Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Информатикадан сыныптан тыс жұмыстар



Сыныптан тыс жұмыс ұғымы өте кең. Ол мазмұны, бағыты, әдісі, тағайындалуы, формасы мен жолдары жағынан білімділікті қажет етеді. Мысалы, үйірмелер отырысы, сыныптан тыс оқу, мерекелік шаралар мен кештер өткізу осы сыныптан тыс жұмыстарға жатады. Бірақ кей жағдайларда (оқулар, үйірмелер, т.б.) мұғалімдер басшылық жасаса, кей жағдайларда (байқау, кеш, т.б.) оқушы белсенділігі мен басқаруында болады.

Сыныптан тыс жұмыс мақсаттары, мазмұны мен тәсілдері бойынша оқу үрдісінің сабақтан тыс уақыттағы жалғасы бола отырып, онымен үйлеседі және үнемі еріктілік сипатта бола бермейді. Оны жоспарлау мен ұйымдастырудағы анықтаушы роль педагогтың үлесіне тиеді. Оған пән мұғалімдері дарынды оқушылармен бағдарламалық материал бойынша білімдерін көтеру мен тереңдету үшін, сонымен бірге артта қалушылармен білімдерін толықтыру үшін жүргізілген жұмыс мысал бола алады.

Сабақтан тыс жұмыс – бұл негізінен оқушылар ұжымдарында мұғалімдермен сынып жетекшілерінің бағдар беруімен оқушылардың өзін-өзі басқаруға, белсенділігі негізінде жүргізілетін сыныптан тыс шаралар.

Сыныптан тыс жұмыс әр түрлі әрекет түрлерінің жиынтығы, оқушыларға оң ықпал етудің кең мүмкіндіктеріне ие және сабақтағы жұмыспен өзара байланыста жүзеге асатын мұғалімнің оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі болып табылады.

Сыныптан тыс жұмыс – бұл педагогтардың мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақыттағы әртүрлі «іс-әрекеттері мен іс-шараларын» ұйымдастыру.

Сыныптан тыс жұмыс – сабақтан тыс уақыттағы мектепте өткізілетін және оқу жоспарына кіретін әртүрлі оқу-тәрбиелік іс-шаралар.

Мектептегі тәрбие жұмысының негізгі бөлігі болып саналатын сыныптан тыс жұмыстар – баланың өмірге қажетті әлеуметтік ортадағы тәжірибесі мен қоғамдық құндылықтарды қабылдауын қалыптастырады.

Сыныптан тыс жұмыстар келесі мәселелерді шешуге бағытталған:

1) Балада жағымды «МЕН»- тұжырымын қалыптастыру, бұл келесі факторларға байланысты:

- өзіне басқа адамдардың жақсы көзқараста екендігіне сенімділігі;

- өзінің белгілі тақырыпты немесе материалды меңгеретініне сенімділігі;

- өзінің маңызды орын алатынын сезіну.

Жағымды «мен» - тұжырымы баланың өзіне, өзін бағалауға, жеке тұлға ретінде қалыптасып дамуында оң әсер етеді.

Түрлі формадағы сыныптан тыс жұмыстар баланың күнделікті сабақта байқала бермейтін жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашады. Сыныптан тыс жұмыстың әр түрлі болуы баланың өзіне сенімділігін, өзін дұрыс бағалауын, өз іс-әрекетін бақылауын қалыптастырады. Сонымен қатар, әр түрлі жұмыстар баланың іс-тәжірибесі мен дағдысын, адамдар қызметінің әртүрлілігі туралы білімі мен біліктілігін арттырады.

2) Ұжымдық жұмыс жасау тәжірибесі мен серіктестік дағдысын қалыптастыруға жағдай туғызу.

Оқу үрдісінде сыныптан тыс жұмыстарға қарағанда ұжымдасып жұмыс істеу мүмкіндігі аз. Сыныптан тыс жұмыстарда оқушылар бір-бірімен барлық жағынан қарым-қатынаста болады.

Әртүрлі сыныптан тыс жұмыстарда оқушылар өзінің жаңа қабілеттерін ашып қана қоймай, ұжымдасып жұмыс істеуге үйренеді.

3) Әлеуметтік қызметтер қажеттіліктерін қалыптастыру.

Бұл тікелей әртүрлі қызметтер түрімен танысуға байланысты. Сыныптан тыс жұмыстарды қоғам қажет ететін түрлі қызметтерді ұйымдастару мүмкіндігі бар. Бұл жағдай әсіресе теріс жолға түскен жасөспірімдердің (алкоголь, нашақорлық, тәртіп бұзушылық, т.б.) көбеюімен көкейкесті болып тұр.

4) Әлемтанудағы адамгершілік, эмоциональдық, еріктілік компоненттерін қалыптастыру.

