Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс – 5



Дәріс тақырыбы:Мектеп информатика курсы бойынша оқулықтарға талдау.

Дәрістің мақсаты: Орта мектептің 7-9 сыныптардың информатика оқулықтарына талдау жасау

Тақырып бойынша қарастырылатын сұрақтар:

1. Орта мектептің 7-сыныптың информатика оқулығына талдау жасау.

2. Орта мектептің 8-сыныптың информатика оқулығына талдау жасау.

3. Орта мектептің 9-сыныптың информатика оқулығына талдау жасау.

Дәрістің тезисі: Мектеп информатика курсы бойынша оқулықтардың тізімі силлабустан көруге болады. Әрбір сыныпқа арналған информатика оқулықтардың мазмұнына тоқталамыз.

7-сыныпта информатиканы оқытудың негізгі мақсаты - оқушыларға ақпаратты өндеу, беру және қолдану үрдістері туралы білімді меңгерту оқу үрдісінде компьютерлік технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын, алгоритмдік мәдениет пен компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру болып табылады.

Алгоритмдік мәдениет дегеніміз – алгоритмді құру, түсіну және атқару іскерлігі арқылы бейнеленетін ойлау мәдениеті.

Оқытудың мазмұны - шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыруға, логикалық-құрылымдық ойлау қабілетін дамытуға, яғни оны қызмет субъектісі ретінде қалыптастыруға және компьютерлік технологияның мүмкіндіктерін өздерінің кәсіби дайындық деңгейлеріне еркін пайдалана білуге бағытталған.

Информатиканың мамандыққа баулу курсы ретінде оқытуда оқушылардың операциялық жүйемен, PAINT графикалық редакторымен, WORDPAD мәтіндік редакторымен жұмыс жасауды, электрондық поштаны іске қосуды меңгерту сияқты және тағы басқа мәселелер қамтылады.

7-сыныпқа арналған «Информатика» оқулығы 2007 жылы қайтадан өңделіп шығарылды. Бұл оқулықта дәл сол тақырыптар қамтылған. Тек айырмашылығы – ескі оқулықтағы кейбір қазақша нұсқасымен берілген терминдер қайта орысшаға аударылған, кейбір тарауларға деректер қосылса, кейбіріннен, керісінше, материалдар алынып тасталған және суреттер мен кестелер өзгертілген.

1 - бөлім информатиканың теориялық негізгі іргелі ұғымдары – ақпарат, ақпараттық үрдістер ұғымдарына кеңінен түсініктеме беріліп, ақпаратты қабылдау және өңдеу мәселелері жан-жақты қарастырылады. Бұл бөлімде “ақпарат” сөзіне “ақпарат – белгілі бір нәрсе туралы таңбалар мен сигналдар түрінде ұсынылатын мәліметтер тобы” деген түсініктеме берілген. Адам ақпаратты сақтай алады, жеткізе алады және өңдей алады. Бұл әрекеттер ақпараттық үрдістер деп аталады. Жаңа кітапта ақпараттық үрдістер сызба түрінде кескінделген. Бұл бөлімнің 2-тақырыбы “Ақпаратты кодтау(таңбалау)” деп аталады. 2003 жылы шыққан оқулықта кодтау – ақпаратты белгілі бір алфавит арқылы ұсыну деп берілсе, 2007 жылы шыққан оқулықта кодтау – ақпаратты жеткізу үшін оның түрін өзгертеді, яғни оны түрлендіреді. Мысалы, ақпаратты белгілі бір алфавит арқылы құпиялап жазады. Бұл үрдісті кодтау деп атайды деп толықтырылған. Есептеуіш техникасында ең көп пайдаланылатын код – ASCII, американдық ақпарат алмасудың стандартты коды болып табылады. 2007 жылы шыққан оқулықта да оның кодтау кестесі берілген.

