Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

МОСКВА ҮІШН ШАЙҚАС 5 страница



—Дұшпанның күштерімен толық танысыңыз. Кім-мен кездесу керек екенін білу кажет,— деп касыма келіп, қырын қарап, картаны тағы бір шолып өтті.— Ал сіз қалай ойлайсыз?

—Кестеңізді шолып өткендей болдым. Толық танысып, түсіндім деп айта алмаймын. Сіздің картаңыздағы жағдайдың көлемі менің дәрежемнен зорлау көрінеді, түсіндіріп, көмектесуіңізді сұраймын, жолдас генерал,— деп оншама үлгере алмағандығымды мойныма ала жауап қаттым.— Менің жалғыз түсінгенім — мені кайда жұмсағалы тұрғаныңыз ғана.

Соңғы сөзіме генерал қарқ-карқ күлді.

—Менің де көздегенім сол еді, сізді түсінсін деп едім, дұрыс, жақсы айттыңыз, адал айттыңыз,— деп бастады қарт.— Біздің қолымыздағы ақпарларға карағанда, дұшпан күшін жинап, барлық даярлык қызметін бі-тірген болу керек. Жақында шабуыл жасауы күмәнсіз. Бұл айқын мәселе, меніңше салмағын Волоколамск Даңғыл жол бойына салып, бір жұлқынғанда Ястра қаласына шығу, жалпы бет алысы Москваның батыс қабырғасы болуы керек. Жаратып жинаған күштеріне карағанда оның ойы екпінді қарқынын Москваға жетіп, бір-ақ баспақ-ау деймін. Көріп тұрсыз, егерде біздін алған мәліметтеріміз дұрыс болса, біздің дивизияға, кемінде, дұшпанның үш-төрт дивизиясы шабуыл жасайды. Бұл бағытта біздің еншімізге одан кем тие қоймас деймін. Әрине, оның қолында да біз туралы мәліметтер жоқ емес. Күшіне сеніп құлашын алысқа сілтеуі де ғажап емес. «Алды-артына қарамай даңғыл жолмен Москваға тарт!» — деген жоғарыдан жарлығы бар көрінеді. Рас болса, бұл мәліметті біз пайдалануымыз керек. Жол бойындағы жер жағдайын пайдаланып, аз күшпен алдына бөгет болып, тіресе соғысып уақыт ұтып, жолды қолдан шығармай біраз әурелеп, бекініс жасап соғыссак.Табандылық болса, оның көп күшін шығынға ұшыратып, әжептәуір кедергі бола аламыз. Бірақ та ол үшін әдіс, айла, ептілік керек...

Тағы сол сияқты жағдаймен толық таныстырып, кеңес пікірлер айтты.

— Күтпеген жерден жағдай өзгере қалса, оған карсы жұмсайтын менің басы артық күшім жоқ. Алдыңғыларды дұшпан қайтсе де басым күшімен шегіндіреді. Орнынан бір қозғалып, үрке, бытырап шегінген жауын-герлердің басын қосып, ұйымдастырып, қалпына келтіру оңай емес. Дұшпан өкшеңді баса қуса, басын қоса алмайсың да. Орманда жалғыз жарым қаңғырып жүрген топтар көрсеткен карсылық, баса-көктеп келе жатқан лек-лек қолға маса шаққандай да әсер ете алмайды. Сондықтан сізге манадан бері айтайын дегенім — жолдың айқасқан түйінін, соқпақтарды мықтап ұстап, оңай бермеу керек. Орман, шалшық төтемен танк машиналары ұзақ дамып, алға баса қоймас. Қысқасы сіздің батальон мына үш қысылтаяң жерді осы айдың 20-сына дейін қолдан шығармай мықтап ұстап отыруы керек,— деп манағы картадағы белгі соққан жерлерін керсетті.

—Жолдас генерал, рұхсат етіңіз, 5—6 километр жерді бір батальонмен калай ұстатпақсыз?!

—Құла даланы қорғағын деп отырған мен жоқ. Мына төбеғе бір рота, мына станцияға бір рота, мына қыстақтарға бір рота,— деп қаламмен түрте-түрте керсетіп, генерал маған қарады.— Қайдан 5—6 километр?

