі, ең жарқын сәулелі сезімін білдіреді. Бұл әсіресе ер мен әйелдің арасындағы махаббатқа тән қасиет.

Вильям Шекспир «Махаббат — жаңбырдан кейінгі күн нұрындай, Махаббат қашанда жаңа ашылған гүлдей жайнап тұрады»,- деп жазған.

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар.

Ақырын-ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар — деп жырлады ұлы Абай.

А.П. Чеховтың мына сыры таң каларлықтай: «Сүйген кезінде өз бойыңнан баға жетпес байлық, бауырмалдық пен сүйіспеншілік табатының соншалық, тап осылай ғашық бола алатыныңа сене қоймайсың».

Махаббат сезімінің даму жолдары қандай? Қазіргі заман адамына тән махаббат сезімі қоғам мен адамның өз басының ұзақ тарихи дамуының нәтижесі болып табылады.

Махаббат сезімінің мазмұны өз бойына қарабайыр жыныс инстинктінен бастап бір жыныстың өзге жынысқа деген құмарлығын ғана емес, сондай-ақ адамдық рухани жақындыққа қажеттілікті жинаған. Даму барысында аса бай да нәзік парасаттылық, этникалық және табиғи-психологиялық сезімге дейін өте көп өзгеріске ұшыраған.

Махаббат — адамзаттың ғана игілігі. Махаббат жер бетіндегі өмірдің бастау бұлағы және қуатты жаңғыртушысы, ол адамның белсенділігін арттырады, адамның жеке өміріне ғана емес, еңбектегі және қоғамдағы қызметіне, мінез-құлқына және, тұтастай алғанда, оның жан-жақты дамуына да игі әсер ететін процесс. Махаббат сезімінің дамуы адам тұлғасының даму деңгейлеріне байланысты. Осыған байланысты балаң жастық шақта оянған махаббаттың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол қандай ерекшеліктер?

Кіршіксіз жастық шақтың алғашқы махаббаты әрқашан да асқақ сезімге бастайды. Жасөспірім шақтағы алғашқы махаббатты жоққа шығаруға болмайды: оны адам баласының тарихы, өмірі дәлелдеді.

Махаббат мәселелері жасөспірімді оның махаббат сезімдері оянудан көп бұрын ойландырып толғандырады.

Жасөспірім шақтағы махаббат қиялға толы. Бұл кездегі махаббат көбіне достықтан шығады. Бірін-бірі сүйе жүрсе де, ұл бала мен қыз баланың көпшілігі өздерінің қарым-қатынастарын көбіне достық деп атайды. Жасөспірім шақтағы жаңа оянған сезімдер өзінің тазалығын сақтай отырып, бірте-бірте бұрынғыдан тереңірек мазмұнға ие бола түседі.

Әр түрлі күй кештіре жүріп, алғашқы махаббат аяқ астынан сөніп қалуы да мүмкін, нақты адам емес, қиялмен жасалынған келбетті сүйгенде солай болады. Бұрынғы бейненің орнына қияли жаңа бейне келуі мүмкін. Сондықтан да жігіттер мен қыздардан сезім мәдениеті жоғары болуы, ұстамдылық көрсетуі, өзін-өзі үнемі тәрбиелеуі талап етіледі. Бұлай болмаса, ерте оянған махаббаттың аяғы жеңілтектікпен некелесе салуға, өмірін өкінішке ұрындыруға, мектепті тастауға, асыл мұратты аяқ асты қылуға, арманынан айырылуға соқтыруы мүмкін. Демек, махаббат ерте оянған кезде жігітке немесе қызға жанашыр біреу (анасы, апасы, ағасы не сіңлісі, мұғалімі) болған жағдайды ақылмен ойландыра түсіндіруі керек-ақ. Тегінде нағыз махаббатты көрсеқызарлықтан қалай ажыратуға болады? Нағыз махаббаттың белгілері кандай? Нағыз махаббат адам қатынастарының барша байлығын өз бойына сіңіреді. Ол тек тән құмарлығымен ғана емес, ең алдымен жеке тұлғаның психологиялық даму деңгейімен, оның еңбекқорлығымен, одан қалды оның идеялық-саяси және құқықтық көзқарастарымен сипатталады. Махаббат дегеніміз - парасат гүлдері. Адамның парасат тамыры сау болмаса, мөлдір махаббаты да болмақ емес.

Үлкен махаббат адам жанын жаңғыртып, оны тазарта, жақсарта, күштірек ете түседі. Махаббаттың күштілігі сонда, ол адам өмірін қайта жарата алады. Шын ғашық болған адам рухани байып, шабытпен өмір сүреді. Шын беріле, жан-тәнімен сүйетін, өзінің де сүйікті екеніне сенетін адам өз ғашығының бақыты жолында азап пен жоқшылыққа да, өзін-өзі құрбан етуге де дайын тұрады.