Сыныптан тыс жұмыстарда рухани адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды дәріптеу жақсы жолға қойылды. Ол оқушыларды өнермен байланыстырады.

5) Танымдық қызығушылықтарын дамыту.

Сыныптан тыс жұмыстардың бұл міндетті оқу үрдісіндегі және сабақтан тыс іс-әрекеттердің біртұтас екендігін білдіреді, өйткені сыныптан тыс жұмыстар оқу үрдісіндегі тәрбие жұмысы, сонымен қатар оқу үрдісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сыныптан тыс жұмыстағы оқушылар қызығушылығын тәрбиелеу маңызды мәселелердің бірі - мамандық таңдау мен еңбекке, кәсіпке баулуды шешеді.

6) Оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру.

Қазіргі кезде келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін баланың бос уақытын педагог тиімді ұйымдастыру қажет.

Оқушылар тәртібі олардың бос уақытын қалай өткізетіндігіне байланысты екендігі анықталған. Үлгермеуші оқушыларды сыныптан тыс жұмыстарға тарту олардың оқуына кедергі келтіреді деген ұғым дұрыс емес. Қайта сол оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына көмектеседі.

Информатикадан сыныптан тыс жұмыстар компьютер мен ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін беретін пәнаралық байланыс іспеттес. Компьютерді қолданып басқа пәндерден сыныптан тыс шаралар өткізу оқушылардың дүниетанымы мен қызығушылықтарын арттыра түседі.

Информатика пәнінен жүргізілетін қосымша сабақтар оқушылардың жеке қабілетін дамытуға мүмкіндіктер береді. Ол өзінің алдына мынандай міндеттер қояды:

- информатиканы және оның қолданылуларын тереңдетіп оқытуға деген қызығушылығын туғызып, дамыту;

- ғылыми зерттеу сипатындағы дағдыны қалыптастыру;

- информатика мен ЭЕМ-ны қолдану саласында мектеп оқушыларының еңбекке, мамандық алуға дайындығын қамтамасыз ету;

- оқушылардың бос уақыты мен демалысын ұйымдастыру.

Информатикадан бастауыш сыныптағы сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырғанда оқушылардың дүниетанымын кеңейту мен өмірмен байланыстылығын ұғындыруды мақсат етіп алған жөн. Бастауыш сынып жасындағы балалар назарының тұрақсыз болып келуі олармен өткізілетін жұмыстың эмоциональды және жарқын болуын талап етеді. Ондай іс- шаралардың ойын түрінде өткені тиімдірек. Бастауыш сыныптардың қызығушылықтары айқындалмағандықтан сыныптан тыс жұмыстарға тек біразы ғана қатысады. Және бұл оқушылар ұжымдасып жұмыс істеуге дағдыланған болып келеді, сонымен қатар өз күштеріне деген сенімсіздіктері басым, әрі өз бетімен жұмысқа да үйренбеген. Сондықтан сыныптан тыс жұмыс бастан аяғына дейін мұғалім басшылығымен өтуі тиіс.

Орта буындағы сыныптардағы сыныптан тыс жұмыстарды олардың осы уақыт ішінде алған білімдері мен өмірлік тәжірибелерін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Бұл жастағы оқушылар әр нәрсеге құмар болып келеді, өздерінің күші мен білімін көрсеткілері келіп тұрады. Қиын жағдайларда өз ойлары мен идеяларын батыл айта алалды. Орта буында оқушылар өз еріктерімен қалаған үйірме, қосымша сабақтарға қатысып жүреді. Тәрбиелеуші мұғалімнің міндеті - әрбір жасөспірімге өз қызығушылығын қанағаттандыра отырып, ары қарай өз қабілетінің дамуына үлес қосатын сыныптан тыс жұмыс тауып беру.

Жоғарғы сынып оқушылары – бұлар болашақ жоғарғы және арнайы оқу орындарының студенттері, сонымен қатар өнеркәсіп пен қызмет саласындағы болашақ жұмысшылар. Олар физикалық және моральдық тұрғыдан жетілген және жоғары талап қоя алатындай физикалық жағынан да, ақыл-ойы жағынан да жұмыс істеуге дайын болады. Олар өздерін өз-өзін ересек санап, өз бос уақыттарын өздері ұйымдастыруға және оны тиімді әрі пайдалы өткізуге тырысады.

Мектеп оқушыларымен информатика пәні бойынша жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар кейбір жағдайларда дәстүрлі үйірме, факультативтік курстар, экскурсия, олимпиадалар түрінде болуы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай жұмыстардың өзіне тән ерекше түрлері де болады. Оларға компьютерлік клубтар, жас бағдарламалаушылардың сырттай оқытатын және күндізгі мектептері, мектептен тыс (ақылы курс) жұмыстарымен ұштасатын арнаулы дайындық түрлерін де жатқызуға болады.





Дата публикования: 2015-02-28; Прочитано: 2959 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...