Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тәрбие құрал-жабдықтары, әдістері мен формалары



Әрқилы тәрбие міндеттерін шешудің санқилы құралдары, әдістері мен формалары қолданылады. Тәрбие құрал-жабдықтары – бұл көзделген тәрбиелік ниеттерді іске асыруға бағытталған материалдық және рухани-мәдени заттары (кітаптар, кинофильмдер, компьютер, өнер туындылары және т.б.), көп жағдайда тәрбие құралы ретінде тұлғаның қалыптасуына ықпал етуші іс-әрекет түрлері де қабылданған. Олар: ойын, оқу-үйретім еңбегі, қоғамдық пайдалы еңбек және іс-шаралар, спорт және көркем өнермен шұғылдану, сыныптан тыс үйірме жұмыстарына қатысу.

“Тәрбие құралы” түсінігімен тығыз байланысты келетін категория – бұл тәрбие әдістері. “Әдіс” түсінігінің жалпы мәні – ниеттелген мақсатқа жетудің амалы, жолы. Ал тәрбие әдістері – бұл алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге арналған педагог және тәрбиеленушілер арасындағы әрекеттестік амалдары. Тәрбие құралдарының ықпалы педагог қатысуын қажет етпейді, ал педагогикалық міндеттерді шешуге арналған тәрбие әдістері белсенді өзара әрекеттестікке, педагог қызметіне негізделіп, педагог және тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынас пен әңгіме-сұхбатынсыз іске аспайды.

Біртұтас, жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуді көздеген стратегиялық міндеттерді шешуде қолданылатын әдістер адамның барша мәнді аймақтарының - интеллектуалдық, сеп-түрткілік, көңіл-күйлік, еріктік, өз бойындағы мүмкіндіктерді іске асыру, заттай-тәжірибелік және рухани-имандылық (экзистенциялдық) дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Тәрбиелік үдерістің ұтымды жүрісі үшін, кем дегенде, тұлғаға педагогикалық ықпал жасау әдістерінің бес тобы қажет:

сендіру;

жаттықтыру және үйрету;

оқу-үйретім (үйренім);

ынталандыру;

бақылау және бағалау;

Тұлғалық ықпал жасау әдістері шәкірттерге кешенді әсер жасайды, сондықтан олар өз алдына жеке, бір біріне байланыссыз қолданылмауы тиіс.

Гуманистік педагогиканың аса көп мән беретін әдісі – бұл өзіндік тәрбие. Бұл педагогика тұрғысынан, шәкірт тәрбиесіне бағытталған педагог ықпалы өзіндік тәрбиеге көмек беретін сырттай талапқа сай шәкірттің өз әрекетін оятуға арналуы қажет. Осыдан тәрбие әдістері жұптас (бинарлы)келеді: тәрбие және өзіндік тәрбие диалектикалық бірлікті қатынаста.

Айтылғандай, тәрбие әдістерінің баршасы адамның мәнді аймақтарының бәріне топтасып әсер етеді. Дегенмен, әрбір тәрбие әдісі және оған сәйкес өзіндік тәрбие амалы бір-бірінен адам болмысының қай тарапына басымдау ықпал жасайтынына қарай ажыралады.

Ақыл ес (интеллектуал) аймағына ықпал ету әдістері: көзқарас, түсінік, ұстанымдар қалыптастыруға сендіру әдістері қолданылады. Сендіру үшін қандай да түсініктерге, адамгершілік бағыт-бағдарға, төңіректе болып жатқан оқиғаларға сәйкес орынды дәлел-дәйек келтіру қажет. Ұсынылған ақпаратты қабылдай отырып, шәкірт түсінік не ұғымның өзін қабылдамайды, оның есінде қалатыны қисынды (логикалы) баяндалған педагогтың өз көзқарасы, дүниетанымы. Ұсынылып жатқан ақпаратты қабылдай отырып, шәкірт өз көзқарасының дұрыс не бұрыстығына көз жеткізеді, қажет болса, оны реттеп барады. Педагог тарапынан айтылғанның дұрыстығына сенумен шәкірт әлемге, қоғамға, әлеуметтік қатынастарға болған өзінің пайымдау жүйесін қалыптастырады. Сендіру жұптасы өзіндік сенім әрекеті – баланың қандай да әлеуметтік мәселеге байланысты өз ойын саналы үйлестіруге қаратылған дербес ізденіске негізделген өзіндік тәрбие әдісі. Осы әдіс арқасында шәкірт өз бетінше өзінің меншікті қисынды қорытуларана қол жеткізеді.