2-бөлім ақпаратты өңдеудің техникалық құралдары – есептеу техникасы, оның даму тарихы, архитектурасы зерттеуге арналған. Бұл тақырып бойынша «Дидактикалық материал. Практикум» құралында әр түрлі кестелік және мәтіндік тапсырмалар берілген. Мысалға «ЭЕМ буындары мен олардың сипаттамалары» кестесін келтіруге болады және оның дұрыс жауаптары мұғалімге арналған оқыту әдістемесінде жазылған.

2003 жылғы кітаптың 3-бөлімінде Windows'98, ал жаңа оқулықта Windows ХР оқытылады және мағлұматтар жаңартылған. Оның мәтіні келесідей: Қазіргі кезде Windows – барлық дербес компьютерлерге арналып кең таралған операциялық жүйе. Windows-тің кең таралуына себеп, оның қолайлығы, түсініктілігі, графикалық интерфейсі, бірнеше бағдарламалармен қатар жұмыс жасау мүмкіндігі және жаңа жабдықтардың автоматты түрде бапталуы сияқты ерекше қасиеттерін атауға болады.

PAINT графикалық редакторы 4-бөлімде қарастырылған. Бұл бөлімде бағдарламасын іске қосу, сурет салу кезеңдері, редактордың құралдары жайлы өте жақсы жазылған. Сонымен қатар оқушыларға тапсырмалар берілген.

WORDPAD мәтіндік редакторы қарапайым мәтіндік құжаттарды жасауға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама жайлы мағлұмат 5-бөлімде беріледі. Мұнда бағдарламаны іске қосуды, құжат құруды, мәтінді пішімдеу, мәтінге күн мен уақытты кірістіруді және т.б. үйретеді.

6-бөлімде блокнот және калькулятор бағдарламалары ұсынылған. Бұл бөлімде блокнот пен калькулятордың мүмкіндіктері, калькулятордың түрлері мен батырмалары суреттерімен түсінікті етіліп жазылған. Сондай-ақ тақырып соңында практикалық тапсырмалар берілген.

8-бөлім компьютерлік желілер деп аталады. 2003 жылы шыққан оқулықта компьютерлік желі – бұл әр түрлі қорларды, мысалы, бағдарламаларды, құжаттарды және құрылғыларды бірігіп пайдалану үшін бір-бірімен жалғастырылған компьютерлер тобы деп беріледі. 2007 жылы шыққан оқулықта қор сөзі ресурс, бағдарлама сөзі бағдарлама деп аударылып жазылған. Сонымен қатар, ақпарат алмасу, желілік ақпараттық технологиялар сызбалары кескінделген. Одан әрі жалпы желі, электрондық пошта ұғымдары кең көлемде ашылып жазылған.

Сонымен, қорыта келгенде, информатика оқулықтарының мазмұны бойынша салыстыратын болсақ, пәнді оқыту мақсатында бір-біріне жақындықтары байқалады. Бірақ айырмашылықтары да кездеседі. 2007 жылы шыққан оқулықтың 2003 жылы шыққан оқулыққа қарағандағы жетістігі – көптеген тақырыптарға жаңа деректер қосылып, сызбалар сызылған және суреттер көркемделіп салынған. Ал кемшілігі – қазақша терминдер орысша нұсқада берілген. Сондықтан қайсы оқулықпен оқыту керек екендігін таңдау өз қалауларыңызда.

8 сыныпта оқытудың негізгі мақсаты – оқушыларға ақпаратты өндеу, беру және қолдану үрдістері туралы білімді меңгерту, оқу үрдісінде компьютерлік технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын, алгоритмдік мәдениет пен компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру болып табылады.

Оқытудың мазмұны – шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыруға, логикалық-құрылымдық ойлау қабілетін дамытуға, яғни оны қызмет субъектісі ретінде қалыптастыруға және компьютерлік технологияның мүмкіндіктерін өздерінің кәсіби дайындық деңгейлеріне еркін пайдалана білуге бағытталған.