Адам өмірінде қанша рет сүйе алады деген сұрақ та тууы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы адамның нені махаббат деп түсінуіне байланысты. Азды-көпті құмарту сезімі ойламаған жерден тұтануы мүмкін. Ол тез солады. Көрсеқызарлық «махаббат» болса, әрине, адам өз өмірінде талай рет сүйе алады. Шынайы махаббатқа әдепсіздік пен арсыздық әрқашан да жат. Онда өзара сыйласу, өзін-өзі ұстай білу, керек жерінде сүйгені үшін өз мүддесін құрбан ету басым болады. Ол отбасында дамып, байып, нығая түседі. Көбіне мұндай махаббат өмір бойына созылады. Сүйе білу - қабілет, ал сүюге қабілетсіз жастар бос өмір сүреді, ол жеке тұлға ретінде қалыптаспаған.

Шынайы махаббат үнсіз келеді, өйткені шын сезім алдымен сөзбен емес, іспен білінеді.

Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,

Көзбен көр де, іштен біл, — деп жырлаған Абай бұл жөнінде.

Құрметті оқушы! Махаббат сендер үшін парасатты өмірдің жаңа саласы, оған тек бір жақты қарап, оны тек мереке мен қуаныштан тұратындай көрмеу керек. Махаббаттың сүйген адамға артар жауапты да ауыр міндеті көп, оларды біліп, орындауға әзір тұру керек. Өйткені еріксіз сезім емес, оны басқара білу керек, бақылай білу керек. Оның қайталанбас сұлулығы мен даналығы да осында жатыр.

Ғашықтардың мінез-құлқы мәдениетті болуы тиіс. Егер адам тәрбиелі болса, онда ол біреуді сүйген кезде де өзін лайықты ұстайды.

Кейбір зерттеулерге жүгінетін болсақ, жастардың басым көпшілігі достарының арасында, би алаңында, жырақта жүргенде және тағы басқа жерлерде танысады екен.

Адамды жақсы тани білу үшін, онымен мүмкіндігінше көбірек араласқан жөн. Сүйіктіңнің жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де жете білу үшін, оны өмірдің әр қилы сәттерінде көрген қажеттілік. Қосағыңды өмірлік деп таңдайсың, сондықтан да некеге тұру жөніндегі шешіміңді туған-туыстарың мен достарына айтудың алдында әбден ойланып-толғанып алған дұрыс.

Қай дәуірде де, қай халықта да ата-ананың күйеу баласы мен келініне ақ батасын беру рәсімі болған.

Некеге даярлық деген не? Неке дегеніміз — махаббаттың іс жүзіне асуы. Отбасының тұрақтылығы да, бақыты да некеге дейінгі жағдайларға байланысты. Жақсы отбасын құрудың елеулі шарттары некенің адамгершілік, құқықтық негіздерін түсіну, отбасын құруға деген психологиялық даярлықтың болуы, үй шаруашылығымен айналысудың белгілі дағдыларын игеру болып табылады.

Некеге тұруға ешкім ықтиярсыз көндірілмейді, бірақ некеге тұрған адам неке заңдарына бағынуға тиіс. Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Заңда белгіленген жасқа толған еркектер мен әйелдердің некелесіп, отбасын құруға құқығы бар. Неке ерлі-зайыптылардың ерікті түрде келісуіне және құқық теңдігіне негізделеді», - деп көрсетілген.

Некеге тұру біздің елімізде (АХАЖ-ЗАГС) тіркеуден өтеді. Ертеректе неке суын ішу мешіт арқылы да іске асырылған. Қазір әлемнің көптеген елдерінде шіркеуде тіркеледі. Бұл біздің өмірімізге де еніп келеді. АХАЖ арқылы жүргізу де қазіргі азаматтық заңдардан туындаған. Себебі ажырасқан жағдайда негізгі кұжат та сол болады, балаға материалдық кепілдеме алу, дүние-мүлікті бөлісу де сот арқылы шешіледі.

Некеге тұру жасы біздің Конституциямызда 18 жас деп көрсетілген, Украина мен Өзбекстанда 17 жас.

Қалай болғанда да некенің заң жүзінде немесе дін ұйымдары арқылы тіркелуі жұбайлардың міндеттерін қалыптастырады, жауапкершілігін арттырады.

Некелік құқықты енгізу, жұбайлар арасындағы бұл қатынастардың пайда болуы — тарихи заңдылық қана емес, ол тарихи прогрессивтік уақиға, адамгершілік, эстетикалық қатынасты байытатын тарихи құбылыс.

Жоғарыда «Неке дегеніміз — махаббаттың іс жүзіне асуы», - дедік. Некеге дейінгі қатынас жастардың бірін-бірі сүюіне, махаббатына байланысты. Сүю — сүйген адамның өмірімен өмір сүру, басқаның бақытынан өзінің жеке басының бақытын табу.

Тұрақты махаббаттың негізін Абай: «Махаббатсыз — дүние бос, хайуанға оны қосыңдар. Махаббат - өмір көркі...», - деген. Ол өзінен өзі пайда болмайды, оның мыңдаған қыры мен сыры, өз мұңы, өз бақыты мен хош иісі болады.

