Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тәрбие заңдылықтары мен принциптері



Педагогика тәрбие үдерісінің негізіне алынған жалпы заңдылықтарды ашып, біршама принциптерді нақтылайды.

Педагогикалық міндеттерді шешуде тиімді нәтижелерге қол жеткізуші педагогикалық үдерістің тұрақты әрі мәнді байланыстары - тәрбие заңдылықтары деп аталады.

Бұл заңдылықтар қатарына енетіндер төмендегілер:

1) Тұлға тәрбиесі сол тұлғаның іс-әрекетке араласу барысында іске асады. Әрбір адамның тәлім игеруі оның танымдық іс-әрекетке қатысуынан болады. Еңбекке араластырмай, тұлғаны аралық қатынастарға түсірмей, ұжымдық мәселелерді шешуге қатыстырмай, адамды еңбеккерлікке, ұжымшылдыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Осыдан тәрбие нәтижесі құрғақ уағыз, сөзбен емес, өскелең әулет өкілін жасына сәйкес қоғамдық қатынастарға келтіріп, еңбек әрекетіне қосудан болады. А.С.Макаренко пікірінше, тәрбие нәтижесі – тәрбиеленушілердің өмірі мен іс-әрекетін мазмұнды ұйымдастырудан.

2) Тәрбие - бұл қалыптасушы тұлғаны нақты іс-әрекетте белсенділікке ынталандыру. Тұлғаның тиімді дамуы мен қалыптасуы оның нақты іс-әрекеттегі жоғары белсенділікке ие болуынан. Егер адам өз қызметіне селқостықпен қараса, нәтижеге жетуде енжарлық танытса, тәрбие ісі қай уақытта да ақталмайды. Ал белсенділік болу үшін тұлғаның қажетсіну аймағын дамыту керек. Қажеттікті сезінуден тәрбиеленуші іс-әрекетке өз белсенділігімен араласуға ынталы болады.

3) Тәлім және тәрбиенің ажырамас бірлігі. Тәлім, білім әрқашан адамның жалпы мәдениетінің қалыптасуына бағытталады. Осының негізінде қоғам өкілі дамиды, қажетті білімдер мен қабілеттер орнықтырушы әлеуметтік тәжірибені игереді. Тәлім мен тәрбие әрекеттестігінен тұлға жетіледі. Тәлім игере отырып, адам дамиды. Даму барысында ол өз қызметтері мен қарым-қатынастары аймағын кеңейтеді, ал ол өз кезегінде жаңа білімдер мен ептіліктерді игеруге ынталандырады.

4) Тәрбиелік ықпалдардың біртұтастығы - тәрбие мақсаттарының мазмұны мен әдістерінің бірлігі, әлеуметтік ұстанымдар мен педагог талаптарының ұштастығы, тәрбиелік үдеріс субъекттері тарапынан қойылатын барша талаптардың өзара байланыстылығы.

5) Тұлғаға деген адамгершілік қатынас және сыйластықтың жоғары талаптармен бірлесе жүруі.

6) Тәрбие үдерісінде шәкіртке болашақтағы жетістігін аша көрсетіп, табыс қуанышына бөленуге жәрдемдесу.

7) Тәрбие үдерісінде жастардың ұнамды сапа қасиеттерін таба біліп, оларға арқа сүйеу. П.П. Блонский пікірінше, оқу-үйретімде кемшілігі бар шәкіртпен күресу керек емес, ал оның өзімен бірлікте ондағы кемшіліктерге қарсы реттеу әрекеттерін жасаған орынды. Осыдан баланы сынап, таптамай, оған деген мейір көрсетіп, кезіккен қиыншылықтарды жеңуге көмек көрсету қажет.

8) Тәрбиеде шәкіртің жас және даралық ерекшеліктерін ескеру қажет.

9) Тәрбие үдерісінде баланы өзіндік тәрбие іске асыруға баулу қажет.

Аталған заңдылықтар негізінде тәрбие принциптері іске асырылады. Тәрбие принциптері - бұл тәрбие мазмұны мен оны іске асыру жолдарын анықтайтын тәрбиелік үдерісті ұйымдастырудың негізгі талаптары.

- Тәрбиенің адамгершілікке бағыттау принципі - адамаралық қатынастар жүйесінде баланы негізгі құндылық ретінде қарастыруды талап етеді. Осыдан әрбір адамға сыйластық қатынас жасап, оның ар-намыс, рухани сенімі мен көзқарас еркіндігі сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл принцип тұрғысынан баланың тән-дене, әлеуметтік және психикалық салауаттылығына қамқорлық - басты міндет. Бұл принциптің орындалу шарттары: баланың іс-әрекет, еңбекке араласу еркіндігі; мақсатқа жету жолында балаға болған сенім; тәрбие міндеттерін анықтауда тек жақсылықты көздеу; бала қызығулары мен даралық талғамын ескеріп, оның жаңа ұмтылыстарына дем беру; педагогикалық ықпалдардың болымсыз салдарының алдын алу; балаға өзінің әлеуметтік қорғанысты екенін сезіндіріп, оны өз мүдделерін қорғауға баулу.