8 сыныпқа арналған «Информатика» оқулығы 2008 жылы қайтадан өңделіп шығарылды. Бұл оқулықтың негізгі мазмұны 2004 жылғы басылыммен ұқсас. Айырмашылығы алдыңғы оқулықтағы ұзақ мазмұндар қысқартылып, кейбір екі бөлім біріктіріліп, оқушы практика жүзінде орындайтын ұғымдар көбірек қарастырылған. 2004 жылғы басылымда 13 бөлім болса, 2008 жылғы басылымда 9 бөлімге қысқартылып жазылған.

1-бөлім «Ақпарат және информатика». 2004 жылғы басылымында 3 тақырыпқа бөлініп түсіндірілген. 1-тақырыпта «ақпарат» туралы түсінік берілген. 2-тақырыпта ақпарат және оны басқару туралы жазылған. 3-тақырыпта «Информатика» туралы түсінік берілген. Ал 2008 жылғы басылымында бір тақырып, яғни «Информатиканың негізгі түсініктері» деген атпен ақпарат және информатикаға қысқаша жалпы түсініктеме берілген.

2-бөлім «Компьютердің арифметикалық негіздері». 2004 жылғы басылымында 3 тақырыпқа бөлініп түсініндірілген. 1-тақырып «Санау жүйелері» делініп, санау жүйесі дегеніміз – сандарды атау және жазу ережелері мен әдістерінің жинағы деп анықтама берілген. Ондық, екілік, сегіздік, оналтылық санау жүйелері туралы жазылған. Ал 2008 жылғы басылымның 1-тақырыбы «Сандардың тарихы және санау жүйелері». Онда сандардың шығу тарихы жазылған және санау жүйесі дегеніміз – сандарды өрнектеудің қандай да бір тәсілі және оған сәйкес сандармен әрекет жасау ережелері деп түсіндірілген. Ондық, екілік, сегіздік, оналтылық санау жүйелері туралы қысқаша анықтама берілген. 2004 жылғы басылымның 2-тақырыбы «Сандарды бір санау жүйесінен басқа санау жүйесіне ауыстыру» делініп, бүтін және бөлшек сандарды бір санау жүйесінен екіншісіне ауыстыру ережелері мысалмен түсіндірілген. 2008 жылғы басылымда бұл тақырып «Сандарды позициялық санау жүйесіне көшіру» делініп, онда бүтін және бөлшек сандарды бір санау жүйесінен екіншісіне ауыстыру ережелері қысқаша түсіндірілген. 3-тақырып 2004 жылғы басылымда «Екілік сандармен орындалатын арифметикалық амалдар» деген атпен беріліп, қосу, азайту, көбейту, бөлу амалдары және ережелері мысалмен түсіндірілген. Ал 2008 жылғы басылымда бұл тақырып «Позициялық санау жүйелеріндегі арифметикалық амалдар» деген атпен беріліп, қосу және азайту амалы мен ережелері мысалмен түсіндіріп, көбейту, бөлу амалы қысқартылып қалған.

3-бөлім «Компьютердің логикалық негіздері». 2004 жылғы басылымның 1-тақырыбы «Логикалық пікірлердің негізгі түсініктері» болып, логиканың анықтамасы, түрлері және пікірдің анықтамасы түсіндірілген. 2008 жылғы басылымда бұл тақырып «Логиканың негізгі түсініктері» деген атпен беріліп, пікір және логикаға анықтама беріледі және ойлау, пайымдау әдістері туралы ілімнің пайда болуы мен оған үлес қосқан ғалымдар, логиканың түрлері жазылған. 2-тақырып 2004 жылғы басылымда «Логикалық операциялар» делініп, логикалық көбейту, логикалық қосу және логикалық терістеу түсіндірілген. Сонымен бірге компьютердің логикалық элементтері: және, немесе, емес схемалары, триггер, қосындылауыш, ақиқаттық кестені құру, логикалық есептер деген бірнеше тақырыпшалар қосымша жазылған. Ал 2008 жылғы басылымда бұл тақырып «Логикалық амалдар» деп беріліп, логикалық көбейту, логикалық қосу және логикалық терістеу түсіндірілген, қосымша тақырыптар жазылмаған.