— Сіз көрсеткен жерлердің арасында мына 3—4 километр жерде, төрт солдаттан болайын деп тұр ғой, оны қалай қорға дейсіз? Ол былай тұрсын, айландырған үш ротаны сіз көрсеткен шоқыға қойып, олардың ұрыс қимылын мен қалай басқарып үлгермекпін, жолдас генерал?

Біраз сабырмен ойлап тұрьш:

—Әр жауынгер, әр командир алдына қойған міндетін орындай білсе, оны сіз оларға түсіндіре білсеңіз, басқару деген сол болады. Командир әр солдаттың қанжығасына байлана алмайды. Біздің өз басымыздағы тәжірибелерімізге қараңыз: бұдан бұрын төрт қоршауды бұзып шыққанда мен қасыңызда емес едім ғой. Мен басқарып па едім? Тек алдыңда екеуміз қандай жағдайда, қалай өту мәселелерін толығынан келісіп алмап па едік. Бұдан былай да қасыңызда бола алмаймын. Әдейі сөздің иін қандырып алғалы шақырьш алып отырмын. Ойыңыздағы күдік нәрсені именбей ашық айтыңыз, жолдас Момышұлы, бір-бірімізге сеніп айырылайық.

—Ашық айтатын не қалды дейсіз, жолдас генерал. Сіздің пікіріңіз маған түсінікті, — деп біраз ойланып қалдым: — неміс 16-сы күні шабуыл бастаса, алдағылар 17-не дейін төтеп берсе, маған кезек 18-де келеді... 19— 20 күні қоршау болып... немісті мына жолдармен емін-еркін жүргізбей кедергі болып... шегінген полктар есін жинап, бастары қосылып, тағы бір жерде алдына қарсы тұруына себеп болса, жақсы болар еді, жарлығыңызды орындау жағын ойлаудан артық айтарым жоқ, жолдас генерал.

—Бәрекелді, тап ойымның үстінен шықтыңыз. Әңгменің барлық желісі солай, шабуыл 16—17-нен кешікпей- ақ басталар деп болжағанмын...

—Рұқсат етіңіз, мен жүрейін, жолдас генерал. Қарт мені есікке дейін шығарып салып, жанаса келіп, қолын иығыма қойып тұрып, біраз қиналғандай:

—Жолыңыз болсын, жағдай ауыр, сіздің батальонды құрбандық атап отырмын,— деп көзіме тесіле қарады.

—Түсінем, жолдас генерал, сенгеніңізге сансыз рахмет.

* * *

Штабым Рождествено қыстағында еді. Келсем Мұхаметқұл қонақ болып отыр екен. Қомандирлерге тиісті бұйрықты беріп, олардың әрқайсысына қайда барарын карта бойынша айгып көрсетіп болған соң:

— Ал, Мұқа, жаксы келіпсің, роталар даярланып жиналғанша бір сағаттай уақытымыз бар, әңгіме шертіңіз, — дедім мен, келгеннен бері үн қатпай отырған Исламкұловқа.

— Иә, тағы да жолығамыз ба, жолықпаймыз ба, «час неровный» деп орыстар айтпақшы, ауытқып тұрған соғыс жағдайы ғой,— деп бастады ол әңгімесін.— Бірнеше сабаздар кыршын кетті, олардың ерлігі ел құлағына же-тіп те, жетпей де жатқан шығар. Өлім хабары кімге де болса суық хабар ғой. Ақыры қырғын ішінде жүрген өзіміздің де өлім десе денеміз түршігеді. Адамның еті өліп кетеді екен дегенге мен сенбеймін, өзің өлмей етің өлмейтініне менің көзім анық-ақ жетті. Үлкен ғанибет, халықтың намысына қара таңба түсірмей, ананың ақ сүтін ақтай қайтты марқұмдар. Мүмкін бір күні біз де шейіт болармыз. Сені мен бұрын онша түсінбеуші едім. Тәртіпті кей мезгілде өте қатал ұстауың жанъімды шошытып ренжітуші еді, енді ойлап қарасам, оның игілігін көрген жігіттердің иықтары көтеріңкі. Біз осалдықтың кесапатынан сорлап, ақыры бір ұрыска төтеп бермей, тобымыз бытырап, рәсуә болдык. Сендерді генерал тағы бір қысылтаяңға жұмсапты, бұл жерден не өліп шығасыңдар, не үлкен, зор абырой, атақпен шығасыңдар. Қарттың жасырмастан ашық айтқандығы, сендерге сенгендігі ғой. Ол кісінің онысы сабаздық. Сендерде сабаздық істеңдер. Сабаздықа сабаздық болсын...