- Тәрбиенің әлеуметтік жағдайларға сай келуі. Бұл принциптің іске асу шарттары: тәрбие міндеттері мен демократиялық қоғамның әлеуметтік даму міндеттерінің өзара байланысы; бала тұлғасына ықпал жасаушы әлеуметтік мекемелер әрекеттестігін үйлестіру; балаларға арналған әлеуметтік-педагогикалық жәрдемді қамсыздандыру; педагогикалық үдерісті қоғамның нақты мүмкіндіктеріне сәйкестендіру; қоршаған әлеуметтік ортаның әрқилы жағдайларын (ұлттық, аймақтық, ауыл-қалалық, оқу-үйретім орны ерекшелігі және т.б.); сабақ барысында қабылданатын ақпараттарды реттеу.

- Тәрбиені дараландыру принципі: әрбір шәкіртің әлеуметтік даму бағытын айқындауды көздейді. Осыдан әр баланың жеке ерекшелігіне сәйкес арнайы міндеттер белгіленеді, бала өз мүмкіндіктеріне сай келетін қызметтерге қатыстырылады, тұлғаның оқу-үйренім, танымдық, сабақтан тыс білім топтау қабілеттері ескеріледі, әр шәкіртке өз мүмкіндіктерін танытып, оларды іске асыруға жол ашылады.

- Тәрбиелеуші орта түзу принципі тәлім мекемесінде бала әлеуметтігін қалыптастыратын қатынастар ұйымдастыруды талап етеді. Тәрбиелеуші ортаның түзілуі үшін педагогикалық үдеріске араласқандардың өзара жауапкершілігі, өзара түсіністігі, өзара жәрдемі, қиыншылықтарды бірлесе жеңу қабілеттері болуы тиіс. Бұл принциптің іске асуы келесі шарттарға тәуелді: ұжымдық мақсат басымдылығын көзде ұстау; ұжым мүшелерінің бәріне маңызды келетін жетекші іс-әрекеттер түрін анықтау; балалардың өзіндік басқарымын дамыту; балалар мен ересектердің ынталылығы мен дербестігін өрістету; әртүрлі балалар бірлестіктерін түзу; шығармашылыққа ұмтылыс қалыптастыру; мектеп бірегейлігін көрсете білу; өзара жауапкершілікті тәуелділік қатынастарының болуы. Бұл принцип педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастырудың бірнеше ережелерінің орындалуынан көрінеді: мектеп бала үшін сүйікті орынға айналып, осыдан ол ондағы ұжым қуанышы мен күйзелісіне ортақ болуы, мектептің жалпы мақсаты әр педагог пен шәкірттің мақсаты ретінде қабылдануы тиіс; балаларға мейлінше сенім білдіру қажет; ұжымның әрбір мүшесі жаңа қатынастар мен жаңа істерге мұрындық бола білгені жөн; немқұрайлы педагог немқұрайлы шәкіртті жаратады.

- Тәрбиелік оқу-үйретім принципі. Бұл принципке сәйкес дұрыс ұйымдастырылған оқу-үйретім тұлға дамуы мен қалыптасуында шешуші қызмет атқарады, ал оның табысты болуы көбіне шәкірттердің еңбекке деген жауапкершілігін тәрбиелеуге, оларда тәртіптілік, жинақтылық және сенімді сапалардың қалыптасып баруына тәуелді.

Оқу-үйретім – аса маңызды тәрбиелік құрал. Ол білім, ептілік және дағдыларды қабылдатумен шектеліп қалмастан, нақты саясат, идеология, моральдық сапалармен қаныққан тұлға тәрбиелеудің бірден бір арқауы. Оқу-үйретім үдерісі тұлғаның тек ақыл-ес дамуын қамтамасыз етіп қоймастан, сонымен бірге ол дүниетаным мен адамгершілік болмыстың қалыптасуына, эстетикалық талғам мен тән-дене қасиеттерінің дамуына, әрекет-қылық дағдылары, әдістерінің орнығуына ықпал жасайды. Ғылым негіздерін меңгеру барысында шәкірттер тұрмыстық және өмірлік бағыттарын дұрыс таңдауға үйренеді, қауымдық бірлікті тіршілік ету қалыптары мен ережелерін игереді. Дәрістерде олар жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты, достық пен залымдықты айырып, әділет және азаматтық борыш ұғымдарының төркінін түсінуге баулынады. Бұл үдерісте игерілген білімдер әрбір болашақ тұлға -азаматтың наным-сенімдерінің орнығуына негіз береді.

