Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Оқу-үйретім принциптері



Дидактика негізінен келесідей оқу-үйретім принциптерін арқау етеді: ғылымилық, жүйелілік, теорияның тәжірибемен байланыстылығы, нақтылық пен дерексіздік бірлігі, даралық пен ұжымдықтың ұштастығы және т.б. Бұл принциптердің баршасы өзара байланысты және тәуелді, бірін бірі толықтырады және қамсыздандырады.

Оқу-үйретім принциптерінде тарихи және педагогикалық тәжірибе қорытуларымен мән-мағына сақталып, оқу-үйретім үдерісінің жағдайлық сипаттамалары көрініс табады. Сонымен бірге, бүгінгі ғылым деңгейі мен мектеп талаптары тұрғысынан зер салсақ, принциптердің қай бірі болмасын, өзінің дәлелді негіздемесіне ие емес. Дегенмен, оқу-үйретім теориясының бастау көзі ретінде олар әбден қажет.

Оқу-үйретім принциптерің біршама анықтамалары бүгінгі дидактикада қабылданған.

Принциптер тұрғысынан оқу-үйретім үдерісінің барша құрамдас бөліктеріне – мақсаты мен міндеттеріне, мазмұн және ұйымдастыру формалары мен әдістерін іріктеуге, шәкірттерді ынталандыруға орай, жоспарлау мен нәтижелерді талдауда нақты талаптар қойылады.

· Тәлім, тәрбие және даму міндеттерінің өзар байланысына орайласқан оқу-үйретімнің үздіксіздігі принципі. Бұл принцип бойынша оқу-үйретімнің міндеттерін, мазмұнын, әдістері мен формаларын таңдауда мұғалім өз назарына білім, ептіліктер мен дағдылар мәселесін шешуді ғана емес, белгілі тақырып бойынша өтілетін сабақтың тәрбиелік және дамытушылық ықпалының тиімділігіне байланысты мәселені де шешуі тиіс.

· Оқу-үйретімнің дамытушылық принципі. Бұл принцип біздің заманымызда жаңарудағы тәлім жүйесінің жоғары жеделдікпен өрістеуіне байланысты туындаған жаңа міндеттер ізімен қалыптасады. Ғылым қоры аса қарқындылықпен дамыған шақты білімді жаттау арқылы игеру өз мәнін жоғалтады. Бүгінгі таңдағы жаңалық “ертең” демде көнереді, тиімдігі түкке тұрмайтын болады. Ал біздің шәкіртімізде ертеңгі күн білімдері мен біліктері, әрине, жоқ. Дегенмен, біздің енді ашылып, қабылданатын білімдерді шамалаумен шәкірттердің ақыл-зердесін дамыту мүмкіндігіміз бар. Дамытушы оқу-үйретімнің (“дамыта оқытудың”емес) мәні де осында, яғни біз нақты деректер негізінде ойлауға үйретіп тоқтамастан, шәкірттерді өз бетінше білім жинақтау формалары және әдістерімен қаруландырып, теориялық, әдіснамалық деңгейде ой топшылауға баулуымыз қажет. Осылайша, біз тұлғаға ақыл-зерделік және кәсіби шығармашылдық дем береміз. Өте маңызды келетіні, болашақ маман алда қажет болатын кәсіби идеяларды топтап қорытуға, ендігі ғылыми-техникалық үдеріске дайын болуы міндетті.

· Оқу-үйретімнің оза жүру принципі. Бұл принцип міндеті – оқу-үйретім материалын ұсыну мен оның қабылдануына қолайлы белгілі дидактикалық ырғақ қамтамасыз ету. Себебі, бір тақырыптан екіншісіне өтуде қандай да бостық олқылығы пайда болуы ықтимал. Мұндай жағдайда шәкірттерге өтілген тақырып пен енді өтілетін тақырып арасындағы байланысты ойластырып, түсіну үшін біршама қосымша уақыт керек болып қалады. Осыдан, оқу-үйретімнің оза жүру принципінің мәні – мұғалім күні ілгері тақырыптар арасында “көпір” жасап, сол арқылы алғашқы тақырыпты өту барысында болашақ тақырыптың да өзекті тұстарын түсіндіруге ұмтылуы қажет. Осылайша, ықтимал бостық орнында оқу үдерісінің тиімді қозғалыстық ырғағы дидактикалық әрекетке келеді.

