Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып: Заңды тұлғалар- азаматтық құқықтардың субъектілері



Мақсаты: «Заңды тұлға» категориясының мәнiн ашу, ҚР заңды тұлғалардың ұйымдастырушылық-құқық нысандарының құқықтық дәрежесiн қарастыру.

Сұрақтар:

1 Заңды түлға ұғымы.

2 Занды тұлғаның құқық қабілеттілігі.

3 Заңды тұлғаның пайда болуы және тоқтатылуы.

4 Заңды тұлғалардың түрлері.

1. Заңды түлға ұғымы. Жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар да азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері бола алады (ҚР АК-ның 1-бабы).

Заңды тұлға дегеніміз - бұл мүліктік қатынастардың басқа субъектілері ұйымдастырған, құрған және құқықтар мен міндеттер берген субъект. Заңды тұлғаның құрылтайшылары (құрушылары) оны мүліктік қатынастардың субъектілері ретінде өзінен бөлу мақсатында құрады. Мүліктік азаматтық-құкықтық қатынастар үшін заңды тұлға институтының практикалық маңыздылығы мынада: «заңды тұлға құрылтайшыларының өз кәсіпкерлік тәуекелін өздері үшін орынды болады деп есептейтін сомамен шектеу мүмкіндігі бар».

Құқықтық санат ретінде заңды тұлғаның әдебиеттерде бір мағыналы анықтамасы жоқ. Кеңес мемлекеті өмір сүріп тұрған кезенде азаматтық құқық теориясында заңды тұлғалардың мәні туралы алуан түрлі пікірлер кең таралғанды. Негізінен алғанда, заңды тұлғалар - мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер зерттеу объектісі болды, мұны экономикада мемлекеттік меншіктің үстемдік етуімен түсіндіруге болатын еді.

Заңды тұлғаның жария анықтамасы ҚР АК-ның 33-бабының 1-тармағында баянды етілген: «Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс».

Заңды тұлғаның белгілері. Заңды тұлғаның анықтамасынан кез келген ұйымның заңды тұлға ретінде таныла бермейтінін көреміз. Ұйым заңды тұлға мәртебесін алу үшін мынадай белгілердің жиынтығы болуы қажет: ұйымдық бірлік; мүліктік оқшауланушылық; дербес мүліктік жауапкершілік; азаматтық айналымда өз атынан әрекет ету.

Ұйымдық бірлік. Азаматтық кодекс заңды тұлғаны ұйым ретінде анықтайды. Индивидтердің жай ғана белгілі бір мөлшерін емес, өзара әрекеттесу мен қызмет етудің белгілі бір ережелеріне бағынған азаматтар ұжымын ұйым деп түсінеді. Заңды тұлғаның азаматтық-құқықтық қатынастарда біртұтас тұлға ретіндегі сыртқы еркін білдіретін әрекетін көптеген тұлғалардан тұратын ұжымдық құрылым - заңды тұлғаның ұйымдық бірлігі деп түсіну керек.

Заңды тұлғалардың оқшаулану дәрежесі түрліше және ол осы мүліке меншіктің түріне (мемлекеттік, жеке) байланысты. Егер бұл мемлекеттік кәсіпорын болса, онда мүлік оған шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен бекітіліп беріледі және ол осы арқылы басқа кәсіпорындардың мүлкінен оқшауланады.

Өзін-өзі өтеу және дербес бухгалтерлік баланстың болуы - заңды тұлғалардың мүліктік оқшаулануының көрінісі. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс (АК-ның 33-бабының 1-тармағы).

Дербес мүліктік жауапкершілік заңды тұлғаның мүліктік оқшауланушылығына сүйенеді. Бұл белгі АК-ның 44-бабында былайша көрініс тапқан: әрбір заңды тұлға өз міндеттемелері бойынша дербес азаматтық-құқықтық жауапкершілік атқарады, тұлғаның борыштары бойынша оның құрылтайшысы (немесе құрылтайшылары) да, мемлекет те жауап бермейді. Сонымен бірге, кейбір жағдайларда несие берушілердің мүдделерін қамтамасыз ету үшін бұл жалпы ережеден кейбір ерекшеліктер көзделген. Мәселен, қазыналық кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер және несие берушілердің борыштары бойынша өзінің барлық мүлкімен емес, олардың қолында бар ақшасымен ғана жауап беретін мекемелер үшін ерекшеліктер белгіленген

