Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

МОСКВА ҮІШН ШАЙҚАС 4 страница



—Есімде, жолдас генерал.

—Ендеше мен сізбен әңгімелессем, сөйлессем, мәселенің анық-қанығына жетсем, уақыттың бос кеткені ғой деп ойлайсыз ба? Жоқ, мен уақытты бос жібермеймін. Сіздіңше, соғыс талдауды керек етпей ме? А? Біле-білсеңіз, әрбір соғыстан кейін талдау жасап, соғыс қалай өтті, не ұттық, неден ұтылдық — осының бәрін мүшелеп жілікке бөліп қарап, жеке-жеке бағаласақ басқалардың пікірін біліп, ақылдасып, кеңесіп, талдау жасап отырсақ іске пайдалы қаншама ақылға ие болар едік. «Қеңесіп пішкен тон келте болмайды», деп бекер айтылды дейсіз бе?..

Коштасар алдында генерал маған бірнеше тапсырма беріп, соғыста ерекше ерлік көрсеткендерді наградаға ұсынуды бұйырды.

—Егер де, жауынгерлердің ішінде Совет Одағының Батыры деген атаққа тұрарлық ерлік істеген кісі. болса, именбестен ұсыныңыз!

Мен генералдан шығып, қайтып келе жатырмын. Жаңбыр себелеп айналаның бәрін тұнжыратып, түкситіп тұр. «Батыр атағына (?!)» деген генералдың сөзін ішімнен қайталап... Деревняның шегіне шыға берісте атқосшым Синченко алдымнан қарсы алып, штаб орналасқан үйге ертіп кірді. Николай Метрофанович Синченко Жетісуда туып өскен орыс жігіті. Оның орысша, қазақша тілі бірдей. Онымен екеуміз ылғи қазақша тілдесетінбіз. Үйге кіріп келсем, жерге шинелдерін төсеп тастап, противогаздың дорбаларын бастарына жастанып, ұзын бойлы ат жақ сұр аққұба Рахимов, онымен қатар балапандай үрпиген ақсары шашты, қыздай қызыл шырайлы лейтенант Тимошенко, жалпақ қара торы еңгезер палуан Бозжанов, тағы бірнеше байланысшылар ұйықтап жатыр екен. Ұйықтап жатқан жоқ есінен танғандай сұлап жатыр. Етіктерінің қонышына шұлғауларын жайып қойыпты. Үйге кіргенде қоламсы қоңырсыған иіс мүңк ете қалды. Бәрі де қатты ұйқыда, дабыл қақсаң оянбастай. Шын шаршап мүлде қажығандар ғана осылай ұйықтаулары мүмкін.

—Тамақ әкелейін бе? — деді Синченко, мені әбден ашыққан болар дегендей, бетіме қарап...

—Жоқ, мен тамақтанып келдім, Николай Митрофанович,— дей салдым мен оның қалбалақтағанына мән берместен.

— Сізді күтіп, сыбағаңызды от үстінен түсірмей отыр едік. Ең болмаса бір-екі қасық ыстық сорпа ұрттап бойыңызды жадыратыңыз...

—Мен саған айттым ғой.

—Иә, иә, тек әншейін...— деп сөзін аяқтамай Николай шығып кетті.

Орындыққа отыра кеттім де шырт ұйқыда жатқандарға қарадым: Рахимов шалқасынан түсіп, екі қолын кеудесіне айқастырып, түсі боп-боз болып, табыттағы өлген адамдай көгере бозарып жатыр.

Тимошенконыц беті күйіп-жанып жатқандай лаулап қызарған, жас баладай жиі-жиі дем алады...

Бозжанов бір жамбастап жатыр. Үлкен басы противогаздан сырғып түсіп оң қолының алақанын жастанып жатыр...

Байланысшы жауынгер тіреуге сүйеніп, бүк түсіп ұйықтап отыр. Аяқ жағында иесіз қалғандай телефон тұр. Басындағы құлақшыны бір жақ шекесіне қисайған, телефон трубкасы қолынан түскен күйінше, тастай салған тоқпақ жіліктей екі аяғының ортасында жатыр.