· Тірек қолдану принципі білім игеру үдерісіне сүйемел конспекттерін ендіруді талап етеді. Олар – оқу-үйретім материалының аты ықшамдалған, жүйелі әрі көңілге қонымды формаға келтірілген дидактикалық сызылмалар, көрнекіліктер, Тірек конспектілермен таныса отырып, шәкірт қисынды ойластыру, материалды тұтастай игеру тәжірибесін меңгереді. Тірек конспекттер жәрдемімен шәкірттер тікелей сәйкестік бойынша жұмыс жасайды: балалар дайын тірек конспект алады да солар бойынша ендігі дәрісіне дайындық көреді. Ал жанама сәйкестік бойынша жұмыс істете отырып, мұғалім берілген конспектті үйде өздерінше кеңейте қайта тіктеп, түсінумен келесі сабаққа дайындалуды ұсынады. Шығармашыл сәйкестік бойынша оқу-үйренім жұмысына тартумен педагог шәкірттерге игерілген материалдың жүйелік сипатын түсіндіреді, әрі сол бойынша тірек конспект түзуді тапсырады. Аталған жұмыстардың бірінен екіншісіне өту біртіндеп атқарылады. Мұндай өтпелі жұмыс уақытын күні бұрын мөлшерлеуге болмайды, себебі ол шәкірттердің жас деңгейіне, ақыл, зерделік даму өрісіне және т.б. тәуелді.

· Жоғары қиыншылық деңгейінде оқу-үйретім принципі балалардың өз ақыл-зерделік мүмкіндіктерінің белгілі шегінде жұмыс істеуді көздеген таным үдерісін түзуге бағытталады. Өз заманында К.Д.Ушинский ақыл-зерде дамуын адамның тән-дене дамуымен салыстыра отырып, «тұрақты жүктемесі болмаса, ақыл-зерде машықтандыру жаттығуларымен айналыспаған адамның божыраған бұлшық еттеріне ұқсайды» - деген болатын. Халқымыздың «Жүгі жеңіл есек жатаған келеді» деген мәтелі бар. Жоғары қиыншылық деңгейіндегі оқу-үйретім принципі шәкірттерді өз ақыл-ес қабілеттерін мейлінше ауыр жүктемеге бағыттап, іс жасауға ынталандыратын оқу-үйретімді көздейді. Әлбетте, қиыншылықтың шек деңгейі шәкірттің әлі жету, түсініктілік принципімен сәйкестендіріледі. Мұндай жағдайларда балалардың шаршайтынын да ескеріп, мұғалім ондайда қажет болатын шараларды алдын ала жоспарлағаны жөн.

· Даралық пен ұжымдылықты ұштастыру принципі. Оқу-үйретім үдерісі барша балалармен әрбір жеке шәкірттің мүддесін оқу-үйретім мақсаттары мен міндеттері төңірегінде біріктіреді. Даралық және ұжымдық ұштастыру принципінің атқарылу ізімен кейбір салдарлар жүз береді;

- ұжым өзінің әрбір мүшесіне белгілі қалыптасып, бекіген талаптар қояды

- оқу-үйретім ұжымының әрбір мүшесіне өз белсенділігі және ынтасына орайлас жалпы талаптарды қоюымен қатар оларды толықтырады, кеңейтеді және байытады.

Даралық пен ұжымдық бірлестігі принципі мұғалімнен әрбір баланың жеке сапалары мен ерекшеліктерін, оның қызығуларын, қабілеттерін, әдеттерін және даму деңгейін түбегейлі білуін талап етеді.

· Нақтылық және дерексіздік бірлігі принципі мәндік, негіздік және жалпылай ажырату арқылы игерілуі тиіс. Нақты, шынайы деректер, заттар және олардың белгілері мен сапаларын дерексізденген ұғымдар және олардың теориялық-абстракт қорытуларымен өзара байланыстыру қажеттігінен оқу-үйретім үдерісіне қосылады. Осы байланыс арқасында сабақта қолданылатын қажетті құралдар нақтылықтан абстракттікке, мәннен ойға, белгілер мен елестерден ұғымдар мен анықтамаларға өтудің шарты ретінде қарастырылады.