Олай болса, некеге дейінгі қатынастың сан алуан жағдайларының, негізгісі — сүйіспешілік, махаббат. Онсыз некеге тұратындардың бақытсыздыққа кездескен мысалын әр халықтың, әр ұлт адамдарының өмірінен көптеп келтіруге болады. Тұрмыс құрмағандар — адамдық міндетін орындаудан қашқандар. Адам баласы адамгершілік қасиетін, борышы мен міндетін тек үйлену арқылы орындай алады. О. Бальзак: «Ерлі-зайыптылар бастары қосылғанша бір-бірінің мінез-кұлқын, әдеттерін біліп алмаса, некенің бақытты болуы мүмкін емес», - деген болатын.

Некеге тұру ер мен әйелдің жауапкершілігін арттыратынын жоғарыда айттық. Соған байланысты өмірге жаңа адам келеді. Қоғамның материалдық негізі — экономика, өндіріс, ал өндіріс адамның іс-әрекеті арқылы дамиды. Ол үшін ұрпақ жалғасы үнемі дамып отыруы керек. Демек, некелесіп отбасын құру адамзат ұрпағын дамытудың бірден-бір негізі болып табылады.

2. Отбасы әлеуметтік институт есебінде адам қоғамның қалыптасуымен бірге пайда болды. Отбасының дербестігі болғанымен, бірақ отбасылық қатынастар қоғаммен, оның дамуымен тікелей байланысты.

Отбасы — кіші әлеуметтік топ, ал оның мүшелері некемен немесе қаны бір туыстығымен, тұрмыстың ортақтығымен және өзара адамгершілік жауапкершілікпен байланысты. Отбасы — қоғамның бастапқы ұясы, қоғамның әлеуметтік құрылымының негізі болып табылады.

Ер мен әйел - отбасының екі іргетасы. Бұл іргетас үйленумен құрылады. Отбасында адамдар ұрпақ жалғастырады. Сонымен қатар қоғамның қартайған, еңбекке жарамсыз мүшелеріне қамқорлық та осында іске асырылады. Отбасы тұрмыстық қатынасты қалыптастырудың да алғашқы ұясының бірі.

Отбасы тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік құбылыс, себебі формасы өндірістік қатынастарға, оның ішінде меншіктік қатынастарға тікелей тәуелді. Мәселен, некелік қатынастардың алғашқы тарихи формасы - полигамия, ал өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншіктің пайда болуына байланысты ол моногомиялық (бір некелік) отбасымен ауысады.

Отбасы некеге қарағанда күрделі жүйе, себебі ол жұбайларды ғана емес, олардың балаларын, басқа туыстарын да біріктіреді.

Принципінде отбасы — тұрақты жүйе. Олардың тұрақтылығы мен беріктігі де әр кезде өзгеріп отырады. Оған әсер ететін құқық, дін, коғамдық пікір, психологиялық факторлар, әсіресе экономикалық өмір бірлігі.

Отбасының, негізін қалайтын неке — ол ерікті де тең болуы керек, күштеп немесе тәуелділіктің салдарынан некелестіруге болмайды. Отбасы түрлі жыныстылардың арасындағы жұбайлық қатынас болғандықтан, табиғи, адалдық-эстетикалық қатынасқа негізделуі керек, жұбайлардың сүйіспеншіліктен қанағат алуы материалдық есепке негізделмеуі тиіс. Отбасының қоғамдық құндылығы тек меншікке, мұрагерлік мүддеге негізделмеуі қажет, ол жеке адамдардың рухани қалыптасу дамуына байланысты болуы қажет.

Сондықтан да қоғам некелік-отбасылық қатынастын нығаюына тікелей ынталы болып, соған қамқорлық жасайды. Отбасы жұбайлардың, ата-аналардың қоғам алдындағы жауапкершілігі нәтижесінде дамып, нығая түсуі керек.

Отбасының өмір сүріп, дамуының ерекше жағдайлары да бар. Олар: әлеуметтік, таптық, ұлттық сипаты, өмір сүру ортасы, материалдық жағдайы, отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, олар сақтайтын әдет-ғұрыптар, әрбір жаңа отбасының адамдық, экономикалық негізі. Бұлар отбасы мүшелерінің қабілетін, адамгершілігін, жауапкершілігін сезінуіне байланысты.

Отбасының маңызы оның атқаратын қызметі арқылы анықталады. Екінші сөзбен айтқанда, отбасының мазмұны мен қатынасы тікелей байланысты.

Отбасының қызметі деген түсінік оның қоғаммен қатынасының жүйесін көрсетеді, сонымен қатар отбасы мен жеке адамның қатынасының жүйесін көрсетеді. Отбасы - қоғамның бастапқы ұясы, қоғамдық-әлеуметтік құрылымның негізгі элементтерінің бірі бола отырып, көптеген әлеуметтік қызметтерді атқарады

Отбасының қызметі қоғамдық-тарихи жағдайларға, оның мүшелерінің жігерлілігі мен еңбек сүйгіштігіне де тәуелді.