2004 жылғы басылымның 4-бөлімі «Дербес компьютерлер» 3 тақырыпқа бөлініп түсіндірілген. Онда дербес компьютер туралы жалпы мәлімет, оның құрауыштары, дербес компьютерлерді жіктеу жазылған. 5- бөлімі «Компютердің құрылымы және жұмыс істеу принциптері» делініп, онда бір ғана тақырыппен дербес компьютердің құрылымы және оның жұмыс істеу принципі жазылған. Ал 2008 жылғы басылымда бұл 2 бөлім біріктіріліп 4-бөлім «Компьютер және бағдарламалық қамтамасыз ету» деп берілген. Онда қазіргі заманғы дербес компьютерлер мен оның құрамдас бөліктерінің түрлері жүйелі түрде суретпен түсіндірілген 2-тақырып және компьютердің негізгі компонентерінің өзара әрекеттесуі - магистраль делініп онда дербес компьютердің жұмыс істеу принциптері жазылған.

2004 жылғы басылымның 6-бөлімі «Операциялық жүйе» 7 тақырыпқа бөлініп жазылған. Операциялық жүйе дегеніміз не?, операциялық жүйелерді жіктеу, Windows тиіпті операциялық жүйелер, Windows-ті баптау, файлдар мен қапшықтарды іздеу, копмьютерлік ақпаратты қорғау, Архивтеу бағдарламалары деген тақырыптар жазылған. Ал 2008 жылғы басылымның 5-бөлімі «Операциялық жүйе» 6 тақырыпқа бөлініп түсіндірілген. Операциялық жүйе дегеніміз не?, операциялық жүйелер топтамасы, операциялық жүйелерді баптау, файлдар мен бумаларды іздеу, компьютерлік вирустардан қорғау, файлдарды архивтеу деген тақырыпта алдыңғы оқулықпен ұқсас мазмұнда жазылған.

2004 жылғы басылымның 7-бөлімі «Мәтіндік, дыбыстық және графикалық ақпараттардың ұсынылуы». Бұл бөлім 2 тақырыпқа бөлініп түсіндіріледі. 1-тақырып «Мәтіндік дәне дыбыстық ақпараттарды ұсыныу», мұнда мәтіндік ақпаратты кодтау және компьютерге дыбыс енгізу жолдары жазылған. 2-тақырып «Графикалық ақпарат туралы түсінік» деп аталып графика және оның түрлері жазылған, сонымен қатар графикалық обьектілермен орындалатын операциялар, түс және палитра, компьютерлік графиканың қолдану салалары деген тақырыпшалар жазылған. Ал 2008 жылғы басылымда мәтіндік және дыбыстық ақпараттардың ұсынылуы қысқартылып, тек графикалық ақпарат туралы жазылған, яғни 6-бөлім «Графикалық ақпараттарды өңдеу технологиясы» деп аталады. Мұнда 2 тақырып жазылған. 1-тақырып «Компьютерлік графика» да компьютерлік графика және оның түрлері жазылған. 2-тақырып «Графикалық редакторлар», мұнда графикалық редактордың анықтамасы, растрлық графикалық редакторлардың бірнеше түрі мен олардың құрылымы туралы қысқаша жазылған.

2004 жылғы басылымның 8-бөлімі «Мәтіндік ақпаратты өңдеу». Бұл бөлім 4 тақырыпқа бөлініп жазылған. Мұнда мәтіндік құжаттар мен мәтіндік редакторлар, мәтін түрлері, мәтіндердің құрылымдық элементтері және мәтіндік ақпаратты компьютерде өңдеу технологиясы тақырыптары жазылған. Ал 2008 жылғы басылымда бұл мазмұн қысқартылған.