· Оқу-үйретімнің сенімділік принципі. Оқу-үйретім міндеттерін шешудегі сенімділік теориялық тұрғыдан мектеп түлегінің өмірге жақсы икемділігі, қоғам мүшесі ретінде шығармашылдық пен ынталы жоғары ғылыми, идеялық деңгейде және жеткілікті тәжірибелік дайындықпен өз қызметтерін орындауға ықтималдылығы деп қарастырылады.

· Алдын алу (пропедевтикалық) принципі. Шәкірттердің пәнді игеруі үшін күні ілгері арнайы ұйымдастырылған дайындық жұмыстары үдерісінде орындалады. Мысалы, шет тілін меңгерудегі сөйлеумен байланысты алдын алу жұмыстары (сөз қорын байыту, сөйлеу белсенділігін көтеру, сөзді дыбыстық талдауға салу, есте сақтауға үйрету, сөз мәнін ұғу) жазып сызуға, грамматикалық ережелерге, жүртіп оқуға үйретуден бұрын іске асады.

· Оқу-үйретім үдерісін жақсарта жетілдіру (рационализация) принципі игерілуі тиіс құбылыстардың мән-мағыналық белгілерін ұқтыруды көздейтін материалдардың мазмұнын дәріс мақсатына, шәкірттер мүмкіндіктеріне сәйкес нақты құрылымға келтіру, құрылым түзуде оқу-үйретім материалы бөліктері арасындағы ішкі байланыстарды ескеру, өтілетін материал көлемін анықтауда қажеттілік және жетімділік принциптерін сақтау.

· Тұлғалық бағдар принципі. Оқу-үйретім, тәрбие жұмысын атқаруда тұлғаның аса күшті сапаларын пайдалануды қажет етіп, әр баланың дамуы мен өзіндік дамуын мейлінше қолдап-қуаттап, тұлғалық мәнді қатынастардың барша аймағын тәлім-тәрбие үдерісіне қосу арқылы іске асып барады.

· Қиыншылықтардан өту жағдайларындағы оқу-үйретім жетістігі принципі баланың жеке даралық болмысын, сабақ материалын игеру сипатын, тәлімдік ақпаратты қабылдаудағы жетекші сапасын, оның өз күшіне сенімі, жетістігі және қуанышын ескерумен бірге әлі жеткендей қиыншылықтарды жеңуге жаттықтыру және ерік күшін пайдалана білуге үйрете отырып, педагогикалық әдістерді, тәсілдерді, құрал-жабдықтарды әр шәкірт мүмкіндіктеріне сәйкестендіру және жіктеу қажеттігін талап етеді.

· Педагогикалық жақсылық күту (оптимизм) принципі балаға деген қарым-қатынаста одан жоғары деңгейлі табыс күту, оның мүмкіндігі мен ерік күшіне сенудің маңыздылығын алға тартып, психикалық іс-әрекеттің ішкі толығу тетіктерінің күш-қуатын арттыру мен белсенділігін көтеру және жан-жақты даму үйлесімділігі үшін ұтымды педагогикалық шарттар ықпалының зор болатынына назар аудартады.

· Реттеу-түзету принципі оқу-үйретім, тәрбие жұмысы жобаларын түзуде балалар дамуындағы кемшіліктерді жан-жақты ескеріп баруды қажет етеді. Бұл принципке сай даму аймағына сәйкестендірілген оқу-үйретім әдістері мен тәсілдерін қолдануға, сондай -ақ белгілі жас кезіне сай даму деңгейін ескеріп іріктелген оқу-үйретім және тәрбие құрал жабдықтарына негізделген жақын даму аймағын нақты бағдарға орайластырып, құруға тәуелді келеді.

· Нақтама мен реттеу-түзетуді кешенді пайдалану принципі баланы жан-жақты психологиялық-медициналық және педагогикалық бірігімді зерттеуден өткізуді талап етеді. Ондағы мақсат – бала бойындағы оның ағза мүшелерінің нұқсанды және сау қызметтерін анықтау, дамудың қандай да ауытқуларына кезіктірген себептерді ашу. Алынған деректердің арқасында бала дамуындағы жалпы және жеке дара ерекшеліктерге байланысты кемшіліктерді реттеудің жобасы құрылады.

