Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Шәкірттерге жанама ықпал жасау әдістері



Жанама әдістердің тәрбиелік ықпалы бүркемелі, көзге түсе бермейді. Мұндай тікелей болмаған тәсіл-әрекет тәрбиелік қауіптер жағдайларында педагогтың арнайы көздеп, әлсіздерге жәрдем беру мақсатында қолданылады.

Педагогтар тарапынан қолданылатын көптеген әдістер арасында әбден танымал болған келесідей түрлерін атауға болады.

Күні ілгері сенім арту (А.С.Макаренко) жағдайына тән сипат – сенім әлі бекіп, қатаймаған, бірақ оны ақтауға дайын тұлғаға артылады. Жолдастары не бала алдында беделі бар ересек тарапынан сенім білдіру шарттары жасалады.

Мәжбүрлемей бойсындыру (Т.Е. Конников) жағдайы – бұл нақты жағдай ықпалының педагогтың қатқыл талабынан болмай, әрекет-қылыққа деген бұрыннан бар ынта-ықыластың жүзеге келіп, әрбір шәкірттің ұжым өміріне белсенді араласуына жол ашып, субъект бағыт, бағдарымен шығармашыл әріптестіктің қалануы.

Еркін таңдау (О.С.Богданова, В.А Краковский) жағдайы. Мұнда бала қандай да қажеттік талабына кезіктіріліп, оны қамсыздандыру жолын өзбетінше табуына мүмкіндік беріледі. Кейде таңдау дау-дамайлы сипат алуы мүмкін, оның себебі – бірі екіншісіне қайшы келген шәкірт қызығулары мен ұстаным көзқарастары.

Сәйкестендіру (Х.Й.Лийметс) жағдайында бұрыннан бар тәжірибеге негізделіп адамға баға беріліп, әрекет қылығы айқындалудан тұлға жағдай субъектіне айналады. Педагогикалық тәжірибеде мұндай жасанды жағдай ұжым өмірінің болашағы жөнінде сөз қозғалып, тәрбиеленушілерде өз ұжымын басқалармен салыстыру қажеттігі туындағанда түзіледі. Ал жеке тұлғаға орай бұл жағдайды педагог шәкірте өзін өзі жетілдіру, өзіндік тәрбие ынтасын ояту (сен, немене, одан кембісің?) мақсатында жасайды.

Бәсеке – жарыс (А.Н.Лутошкин) жағдайы тұлғаның басқадан тәуірірек болу ниетіне ғана негізделместен, ерік күшін жұмсауды да қажет етеді. Соның арқасында ол өзгелермен салыстырғанда жоғары нәтижеге келуді, оңтайлы да тиімді көрсеткіштерді қолға түсіруді көздейді. Мұндайдағы табыс ресми мойындалуы тиіс: бірінші орын, балл саны, марапат парағы және т.б.

Табыс жағдайы (О.С.Газманов, В.А.Краковский, А.С.Белкин) тәрбиелік қызметтер желісінде өте кең қолданылатын әдіс. Бұл жағдай ұжым не жеке балаға қолдау көрсету қажет болса, олардың дамуындағы ұнамды өзгерістерді бекіту, өз күштеріне деген сенімсіздіктерін жеңу, өз мүмкіндіктеріне жаңаша назар аударуға баулу үшін іске қосылады. Табыс мұндайда кепілді, алайда оның күні ілгері жоспарланғанын тәрбиеленушілер сезбегені дұрыс. Табыстың шынайылығын қамтамасыз еткен жөн, ал олай болмаған кері жағдайда топ ішінде не балалар қатынасында келеңсіз пікір, әрекеттер туындауы мүмкін. Ұжым не тұлғаның саналы күш жұмсап, табысқа жету ниетінің болуы-міндетті шарт.

Шығармашылықты жағдай (В.А.Краковский) мәні: қандай да шарттар жасаумен шәкірттер бойына біткен қанатты ой, тәтті қиял, фантазиялық шарықтау, суырып салма қабілеттері, қасиеттерінің толып-тасып, қалыптан тыс жағдайдан құтыла білу не икемдеу ептіліктеріне қолдау көрсету.

Тәрбиелік істер формасы – бұл педагогтар мен тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынастарды сипаттаушы педагогикалық үдеріс бөлшектерінің ішкі байланыстарын бейнелейтін тәрбиелік әрекеттер ұйымдастыру жолы. Педагогикалық әдебиеттерде, әдетте, тәрбиелеу формалары шәкірттерді ұйымдастыру жағдайларына сәйкес келесідей топтастыру түрлерінде беріліп жүр:

- жалпыға бірдей (фронталь);

- топтық (үйірмелік);

- жеке-даралықты;

Тәрбиелік ықпал әдістеріне тәуелді басқа да топтастыру амалдары кездесіп қалады:

- сөздік (дәрісбаян, конференция);

- тәжірибелік (саяхаттар, жарыстар);

- көрнекілікті (музейлер, көркем суреттер);

Тәрбиелік істер формалары ықпал мезеттері бойынша да ажыралады:

- сабақтық;

- сабақтан тыс (мектептен тыс);

Тәрбие жұмыстарының әрқилы формаларының тиімділігі бала санымен, жыл мезгілімен,балалардың жас шағы және педагог тұлғасына байланысты айқындалады.

Тәрбие құрал-жабдықтары тобына – тар мағынада – кітаптар, кинофильмдер, көркем өнер туындылары, мұғалімнің сөйлеу шеберлігі, сонымен бірге тәрбиелік мақсатқа сай болғанның бәрі кіреді. Ал кең мағынада тәрбие құралдары қатарына тұлға қалыптасуына себепші іс-әрекет түрлері: оқу-үйретім (үйренім), қоғамдық пайдалы еңбек, ойындар, үйірме жұмыстары, спорттық жарыстар, көркем өнер бастамалары (ән-күй, би, сахна) және т.б. Құралдарды таңдау балалар жасына, қауым мүмкіндігіне, шәкірттер талғамына, педагогтың бейімділігіне орай жүргізіледі.