—Ай, Мұқа. ақылыңызға рахмет, осыныңыз да жетіп жатыр, қысқаша басыңыздан өткендерді айтыңызшы,— деп қулана күлімсіреп, көзі жәутеңдеген Бозжанов сөзін бөліп жіберді.— Есіткіміз келеді. Енді бес ми-нуттан кейін комбат барлығымызды мынау үйден қуып шығарады, ананы-мынаны тексер деп, бүл кісінің сырын сіз білмейсіз? — деді.

—Ой, карағым Жалмұхамет-ай, мен де қалай бастарымды білмей отырғаным ғой, жайбарақат аспай-саспай отырып айтатын әнгімелерді қалай қысқартып, тоқетерін айтарымды білмей отырмын... Ал, қысқарта айтқанда әнгімем мынадай: Дұшпанмен бірінші рет кездескенде дұрыс айқастық. Жігіттер көңілдегідей-ак төтеп берді. Екі шабуылын каусырата тойтардық... Түс қайта бергенде күтпеген жерден артымыздағы орманнан екі жүзден аса автоматчиктері шыға келді... бытырлатып оқты жаудыра бастады... пәлені қара тана бастады деген дейін штаб маңайындағы бөлімшелер үркіп, қойдай тоғысып, үрейлене састы... «Қоршау», «Қоршалдық» деген мегбірсіз хабардың алға қалай жетіп қалғанын кайдам: бет-бетімен босып бара жатқандарын бір-ақ көрдік. Батальон командирі, қарт майор Поляков орынды бұйрықтар беріп, жан-жаққа хабаршылар жұмсап, обалы не керек, қолынан келгенін істеп жатты. Штаб маңайындағылардан 50—60 адам жинап қорғана бастадық. Әр-қайсысының қасына барып «атқын-атқын» деумен зордан ұйымдастырып жау тобын атқылай бастадық... Оған да жан керек емес пе, тізіле қаптап келе жатқан немістер етпетінен түсіп жата-жата қалды. Қаптап келіп қалған жау қарқынын оқпен басып, тыныс алғандай болдық... Орнымнан атып тұрып бесатарымды көтере «За мной!» деп айқайлай жауға қарсы тұра жүгірдім. Немістер атуын тоқтатты... Қарасам қолдарын былғап сак-сақ күліп жатыр екен иттер. Артыма жалт қарадым. Маған ілесіп келе жаткан еш пенде жоқ. Не етерімді білмей тұрып қалсам керек — басым мең-зең, жынды болып кете жаздадым... үріккен танадай жалт беріп, бетімнен отым шығып, ішім құса, запыранға толып қайта қаштым, немістер мені мазақтай атқылады... Келсем барлығы бұғып, орындарынан тырп етіп бас көтермей жатыр. Құсаланып, не айтарымды білмей, тұншыға көгеріп, «ә, пасық иттер!» деп бастап, бірнеше ашулы қатты сөздерді айтып, айқайлап жіберіппін. Майор Поляков маған өте жаны ашыған көзбен кіналана қарады. Оның орынбасары Черных үн қатқан жоқ. Немістер шынымен-ақ оқты жаудыра атты. Орнынан тұра бергенде майордың маңдайынан бір оқ дәл тиіп, табан асты тіл қатпай қаза тапты бишара шал... Атысып жатырмыз... Черныхқа «енді батальон командирінің орнын басып, берер бұйрығыңды тез бергін» дедім. Күйгелек жазған ешнәрсе мардымды айта алмады, жағдайды өзгертерлік әрекет істей алмадық... Кеш батты. Түнде Черныхтан да айрылдық... Таң ата, орман ішінен оншақты адаммен бірге келе жатып, роталардың қалғанына кездестім. 80—90 жауынгерлердің басын қосып, «енді қайда барамын» деп біраз қиналып отырдым... Үш-төрт күн жау артында сандалып жүріп, ақыры Волоколамск каласына келіп, полк штабын таптық... Сол күннен бастап үшінші батальонның аты өшті. Осы кезде бізбен екіншінің қалғандарын біріктіріп бір батальон болып отырмыз. Мені алтыншы ротаның командирінің орынбасары етіп тағайындады...