Қазіргі отбасының негізгі қызметтері. Отбасының бірінші міндеті – ұрпақ жалғастыру қызметі. Бұл барлық тарихи кезеңдерде қоғам үшін де, жеке адам үшін де маңызды қызмет болып келеді. Бірақ жұбайлардың балалы болу тілегі, қоғамның қай кезеңінде болмасын, оны қанағаттандыратын әлеуметтік жағдайларға сәйкес өзгеріп отырған, қазір де солай. Мысалы, дәстүрлі (патриархалдық) отбасы — шаруашылық-экономикалық қажеттіліктен туындаған. Отбасының қызметі ерлі-зайыптылардың неше баламыз болуы керек деген ерік бостандығына тікелей байланысты емес, оның санына шек қойылуына таң қалуға болмайды. 1936 жылы КСРО-да түсік тастауға тыйым салынды, яғни ерлі-зайыптылардың неше балалы болуымыз керек деген бостандығына тыйым салынды.

Дегенмен, солай болғанда да, қоғам отбасының өмірге қанша жаңа адам әкелу қызметіне әсер етпейді деуге болмайды. Қоғам әртүрлі әлеуметтік саясатты басшылыққа ала отырып, яғни өмірге адам әкелудің экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайларын жасай отырып, ерлі-зайыптылардың өз тілегінен көп немесе аз баласы болуына итермелейді. Мысалы, Қытайда отбасында бір бала ғана болу саясаты жүргізілді. Бұл - тарихи факт. Мұның зиянды жағы - отбасында бір баланың болуы ұрпақ жалғасуына, халықтың өсуіне кері әсерін тигізеді. Соның нәтижесінде туу азаяды да, елдің еңбек ресурстарының негізі болатын жұмысқа қабілетті адамдар азайып кетеді. Бірақ халқының саны 1 миллиардтан асқан Қытайда шектеулі жер аумағына шамадан артық адам санын орналастыру мумкіндігінің жоқтығы бала табу мөлшеріне шек қоюға мәжбүр етті.

Қазір біздің республикамыздағы әр түрлі саяси-экономикалық жағдайларға байланысты орыстар және басқа да ұлттардың өкілдері көшіп жатыр, ал олар өндірістің шешуші салаларында қызмет атқаратын. Сондықтан да жаңа ұрпақтың көбеюі, яғни бала тууға ынталандыру көлемді әлеуметтік, саяси-экономикалық проблемаға айналды.

Қазақстан Республикасының табиғи байлығы мол, жаңа зауыттар, фабрикалар салынуда, онда білімді адамдар жұмыс істеуі керек. Қандай жаңа техника, технология енгізілсе де, оның тетігі адам қолында.

КСРО-да ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін бір әйелге 4,4 баладан келсе, 1990 жылы - 2,2 (қалада - 1,8, селода - 3,3) баладан келді, ал Түркіменстан мен Тәжікстанның селолық жерлерінде 6,5-6,6 баладан келсе, Латвия мен Эстонияда бір баладан аспады. Қазір біздің республикада бір отбасына орта есеппен 2,5 баладан келеді. Аз балалы отбасы барған сайын көбейіп барады. 1998 жылғы есеп бойынша туудан өлім көбеюде.

Сондықтан да қоғамның болашағын ойлай отырып, бала тууды ынталандыру, балалы аналардың материалдық жағдайын қазіргіден жақсарту жағын ойластырып, балалар бақшасын қайта ашу жұмыстары атқарылып жатыр, жағдайын жақсарту болашаққа бүгін жасаған қамқорлық болуы тиіс. Олай болса, ұрпақ жалғастыру әлеуметтік қана емес, саяси-экономикалық та проблема болып табылады..

Отбасының екінші маңызды қызметі — материалдық-экономикалық және тұрмыстық-шаруашылық мәселелері. Отбасының бұл қызметі қазіргі уақытта бірінші орынға көтерілді, себебі халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Ана ерінің, күйеуінің, туысқандарының көмегінсіз өмір сүре алмайтын дәрежеге түсті. Сонымен отбасы мүшелерінің экономикалық тәуелділігі артты, әсіресе көп балалы отбасында.

Отбасы мүшелерінің шаруашылық-тұрмыстық қызметін ерлі-зайыптылар бірігіп атқаруы қажет. Қазақта: «Үйлену оңай, үй болу қиын», «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақыл сөздер бар. Оның мәнісі отбасылық өндірісті ұйымдастыру керек, отбасылық меншікті, үй шаруашылығын жүргізу қажет деген сөз. Табыс табу, отбасы мүшелерін экономикалық-материалдық жағынан қамтамасыз ету ерлі-зайыптылардың ортақ парызы, отбасының берiктігі де осыған байланысты.

Бұрынғы кезде әйел үйде үй шаруасын жүргізді, бала туды, оны тамақтандырып тәрбиеледі, ал ері шаруашылық жұмысын жүргізді, отбасының экономикалық дербестігіне жағдай жасады. Қазір жағдай өзгерді. Әйелдер ерлермен бірдей жұмыс істейді. Сондықтан шаруашылық-тұрмыстық қызметті бірігіп жүргізуі өмір талабына айналды.