Ақыл-ес аймағының дамуында маңызды рөл оқу-үйретім әдістеріне тиісті. Олар, әдетте, екі топқа ажыралады: 1) қайта жасау (репродуктивті) әдісі. Мұндай жолмен шәкірттер дайын білімдерді меңгеріп, өзіне енді таныс болған іс-әрекет амалдарын қайталап қолданады; 2) өнімді (продуктивті) әдіс – мұның ерекшелігі: шәкірт жаңа білімдерді өз пайымдауы негізінде, шығармашыл әрекетін арқау етіп, ізденіспен табады әрі меңгереді. Қайта жасау әдісі - өткен әулеттер топтаған ақпараттарды игеруге мүмкііндік береді. Ал өнімді әдіс – адамда ауыспалы жағдайларда шапшаң бағдар-бағыт алу, ой бірігейлігі мен өнімділігі, тапқырлық көрсету қасиеттерін қалыптастырады. Өнімді әдістер арасында аса көп қолданылатын проблемді әдіс. Проблемді оқу-үйретім шәкіртті қажетті білімдерді қабілетіне сәйкес шығармашыл ізденіс арқылы өз бетінше топтауға, кезіккен қиыншылықтарды жеңіп өтуге үйретеді, мұндай әдіс ақпараттың дәлелді-дәйекті меңгерілуіне көмектеседі, сонымен бірге игерілген материалдың мұқияттылығы мен беріктілігін қамтамасыз етеді.

Ынталандыру әдісі шәкірттерді өздерінің оқу-үйренім, тіршілік іс-әрекеттерімен саналы қатынас арқылы айналысуға баулиды. Педагогикада ынталандыру әдісінің екі тәсілі қабылданған: марапаттау және жазалау. Марапаттау балалардың ұнамды әрекеттерін бағалауда қолданылып, болымды дағдылар мен әдеттердің бекіп, орнығуына жәрдемдеседі. Марапаттаудың әртүрлі жолдары бар: қолдап-қуаттау, мақтау, алғыс беру, құрметті құқықтарға ұсыну, байрақтау. Әрқандай марапат бала әрекет-қылығының табиғи жалғасы болып, әділдігімен, ұжым пікіріне сәйкестігімен көрінуі тиіс. Оны қолдануда әр баланың жеке-дара ерекшеліктерін ескерген жөн.

Жазалау. Бұл тәсіл шәкірттер бойында қалыптасуы мүмкін болымсыз әрекет-қылықтардың алдын алуда, көрініс берген жат қылықтарды тежеуде және өзінің не басқалар алдында күнәсін сезіндіру үшін қолданылады.

Жазалау әділ, мұқият ойластырылып іске асырылатын әдіс. Ол қай жағдайда да бала намысына тиіп, оның адамгершілігін аяқ асты етуден аулақ болуы тиіс. Жаза берудегі педагог қателігін орнына келтіру қиынға соғады, сондықтан бұл әдісті қолдануды асығыстық жасамай, жазаның орынды екендігіне, оның бала әрекет-қылығына оң әсер ететініне толық сенім артумен пайдаланған жөн.

Аталған ынталандыру әдістері адамға өз әрекет- қадамдарын дұрыс бағалау ептіліктерін қалыптастыруға жәрдем береді. Осыдан тәрбиеленуші өз қажеттерін саналы түсініп, өзінің өмір тіршілігінің мәнін пайымдаумен алға қоятын мақсаттары мен міндеттерінің сеп-түрткілерін (мотивтерін) таңдастыруға бейімдеседі.