Біреуін оятып алайын дедім де, ұйқысын қимай, қалтамнан папирос кұтысын алып, темекі тұтатып тартып отыра бергенімде:

—Ей, сендерге не болды, тоқтай тұр деймін. Қарашы мұның қылығын, дәл бір генералдан келген шабармандай екпіндеп...— деп есік сыртынан Синченконың ашулы даусы шықты. — Сендерге мен жаңа ғана келді, тамақ ішкен жоқ, демалған да жоқ дедім ғой... немене сонша...

— Барып айт деймін мен саған! Тез айтқын деймін,— дегенде, мен айбарлы гүрілдеген өктем шекарашынын, даусын танып:

—Кім ондағы? — деп сұрадым.

—Жәй, мына біреулер,— деп Синченко кінәлі адамдай сөйлеп, есікті ашып ауыз үйде тұрғандарға ала көзімен карай беріп,— неғылған адамдар екенін түсінбеймін, ай-шай жоқ ентелеп, баса көктеп барады,— деді.

Қарасам ауыз үйде бастығы шекарашы болып, 90 жауынгердің бір топ өкілі тұр екен.

Оларға кіріңдер деп рұқсат бердім. Ең алдымен шекарашы кірді де, ыржия езуін жиып, қолын көтеріп сәлем беріп:

—Жолдас аға лейтенант!..— деп гүрілдей жөнеле бергенде... арт жағындағы жай киінген қаба сақалды кісі жеңінен тартып калып, «мыналардың ұйқысын бұзба, ақырын сөйле» дегендей иегімен ұйыктап жатқандарды меңзеді. Шекарашы аузына құм күйылып, жым болды. Сонан соң аяғының ұшымен басып қасыма келді де сыбырлап:

—Жолдас аға лейтенант, біздің жұртшылығымыздан сізге көп рахмет,— деп тікесінен тік тұрып, екі езуі кең, ен жайлау болып, ыржия күліп, есіктің алдында топырлап тұрғандарды нұсқап:— мен мыналардың бастығы ретіндемін. Бұлар маған тапсырды... Рахмет сізге,— деді.— Біздің құйрығымызды тәуір-ақ қатты бұрадыңыз. Бірақ, оның есесіне қоршаудан алып шықтыңыз. Сусын беріп, тамак беріп қатарға қостыңыз. Енді бізге киім ауыстыруға баруға рұқсат етіңіз,— деп ол сақалды кісігекөзін қулана қысып қойды.— Винтовка алайык, не керек немістермен соғысу үшін сақадай сай қалыпқа келейік. - Рахмет, жолдас аға лейтенант,— деді бірнеше жолдасы оны жабырласа қоштап,— өзіміздің адамдарға келіп қостыңыз...

Оларға менің сонда не айтқаным есімде жок. Есімде қалғаны: сол жолы мен оларға зекірмедім де, ақырмадым да, өз жанымнан ақыл айтпадым. Тек оларға генералдың маған айтқанын айтып бердім. Сонда олардың маған риза болып кеткені есімде.

—Ой шіркін, батырлардың ұйыктасын-ай,— деді біреу жерастынан шыққандай. Жалт карасам Толстунов екен. Көңілі шат, жүзі жайдары.

—Сен неге ұйықтамай жүрсің? — дедім.

— Е, өзің неғып ұйықтамай отырсың?

—Мен жаңа ғана генералдан келдім.

—Ал, мен комиссарға барып қайттым,— деді Толстунов.

—Федор Дмитриевич, берірек отыршы сен. Генерал маған бір жауапты тапсырма жүктеді,— дедім мен Толстуновқа.

—Немене, тағы да соғысқа бармақпыз ба?

—Соғысқа бармағанда тойға барамын деп келіп пе едің, сен мұнда?

—Жа, жа, кекетпей-ақ, айтатынынды айтсаңшы, немене осы ылғи тап мен сенің ен салып алған бәсіреңдей-ақ...осы сен комбат...— деп Толстунов шамдана бастады.