—Роталар орындарынан қозғалып, жолға шықты, жолдас комбат! — деп баяндады Рахимов.

—Дұрыс, Мұқа, енді жүре әңгімелесейік, сөзің аузыңда,— дедім мен. Барлығымыз үйден бірге шықтық...

* * *

Екінші ротаның командирі Семен Краев, ұзын бойлы, құлағы едірейген, етсіз жақты, өткір жасыл көзді, арық тарамыс сары жігіт еді. Аяздан сары түгі үрпиіп көгере тоңғандай жағы қусырылып, бұрынғысынан да арық көрінді. Біз 151, О нысаналы төбенің айналасын аралағалы екі сағаттай болды. Жан-жақты болжап, бақылап, әскер тілінде айтқанда, рекогносцировка жасап болғандаймыз. Күн батып, ымырт жабылардың алды. Екі қара жолдың торабы көпірдің алдында түрмыз.

— Қысқасын айтқанда былай, Краев,— дедім мен.— Дұшпан келсе мына екі жолмен келеді. Басқа айналаның бәрі шалшық екенін көзің көрді ғой. Алдыңдағы қалың орман оған паналап келуге өте жағдайлы-ақ. Сен орманда соғыспағын, айналдырған сексен адамыңмен соқыр орманда жасырынбақ ойнаудың қажеті жок. Орманнан шегіне беріп, мына ашықты қорға. Алдынан тосып алып, дәлдеп атуға ашық жер ыңғайлы болар.

—Жолдас комбат-ау, ол орманды паналап тұрып бізді де дәлдеп атады ғой. Сүйтіп жер жағдайын пайдаланса, ол бізді ұтпай ма,- деді Краев үріккен тананың көзіндей көзін алақтатып.

—Ей, сен,— деп зекірдім,— саған мен кеудеңді жау оғына ашып, тосқын деп тұрмын ба! Тосып ал дегенге неге түсінбейсің. Немістерді орманнан 150—200 метрдей шығармастан атып нең бар сенің.

—Онда түсіндім, жолдас комбат,— деді ол езуін самарқау жиып.

—Дұрыс түсінсең. Ол да ақымақ емес, қалбалақтап тосқан оқ торына келіп түсе қалатын аңқау айуан ол емес. Алдымен барлау жібереді. Оны калай етпексің?— деп тіке сұрадым.

Біраз ойланып тұрып:

—Бәсе, оны қалай ет дейсіз, жолдас комбат? — деп о да сұрақ койды.

- Барлаушыларын неғұрлым бермен ашыққа шығарып алып, акырғы адымына дейін мына алдағы ойпаңнан кейін қайтармай қырып салғын.

—Кейінгі, арттағы күші...

- Жә, жә! Сабыр етіп тыңда алдымен. Артынан келе жатқан негізгі күш бұл бағытта батальоннан аспас, барлық салмақ даңғыл жолда болар. Сенің жатқан мына төмпешегіңді ол зеңбірек, минометпен біраз иге салады. Жауап қатпай, тырп етпестен жата бергін... Жаяу әскері ашық жерге шығып жақындағанда пулеметің мен мылтыктарыңа сөз беріп, оқпен қапсыра құшақтап бір көргін... Не болып шығар екен. Алыстан бажылдасып не керегі бар... не де болса жақыннан болсын. Мұндайда қолтықтаса құшақтасудан қашпаған ұтады. Не де болса тәуекелге бел байла, тәуекел.