Ерік күші аймағына ықпал жасау әдістері балаларда ынта-ықылас, өз мүмкіндіктеріне сенім пайда етеді, көздеген мақсаттарына жету жолындағы кедергі, қиыншыларды жеңуге көмектеседі; ұстамдылыққа (шыдамдылыққа, сабырлылыққа) үйретеді; дербес әрекет-қылық дағдыларын жетілдіріп баруға жәрдем береді. Ерік күші аймағының қалыптасуында талап қою және жаттығу әдістерінің маңызы орасан. Талаптар қою арқылы адамның өзіндік тәрбие үдерісіне ықпал жасауға болады, ал мұның салдары - жаттығу, яғни қажетті әрекеттерді көп мәрте қайталаумен автоматты орындау қалпына жеткізу. Жаттығулар нәтижесі - тұлғаның тұрақты сапа қасиеттері. Ал мұндай сапаларды қалыптастыру үшін жаттығуларды мүмкін болғанша ерте шақтан бастау қажет, себебі ағза неғұрылым жас болса, оған қондырылатын әдеттер тез орнығады. Белгілі талаптарға әдеттенген адам өз сезімдерін ұқыпты тізгіндей алады, ниеттеріне теперіш береді, ал егер олар қандай да міндеттерді орындауда кедергілік етсе, өз әрекетіне бақылау салып, басқалар көзқарасымен орында бағасын беріп отырады. Ұстамдылық, өзіндік қадағалау, ұқыптылық, тәртіп, қарым-қатынас (сөйлесу) мәдениеті - бәрі де тәрбие арқылы қалыптасқан әдеттерге негізделетін сапалар.

Көңіл-күй аймағына ықпал жасау әдістері өз сезімдерін басқаруда қажет дағдыларды қалыптастыру және өз көңіл-күй қалпы мен оны туындатушы себептерді түсіну үшін қолданылады. Баланың көңіл-күй аймағына ықпал жасаушы әдістер тобына иландыру және онымен байланысты аттракция тәсілдері кіреді. Иландыру – бұл сезімге әсер ету арқылы адамның ақылы мен еркіне ықпал жасау. Илану адам санасына оның еркінен тыс, сын-сарапқа салынбай өтіп жатады. Илану негізінде балада өз әрекет-қылықтарына болған толғаныс және онымен байланысты көңіл-күй қалпы өзіндік пайым мен бағалауға түседі. Ұнамды көңіл-күй мен қабаттаса жүріп, бір адамның екіншіге болған құмарлығы - атракция әсерінен.

Өзіндік реттеу және түзету аймағына ықпал жасау әдістері балаларда өзіндік психикалық және тән-дене қалпын реттеу дағдыларын қалыптастыруға, өмірлік жағдайларды талдау дағдыларын дамытуға, балаларды өзінің және басқа адамдардың әрекет қылықтары мен сезімдерін түсіну дағдыларын үйретуге, өз өзіне және басқаларға адал қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Бұл топта аса маңызды әдістердің бірі - әрекет-қылықты реттеу. Бұл әдісті қолданумен баланың тікелей өз әрекетіне, басқаларға деген қатынасына түзетулер енгізуіне жағдай жасалады. Мұндай реттеу және түзетулер шәкірттер қылығы мен қоғамдық талаптарды салыстыру, қандай да қылық салдарын талдау, іс-әрекет мақсаттарын нақтылау негізінде жүргізілуі мүмкін. Бұл әдістің біршама өзгеріске келген түрі үлгі, өнеге көрсету. Бұл тәсіл белгілі заңдылыққа негізделеді: көру арқылы қабылданған құбылыстар санада тез әрі оңай орнығады. Себебі, сөзбен берілетін әсерлерде қажет қайта өңдеудің керегі болмайды. Осыдан, үлгі бала тәртібін дұрыс жолға салуда өте қолайлы әдістердің бірі. Алайда, әрқандай түзету не реттеу осы бағыттағы шәкірттің өз ықпал ниетін арқау етпесе, іске аспайды. Еліктеуге тұрарлық өнегені, қалыптасқан талаптар мен үрдіс, салт-дәстүрлерді ұнатумен шәкірт өз әрекет-қылығын, тәртібін өзгеріске келтіреді. Нәтижеде тәрбие барысында аса қажет шәкірттің өзіндік саналы реттеу қызметі іске асады.

Заттасқан-тұрмыс, тәжірибе аймағына ықпал жасау әдістері әрбір адамның өзін өзі шынайы қоғамдық тіршілік иесі және бірегей даралық ретінде көрсете білуіне жәрдемдесетін бала қасиеттерін дамытуға бағытталады. Тәрбиеленушілердің іс-әрекеті мен әрекет-қылығын арнайы жасалған жағдайларда ұйымдастыру жолдарын тәрбиелеуші жағдаят әдістері деп атау қабылданған. Бала мұндай жағдаяттарға (ситуацияларға) қандай да мәселені міндетті шешу үшін әдейі кезіктіріледі, мысалы - моральдық таңдау, іс-әрекет тәсілін қалау, әлеуметтік мәртебе-рольге ену және с.с. Жағдаят үдерісінде бала алдында қандай да міндет пайда болып, әрі оны дербес шешу шарттары тұратын болса, әлеуметтік сынақ ретінде көрініс беретін өзіндік тәрбие әдісі іске қосылады. Әлеуметтік сынақ адамның барша өмір аймағын және тіршілік байланыстарының халін қамтиды. Осындай арнайы түзілген жағдаяттарға ену барысында балаларда нақты әлеуметтік көзқарас-бағдар және әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдары пайда болады, ал бұл өз кезегінде болашақ тұлғаның әлеуметтік ортаға еніп, кемелденуінің бірден-бір негізі.