2004 жылғы басылымның 9-бөлімі «WORD мәтіндік процессоры». Бұл 6 тақырыпқа бөлініп жазылған. Ал 2008 жылғы басылымның 7-бөлімі «Microsoft Word мәтіндік процессоры» 8 тақырыпқа бөлініп жазылған. Алдыңғы басылымда негізгі түсініктер мен әрекеттер, мәтіндік құжатты пішімдеу, мәтіннің орынын ауыстыру және көшірмелеу, мәтіндік құжатты баспаға шығару, WORD-тың графикалық мүмкіндіктері деген тақырыптар жазылған. Соңғы басылымның негізгі мазмұны алдыңғы басылыммен ұқсас тек тақырыпты кеңейтіп жазған, оған мына тақырыптар кіреді: MS Word-пен танысу, MS Word-қа кіріспе, мәтіндік құжатты редакциялау, мәтіндік құжатты форматтау, мәтін абзацын форматтау, құжат беттерін рәсімдеу, кестелермен жұмыс, суреттермен жұмыс істеу.

2004 жылғы басылымның 10-бөлімі «Компьютердегі кестелік есептеулер». Бұл бөлім 2 тақырыпқа бөлініп жазылған. 1-тақырып «Деректерді кестелік түрде ұсыну». Мұнда кесте, оның құрылымы және электрондық кесте туралы ұғымдар жазылған. 2-тақырып «Электрондық кестелердегі деректерді өңдеу». Мұнда деректердің типтері, формула жазу ережелері, кестелік есептеуді компьютерлік өңдеу технологиясы туралы ұғымдар жазылған. Ал 2008 жылғы басылымда бұл мазмұн қысқартылған.

2004 жылғы басылымның 11-бөлімі «EХCEL кестелік процессоры». Бұл 3 тақырыпқа бөлініп жазылған. 1-тақырып «Негізгі түсініктер мен амалдар», 2-тақырып «EХCEL-дегі деректермен жұмыс», 3-тақырып «EХCEL-дің графикалық мүмкіндіктері». Мұнда негізгі анықтамалар және жұмыс істеу принциптері жазылған. 2008 жылғы басылымның 8-бөлімі «Microsoft Excel Кестелік процессор». Мұндағы негізгі мазмұн алдыңғы басылыммен ұқсас тек өзгешелік тақырып кеңейтіліп, нақтыланып жазылған. Мұндағы тақырыптар: MS Excel-мен танысу, MS Excel-ге берілгендерді енгізу және редакциялау, формуланы енгізу және көшіру, берілгендерді форматтау, диаграммаларды құру, редакциялау және форматтау, құжат беттерін рәсімдеу және басу.

2004 жылғы басылымның 12-бөлімі «Деректер базасы». Бұл 2 тақырыпқа бөлініп түсіндірілген. Мұнда деректер базасы ұғымы, оны басқару жүйесі және деректер базасымен орындалатын амалдар жазылған. 13-бөлім «Excel кестелік процессорында дерек базаларымен жұмыс істеу». Бұл 2 тақырыпқа бөлініп түсіндірілген, мұнда MS Excel-дегі деректер базасы ұғымы және өңдеу туралы ұғымдар жазылған. Ал 2008 жылғы басылымда бұл екі бөлім біріктіріліп жазылған. 9-бөлім «Мәліметтер базасының жүйесін басқару». Бұл 3 тақырыпқа бөлініп жазылған. 1-тақырып «MS Excel-дегі мәліметтер базасы», мұнда мәліметтер базасы ұғымы және MS Excel-дегі мәліметтер базасы ұғымы жазылған. 2-тақырып мәліметтерді реттеу мен 3-тақырып мәліметтерді сүзгілеу 2004 жылғы оқулық мазмұнымен ұқсас жазылған.

Сонымен, қорыта келгенде, информатика оқулықтарының мазмұны бойынша салыстыратын болсақ, пәнді оқыту мақсатында бір-біріне мазмұндық жақындықтары байқалады. Бірақ айырмашылықтары да кездеседі. 2008 жылғы басылымның 2004 жылғы басылымға қарағандағы жетістігі – көптеген ұқсас тақырыптар біріктіріліп, тақырып жағынан да, мазмұн жағынан да қысқарып, сызбалар сызылған және суреттер көркемделіп салынған, бұл оқуға жеңілдік тудырады.

