Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Оқу-үйретім қызметтері



Біртұтас педагогикалық үдерістегі оқу-үйретім үш аса маңызды қызмет: тәлімдік, дамытушылық және тәрбиелеу-атқарады. Тәлімдік қызметтің негізгі мәні: шәкірттерді ғылыми білімдермен, ептіліктер және дағдылар жүйесімен қаруландыру және оларды тұрмыстық тәжірибеде пайдалануға баулу.

Ғылыми білімдер өз ішіне деректерді, ұғымдарды, заңдар мен заңдылықтарды, теориялар мен дүниенің жалпыланған бейнесін қамтиды. Бұл қызметтің толықтай іске асуы білімдердің ауқымдылығын, жүйелілігі мен саналылығын қамтамасыз етіп, олардың беріктігі мен әсерлілігін орнықтыруы тиіс. Бұл ғылыми білімнің нақты саласына сай келетін оқу-үйретім пәні мазмұнынан негізгі идеяларды, мәнді себеп-салдарлы байланыстарды түсінуге қажет элементтердің назардан тыс қалып, тәлімнің жалпы жүйесінде олқылықтар пайда болмауын көздеген саналы ұйымдастырылған оқу-үйретім үдерісін құруды талап етеді. Жаңа білімдер өткендегіні арқау етіп, ендігіні игеруге жол ашып, барған сайын реттеле түсіп, әрі қисынды тәуелділікке келуі үшін білімдік ақиқат ерекше жолмен ұйымдастырылған желіде болуы қажет.

Тәлімдік қызметтің іске асудағы соңғы нәтижесі-саналы қолданымға түскен білімдердің ықпал-әсерлілігі, игерілетін білімдердің қабылдауға сай дәрежесінің болуы, сонымен бірге аса маңызды арнайы (пәндік) және жалпы үйретімдік ептіліктер мен дағдылардың қалыптасуы.

Ептілік өнімді әрекеттер жиынтығы есебінде саналы, нақ мақсатқа орай бағыт-бағдар да, ал дағдылар, яғни автоматтасқан әрекеттер белгілі тәртіпке келтірілген тұрақты байланыстар жүйесін сүйеніш етеді. Ептіліктер үйретім әрекеттерінің шарттарына сай таңдастырылатын жаттығулар арқасында пайда болады әрі сол әрекеттердің бірте-бірте күрделеніп баруын қамтамасыз етеді. Дағдылардың орнығуы үшін бірдей жағдайда көп мәрте қайталана машықталатын жаттығулар қажет. Тәлімдік қызметтің жүзеге келуі кітаппен, анықтамалық, библиографиялық әдебиеттер мен жұмыс алып баруға, өзіндік жұмыстардың ұйымдастырылуына, оқу-жазба конспектілеу тапсырмаларын орындауға тәуелді.

Оқу-үйретімнің дамытушылық қызметі тәлімдік қызметтің қисынды жалғасы. Үйренім барысында шәкірттер бойындағы психикалық сапа-қасиеттер өзгеріске түседі. Оқу-үйренім үдерісінде адам іс-әрекеті білімдер мен ептіліктерді жаңғыртып қана қоймай, оқу-үйрену қабілеттерінің өзін де жаңалап барады. Үйрене отырып, бала өзінің ес-жадын, әр түрлі ойлау іс-әрекеттерін дамытады. Үйрету барысындағы адам психикасының ақыл-ес (когнитив) бітістерінің дамуы, тұғаның көңіл-күй, еріктік, сеп-түрткі-қажеттік аймақтарының өрістеуімен тығыз байланысты. Сонымен, үйретім дидактикалық үдерістің дамытушылық қызметінің арқасында және қажетсініп үйренуден тұлға біртұтаспсихикалық жүйе сипатында даму арнасына түседі.

Оқу-үйретім, үйренімнің дамытушылық сипаты осы педагогикалық үдерістің өз табиғатынан бастау алады. Дұрыс жолға қойылған үйретім қай жағдайда да адамды дамытады. Дегенмен, үйретімнің дамыту ықпалы осы әдістің орынды жолдарын пайдалана білуден жоғары дәрежеде арта түседі.

Тәлімдік дамыту қызметі мен оқу-үйретімнің тәрбиелік қызметі тығыз байланысты.

Оқу-үйретімнің тәрбиелік қызметі қай дәуірде де, қай жағдайда да мүлтіксіз анық көрінетін заңдылықты құбылыс. Ол үйретімнің өз мазмұны, формалары мен әдістерінің өнімі болатыны анық, дегенмен, мұндағы өнім ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың ұтымды ұйымдастырылуына да байланысты келеді. Шынайы үйретімнен тұлға міндетті түрде белгілі де нақты көзқарастар мен наным-сенімдерді, қарым-қатынастар мен сапаларды қабылдап, баулынады. Ғылыми және басқа да ұғымдарды, қалыптар мен талаптарды игермей, тұлға кемеліне тіпті де жете алмайды.

Оқу-үйретімнің тәрбиелік ықпалы сөзсіз, бірақ өздігінен болатын, барша уақытта мақсатты бағытта нәтиже беретін іс-әрекет емес. Осыдан тәрбиелік қызметтің іске асуы оқу-үйретім үдерісін ұйымдастыруда мазмұн, форма және әдістерді іріктеуде қоғамның қандай да бір даму кезеңіндегі тәрбиеленуші қажетіне сай тәрбие міндеттерін ұстануды талап етеді. Үйретімнің тәрбиелік қызметтерінің іске асуындағы басты мәселе – оқу-үйретім іс-әрекеттерінің күні ілгері нәтижеден үміттендіретін сеп-түрткілік, ынталандыру тетіктерінің қалыптасуына тәуелді.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 748 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...