Отбасында тұрмыстық мәселелерді шешумен қатар әдет-ғұрыптарды сақтау іске асырылады. Отбасы мүшелерінің, туған-туысқанның туған күні, оқуға бару, оқу бітіру, жұмысқа орналасу т.б. мерекелік күндер өткізіледі, оларды да ортақтасып өткізу қажет.

Отбасының шаруашылық қызметін ерлі-зайыптылардың өзара бөлісуі әр түрлі. Әйелдер тамақ істеу, қонақ қабылдау, кір жуу, бала күту, т.б. жұмыстарға бос уақытының 70-80 пайызын жұмсаса, еркектер олардан 3-4 есе кем уақыт бөледі, ал балалар тіпті 10-15 есе кем істейді екен. Ал тұрмыстық қызмет атқару мекемелері отбасының тұрмыстық қызметінің отыздан бір бөлігін ғана атқарады екен.

Отбасы адамның өз өмірінің негізгі процестерін бастан кешіретін кіші әлеуметтік топ болып табылады. Ондағы әрбір адамның өмірі отбасымен тығыз байланыстылығы сонша, ол әрбір отбасы мүшесінің дамуына шешуші әсер етеді.

Отбасы қоғамдық қатынастар мен процестердің алуан түрлі формалары біртұтас болып ұштасатын комплексті әлеуметтік құбылыс болып табылады. Сондықтан да отбасына объективтік тұрғыдан ғылыми зерттеу жүргізу оңай емес.

Адам мен қоғам үшін отбасының маңызы, атқаратын қызметі алуан түрлі болғандықтан, оны зерттеуші қоғамдық ғылымдар да көп. Бұл ғылымдардың әрқайсысы өз анықтамасын беруге тырысады. Әлеуметтану ғылымы оны былай анықтайды: отбасы дегеніміз тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ — оның жалпы белгілері — бөтен адаммен жыныстық байланыс орнату, туысқандық қатынастар жүйесі, адамның әлеуметтік және жеке-дара адамгершілік сапаларын қалыптастырып дамыту, белгілі бір экономикалық қызметті іске асыру.

Қысқасы, отбасы еркек пен әйелдің табиғи жыныстық және басқа қажеттіліктерін (рухани, этикалық, эстетикалық, т.б.) өтеп, ұрпақ өсіру арқылы қоғамды қалпына келтіре дамытушы әлеуметтік топ болып табылады.

Отбасындағы қатынастар, оның құрылымы мен формасы тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ болып табылады. Отбасы ұсақ (кіші) топ ретінде мынадай негізгі функцияларды іске асырады: репродуктивтік (бала табу арқылы қоғамды қалпына келтіру); экономикалық (өндіру және тұтыну); қорғаныс функциясы (отбасы мүшелерінің денсаулығына, материалдық игіліктермен қамтамасыз етуге, қауіп-қатерден қорғауға қамқорлық жасау); балаларды оқыту, тәрбиелеу; эмоциялық (ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сүюі); әлеуметтендіру функциясы (балаларды қоғамдық тәртіпке, мінез-құлыққа, т.б. баулу). Отбасының өзінің тарихи өзгерісіне байланысты бұл функциялардың арақатынасы да өзгеріп отырады.

Отбасының формасы мен атқаратын міндеттерінің (функциясының) өзгеруі, сайып келгенде, өндіргіш күштердің дамуына, яғни адамның шығу тегін айқындайтын элементтердің дамуына байланысты болады. Бұл жөнінде
Ф. Энгельс өзінің «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» деген еңбегінің кіріспесінде былай деп жазды: «Қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш, сайып келгенде, өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру болып табылады. Алайда, өндіріс те екі түрлі болады. Бір жағынан — тіршілік қажеттерін: азық-түлік, киім-кешек, баспана және бұларды өндіру үшін кажетті құралдар өндіру; екінші жағынан - адамның өзін өндіру, ұрпақты өсіру. Белгілі тарихи дәуірде және белгілі бір елде өмір сүретін адамдардың қоғамдық қатынастары өндірістің осы екі түрімен: бір жағынан, еңбектің, екінші жағынан, отбасының даму дәрежесімен анықталады...».

Қазіргі қоғамдағы отбасы кіші әлеуметтік топ қана емес, ол сондай-ақ құқықтық (праволық) институт та болып табылады. Құқықтық институт ретінде отбасы — туысқандық және некелік қатынастар арқылы өзара байланысты адамдар тобы, оларға тиісті құқықтық нормаларға сәйкес белгілі бір құқықтар мен міндеттер берілген.

Адамдардың өндіріс тәсіліне сәйкес отбасы да әлеуметтік топ ретінде тарихи өзгеріп, дамып отырады. Отбасының тарихи дамуының ғылыми-материалистік теориясын жасай отырып, Ф. Энгельс американдық ғалым Льюис Морганның (1818—1881) этнологиялық зерттеулерін пайдаланды: Л. Морган ұзақ уақыт бойы солтүстік американдық индеец-ирокездердің Сенека тайпасында тұрып, жүргізген байқауларын, атап айтқанда, олардың туысқандық және отбасылық қатынастарына жасаған зерттеулерінің нәтижелерін пайдаланды.

