Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тәрбие - біртұтас үдеріс



Егер тәрбие біртұтас үдеріс күйінде ұйымдастырылса ғана, оның барша мүмкіндіктері толығымен ашылады.

Тәрбие үдерісінің біртұтастық мәні - оның барша бөліктері мен қызметтерінің жалпы “мақсатқа” бағытталуында, адамның тұтастай қалыптасуына ықпал жасап, оның әлеуметтік даралығы мен әлеуметтік тұлға сапаларын дамытуға арналуында. Тәрбиелік істерді ұйымдастырудағы біртұтастық бағыт- әр педагог іс-әрекетінің жалпы “мақсатқа” сәйкестігі - “тәрбие” мен «өзіндік тәрбиенің», тәлім мен өзіндік тәлімденудің бірлігі; - «педагогикалық жүйелер арасындағы байланыстарды, яғни ақпарат алмасу байланысын, ұйымдасу - іс-әрекеттер (бірлікті іс-әрекет әдістерін) байланысын, басқару мен өзіндік басқарым байланысын қалыпқа келтіру. Осы тұрғыдан тәрбиелік үдерісті педагог пен шәкірт әрекеттері іске асыуы тиіс жүйе құрастырушы жағдаят және мақсаты тәрбиеленуші тұлғасын дамыту болған біртұтас қозғалысты жүйе ретінде қарастыруға болады. Тәрбиелік үдеріс тәлім мекемесіндегі педагогикалық қызметтің ажыралмас өзегі. Сонымен бірге бұл үдеріс оқу-үйретім, тәрбие мекемесінің ұйымдастыру аймағымен шектелмей, әлеуметтік ортадан болатын барша ықпалдарды да ескерумен атқарылады.

Тәрбие үдерісінің қозғаушы күші - бұл тәрбиеленушіге бағытталған әрқилы да әртарапты әсерлер мен оның біртұтас тұлғасының қалыптасуына бағытталған ниеттері арасындағы қайшылықтар тоғысында туындайды. Егер педагог тарапынан қойылған тәрбие мақсаттары шәкірттің даму мүмкіндіктерінің жақын аймағынан болып, әрі олардың маңыздылығы оның бағамына сәйкес келсе, қандай да қарама-қарсылық ықпалды қозғаушы күшке айналады. Керісінше де, мұндай қайшылықтар, егер бала қоршаған әлеуметтік ортадан, әсіресе, өз педагогы тарапынан болатын оң ықпалдарды ажыратып, оларды қабылдауға дайын болмаса, жүйенің тиімді дамуына себін тигізе алмайды. Тәрбиелеу нәтижесінде әр шәкірттің тәрбиелік деңгейі қаншалықты өзгеріске түссе, тәрбиелік үдеріс қатынасшылары арасындағы қарым-қатынас сипаты да соншалықты өзгерісте болуы күтіледі. Бұл тұрғыдан, “ тәрбие үдерісі ” және “ тәрбие жүйесі ” түсініктерінің арасындағы өзара байланыстықты қарастырған жөн. Әлбетте, бұл екі құбылыс арасындағы байланыс табиғи құбылыс. Бір тараптан – тәлім-тәрбие мекемесінде педагогикалық мақсаттарды белгілеу үдерісінде тәрбиелік жүйе жасалады әрі ол дамиды, ал екінші тараптан - бұл жүйе тәрбиелік міндеттердің табысты шешілуінде басты себепке айналады. Егер тәрбие үдерісін жүйелілік тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда “тәрбие жүйесінің дамуы” мен “тәрбие үдерісі” өзара сәйкестікте екенін байқаймыз.

Біртұтас педагогикалық үдеріс есептелетін тәрбие жұмыстары педагог пен тәрбиеленушілер арасындағы әрекеттестік байланыстарға негізделеді. Жетекшілік бұл үдерісте педагогтар есесіне тиеді. Бұлай болса, педагог тәрбие үдерісінің субъекті де, ал тәрбиеленуші – оның объекті.

Педагогтар субъект ретінде тәрбие жұмыстарының орындалып, шешілуіне мақсатты бағытталған кәсіби іс-әрекет – қызметті атқарады. Бұл іс-әрекет балаға ғана бағытталған мақсатты ықпалмен шектелмейді, ол баланы қоршаған әрқилы орта ерекшеліктерін ескеруді және сол ортаға белсенді ықпал жасауды көздейді. Осыдан, өз кәсіби қызметтерін атқару барысындағы педагогтың шәкіртіне жасаған әрекет ықпалына негізделген педагогикалық іс-әрекет тәрбиелік жұмыс деп аталады. Тәрбие жұмысы өз ішіне тәрбиеленуші тұлғасын тиімді дамытуды, белгіленген міндеттерге сай тәрбие формалары мен әдістерін және үдерістің өзін іске асыруды қамтамасыз етуші ұйымдастыру және педагогикалық міндеттерді қамтиды. Бұл жұмыс педагогтар мен жасөспірімдердің бірлікті іс-әрекетін көзде ұстап, балаға күшті ықпал-әсерлер тигізуші әлеуметтік мәселелер қатынастарын реттеп барады.