Тәрбиелеуші жағдаяттар әдісінің нарықтық заманға сәйкес жаңашыл түрі – бұл жарыс, бәсеке. Мұндай әдістің психологиялық негізі – бала бойында табиғи қалыптасқан көшбасшылыққа (лидерство), бәсекелесттікке деген ұмтылыс. Жарыса бәсекелесумен бала өз жолдастары арасында табысқа қол жеткізеді, жаңа әлеуметтік мәртебеге көтеріледі. Жарыс баланың тек белсенділігін ғана арттырып қалмастан, оның бойында табиғатынан және әлеуметтік ықпалдардан қалыптасқан өз мүмкіндіктерін жүзеге келтіруге мүмкіндік береді. Ал бұл өзіндік тәрбиенің таптырмас құнды құралы. Осылайша, бала өзін әрқилы қызмет, іс-әрекеттерде қабілетіне, жасына сай өнімімен көрінуге үйренеді.

Рухани өмір аймағына ықпал жасау әдістері шәкірттерді олар үшін жаңалықты болған өмір қатынастарына ендіру бағытында қолданылады. Әрбір балада әлеуметтік пайдалы әрекет-қылық тәжірибесі, өмірлік бағыт-бағдар бірліктерін қалыптастырушы шарттарға байланысты тұрмыстық тәжірибе, қоғамға жат қылықтардан сақтандырушы жоғары адамгершілікті ұстанымдар қоры жинақталуы тиіс. Бұл үшін өз тәрбиесіне қаратылған әрбір шәкірттің өзіндік жан еңбегі (В.А.Сухомлинский) ұйымдастырылуы тиіс. Мектеп жағдайында әділдік принципі негізінде балаларға пікір, ой сарабын жүргізу қабілетін қалыптастыруға бағытталған жаттығуларды пайдаланған жөн. Ой туындатушы жаттығулар (метод дилемм) балалардың бас қосып моральдық мәселелерді талқылауымен жүргізіледі. Талқы барысында әр мәселе бойынша сұрақтар қойылып, балалардың қолдау не қарсы жауаптары келтіріледі. Жауаптарды талдау және бағалау келесі белгілер бойынша өткізілгені дұрыс: таңдау, құндылық, әлеуметтік ролі және әділдік. Айтылған әрбір ой пікір бойынша қай адамның да құндылықты өмірлік бағыт-бағдарын айқын тануға болады. Ой, пікір туындату сайысын кез-келген мұғалім ұйымдастыра алады, тек төмендегі шарттарды ұстанса, жеткілікті:

мәселе балалардың нақты өмірімен байланысты болуы;

мүмкіндігінше түсінімді, қарапайым келуі;

мәселе тұйықталып қалмайтын, кең ой-өріс танытуға қолайлы болуы;

инабаттық мәселелерін кең қамтитын екі не одан да көп сұрақтарды қамтуы;

шәкірттер таңдауына жауап баламаларын бере отырып, басты мәселеден ауытқымауды талап ету, яғни “бас кейіпкер қандай адам болғаны жөн?” деген сұрақ төңірегінде шешім табу.

Мұндай сұрақ көп жағдайларда шәкірттер арасында қызғын пікір-талас пайда етіп, қатысушылардың қайсысын да өз дәлелін келтіруге ынталандырады, ал бұл шәкірттердің өмір барысында молынан кезігетін әрқандай жағдайлардан жол тауып, шығуына мүмкіндік қалайды.