Л. Морганның зерттеулеріне негізделген жорамал бойынша, адамзат қоғамы тарихының бастапкы кезеңінде адамдар арасындағы жыныстық қатынастарға ешқандай шек қойылмаған - үлкендер мен жастар, балалары мен ата-аналары қатынаса берген. Бұл жабайы не жартылай жабайы кез болатын. Морганның және басқа зерттеушілердің дәлелдеуіне қарағанда, отбасылық, қатынас промискуитет деп аталатын бұл кезеңнен кейін бір қандастар отбасы — синдиасмикалық, отбасы және моногамдық отбасы кезеңдерінен өткен.

Бір қандастар отбасы топтық некеге негізделеді, ал мұнда жыныстық қатынастар тек бір ұрпаққа жататындар арасында ғана рұқсат етіледі. Бір ұрпаққа жататындардың бәрі, яғни аға-інілер мен апа-сіңлілер туысқандығына қарамастан бір отбасы құрған. Мұндай отбасы эндогамдық (жақын туыстар арасындағы жыныстық қосылу дегенді білдіреді) топ болады, өйткені оған бір руға немесе тайпаға жататындар кіреді. Қазіргі кезде мұндай отбасы жоқ, бірақ кейбір халықтарда ағайынды екі адамның балаларының үйлену фактілері кездеседі (өзбектер, араптар т.б.).

Бұдан кейін біртіндеп эндогамдық принцип экзогамдық принциппен, яғни ру аралық некелесу формасымен ауысады. Бұл формада бір рудың бір қыздары (апалы-сіңлілер) басқа рудың бір топ туысқан жігіттеріне шығатын болған. Бұл бір әйел мен бір еркектен тұратын отбасыға көшудің алғашқы қадамы болды.

Бір еркек пен бір әйелден тұратын моногамдық отбасына өтудің тарихи типі синдиисмикалық отбасы болды — ол жабайылықтан варварлыққа өту кезеңінде пайда болды, ал полигамия (көп әйел алу формасында) тек еркектердің ғана құқығына тиді. Отбасының бұл формасында баланың шын биологиялық әкесі белгілі болатын болды да мұның өзі рулық қоғамның ыдырап, жеке меншіктің, қосымша өнімнің шығуына, сөйтіп моногамды отбасының тууына жағдай жасады.

Моногамдық отбасы патриархалды қатынастарға негізделгендіктен отбасының басшысы еркек болды, отбасының ажырасуы да еркектің ғана еркімен болатын болды.

Қазіргі заманғы отбасының негізгі типтері.

Қазіргі заманда бір типті отбасы жоқ. Отбасылық қатынастардың формалары түрліше болуының себебі белгілі бір қоғамның даму дәрежесімен және ондағы қоғамдық қатынастардың сипатымен анықталады. Қазіргі кезде бар отбасының типтері мыналар: тотемдiк қауым (ру), патриархалды туыс топ, патриархалды отбасы және жеке отбасы.

Тотемдік ру біздің заманымызда әлі де болса кездесетін ең көне отбасы формаларына жатады. Мұндай отбасылар Австралиядағы кейбір тайпаларда кездеседі. Ру мүшелерінің жеке-дара есімі болмайды екен, бәрінің ортақ есімі болады. Мұндай отбасындағы неке жеке болмай, жалпы (ортақ) болады екен, баланың әкесін анықтау мүмкін емес, бала шешесінің есімімен аталады. Мұндай отбасы кейбір көшпелі тайпаларда кездеседі.

Патриархалды туыстар тобы (туыстық отбасы) өткен замандарда индоеуропалық халықтардың бәрінде болған, ал кейбір халықтарда қазір де бар. Бұл отбасында бірнеше ұрпаққа жататын отбасы мүшелерінің бәрі туысқан аға-іні және апа-сіңілі болып табылады. Отбасының басшысы біреу — ол отбасының атасы болады.

Ұрпақтардың шығу тегіне қарай бұл отбасы матриархалды немесе патриархалды отбасы болады. Біріншісі — отбасының көне түрі. Мұнда көп күйеуі болуы жиі кездеседі. Мұндай отбасы тибеттіктерде және Оңтүстік Индияда тұратын тода деген халықта кездеседі.

Патриархалды отбасының басшысы — еркек.

Сондай-ақ баланың тегі бір мезгілде әке жағынан да, шеше жағынан да анықталатын екі жақты отбасы кездеседі. Бұл жеке отбасының түріне өтетін өтпенді форма болып табылады.

Моногамды патриархалды отбасында оның басшысы мүліктің бірден-бір иесі болып саналады. Бұл — жеке меншіктің шығуына байланысты болған отбасылық қатынас. Бұл отбасының мүшелері — ері (құқықтың бәрі еркектікі), әйелі, ұлдары (әкесі өлгенше), қыздары (тұрмысқа шығып кеткенше).