Тәрбие жұмысы үш топ қызметтің іске асуына байланысты жүргізіледі:

- педагогтың шәкіртке тікелей ықпал жасауы: бала дамуының ерекшеліктерін, қоршаған ортасы мен қызығуларын зерттеу; тәрбиелік ықпалдарды бағдарластыру; баламен жеке-дара жұмыс алып барудың әдістері мен формалары кешенін іске асыру; тәрбиелік ықпал тиімділігін талдау;

- тәрбиелеуші орта түзу: ұжымды ынтымақтастыру; жайма-шуақ көңіл жағдайын қалыптастыру; тәрбиеленушіні әртүрлі әлеуметтік қызметтерге тарту; балалардың өзіндік басқарым тетіктерін дамыту;

- әлеуметтік қатынастар субъекттерінің балаға тигізетін әсер-ықпалдарын реттеп бару: отбасыға әлеуметтік жәрдем; педагогикалық ұжыммен әрекеттестікке келу; бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын реттеп бару; әлеуметтік келеңсіз ықпалдарын оқшаулау; басқа да тәлім,тәрбиелеу мекемелерімен байланыстар түзу. Тәрбие жұмысындағы педагогтың басты қызметі – ұйымдастырушылық, яғни мақсат белгілеу, жоспарлау, үйлестіру, тиімділікті талдау, т.с.с.

Тәрбие үдерісінде педагогтың маңызды орын иелейтінін атаумен бірге бүгінгі педагогика адам тәрбиесінің нәтижесі мен сол адамның белсенділігінің арқасында ғана болатынын баса уағыздайды. Тәрбие үдерісінде үлкен назар аударатын мәселе - тұлғаның сырттай ықпалдарды өңдеуге салып, одан өзіне қажеттісін іріктеп, меншіктей білуі. Сырттай ықпалдар адамға өздерінің сипатымен маңызды емес: олар қаншалықты шәкірт даралығына сай келеді, оларға деген баланың қатынас қозғалысы қандай, бала іс-әрекеті мен қылығында олар қай дәрежеде іске асуы мүмкін?-дегендей сұрақтар кезкелген адам дүниесінде шешімін тауып отырса, сырттай ықпал қабылданады. Сондықтан да, тәрбие үдерісінде тәрбиеленуші бала не ересек тәрбие субъекті санатында танылады. Тәрбие үдерісі өз ішіне табиғи түрде тұлғаның өзіндік тәрбиесін де қамтиды.

Өзіндік тәрбие - бұл тұрақтанған мұраттар мен наным-сенімдерге негізделіп, саналы белгіленген мақсаттарға сәйкес әр адамның өз тұлғалық сапа-қасиеттерін өзгертуге арналған педагогикалық іс-әрекеті.

Өзіндік тәрбие әрқандай тұлғаның белгілі даму деңгейіне, саналық қалпына, өз қылықтарын басқалар әрекеттерімен саналы салыстырып білуіне байланысты. Адамның өз мүмкіндіктерін саралай білуінен, шынайы бағалау қабілетінен, өз кемшіліктерін тануынан оның қандай да кемелге жетіскенін байқап, оның өзіндік тәрбие жүргізе алатынына сенім артамыз.

Өзіндік тәрбие келесі тәсілдерді қолданумен іске асып барады: өзіндік міндет қоя білу, өзіндік есеп бере алу, өз әрекеті мен қылығын бағалай тану және өз ісі мен әрекетін қадағалай білу.

Өзіндік тәрбие өзіндік басқарым үдерісінде орындалады. Бұл үшін әр адам өз мақсатын, әрекет бағдарламасын жасап, бағдарлама орындалуына бақылау қойып, нәтижелерді бағалау, қажет болса, реттеу, түзетулер енгізе білуі қажет.

Адамның өз дербестігін тануы – оның саналы өмірлік бағдар, мақсат, құндылықтар, адамгершілік қалыптар, кәсіп, тіршілік шарттарын таңдай білуінен аңғарылады.

Өзіндік тәрбие әдістері:

- өзін өзі тануы: өзіндік бақылау, өзіндік талдау, өзіндік баға, өзіндік салыстыру;

- өзін өзі меңгеруі: өзіндік сенім, өзіндік қадағалау, өзіндік билеу, өзіндік иландыру, өзіндік қолдау, өзіндік есеп, өзіндік мәжбүрлеу;

- өзіндік ынталандыру: өзіндік бейім, өзіндік қуат-қолдау, өзіндік жаза, өзіндік шектеу.

Өзіндік талдау, өзіндік баға, өзіндік қадағалау, өзіндік реттеу, өзіндік сендіру - өзіндік тәрбие тәсілдерінен.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 3321 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...