— Әй, тұра тұрсаңшы. Ең алдымен тыңдасаңшы. Генерал ерекше ерлік көрсеткендерді наградаға ұсын дейді.

—Е, несі бар, ұсынсын...

— «Несі бар» деуін. Кім? Кімді ұсынамыз? Сен кімді ұсын демексің? Сенің ойыңша кім лайықты?

—Кім лайықты деген сөз бе екен? — деп Толстунов таңдана қарап.— Менімше ұсынатын адамдар аз емес. Мысалы, Донских, Рахимов, Мұратов, Севрюковті кайтесің? Ползунов пен Бозжановты қайда қоясың? Онан соң сәл кібіртіктеп: — Брудный ше?.. Тағы басқалар аз ба, тәйірі? — деді.

—Мүмкін сен бүкіл батальонды тұтас наградаға ұсын дейтін шығарсың?

—Е, ұсынса несі бар? — деді ол сәл ренжіген пішінмен,— сен комбат, өзің әрдайым, осы...

—Жоқ, жоқ, Толстунов,— дедім мен онын сөзін бөліп.— Кімде-кім жақсы соғысқан екен, оны екшелеп керегі жоқ. Әркім жақсы соғысуға міндетті, жақсы соғысу, міндетті адал атқару — әркімнің борышы. Рас солай екен, ендеше мен оларды наградаға ұсынбақ тұрмақ рахмет те айтпаймын.

—Сен қызық екенсің комбат,— деді Толстунов ашуланып,— сен өзің немене, мінезің қызық-ақ? Немене соншама, жұрт жанын аямағанын білесің, енді...

—Жоқ, сен өзің қызықсың. Біз ұдайы шегініп келеміз, шегініп келеміз... Сонда награданы не үшін алу керек? Шегінгенің үшін бе? Сонда жаныңды аяп шегінгенің үшін бе? —деп, Толстуновқа ызалы ақырып жібердім.

Толстунов сасқалақтап, көзі жыпылықтап:

—Неғыл дейсің енді? Маған айқайлағанша, генералға сөйтіп неге айтпадың...— деді.

—Айттым да,— дедім мен.— Бірақ, ол кісі әрбір солдат адал еңбегі үшін жылы-жылы сөз естігісі келеді, әрбір солдаттың соғыста көрсеткен ерлігін елеусіз қалдыруға болмайды дейді. Сөйтіп, жігіттерді наградаға ұсынуды бұйырды.

—Бұйырса орындау керек,— деді Толстунов даусын бәсеңдетіп,— генерал үш соғысты басынан кешірген, не істеу керек, не істемеу керек екенін ол кісі бізден жақсы біледі.

—Ол рас, бірақ мен қалай, не үшін наградаға ұсынуға болады — әлі соған түсіне алмай отырмын. Мүмкін сен түсіндірерсің маған.

—Қайт кейін? Өй, енеңді...— деп кенеттен Краев көзі ұйқыда, көкірегі ояу жатып, жұдырығын түйе көтеріп аунай беріп айқай салды.— Деревняны аралап бет-бетмен кетіп қалғанды көрсетермін мен сендерге? — Краев енді ұйқысы әбден ашылып, Толстунов екеумізді көріп, абыржып тұра отырып көзін уқалай берді.

—Кімді сыбап жатырсыз, Краев?

—Жә, түсімде әлгі тоқсан тағы да бет-бетімен бытырап кетпекші болғаны ғой, жолдас комбат,— деді Краев қарлықкан дауыспен.

Толстунов екеуміз күліп жібердік. Қраев етігіне аяғын сұғып, қонышын тарта беріп күңкілдеп:

—Осы жерге жеткенше солар-ақ менің қызыл қаным-ды қара етіп бүлдіріп болды. Тіпті ақыры ұйықтап жатсам түсіме де кіреді. Әсіресе, әлгі бір еңгезердей шекарашы,— деді ол, екінші етігін күшене тарта киіп.

—Жолдас лейтенант, ол шекарашы жаңа ғана келіп кетті,— деді Синченко Краевқа. — Сізге рахмет жаудыра-жаудыра кетті. Бірақ сіздің ұйқыңызды бұза алмай, ауыз-екі тілдесе алмағанына қатты өкініп кетті.