—Жарайды, құп болады,— деді ол күйгелектеп, үйреншікті жауаппен,

—Алдымен ойлан. Біздің әңгімеміз құр бал ашу болып жүрмесін. Ойлан, Краев, шалағайлық болмасын. «Құп болады» мен ғана жауды жеңген командирді әлі көре алмадым. Ойлан! Сендердің еншілеріңе тиген осы жер. Сыбағаңа ақылмен ие болып, айламен қорға, қорғай біл...

—Я, дұрыс айтасыз, жолдас комбат, ойлайын,— деді ол тағы да қаймыға күйгелектеп.— Еш нәрсемді аямаймын,— біраз күмілжи тұрып:— Бірақ та сізден қандай жәрдем болады... егерде күтпеген жерден халіміз нашарлай қалса, қайттік?

—Саған шыны керек пе? — деп тіке қарадым.

—Әрине, жолдас комбат, әрине.

—Қысыр сиырдан бүзау күтпегін. Егерде телефонмен байланысымыз болса, мен саған жәрдем...— дей бергенімде Краев жалма-жан:

—Болады ғой, бұзылса тездеп түзетіп тұрармыз,— Деді.

— Менің жәрдемім... қысылған кезде саған ұрсу, әрі-беріден кейін зекіріп боктау. Ол мырс етіп күліп жіберді.

—Одан басқа, жолдас комбат, одан басқа, жәрдем жағы...

— Одан баска түк те бере алмаймын, түгім де жок... Айта берсең Матренино, Горюны халдары нашар болса 30—40 адам алуым да мүмкін. О да есінде болсын.

- Сен алыстасың. Мұнда қимыл жекпе-жек ғана. Даңғыл жол бойына қарағанда, мұнда онша ауыр бола қоймас. Біраз сұрлана бозарып:

—Бірақ та бізді есіңізден шығарманыз, жолдас комбат. Сіздің даусыңызды уақытылы естіп тұру бізге бұрын медет болушы еді,— деп жасығандай болды.

—Тәйт, менімен біржолата қоштасып тұрсың ба өзің,— деп зекірдім.

—Жоқ, жолдас комбат, өзіңізден бұйрық болмай, мына төбені қолдан шығармаймыз,— деді ол күліп.

—Істерің қайырлы болсын! Жауынгерлерге түсіндіріп айтқайсың...

* * *

Жолда, Матренинода бірінші ротаның командирі Филимоновпен жолығып, біраз кідіріп даңғыл жол бойындағы Горюны қыстағына қас қарайғанда жетіп, аттан түстім.

Күн бойы салқын далада болып, үйге еніп біраз жылына бастағанда суық қарыған бетің мен ернің тырыса ашып, шаршағаныңды бір-ақ сезіп, көзің кірбиіп қалғи бастайсың. Бірақ қызмет жағдайы әр уакытта да сергектікті тілейді. Бастаған істі аяқтамай ойың жай таппайды. Тыныштық безген жерде ұйқының не ақысы болсын.

— Үшінші рота жаңа келіп жетті, лейтенант Танковка қай жерді қалай қорғауды көрсеттім,— деп баяндады үйге ене Рахимов.

Мен оған бірінші, екінші роталардың жағдайын толығынан айтып, карта жүзінде көрсетіп, олармен қалай байланыс жасау, тағы баска нұсқауларды беріп бітірген соң, Жалмұхамет Бозжановты ертіп далаға шықтым.

Айнала жым-жырт. Қап-қараңғы түн. Жер беті аппақ қар. Айналадағы орман тым-тырыс мүлгіп тұрғандай. Даңғыл жол енді токылған өрмектей тіп-тіке, тұп-тура жалтыр, жосылып жатыр. Қыстақтың аз ғана үйлері де жол жағасында күркеше- күркеше болып қарауытып, қаз-қатар тізіліп тұрғандай, олар да жым-жырт, тым-тырыс. Лейтенант Танков келді. Үшеуміз қыстақты екі айналып шықтық. Шаршаған жауынгерлердің көбі окоптарына бір құшақ пішен, я сабанды әкеліп төсеп, шинельдерінің бір етегін төсеніп, бір етегін жамыла бүрісіп ұйықтап жатыр екен. Әр бөлімшеде аяздан тықыршып қарауылда тұрған жауынгерлер ғана.