Ой туындату әдісіне сәйкес өзіндік тәрбиенің және бір әдісі рефлексия - әрбір жеке бастың өз санасында болып жатқандар жөнінде ой толғастыру үдерісі. Рефлексия арқылы адам нақты уақыт не белгілі жағдаяттарға байланысты тек өзін ғана танып шектелместен, өзіне деген басқалардың да көзқарас, пікірін пайымдастырады, сонымен бірге өз бойында болып қалар өзгерістер жөнінде де алдын ала ой қалайды.

Тәрбие формалары – тәрбие үдерісін ұйымдастыру жолы, шәкірттердің ұжымдық және жеке-дара іс әрекеттерін белгілі мақсатқа бағдарлап жүзеге асыру шаралары.

Тәрбиелік шараларды ұжымдасып жоспарлау. Дайындау және өткізу үдерісінде шығармашыл қызметтестік жағдайы жасалады. Бұл тұлғаның, ұжымның дамуына көмектесіп, ұжымның ішкі қатынастарын өрістетуде қолайлы мүмкіндіктер береді. Мұндай шаралар педагог-тәрбиешінің әр тәрбиеленушімен, ұжыммен тәрбиелік міндеттерді орындау бағытында өзара әрекеттестік қатынастар құрып, көзделген мақсаттарға жетуге жол ашады. Қазіргі заман мектебі тәжірибесінде қатысушылар ауқымына орай кең қолданымдағы тәрбиелік іс формалары төмендегідей: сынып мүшелерінің баршасын қамтыған – жаппай, үйірмелік – топтық, жеке дара формалары. Ал тәрбиелік іс бағыттарына байланысты, мысалы – шәкірттердің таным дамытушылық іс-әрекеттеріне арналған формалары, келесідей: викторина, білім аукционы, білгірлер бәсекесі, жобалар конкурсы, іскерлік ойындар, мектептегі ғылыми конференциялар, ойлап тапқыштар мен қиялшылдар жарысы және т.б. Адамгершілік тәрбиесін іске асыруға қолданылуы мүмкін формалар: пікір-талас, дөңгелек стол, инабаттылық тақырыбындағы әңгіме – сұхбаттар, теле-көпірлер, қайырымдылық істері, әдеби-сазды құрылымдар және с.с. Тәрбиелік іс формалары педагогикалық ғылыми принциптер негізінде іріктеледі. Тәрбие үдерісін ұйымдастыру формалары өз мазмұны бойынша неғұрылым көп түрлі және ауқымды келсе, оның тиімділігі де арта түседі. Балалар ұжымының әрбіріне сай келетін тәрбие формасын ұсына отырып, оның негізіне алынатын педагогикалық мақсатқа сәйкестік талабын бірде естен шығармаған жөн.

Ынталы педагог үшін тәрбиелік іс формалары шексіз көп, солардың арасынан баланы жалықтырмайтын, жаңалыққа көзін ашып, қызықсыну, ұмтылыс жолына жетек болатын формаларды әрдайым ауыстыра пайдалану- шебер педагог жемісі.

6.5. Тәрбие және қайта тәрбие

Тұлға бойында көзге түспей, астарлы жүріп жататын үдерістер мен олардың қалыптасу мерзімінің белгісіздігі педагогтың да, тәрбиеленушінің өзін де қоғам талаптарына сай келмейтін кейбір күтілмеген әрекет-қылықтардың бой тіктеуінен қиын жағдайларға кезіктіріп жатады. “ Қайта тәрбиелеу ” үдерісінің мәні – адам бойындағы қандайда сапа мен әдеттерді дұрыстау, ретке келтіріп түзету, қажет болса, қосу не жоюға ұмтылыс. Әлеумет-қоғамға зиянды не жат әрекет қылықты, адамзат қауымына қайшы келетін тұлға қасиеттері, қылмыстық істер жөнінде сөз көтерілсе, “қайта тәрбиелеу” ұғымына жүгінуге тура келеді. Ертеректегі әдебиеттерде болымсыз қылықтарды, “ ойып алу, жою,өшіру ”, олардың орнына ұнамды әдеттерді «қоя салу» секілді кеңестер берілетін еді. Алайда тәрбиеленуші мейлі бала, мейлі ересек болсын, үнтаспа емес қой, қажетсіз таспаны лақтыра салып, қалаулысын қоса қоятын.