—Мейлі тәңірім алды-артынан жарылқасын, енді бара берсін баратын жағына,—деді Краев.

—Краев, осы бізде батырлар бар ма? Сіз қалай ойлайсыз? — дедім мен.

—Бар емей ше, әрине бар, жолдас комбат. Біздін. батырлар аз емес. Мысалы, Блоханы алайық, батырдан несі кем оның...

Сонда мен біраз ойға шомып тұрдым да, құлшына дауыстап:

—Рахимов! Тұрыңыз. Краев! Оятыңыз мыналардың бәрін! — деп бұйырдым.

* * *

Буы бұрқырап төңкерілген үлкен қара қазандай аспан. Төбеден төніп, жаңбыр қиғаштай екілене себелеп соғып тұр. Айнала көзге түртсе көргісіз, шырттай караңғы. Алыстан дамыл-дамыл әупілдеген зеңбіректердің даусы құлаққа талып жетіп, еміс-еміс естіледі.

Осы бір меңіреу қап-қараңғы түнде біздің солдаттар Возмище деревнясының көшесінде жүгіре басып, асығыс сапқа тұрып жатты. Генерал: «Дауыл алдындағыдай айнала мылқау жым-жырт...» деп еді.

...Я, караңғы түсе бергенде сарындана дауыл басталды — біз соғыс болып жатқан жерге қарай жөнелдік.

* * *

Волоколамск қаласының әр үйінің дуалдарын паналай қарсыласып, күші мол дұшпанмен үш-төрт күн қырғын соғыста тайталастық. Қаланы дұшпан басып алып, біз қалаға көршілес сыртқы деревнялармен калың орман жиегіне қарай табан тіресе жылжи шегініп барып зордан тоқтадық. Бір-бірімізді әрі-бері итермелеп орнымыздан қозғалмай жағаласып, арпалысып жатырмыз. Уақыт өтіп барады, біз орнымыздан козғалар емеспіз. Волоколамск каласын аларын алса да — алға басарға дәрмені таусылып, қарқыны басылған жау да ылажсыздан тойтарыла тоқтаған, орнынан бір қадам ілгері баса алмай жатыр. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» дегендейін, каланы дұшпан көп шығынға ұшыратып алды. Күші азайып, аяғына тұсау салынды. Мұндай тоқтап кідіруге мұқтаж болып күш ауыстырып, басқа жақтан жаңа күш келіп косылуын күтуді әскери тілінде «вынужденная оперативная пауза» деп атайды. Арада бір ай өтті.

Күздің сылбыр жаңбыры. Мезгіл өз міндетін қыс иығына аударған кез. Солтүстіктен соққан суық қара жел бет каратар емес. Ызғары өңменінен өтеді. Ерегісе қасқайып қарсы тұра қалсақ аяз инесін тырнақ астына бойлата сұғады. Тыз етіп ашыған дене, шым еткен жерін үйкелетеді. Тастай қатқан жер бетін алың тоң басқан. Мөлдіреп аққан су жалтыр көк мұзға айналды. Жер беті шашаға жетпес жеңіл үлпек кармен бүркелді. Зілдей қыс салмағы табиғатты қуыра бастап, ешкімді тырп еткізер емес. Көбіміз тоғышақтың терісіне сиына бөленген мезгіл.

Қүмарта темекі тарткандай-ақ барлық жануарлардың танауынан бу бұрқырайды. Қимылдап қызып, бусанған денені суық тез-ақ шырмап алатын «қыс келдінің» кезі.

Желден ықтағандай үйдің, окоптың панасына тығыламыз. Әйткенмен, өнебойы ығып тұра алмаймыз. Майданның да өзінше тірлік шаруа қызметтері бар. Оларды «айдай сал» мен «көре салға» сілтеуге болмайды. Әр уақыт басы-қасында болып, өз қолыңмен өзің істеп, өзің орындауың керек, бұл майданның заңы.

Қол тиіп, мойын бұрып, тыныс алар кез бола қойса, ой шіркін, көңіл алып қаша, жаһанды кезеді.