- Жігіттерге дем алуға рұхсат етіп едім, жолдас комбат,— деді Танков.

—Дұрыс, демалғандары да теріс болмас. Айналаны жарық кезде біраз болжап, қалай бекініс істеуді ойладың ба? — деп сұрадым одан кеп.

Танков әр окоптың басында қалай қорғану мәселесін ретімен баяндай бастады. Толығынан тыңдадым. Қараңғы түнде не көріп, не түзетерсін.

—Жарайды, таң ата көрерміз. Тиісті кызметіңді істей бер,— деп Танковқа рұқсат беріп, штақка келдім.

Ұқыпты Рахимов керекті кағаздарды даярлап койған екен.

—Екінші ротамен телефон байланысы былай тұрсын, қос атты, қос жаяу хабаршылар дайындап жібердім. Біріншімен де байланысты солай істейміз бе, жок әлде штаб Матренинода бола ма? — деп, сұрады менен аға адъютантым.

—Штаб осында болады. Матренино жер ортасы болғанмен, меніңше мына жағдайда біздің осында болғанымыз дұрыс болар деймін.

—Я, ақсақал, той-тамаша осы даңғыл жол үшін болар,—деп қарап отырмайтын Жалмұхамет сөзімді бөлді.

—Дұрыс айтасың, сондықтан әлі екі пулемет пен зеңбіректерді осында қалдырыңыз,— деп жүре жауап беріп, қағаздарды оқып, кейбір жерлерін түзетіп отырғанымда:

—Рұқсат етіңіз,— деп біреу кіріп келді. Күңгірт шамның жарығынан қонақты онша таныңқырамай үңіле қарадым.

Мұрны едірейген, бұзау тұмсык, бойы бір тұтам, келте бақай сары жігіт:

—Жолдас аға лейтенант, танк қираткыштар командасы. 25 адам сіздің қарамағыңызға келді. Лейтенант Угрюмов! — деп саңқ-санқ еткен даусымен өзін-өзі устав бойынша таныстырды.

Сырткы пішінімен пысықтығына қарап барлығымыз да еріксіз езу тарттық.

—Отыр, ерім,—деп алдымдағы орындықты көрсеттім.— Ал, батырым, танкты қирататын кандай жарақтарың бар, баянда!

Бойы тапал, қас-кірпіктен ешқандай хабары жок, аузы кере қарыс, салпиған қалың ерінді, сойдақ күрек тісті, жылтылдаған кішкене шыны көзді, мақтадан сырып тіккен сатпақ-сатпақ телогрейканы қаусыра белінен мықтап, жалпақ сары белдікпен буған сары жігіт қысыла терлеп, төмен қараған күйінде:

—Гранатамыз бар, он шақты бөтелкеміз бар,— деді.

Үйдегілер ду күліп жіберді.

—Солармен танкіні қиратпақсың ба?

—Әйтеуір сіздің қарамағыңызға жіберді ғой. Танкқа десеңіз танкқа, жаяуға десеңіз жаяуға шабуылға баруға жараймыз,'—деп намысына тигендей көкірегін көтере сөйлеп, басқаларға қарады:—Менің жігіттерім жақсы жауынгерлер, қолынан келгенше аянбасқа тырысады. Оларға менің сенімім мол, жолдас комбат,-—деді.

—Өте дұрыс, ерім. Жауынгерлерге сену командирдің басындағы бақыты, үлкен ырыс. Жауынгерлер командирге сенсе, одан артық абырой болмайды... Я, сенім, сенім. Сенім — үлкен медет...

—Олар маған сенеді, жолдас комбат, политруктан сұраңыз,— деп Угрюмов жұлып алғандай менің ойымды бөліп жіберді.