Жеке отбасы — бүгінгі таңда дүниеде ең кең тараған отбасының түрі. Бұл отбасы енді тек әлеуметтік топ қана емес, сондай-ақ, заң жүзінде бекітілген топ.

Енді, қорыта келгенде, отбасыға мынадай анықтама беруге болады: қазіргі заманғы отбасы — ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге құрылған негізгі әлеуметтік топ, отбасыға сонымен бірге ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді. Отбасының функциясы бала тауып, тәрбиелеп өсіру, ерлі-зайыптылардың жыныстық, эмоциялық сезімдерін және басқа (әлеуметтік, экономикалық) қажеттерін өтеу. Қаладағы отбасылар барған сайын өндірістік топ болудан қалып барады, ал селолық отбасылар бұрынғыша өндіруші және тұтынушы топ болып табылады.

Ерлі-зайыптылар арасындағы, сондай-ақ ата-аналар мен балалары арасындағы қатынастар да өзгерді.

3. Отбасының ең маңызды қызметінің бірі — тәрбиелеушілік міндеті; оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі — баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдату, үлкен ұрпақтың тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.

Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің, әсіресе естияр ұрпақтың беделі, өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы — бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол», - дейді.

Жан қиналтатын жағдайларда бар. Арақ ішу, тәртіп бұзу, боқ ауыз сөздер сөйлеу, жатып ішерлік мұның бәрі - адам тәрбиелеуге теріс әсерін тигізеді.

Отбасының тәрбиелеушілік міндетіне тікелей байланысты оның тағы бір қызметі бар. Оны дамытушы міндет деп атауға болады. Ата-аналар балалардың жеке ерекшеліктерін неғұрлым ертерек байқауы керек. Сонда ғана балалар өздерінің ішкі қабілеті мен дарынын тез дамытады. Жас күнінен бастап олардың қабілетін байқап, оған сәйкес тәрбиелеу, бағдар беру қажет.

Балалардың үздіксіз дамуы, шығармашылық қабілетін іске асыруы отбасынан басталады. Бұл іс отбасының естияр мүшелерінің тікелей міндетіне жатады: әке-шеше балаларына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапты.

Отбасының бұл қызметі қазіргі уақытта аса маңызды мәселенің біріне айналды. Отбасының бұл қызметін іске асыру ерлі-зайыптылардың некеден алған қанағатына, отбасының беріктігіне, өмірдің қуанышына, бақытына байланысты. Отбасының бақыты сүйіспеншілікті нығайта түседі.

Отбасының бақыты, жайлы-жайсыз өмірі, өзара түсінісуі қызметтен бос уақытын қалай өткізетініне тікелей байланысты. Зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, әрбір бақытсыз отбасындағы ерлі-зайыптылардың бестен бірі ғана демалысын бірге өткізген, ал бақытты ерлі-зайыптылар түгелдей бірге өткізген. Отбасының демалу қызметі отбасының бос уақытты тиімді пайдалануына бағытталады, яғни олардың өзара қатынасының мәдениетін көтеруге, денсаулығын жақсартуға, күш-қуатын қалпына келтіруге жұмсалады.

Бақытты отбасында ғана ерлі-зайыптылардың, олардың балаларының өзара қарым-қатынасы байи түседі.

Отбасының жыныстық міндеті деген де бар. Отбасының бұл міндеті жайлы соңғы уақытқа дейін айтылмай келді, ал бұның маңызы басқа қызметтерінен бір де бір кем емес. Зерттеушілердің көрсетуіне қарағанда, жыныстық жағынан сәйкестік рухани сәйкестіктен кейін үшінші орын алады. Ерлі-зайыптылардың сексуалдық қанағат алмауы оларды жеңіл жүріске жетелейді де, ақырында ажырасуға дейін апарады. А. Бебель «Адамзаттың кінәратсыз дамуы ер мен әйелдің дұрыс жыныс қатынастары жағдайында ғана мүмкін болады. Жыныстық құштарлықтың табиғи қанағаттандырылуы еркектің де, әйелдің де дене және рухани дамуы үшін қажет. Бірақ адам хайуан емес: оның ең күшті құмарын қанағаттандыру үшін оған дене жақындығы аз, оған сондай-ақ рухани құштарлық пен өзінің некелескен адамымен көзқарастар ұқсастығы да қажет», - деген.

Отбасының жазылмай жүрген тағы бір қызметі бар. Ол күнделікті өмірде ертеден қалыптасып келеді. Олар: отбасының жақсы әдет-ғұрпы, үлгі-өнегесі, ауызбірлігі, ерлі-зайыптылардың сүйіспеншілігі, кездескен қиындықтарды жеңе білуі, тұрмыстық салт. Бұларды ұрпақтан ұрпаққа беру, жалғастыру отбасының міндеті, оны нығайтудың шарты.

Сонымен біз отбасының негізгі қызмет-міндеттерін қысқаша қарастырдық. Олардың іске асуы көптеген факторларға байланысты, атап айтқанда, коғамның саяси-экономикалық, рухани жағдайларына, некеде тұрған азаматтардың білім дәрежесіне, мәдениетіне, өмір салтына, олардың құндылық жайлы түсініктеріне, т.б. байланысты.