Аспанды каптаған атанның шудасындай қою қара бұлт, жер жүзін өркештене будақ-будақ жайлаған сарғылт қалың тұман, көңіл көшін адастырып, кедергі бола алмайды. Ой гүлденсе, күзді де елемейді. Қыс та оны қинай алмайды. Құрыш тасты қорғасындай балқытып үн еркесі бұлбұл құстай сайрайды. Күн еркесі түрлі-түсті жүйрік сәуле боп, барам десе, ой қайда бармайды — ой жетпейтін жер болмайды... Жазғытұрым жадыраған күн солғын ойды гүлдендірмек түгіл, жіпсітуге де дәрменсіз...

«Ак киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау танымас тірі жанды,

Үсті-басы үскірік аяз бен кар

Басқан ізі сықырлап келіп қалды», —

деуші ме еді, Абай деп, өзімнен сұрап, терең ойдан ояна келсем, астымдағы жирен қасқа жануар тағалы тұяғын сартылдата, көсіле желіп келеді екен.

Мені шақырып: «Тоқта» — деген таныс дауысқа тізгінімді ірке қалып, жалт қарадым.

Тоңды жолдың қатпарына сүріне, қалбалақтап, мықынындағы алты атарын оң қолымен қапсыра ұстап, Мұхаметқұл жүгіріп келеді екен. Мұхаметқұл Исламқұлов орта бойлы, дембелше, маңдайы кере қарыс, дөңгелек тұнық көзді, қошқар мұрынды сымбатты жігіт еді. Баяғыда мен Шымкент каласында орта мектепті бітіргелі жүргенімде, ол жоғары мағлұматты қызмет істеп жүргендердін, біреуі болатын. Соғыс алдында «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген. Сабырлы, ауыр мінезді адам. Әрі десе 4—5 жас үлкен болғандықтан көбіміз оны аға тұтып, қадірлейтінбіз.

Ұзынқұлақтан амандығын ғана естігеніміз болмаса, соғысқа келгеннен бері Мұқаңмен көріскен емес едік. Сағынып-ақ қалған екенбіз, ол жақындай бергенде тізгінімді Николайға сілтей тастап, аттан түсіп, мен де қарсы жүгірдім.

Ол:

— Кішіпейілдігіңнен айналайын, бауырым, кіші пейілдігіңнен айналайын,— деп арсалаңдап келіп, құшақ жая амандасты. Ентігіп демін алмай сөйледі: — атаңа рахмет ерім, өстіп төбеміз көкке жетіп жатыр... Қайда асығып барасың... Бізге неге соқпадың? Тіріге сәлем, өліге бата деген бар емес пе... Айтпақшы Жалмұхамет, Қабиболла, Семен Краевтар аман ба?.. Ұстараның жүзіндей қылт еткен қыл көпірдің күні ғой, қалай, кімдер аман, кімдер шейіт...—деп сұрақ үстіне сұрақ койып, сөз берер емес...

—Мұқа, айыпқа бұйырмағын, жарты сағаттан кейін генералда болуым керек, тез жетсін деген екен.

—Олай болса, кешікпегін, мін тез атыңа,— деп мені жалма-жан аттандырды.

—Мен біржарым сағаттан кейін қайтармын, қолың тисе штабыма барып, жігіттермен әңгімелесіп, күте тұргын.

—Жарайды, жарайды, заулат тездеп, кешігіп, қартты ренжітіп жүрме...

Өкше темірді бауырына батыра тақымдағанда, жирен қасқа ауыздығымен арпалыса ыршып жөнелді.

Орманды аралап, желе жортып келеміз. Аспанға өрши тіке өскен қарағайдың қаз таңдайлы бүршікті бұталары ақ сәукеле киген келіншектей үлпек қардың салмағымен иіліп тұр. Барлық орман, өсімдіктер ақ түбітке оранып тұрғандай-ақ. Аспаннан ұлып келіп, оң жақтан, шамамен 150 метрдей жерге мина түсіп тарс жарылып, тып-тыныш мелшиген мылқау орманды жаңғырықтырып жіберді. Ауа толқыны ағаштарды сілкіндіріп, үстімізге қырау жаудырды, минаның қаңғыған жаңқасы ызыңдап өткені болмаса ешқандай залал еткен жоқ. Бір-екеуі зуылдап өте шыққанда, сескену әркімде де болады ғой, біз де сескендік...