«Я, дұрыс» дегендей бүрышта тұрған аққұбаша жас жігіт жымиып, лейтенантқа сүйсіне қарады. Менімен көз кездесіп жалма-жан қолын шекесіне көтеріп:

—Политрук Георгиев!—деп өзін маған таныстырды.

—Дұрыс, отыра тұрыңыз, мен мына қағаздарды көріп шығайын, сонан соң сөйлесейік,— қағазды түртіп көрсеттім,— кезек осылардікі еді. Айып болмасын, — деп қалай қорғану жоспарын қарай бастадым.

Угрюмов темекі тартуға рұхсат сұрады... Әп-сәтте үкпелі көк темекінің қоңырсыған ащы исі мүңк ете қалды. Қарап едім, Угрюмов қалың газетке колақпандай ғып ораған шылымын құмарта үсті-үстіне сорып түбі түскен шелектей танауынан түтінді бұрқырата шығарып, ра-хаттанып, мұрнының үсті бөрте тершіп отырғанына көзім түсті.

—Сен баяғы, жорықшы барлаушы емеспісің? — деген сұрағыма:

—Бір кезде барлаушы болғаным да рас, бірақ кейіннен мені одан алып тастады,— деді.

- Неге?

- Рұқсат етсеңіз әңгімені бастан айтайын, жолдас комбат. Егер де есітпеген болсаңыз,— деп жайбарақат әнгіме бастады.— Бір жолы барлауға барып едік. Біз барған қыстаққа әлі немістер келмеген екен. Оның ар жағындағы екінші қыстақта екенін бір колхозшы айтты. Бір колхозшының киімін киіп, жиырма шақты жауынгерлерді сол қыстақта қалдырып, өзім немістер тұрған қыстаққа бардым. Қыстақты аралап жүріп, кешігіп қалсам керек, біз тұрған қыстақты немістер мен қайтқанша басып алып қойыпты. Бөлімшемді таба алмадым. Қайда зытып кеткенін қайдам. Біраз жаңағы қыстақты аралап, бір немістің солдатынан темекі сұрап тарттым дағы, кешке таман сөлбірейіп, өзіміздің штабқа келіп, мән-жайымды, көрген-білгенімді айттым. Командир маған ұрсып, орнымнан алып тастады. Жауынгерлер командирдің қа-рамағына оларды жұмсау үшін беріледі, жүмсай білмейсің деп кейіді...

Үйдегілер біраз күліп алды.

— Жарайды енді, бұдан былай қарамағыңдағы адамдарды тастап, ондай бейбастық істемессің. Жауынгерлерді бір үйге орналастырып, демалыңдар. Не істейтіндеріңді таң ата айтармын,— деп оның әңгімесін доғарып. кетуіне рұхсат бердім.

Зуылдап ысқырып келіп қыстақтың дәл ортасына екі зеңбірек оғы түсіп, бірінің артынан бірі гүрс-гүрс жарылды. Терезенің шынылары ауа толқынынан сыңғырлап жерге түсіп қирады. Стол үстіндегі май шырақ селт етіп құлай жаздап, қалтылдай дірілдеп, жарығын жыпылықтата орнында қалды. Сабырлы Рахимов.

—Дыбысына карағанда жүз бестен кем емес,— деді де,— мен барып орнын көріп келейін, жолдас комбат, шығын бар ма екен. жоқ па екен,— деп өзінен өзі сұрағандай шығып кетті.

—Қап, мына ит терезені қиратып, үйдің ішін суытып жібергенін қарашы,— деп Жалмұхамет плащ-палаткамен терезені кымтап жаба бастады.

Таң атқанда әрбір 10—15 минут арасында неміс екі-үш снарядтан атқылап тастап тұрды. Дұшпанның ондай «қалжыңына» үйренген жігіттер кез келген жерге орналасып, біреулері демалып, біреулері жұмыс істеп, түннің қалай өткенін білмей қалды.





Дата публикования: 2015-02-18; Прочитано: 263 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.017 с)...