· Оқу-үйретім, тәрбие үдерісінің бала денсаулығын сақтау және дамытуға бағдарлану принципі. Оқу-үйретім үдерісінің бірігімділігімен бала ағзасының бірнеше қызметтерін (көру, қозғалыс, басқару, бой ұстау) бағдарлы қалыптастыруды көздеген арнайы технологияларды пайдалануға негізделеді. Мұндай технологиялар реті келесідей:

- жұмыс барысында бой ұстау қозғалыстарын икемге келтіру (балалар жұмыс байыбына орай не тұрады, не отырады, бұл үшін арнайы стол жабдықтары қолданылады);

- сабақта “көру көкжиектері” талабы қойылады (дидактикалық материалдардың көру ептілігіне орай қашық не жақын қолданылуы);

- қоршаған дүние заттары мен құбылыстарын зерттеуде “экологиялық әліппе” талаптарын сақтау (қоршаған дүниеге де, баланың өзіне де зиянсыз болсын);

- жазуға перолы қаламсап жәрдемімен үйрету;

· Жас шағына және дидактикалық қажеттікке орай шегініс принципі:

Бастауыш оқу-үйретім үдерісінде бала өз уақытында дамуы жетіспеген мектепке дейінгі іс-әрекет түрлеріне қайта оралуына тура келеді (ойын, сурет салу, жабыстыру (аппликация), құрастыру, қоршаған дүниемен танысу), немесе оқу-үйретім міндеттерін орындау үшін шәкірт бұл кезеңде маңызы болмаған әдіс-тәсілдерді қолданады (жаттайды, көшіріп алады).

· Тәлім-тәрбиенің балаларды әлеуметтік бейімдестіру және қоғамға араластыру принципі мектептегі және үйдегі оқу іс-әрекеттерінің негізінде қалыптасып, педагогикалық жұмыстың ең басты нысанына айналатын адамаралық қатынастарға, іс-әрекет субъекті болған өзіне, өз сыныптастарына, мұғалімдерге, тәрбиешілерге, ата-аналарға, барша ересектерге арнайы педагогикалық назар аудару қажеттігін ескертеді, орын алып жатқан қатынастарға сауатты педагогикалық ықпал жасап, тұлға беделін көтеру, оның әлеуметтік сый-сияпатын тану әрі құрметтеу, жауапкершілік, тәуелділік жүйесіндегі әлеуметтік-адамгершілік әрекет-қылық ережелеріне баулуды алға тартады.

· Тәлім-тәрбие үдерісінің реттеу және дамыту сипаттарын бірлестіру принципі оқу-үйретім, тәлім және тәрбиелік бағыттарын нақтамалық, сақтау-сауықтыру, реттеу-дамыту және игеру, әлеуметтік қорғау істерімен табиғи бірігімге келтіре орындап бару қажеттігінен туындаған.

· Іс-әрекетшеңдік принципі. Баланың жоғары психикалық қызметтерін тиімді дамытушы пәндік оқу-үйретім және онымен бірге жүретін тәжірибе- жаттығу жұмыстары (қабылдау, сөйлеу-сөйлесу, ойлау, ес, сезім, сеп-түрткілер) үлгерімі төмен балалармен жұмыс істеудің өте қуатты түзету-толықтырушы педагогикалық құралы есептеледі. Осыдан, реттеу-түзету педагогикасы тәлім- тәрбие үдерісін көрнекі-жаттықтыру негізінде іске асырады. Мұндай істер педагог басшылығында “жұптасып”, “бригадалық” сипатта орындалады. Бұл үшін мақсатты пікір алмасу, сыр-сұқбат өткізуге табиғи жағдайлар жасалып, балалардың өзара ықпалды ақпарат алмасуына шарттар түзіледі. Өз кезегінде, қарым-қатынас, ортақтасу дамуға түсіп, сөз саптауға, ой амалдарының өрістеуіне, қарым-қатынас пен әлеуметтік байланысқа келуге жәрдемін тигізеді.

· Шыдамдылық (толеранттық) принципі әрқилы кемшілік, қиыншылықтары бар балаларды алаламай, оларға зейін аударып, мінез-құлқында қандай да бұзылыстардың болуына қарамастан, шыдаммен оларды қоғамдық ортаға бейімдестіруге сілтеме береді.

· Баламалық (вариативтік) принципі оқу барысын аймақта (аудан,

қала) қалыптасқан педагогикалық қызмет, маман және қаржылық мүмкіндіктер мен ғылыми-әдістемелік қамсыздандыру мәселелерін ескерумен реттей дамытушы оқу-үйретімнің бірнеше баламаларын (нұсқауларын) ұсынып баруға негізделеді.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 830 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...