9-сынып оқулығында мектеп информатика курсындағы ең маңызды тақырыптар қарастырылады: алгоритмдеу мен бағдарламалау және модельдеу. 2005 жылы шыққан төл оқулығымызға дейінгі оқулықтарда Basic бағдарламалау тілін қарастырылған болатын. Қазіргі уақыттағы қажеттілікке байланысты Pascal бағдарламалау тілін оқыту орта мектептің негізгі курсының мазмұнына кірді және ерекше орын алады.

9-сынып информатика оқулығының мазмұнына тоқталсақ: Алгоритм түсінігі; алгоритмнің түрлері және қасиеттері; Pascal бағдарламалау тілі, меншіктеу операторы, сандық функциялар; сызықтық, тармақталу және циклдік алгоритмде бағдарламалау; графиктік режим, графиктік объектіні бағдарламалау; символдармен жұмыс істеу операторлары; массивтің (жиым) мәні және ол туралы түсінік, бір және көп өлшемді массивтермен жұмыс; модельдеу, модель түсінігі, модельдеу тәсілдері; интернет, интернетте әртүрлі ақпаратты іздеу, электрондық пошта (соңғы тақырып 7-сыныпта алғашқы ұғымдар қарастырылған).

Бұл оқулық жаңартылып 2009 жылы шықты. Мазмұнына тоқталатын болсақ, оқулық 4-бөлімнен тұрады: 1-бөлім бағдарламалау негіздері, 2-бөлім модельдеу, 3-бөлім компьютерлік желілер және интернет, 4-бөлім компьютер және қоғам.

2005 жылғы кітап 9 бөлімнен тұрады, екі кітаптың ерекшелігі бұл кітапта алгоритм, паскаль тақырыптары жеке - жеке қарастырылған. Ал жаңа кітапта барлығы бір бөлімде қамтылған, яғни барлық материал біріктіріліп жазылған.

1-бөлім бағдарламалау негіздері. Алгоритмдеу және бағдарламалау.

Бұл бөлімде 20 тақырып қарастырылған. Бөлімде алгоритм ұғымына анықтама беріліп, оның қасиеттері, алгоритмдерді кескіндеу тәсілдері, алгоритм түрлері, модульдер, жазба, жиын, файлдар, бағдарламалау жүйесі қарастырылған. Алгоритмдерді блок-схема түрінде кескіндеу кезінде 2009 жылғы кітапта қосымша деректер қосылған. Мысалы, алгоритм блоктарының кескінделуі кестесінде 2004 жылғымен салыстырғанда файлды дискіге жазу кескіні көрсетіліп, керісінше құжат, түсініктеме алынып тасталынған. 2005 жылғы кітапта блоктар мен блок сызықтары деген ұғымдарға анықтама берілген, блок-схема құрудың ережелері жазылған, ал 2009 жылғыда ол қарастырылмаған. Және де 2005 жылғы кітапта бағдарламалау тілін машина тіліне автоматты түрде аударатын түрлендіргіш програмалар туралы мәлімет бар, яғни олар интерпретатор, компилятор, ассемблер. Бағдарламаны орындау кезеңдері схема түрінде келтіріліп, алгоритм командалары мен алгоритм құрылымы қарастырылып жазылған. Келесі тақырып алгоритмдерді Pascal бағдарламалау тілінде кескіндеу. Бұл тақырыпта қарастырылған- Pascal тілінің алфавиті, Pascal бағдарламалау тілінде қолданылатын арифметикалық амалдардың символы. Ол оқушыларға түсінікті болуы үшін кесте түрінде берілген. Ал 2005 жылғы кітапта Паскаль бағдарламалау тілі жеке бөлім ретінде қарастырылған. Және де мұнда Паскаль тілінің тарихы жазылған, ал жаңа кітапта ондай мәліметтер жоқ. 2009 жылғы кітапта көптеген мәліметтер алынып тасталынған, мысалы, Паскаль тілінің негізгі элементтері, операторлар бөлімінде орындалатын негізгі әрекеттер, тіл ерекшелігіне қарай символдардың тобы, пунктуация белгілерінің атқаратын қызметтері, паскаль тілінің дербес компьютерлерге арналған нұсқасының қордағы сөздері, бағдарламалау тілінің синтаксистік диаграммалары, тілдің қарапайым объектілері.