—Әрбір 15—20 минуттен кейін, осы жол бойына біртіндеп мина тастап тұру екі -күннен бері неміске әдет болды,— деді атқосшы.

—Жолды атқыламағанда, жай тоғайды атқылап, оны жын ұрып па! Жолаушыны үрейлендіре мазалап, берекесін шығарып, жол қатынасын біз үшін ылғи қауіпті етемін деген ниет қой оныкі,— деп түсіндірді адъютант.

— Дұрыс айтасың, жігітім,— дегеннен басқа тіл катқан жоқпын.

Жортып келеміз. Бұдан бұрын біздің алдымызға жолдың қақ ортасына түскен зор минаның үңірейген қап-қара орны бөгет болды. Бытырай ызыңдап ұшқан шойын жаңқалары жол бойындағы зәулім қарағайдың қалың қабағын ырсита аршып, сойғылап кетіпті. Осы ағаштарға көз салып:

—Түскен жайдың орны мұндай сұрқия-сойқан болмас,— деді Николай қазақша.

—Ішімнен «орыс баласы қазақ тілін білсе осындай-ақ білсін» — деп ойладым. Алдымыздан жол бөгеп көлденең сұлап жатқан ағаштан ырғып өткенімізде:

— Мына ағашты тамырын қопара сұлатыпты ғой шіркін,— деді ол тағы да қазақшалап менімен қатарла са беріп. Мен тіс жармаған соң о да үндемей, менің атымды шаужайлап келе жатқан қаракерін сәл тежеп, адъютантпен қатар өз орнында желе-жорта келеді.

Бара жатқан қыстағымыз Шишкино, орманнан шыға бергенде-ақ— алдымыздағы алаңнан көрінді. Алысқа ататын зеңбіректік құлашы жететін шеңбердің көлеміндегі барлық қыстақтарға біріндеп оқ тастап, мазалайтын соғыс салты болғандықтан, бұл қыстақ та артиллерияның атысына ұшыраған екен. Россияның қыстақтары ағаш үйлі болады. Біздің алдымызда қыстақ шетіндегі екі үйге зеңбірек оғы дәл түскен білем, өрттің оты бықсып, қоңырси түтінденіп жатыр екен. Біріндеп үйді паналай жүгіріп жүрген солдаттардың біреуі бізге қолын сілтеп ишарат берді.

—Көкте самолет көрінбейді ғой, анау не деп қолын бұлғап тұр? — деді тыныш жүрмейтін Синченко.

Өрмектің жібіндей жарысқан телефон сымдары тоғысқан үйдің алдына келіп аттан түстік. Іргеде түрған күзетшіден:

—Генерал осында ма? — деп сүрағанымша ішкі

үйден:

—Момышұлы неге кешікті екен? — деген генералдың қарлыққан таныс даусын естідім.

—Мен мұндамын, жолдас генерал,— деп жауап қатқанымда, есіктен ақ шалған басын шығара қарады.

—Сізді кешігеді деген кімнің ойында бар,— деп сынағандай қарады да — оқасы жоқ, оқасы жоқ, дәл келдіңіз, мұнда еніңіз,— деп шақырды.

Терезенің алдындағы үлкен столдың үстінде соғыс жағдайын кестелей сызған карта жайылып жатыр екен. -Қол алыса амандасып болған соң столға жакындап барып, иығын қомдай, екі қолынын, саусақтарына барлық дене салмағын сала сүйеніп, кабағын шыта біраз үн-түн жоқ үңіле қарап тұрды да, қара қаламмен бір-екі жерге батыра-батыра белгі соқты.

— Тамағыңыз тоқ па? — деді маған қарап.

—Тамағым тоқ. Үйден тамақтанып шықтым, жолдас генерал.

