Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Педагогикалық технологияларды таңдастырудың көкейкестілігі



XX ғасырдың 90-жылдары елде туындаған экономикалық дағдарыс, оның салдары - жұмыссыздық бүкіл халықты аласапыранға түсірді. Мектептер жабылды. Отбасының ересек мүшелері нан табу күйбеңімен отырған жерінен безіп кетті. Балалар беталдына қараусыз калды, олардың тәрбиесімен шұғылданатын әлеуметтік мекемелер қауқарсыз халде болды. 2005 жылы қазан айында «Хабар» телеарнасы таратқан бір мәлімет бойынша, Қостанай каласында оқу жасындағы балалардың 80% мектепке қатынамайтыны жария етілді. Ал мектепке қатынамаған бала не істейді. Ол белгілі. Семей қаласындағы 2007 жылдың алғашқы 3 айында жасөспірімдердің жасаған 46 қылмысы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артық («Түркістан» газеті, 19 сәуір, 2007 ж).

Қоғамдағы осы жағдайды ескере отырып, бүгінгі және бұдан былайғы тәлім-тәрбиені жүргізуге қай технологияны пайдаланған орынды деген сұрақ алға тартылады.

Және бір көңіл қалдыратын жағдаят – шәкірттердің оқу-үйретім материалын игеру мүмкіндіктері деңгейі мен мектептерде қолданылатын педагогикалық технологиялар арасындағы алшактықтың үздіксіз ұлғаюы. Зерттеулер көрсеткендей, орта мектептерде істейтін мұғалімдердің 20-25% кәсіби - шығармашыл дәрежеде өзінің педагогикалық кызметін атқарса, қалғандарының, әсіресе, ауылдық жерлерде, педагогикалық теория мен технологиялардан хабары күңгірт. Нәтижеде, мектеп түлектерінің ана тілі грамматикасынан сауаты болмашы, көркем әдебиетті мүлде оқымайды, жаратылыстанудың бүгінгі таңдағы тұжырымдамаларынан бейхабар, әлемдік биофизиканы білмейді. ЮНЕСКО-ның ресми мәліметтеріне сүйенсек, кешегі Кеңестік елдер жастары өздерінің зерделілік деңгейі бойынша БҰҰ елдері арасында бір уақыттарда 2-3 орында болса, соңғы 40 жылда 52-55 орындарға төмендеп кеткен. Бүгінгі күнде сол жастарымыз ел тұтқасын иелеп, болашағымызды тәрбиелеуде. Мұндай «тәрбиеден» шыққан ендігі ұрпақ не болмақ, оның тәрбиесі үшін қай технологияны пайдаланамыз.

Мектеп шәкірттерінің қадір-беделінің төмендеуі кейінгі жылдары мемлекеттік бірыңғай тестілеу жүйесінің енгізілуінен де болып отыр. Педагогикалық ұжымдар педагогикалық - технологиялық сауаттылықтың кемдігінен тестке дайындауды жүйелі сабақ үдерісімен, бағдарламалық оқу-үйретім материалдарымен байланыстыра алмай, жалаң тест жаттау, оны бір жақты тексерумен ауыстырып жіберді. Тіпті, кейбір аймақтарда байқалған жағдай, 10-11 сынып ауыл балалары өз мектебіне қатынауды койып, қаладағы тестке дайындау орталықтарында жыл бойы ақылы дәріс алуды үрдіске айналдырған.

Міне осылардың бәрі оқу-тәрбие үдерісінің құралы болар педагогикалық технологиялар, оларды жүйелі үйренуге оң бұрылыс жасау қажеттігі бүгінде көкейкесті мәселеге айналды. Себебі, жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп, таңдалған технологиялардың және олардың орынды да теориялық сауатты қолданылуынан оқу-үйретім жасындағы балалар тәрбие-тәлім ордасы мектепке жан қалауымен келіп, сапалы білімге ден қояры сөзсіз.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 920 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...