2009 жылғы кітаптың келесі тақырыбы бағдарламаны компьютерде орындау. Мұнда Turbo Pascal бағдарламасымен қалай жұмыс істеу керек екендігі жайлы жазылған, бас менюдің негізгі позициялары кесте түрінде келтірілген, бағдарламаның мәтінін енгізу және редакциялау үшін қандай пернелер комбинациясын қолдану туралы мәлімет бар және де бірнеше мысал келтірілген. Шамалармен жұмыс істеу алгоритмдері тақырыбында алгоритм мен Pascal бағдарламалау тіліндегі шамалардың типтері кестеде көрсетіліп, олардың сипаттамалары да келтірілген. Ал 2005 жылғы кітапта бұл тақырып жақсы ашылған, мәлімет типтерінің жіктелуі, типтерді сипаттау, анықтау диаграммалары схема түрінде келтіріліп, әрбір типке қысқаша мәлімет жазылған.

2- бөлім Модельдеу. Екі тақырып қарастырылған. 1- Модельдер түсінігі және түрлері, 2- Модельдеу кезеңдері. Ал 2005 жылғы кітапта Модельдеу 9- шы бөлім ретінде қарастырылған. Бұл бөлімде 4 тақырып жазылған. 2009 жылғы кітапта Модель ұғымына мынандай анықтама берілген, яғни модель дегеніміз- объектінің, әлем процестерінің нақты немесе ойдан шығарылған бейнесі. Ал 2009 жылғы кітапта модель дегеніміз- нақты объектіні, құбылысты ықшам әрі шағын түрде бейнелеп көрсету деп жазылған. Және де модель түрлері әртүрлі берілген. Мысалы, 2009 жылғы кітапта модель түрлерін- графикалық, сөзбен сипаттау, ақпараттық- логикалық, математикалық, натурал деп бөлсе, 2005 жылғы кітапта модельді қасиеттеріне байланысты, яғни қолданылу аймағына, модельде уақыт факторын есептеуге, білім саласына қарай топтауға, модельді көрсету тәсіліне қарай деп бөлген. Бұлардың барлығына анықтама берілген және де олардың өзі ары қарай бөлініп, жеке- жеке қарастырылып, нақты және түсінікті етіп кестемен көрсетіліп жазылған. Келесі тақырып- модельдеу кезеңдері. Бұл тақырыта модельдеу кезеңдері кесте түрінде келтірілген, әрбір кезеңге жеке тоқталып, түсіндірме берілген. Кезеңдері: 1-кезең Модельдеу мақсаттарын анықтау, 2-кезең Бастапқы процесті (объектіні) нобайлау, 3-кезең сипаттаманы іздеу, 4-кезең алгоритм құру және компьютер үшін бағдарлама жазу. Әр кезеңнің ерекшелігін жақсы сипаттап көрсеткен, 4-кезеңге мысалды жақсы келтіріп жазған. Тақырып соңында тапсырмалар берілген. Ал 2005 жылғы кітапта модельдеу кезеңдерін былай көрсеткен: 1-кезең Есептің қойылуы, 2-кезең Модельді құру, 3-кезең Компьютерлік эксперимент, 4-кезең Модельдеу нәтижесін талдау. Және олардың әрбіреуі тағы 3 кезеңге бөлініп қарастырылған. Барлық кезеңдер кесте түрінде келтіріліп жазылған. Айырмашылығы 2009 жылғы кітапта нақты мысалдармен түсіндірілген.