Отбасының құрамы деп олардың мүшелерінің өзара жиынтығын айтамыз, оған туысқандықтан басқа рухани, азаматтық қатынастар, билік, бедел қатысы да жатады.

Отбасының туысқандық құрылымы, біріншіден, жұбайлар мен балалардан, екіншіден балалары мен жұбайларынан және әйелдің, болмаса күйеуінің бірге тұратын туыстары, немере-шөберелерінен тұрады.

Жұбайлардың өзара билік белесіне сәйкес отбасының екі түрі болады:

1) демократиялық;

2) традициялық немесе авторитарлық.

Бала санына байланысты 4 түрлі отбасы болады:

1) көп балалы (үш бала, одан көп);

2) орташа (екі балалы);

3) бір баласы бар;

4) баласыз отбасылар.

Отбасы әр түрлі басқа жағдайларға байланысты да топқа, түрге бөлінеді. Олардың шартты сипаты түрліше. Мысалы, баланы тәрбиелеу әсеріне қарай жайлы және жайсыз отбасы болады. Материалдық жағдайына, табысына қарай да отбасы түрлерге бөлінеді (жоғары, орта және төменгі).

Отбасының өмір сүру сипатына қарай үш түрі болады:

1. Дәстүрлі отбасы, бұл ерлі-зайыптылардың, жалпы отбасының құндылығына байланысты. Мұнда бүкіл отбасы мүшелері бос уақытты бірігіп өткізеді, теледидарды бірігіп қарайды, отбасы басшысы формалды болса да ер адам, әйел үй жұмысын істейді, бала тәрбиелейді.

2. Ер мен әйел қатынасы кәсіби жетістікке, жеке адамның дамуына бағытталады. Негізінен бір бала болады, үй жұмысын бөліп атқарады, мүмкін болғанынша ата-ана көмегі пайдаланылады. Театрға, концертке, киноға, спортқа бірге барады. Басшылық демократиялық сипатта болады.

3. Жас отбасы, мұнда бос уақытты бірігіп те, бөлек те өткізеді. Бағыты 2 балалы болу. Шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер тең іске асырылады.

Отбасында қайшылықтардың тууының негізгі екі себебі бар: ішкі және сыртқы себептер. Сыртқы себептерге тұрғын үй, табыс, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшеліктер т.б. жатса, ішкі себептерге — махаббат, эмоциялық сезім, қамқорлық, ауыз бірлік, т.б. Себептердің екеуі де жас отбасы үшін дағдарыс жағдайын туғызуы мүмкін.

Отбасының тұрақсыздығы ажырасуға апарады. КСРО бойынша, 1991 жылғы есепке қарағанда, 2,7-2,8 млн. неке тіркелген, содан 930-980-ні ажырасқан. Біздің республикамызда 1994-1996 жылдар аралығында, 100 мың тұрғынға шаққанда, ажырасу орта есеппен 40 мың болды, ал 1997 жылы 32,8 мыңға жеткен.

Ажырасудың негізгі себептері:

1) жұбайлардың мінез-кұлқының, көзқарастарының сәйкеспеуі;

2) арақ ішу, әсіресе ерлер тарапынан;

3) үй жағдайының, әсіресе жастарда, қолайсыздығы;

4) жұбайлық опасыздық;

5) балалы болғысы келмеушілік;

6) жыныстық кемшілік.

Осы аталған себептер әр аймақтарда әр түрлі көріністе болады, Ресейде — арақ ішу, мінездің сәйкессіздігі, Эстонияда — жұбайлардың опасыздығы, Арменияда, Грузияда, Өзбекстанда — ата-анаға дұрыс қарамаушылық, т.б.

Зерттеулердің көрсетуіне қарағанда, некенің бұзылу себептері некеге тұрғанға дейінгі жағдайларға да байланысты. Олар әлеуметтік-экономикалық жағдай, қыз бен жігіттің білім ерекшеліктері, мәдени дәрежесі, жас ерекшеліктері, күйеудің, қыздың ата-аналарының теріс әсерлері, т.б.

Қорыта айтқанда, осы күнгі неке-отбасы мәселесінде үш негізгі, басты проблеманы атап көрсетуге болады:

1) отбасының беріктік, тұрақтылық проблемасы;

2) бала табу, ұрпақ өсіру проблемасы;

3) отбасының тұрмыс жағдайындағы қиыншылықтар проблемасы.

Дегенмен, ажырасудың жоғары деңгейі некенің қоғамдық институт ретіндегі маңызын жоймайды, отбасы дағдарысының жалпы көрсеткіші бола алмайды. Керісінше, отбасы адамзат қоғамының әлеуметтік негізі болып қала беретінін үлкенді-кішілі адамдардың бәрі мойындайды. Әңгіме тек отбасылық қатынастардың сапасына адамдардың барған сайын жоғары талаптар қоюында болып отыр.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 4101 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.042 с)...