Оқу-үйретім, негізінен, ұжымда жүргізілетіндіктен оның барысында шәкірттер көпшілікпен бірге жасауға және еңбектенуге дағдыланады, бірлікті өмір рухында тәрбиеленеді. Осыдан әр шәкірттің ұжымшыл, көпшіл болуға деген ықыласы арта түседі. Оның моральдық келбетінің тіктелуіне дәріс мазмұны ғана ықпал жасап қоймастан, бұл орайда оқу-үйретім әдістерінің, таным жұмыстарын ұйымдастырудың да мәні орасан. Даралап айтатын болсақ, олар келесідей:

- оқу-үйретім мазмұны тұлғаның адамгершілік пайымы мен бағамының орнығуына жанама ықпал жасайды, инабатты кемелденген тұлға қалыптасуына жәрдемін тигізеді;

- шәкірттің әрекет-қылық дағдылары мен әдеттерінің қалыптасуына оқу-үйретім әдістерінің әсері мол. Мектептің көздегені шәкіртің білімге деген қызығушылығын, әуестігін, белсенділігі мен ынталылығын көтеру, Осыдан тәлім ордасы жанжақты дамыған, рухани қуат беретін оқу-үйретімнің белсенді әдістері мен тәсілдерін мейлінше еркін әрі молынан пайдалануға ұмтылады;

- оқу-үйретімнің дамытушылық ролін жоғарылатуда пәнаралық байланыстардың маңызды болатыны дау тудырмайды. Пәндер арасындағы байланыстарды түсінген шәкірт сабақ материалын тереңдей ұғып игереді, өз санасында әлемнің тұтастай бейнесін қалыптастыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде жастардың диалектикалық-материалистік дүниетанымының негіздерін қалайды;

- оқу-үйретімнің тәрбиелік маңызының көтерілуіне мұғалімдердің өз тәрбие жұмыстарына зерттеушілік сипат бере білуі, шәкірттердің дербес өзіндік жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы зор ықпал жасайтынын күнделікті тәжірибе дәлелдеп отыр. Кейінгі жылдары осыдан жоғарғы сыныптарға пікір–таластар, семинарлар, баяндама жасап, рефераттарды қорғау, қосымша әдебиеттерге шолу жасап, кабинеттер мен мектеп учаскелері және зертханаларында өзіндік ізденіс-зерттеу дәрістері кең қолданымға енуде. Мұндай қалыптан тыс оқу-үйретім жұмыстарының нәтижесінде күнделікті сабақта шәкірттердің жоғары интеллектуалдық сапа көрсетуіне жол ашылады;

- оқу-үйретімнің тәрбиелік ролінің артуына игерілген білім деңгейіне берілетін әділ баға да үлкен ықпал жасайды. Бұл шәкірттерді жүйелі оқу-үйретім еңбегіне баулиды, еркін нығайтып, мінезін орнықтырады, адал ниеттік пен мұнтаздық, жоғары талапшаңдық және жауапкершілік қасиеттерін дамытады. Тәжірибелі мұғалімдер оқу-үйретім нәтижесін ғана бағалап шектелместен, баланың еңбек үдерісін де назарда ұстай отырып, тәлімге болған ынта-ықыласына да ден қояды;

- тәрбие міндеттерінің табысты болуы үй жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруға да байланысты келеді. Оларды орындау барысында шәкірт өзбетімен жұмыс орындау дағдыларын меңгереді, өз еңбегін жоспарлауға үйреніп, уақытын үнемді де жемісті пайдалануға әдеттенеді, сабақ жұмыстарына орай кезігетін қиыншылықтарды жеңіп өту амалдарын табуға дағдыланады;

- оқу-үйретімнің тәрбиелік маңызын көтерудің өте пайдалы да қажетті шарты - бұл сабақ материалын игерудің ұтымды жолдарын іріктеу және оны оңтайластыру. Оңтайластыру мәні: нақты жағдайларда сыныптағы және үйдегі жұмыстарды орындауға бөлінген уақытты көбейтпестен, оқу-үйренім, тәрбие міндеттерінің тиімділігін мүмкін болғанша арттыра, шешімін табу. Яғни оқу-үйретім үдерісін оңтайластырудағы басты ниет – шәкірттердің даму деңгейіне сай келетін тәрбие нәтижелеріне қол жеткізу. Бұл орайда үлкен маңызға ие болатын талап - мұғалімдер мен шәкірттердің сабақ, еңбек, демалыс уақыттарын дұрыс жоспарлап, олардың күші мен қуатын үнемдей білу. Оқу-үйретімнің сапасы және тәрбие нәтижесі көп уақытты сарп етуден емес, оны саналы пайдалана білуден;

- оқу және тәрбие бірлігін қамтамасыз етуде факультатив дәрістердің үлесі айтарлықтай. Мұндай сабақтар білімдерді тереңдете түсіп, оларды күнделікті тәжірибеде, өмірде қолдануға көмектеседі. Факультатив сабақтар кейде жаңа оқу-үйренім пәндерін енгізумен байланысты келеді. Факультатив пәндер сонымен бірге шәкірттердің техникалық шығармашылығы мен ауылшаруашылық тәжірибе топтау мүмкіндігін дамытып, оларды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуға жәрдемдеседі.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 17428 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.014 с)...