Адам бойындағы кемшіліктерді өшіре салуды мегзейтін қайта тәрбие ескіріп, өткен заман есесінде қалды. К.Д.Ушинский атағандай, бұдан былайғы міндет жаман әдеттерді жақсылармен ауыстыра отырып, болымды әрекет қылықтарға жол ашумен ұнамды әдеттерді қалыптастырып бару. А.С.Макаренко дәлелдегендей, қалаған баланы қалыпты адамгершілікті жағдайларға салып, дұрыс тәрбиелеу мүмкіндігі бар. Қазіргі заман педагогикалық тұжырымы мен гуманистік психологиясы баланы болмысымен қабылдау, оның даралығын құрметтеу, қалыптасу, даму жолдарын ескеріп, бала бойындағы ұнамды сапаға арқа сүйеу қажеттігін алға тартып отыр.

Педагогикалық қараусыз қалған балалардың қайта тәрбиесі мақсатты тәрбиемен қатар жүріп жатады. Қиын балалар әрекет қылығындағы кемшіліктерді жою, әсіресе, оларда ұнамды сапаларды қалыптастыру үшін көбіне әдеттегі педагогикалық ықпал жасау әдістері қолданылады. Мұндайда осы маңызды келетін әдістер – сендіру және жаттығулар, ұжым талаптары мен қоршаған адамдардың өнегелі әрекеттері мен әдеттері, мадақтау және жазалау. Дегенмен, кей уақыттары ашу шақырып, қатал талаптар қоюға да тура келеді. Осылайша тәрбиеленушіні өзі күтпеген тосын жағдайға душар етіп, өз өзінен, өз әрекетінен жиеркенуге көмектесуге болады. Бірақ бұл тәрбиелік қадамға баруда педагог талабы ұжым қолдауымен орындалғаны дұрыс.

Педагогикалық қараусыз қалған балалардың қайта тәрбиесінде маңызды болар және бір жәйт – тәрбиеленушілерді қоршаған тұрмыс, тіршілік жағдайларына өзгерістер енгізу, кері ықпал шарттарын жою, мүмкін болса “қиын” балаларды қоршаған ортаның болымсыз әсерлерінен оқшаулап, мейір қамқорлығына алу. Әлбетте, баланы сыртқы болымсыз ықпалдардан толығымен ажыратып алу қиынға соғады. Қажеттісі, олардың өздерін жағымсыз ықпалдарға қарсы тұра білуге үйрету. А.С.Макаренконың “балаларды сырттағы жаман әрекет-қылықтардан қорғаудың пайдасы шамалы, қажеттісі, олардың өздерін кері әдеттерге табанды қарсылық жасауға дағдыландыру” – деген тұжырымы әбден орынды.

Тәрбиелеушілер нақты баланың тіршілігінде жетекші болған өмірлік қатынастарды мұқият зерттеп, қажет болса, оларды түбегейлі ауыстырып баруы керек.

Қайта тәрбиелеу тәжірибесі көрсеткендей, қиын шәкірттерді басқа сынып не басқа мектепке өткізгеннің де ұнамды тараптары бар: бала жаңа дос, жолдастар табады, өзі аңсаған соны да қызықты істерге араласып, бұрынғы жағымсыз қылықтары мен қызығуларын ұмытады. Тәрбие қамқорынан жұта болған балаларды дұрыс жолға салудың пайдалы және бір тәсілі - отбасыдағы жағдайды қалыпқа келтіріп, олардың тәртібіне қадағалауды күшейту және қызықты да қоғамдық пайдалы мазмұнға ие болған іс-әрекеттерге тарту.

«Қиын» балаларды қайта тәрбиелеуде олар бойында табиғи қалыптасқан ұнамды қасиеттерді арқау ету де үлкен маңызға ие. Әр баланың өзіне тән бір немесе бірнеше сапалары болатыны анық. Осыларды анықтай, пайдалана отырып, бала мінезі мен санасындағы кемшілікті жою қиынға соқпайды. Аса қажетті жағдай – педагог пен шәкірт арасындағы қатынастарды дұрыс алып бару. Тәрбие үдерісіндегі баланың теріс жолға түсуі көбінесе ұстаз бен шәкірттің арасындағы байланыстың бұзылуында.

Тәрбие және қайта тәрбие ажырамас бірлікте жүріп жатады. Бұлар өз кезегінде өзіндік тәрбиемен толығып барады.

Тәрбиеленушілердің жалпы мәдениеті, тәлімділігі мен жалпы даму көтеріңкі жағдайда өтіп жатса, қайта тәрбиелеу үдерісі жылдам әрі табысты нәтижесін береді.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 3325 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.031 с)...