—Әйтсе де, күн өте салкын ғой, отырып бір кесе ыстық шәй ішіңіз,—деді маған бұрылмастан:—Ана бұрыштағы орында барлығы да даяр болу керек. Бір рюмка арақ жұтсаңыз, оның да залалы болмас... менің жұмысым әлі бітпепті... Сабыр ете тұрыңыз.— Генерал картаға үңілген бойымен өзімен өзі сөйлескендей: «ие... былай, былай... былай еткен дұрыс болар, ие, иә, бұл жақтан соға қоймас, жоқ, соғар ма екен... Мына жолды бөгеу керек... табандыға жер жағдайы медет те, көмек те болар...» деп оқта-санда әр жерге қаламмен белгі соғып тұр. Мен мүйістегі кішкене орындықта тым-тырыс шәй ұрттап отырмын.

—Шәй ішіп болдыңыз ба, жолдас Момышұлы? Мұнда, бері келіңіз, біраз ақылдасалық.

Орнымнан тұрып, картаға жақындадым.

—Мен сізге дұрыс акылгөй бола алар ма екенмін, жолдас генерал? — дегенімде еңсесін көтере бұрылып қарап, жылы дауыспен:

—Істеу қолыңыздан келгенде, ақыл айту келмей ме, орындаудан бұрын, алдымен әңгімеіні аспай-саспай отырып, пісіріп алудан ешуақытта да бой тартпаңыз. «Былай ет, бұйрығымның тоқ етері осы» құрғақ жарлықты шалағайлар ғана береді,— деді. Онан соң тағы да картаға үңіле карап, күтпеген жерден: — Сіздін болжауыңызша немістер кашан шабуыл жасауы мүмкін?—деп кенеттен сұрақ қойды.

—Кейінгі жағдаймен онша таныс емеспін, жолдас генерал, ойланып болжап айтпасам...— Айтылған сөз ауыздан бір шыққан соң кейін қайтар ма,— кызарып, бетім шымырлағанын бір-ақ сездім.

Генерал ешнәрсе есітпегендей:

—Ойлап, болжап дегеніңіз өте дұрыс, командирді шаршататын ойлау мен болжау, соғыста қай жау сырын ақтара қойсын,— деді.

Менің бетімнен отым шығып, қызарғанымды сезе қойыпты.

—Ал, әйтпесе мына картаның кестесіне карап жағдаймен танысыңыз, ойлап, болжаңыз, — деп сұқ қолын сілтей беріп, маған жымия қарады.— Енді шәй ішу менің кезегім,— дей беріп орындыққа жайласа отырып, қысқашпен қантты сырт сындырып, шәй ұрттауға кірісті.

Картаға оңнан солға карай салынған әртүрлі нақысқа қарасам: Строково, Ченцы, Мыканино, Ядрово, Дубосекова тағы бірнеше қыстақтардың батыс жағынан орманды тірей қызыл қаламмен сызылған біздің бекініс жөні басқұрдай тоқылып көрсетілген екен. Карта бойынша, оншақты шақырымнан кейін өзіміздің полктардың тұрған жерін көріп барлығының артында Горюны, Матренино қыстақтары мен 151,О нысаналы төбені басып әкететін жол айқастарын қоршап сызған генералдың қаламының ізіне көзім түсіп, ентелеп үңіле бастадым: «Момышұлының батальоны» деп жазыпты. «Е, мені осында жұмсағалы шақырған екен ғой» деп ішім сезе қалды. Алдан артқа шығара қойғысы келгені біраз қытығыма тигендей болды. Қызыл сызықтың алдында жасыл қаламмен жиектеле сызылып дұшпан қолдарының тұрағы көрсетілген екен, сандарының белгісі есімде жоқ. Бірақ та бізге қарағанда үш-төрт есе мол көрінді. «Бір айдан бері немістің сылқ етпей жатқаны, күш жинап жатыр екен ғой»— деген қорытынды ойыма түскендей болды. Онымды сезіп қойғандай, генерал:





Дата публикования: 2015-02-18; Прочитано: 233 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.018 с)...