3- бөлім Компьютерлік желілер және интернет. Бұл бөлім үш тақырыпты қамтиды: Компьютерлік желілер және желі түрлері, Ауқымды компьютерлік желі, электрондық пошта. Компьютерлік желілер және желілердің түрлері тақырыбында компьютерлк желі дегеніміз не деген сұраққа жауап бермей, бірден желі түрлері туралы қарастырылып кеткен. Және әрбір желі түрлеріне қысқаша ғана түсінік берілген, яғни толық мәлімет жоқ. Жергілікті желі тақырыбы жақсы жазылған, желі топологиясы схема түрінде түсінікті етіп келтірілген. Келесі ауқымды компьютерлік желі тақырыбы толықтай ашылып жазылған, яғни интернет деген не, интернетте ақпарат іздеу, интернеттің шығу тарихы барлығы қарастырылған. Электрондық пошта тақырыбында электрондық пошта сөзіне нақты анықтама берілмеген. 2005 жылғы кітапта бұл бөлімде 6 тақырып қарастырылған. Компьютерлік желінің түрлері тақырыбында әрбір желі жеке қарастырылған. Бұл бөлімде 2009 жылғы кітапта қарастырылмаған байланыс хаттамалары, желіде жұмыс істеуге арналған ақпараттық технологиялар бар. Және тағы бір ерекшелік 2005 жылғы кітапта практикалық сабақ берілген, яғни желіде қалай жұмыс істеу керектігі жайлы жазылған. Ауқымды желі тақырыбында мәлімет көп берілген, яғни 2009 жылғы кітапта қарастырылмаған World Wide Web қызметі, Web- парақтардың адресі, WWW-дегі ақпаратты оқу, Web- парақты жүктеу, Web- парақтармен жұмыс істеу, қалып- күй қатары, бастапқы парақ, актив парақты сақтау, Web-парақты басып шығару, автономды режимде жұмыс істеу. Электрондық пошта тақырыптың соңында практикум берілген, яғни бекіту сабағы секілді. Мұнда адрестік кітаппен жұмыс істеуді, хабарламаға адрес енгізуді, адрестік кітапқа жазба қосуды қамтып жазған.

Соңғы 4-бөлім Компьютер және қоғам. Бұл 2005 жылғы кітапта қарастырылмаған, яғни бұл бөлім жаңадан қосылған. Ол екі тақырыты қамтиды. Қазіргі қоғамдағы ЭЕМ-нің жаңа рөлдері, Әлемдік ақпараттық қоғам. Бұл бөлімде интернеттің мүмкіндіктері, яғни интернет қай салада қолданылып келетіні жазылған. Әлемдік ақпараттық қоғам тақырыбында информатикалау деп аталатын жаңа енгізу процесі қарастырылған. Ақпараттық қоғамның қалыптасуы тек өндіріс саласының ғана емес, адам өмірінің барлық құрылысының, оның құндылықтар жүйесінің өзгеруіне әкеледі.

2005 жылғы кітаптың бір ерекшелігі кітаптың соңында Turbo Pascal 7.0 жүйесінің біріктірілен бағдарламалау ортасы туралы мәлімет берілген. Және де түсініксіз сөздерге анықтама берілген, функционалдық пернелердің атқаратын қызметі, Паскаль тілінің дербес компьютерге арналған нұсқасының сөз қоры, ASCII кодтар кесте түрінде келтірілген.

Өзін - өзі бақылауға арналған тапсырмалар:

Қорғауға берілген реферат тақырыптары:

1. Ресей информатика оқулықтарына талдау.

2. КСРО кезінде оқытылған информатика оқулықтары.

3. 1992-2002 жылдары шыққан информатика оқулықтары.

4. Қазіргі информатика оқулықтары.

Негізгі әдебиеттер /4-6/,

Қосымша әдебиеттер/3,14-19/.





Дата публикования: 2015-02-28; Прочитано: 1459 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...