Тәрбие тәсілдері – бұл әдістердің құрамдас бөлігі. Тәрбиелік іс желісіндегі бір мезеттік әрекет. Мысалы, марапат әдісі өз ішіне келесідей тәсілдерді қамтиды: қолдау, мақтау, алғыс, байрақтау. Ал иландыру әдісі – сендіру, түсіндіру, әңгімелесу тәсілдерімен орындалса, жазалау әдісінде ескерту, сөгіс, қатаң түрде сөгіс тәсілдері қолданылады.

Педагогикалық ықпал тәсілдері арқылы қандай да қажетті педагогикалық жағдай жасалады да, ол белгілі заңдылықтар негізінде жаңа ойлар мен сезімдер оятып, балаларды ұнамды әрекет-қылықтарға, өз кемшіліктерін түзетуге ойыстыру үшін пайдаланылады. Мұндай тәрбие тәсілдерін екі топқа ажыратуға болады:

1) әрекет-қылықты реттеп, шәкірттерді рухтандырушы тәсілдер – қуаныш келтіру, алғыс жариялау. Бұл тәсілдердің жасампаздық тобы, себебі осылардан балада жаңа ұнамды сапалар өрістеп, ал келеңсіз қылықтар бастауларын шектейді. Жаңа ойлар мен сезімдер туындап, әрекет-қылықтың жаңа сеп-түрткілері (мотивтер) кемшіліктерді жеңумен бала мінез-құлығында жетекшілік маңызына ие болады. Мұндай сеп-түрткілер – наным, сенім, мадақ, зейін, қамқорлық, өтініш, өрнек, адамгершілік сезімдерді ояту, өкініш білдіру, моральдық қолдаумен шәкірттің өз күш-қуатына сенімін нығайту, сену, тәлім табысын ұйымдастыру, қызықты іс-әрекетке тарту, әдептілік үлгілерін ұсыну және т.б;

2) баланың келеңсіз сезімдеріне қозғау салумен әрекет-қылықтыңоң бағыт алуына жәрдем беретін тәсілдер – ұят, өкініш және т.б. Бұл тәсілдер “тежеуіштер” тобын құрап, жағымсыз сапаларға тиым салып, ұнамды қасиеттердің дамуына жол ашады. Ұялу, өкіну сезімдерінің арқасында балаларда жарамсыз қылықтардан сақтану, аулақ болу ниеттері орнығады.

Тәрбиелік үдерісті ұйымдастыру, шәкірттердің ұжымдық және жеке дара іс-әрекеттерін мақсатты бағытта жүзеге асыру жолдары, әдістері тәрбие шараларын құрайды. Бұл орайда әдебиеттерде “тәрбиелік шаралар”, «тәрбиені ұйымдастыру шаралары» терминдері де қолданылуда. Шара – қандай да тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізуге бағытталып, ұжым тарапынан бірлікті, келісімді ұйымдастырылған әрекет.

Шараларды ұжымдаса, бас қосып, жоспарлау, дайындау және өткізу үдерісінде шығармашыл қызметтестік қатынас түзіледі. Бұл тұлғаның, ұжымның дамуына, ұжымның ішкі байланыстарының нығайып, өрістеуіне себін тигізеді. Шара нақты тәрбиелік міндеттерді шешуге арналған педагог, тәрбиешінің әр жеке баламен, түгелдей ұжыммен бір мақсатқа жұмылдырған өзара ықпалдастығы күйінде іске асырылады. Шаралар науқандығына жол бермеген жөн. Мұндай тәрбиелік істер жыл бойына бірін бірі жалғастыра, байыта түскен, қызғылықты да танымды жоспарлар тізбегінен құралуы тиіс.

Тәрбиелік жұмыс формаларын топтастырудың нақты бір тұжырымы жоқ. Тәрбиені ұйымдастыру формаларының аса кең тараған түрі – бұл шәкірттер санына орайласқаны: жаппай тәрбие (бүкіл сынып қатысуымен), үйірмеліктәрбиетоптық және жеке-даралықты тәрбие. Тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыруға назар аударарлықтай және бір бағыт – бұл тәрбиелік іс-әрекеттердің тәрбие міндеттерімен байланысты келуі, мысалы, шәкірттердің танымдық әрі дамытушылық іс-әрекеттерін ұйымдастыруға “ білгірлер бәсекесі (аукцион) ”, “ Не? Қайда? Қашан? ” тапқырлар жарысы, “ Ғажайыптар алаңы ” (поле чудес) ойыны, “ Алтын қақпа ” жарысы және т.б. Бұлардың бәрін де сынып, мектеп аумағында нақты пәнге, тақырыпқа, оқиға, құбылыстарға арнап, балалардың адамгершілікті ой-өрісін, зеректігін дамыту үшін әбден пайдалануға болады. Тәрбиелік жұмыс формаларын таңдау педагогиканың ғылыми принциптері негізінде жасалады. Әрқандай жастағы және ерекшеліктерімен еленген балалар ұжымдарында өткізілген тәрбиелік іс формалары табиғи сәйкестік және педагогикалық қажеттілік принциптерін арқау еткені жөн.

Тәжірибе көрсеткендей, тәрбие ұйымдастырудың жиі қолданылатын біртекті формалары өз жаңашылдығын жойып, қарадүрсін еліктемелерге айналса, күтілген тиімді нәтижені бере алмайды. Осыдан тәжірибелі педагогтар тәрбие формаларының көптүрлігін пайдалануға ұмтылады.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 1488 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...