Азаматтық айналымда өз атынан әрекет ету, атап айтқанда, заңды тұлғаның өз атынан мүліктік және мүліктік емес өзіңдік құқықтарды иелену, міндеттер атқару, сотта талапкер және жауапкер болу мүмкіндігінен де көрінеді. Заңды тұлғаның атауы белгілі бір ұйымды құқықтық қатынастардың субъектісі деп тану үшін оны дараландыру және нақтыландыру құралы болып табылады. Азаматтық айналымда өз атынан әрекет ету - заңды тұлғаның басқа белгілерінен шыққан туынды болып табылады

Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның міндетті түрде фирмалық атауы болуға тиіс. Мұнда заңды тұлғаның бөгде фирмалық атауды пайдаланғаны үшін кінәлы субъектілерді материалдық жауаптылыққа тартуға дейінгі фирмалық атауды пайдалану ерекше құқығы бар. Басқа тұлғалар белгілі бір ақы үшін заңды тұлғаның фирмалық атауын пайдалана алады.

Заңды тұлға фирмалық атаумен қатар, тауарлық белгі, қызмет көрсету белгісі (сауда маркасы) секілді дараландыру құралдарын да пайдалануы мүмкін.

Заңды тұлғаның органдары. Заңдар немесе құрылтай құжаттары арқылы құқықтың басқа субъектілері алдында арнайы уәкілеттіксіз (сенімхатсыз) өз атынан әрекет етуге уәкілетті заңды тұлғаның адамдары мен ұжымдық құрылымдары заңды тұлғаның органдарына жатады. Заңды тұлғаның органдары дара (директор, президент, басқарушы) не ұжымдық (алқалық) болуы мүмкін. Мысалы, жалпы жиналыс, басқарма, директорлар кеңесі және т.с.с. ұжымдық органдарға жатады. Заңды тұлғалардың органдарын тағайындау, сайлау түрлері мен тәртібін, олардың өкілеттіктерін заңды тұлғалардың жекелеген түрлері туралы заң актілері мен құрылтай құжаттары анықтайды.

Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктері. Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан мүліктік және аумақтық оқшау бөлімшелері болып табылады. Филиалдар мен өкілдіктердің заңды тұлға мәртебесі болмайды. Заңды тұлғаның тұрған жері - тұрақты жұмыс істейтін органы тұрған жер оның тұрған жері деп танылады.

2. Занды тұлғаның құқық қабілеттілігі. Құқық қабілеттілік дегеніміз - бұл заң шығарушылардың нақты субъективтік азаматтық құқықтарды иелену және нақты субъективтік міндеттерді атқару жөніндегі жалпы қабілетін таныған ерекше заңдық қасиет.

Заңды тұлға азаматтармен (жеке тұлғалармен) қатар, мүліктік қатынастардың субъектісі болып табылатындықтан (АК-ның 1-бабы), ол құқық қабілеттілігіне ие болуға тиіс. Заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі олар мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап бір мезгілде пайда болатындықтан (АК-ның 42-бабының 3-тармағы), заңды тұлғалар үшін бұл санаттарды ажыратудың маңызы жоқ.

Жалпы құқық қабілеттілігі бар азаматтардан өзгеше, заңды тұлғалардың арнайы құқық қабілеттілігі болады. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары және өз қызметіне байланысты қолданыстағы заңдарға сәйкес (АК-ның 35-бабы) және жарғылық міндеттерді жүзеге асыру үшін құрылтай құжаттарына сәйкес міндеттері болуы мүмкін.

Азаматтық құқықтар мен міндеттер заңдық фактілердің негізінде пайда болады. Заңды тұлғалар үшін мұндай фактілер ең алдымен мәмілелер болып саналады. Сондықтан заңды тұлғалардың құқық қабілетілігінің мазмұнын анықтауда ең алдымен заңды тұлға жасауға құқылы мәмілелердің ауқымы назарда болады. Бұрынғы заңдар барлық заңды тұлғаларға заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделмеген мәмілелерді, яғни жарғылық мақсаттарға сай келмейтін мәмілелерді жасауға тыйым салатын. Заңды тұлғалардың құқық қабілеттілігі «рұқсат етілгеннен басқаның беріне тыйым салынған» деген принципте бейнеленді.

3. Заңды тұлғаның пайда болуы және тоқтатылуы. Заңды тұлғаның құрылтайшысы - меншік иесінің саналы-ерікті қызметі заңды тұлғалар құрылуының қажетті алғышарты болып табылады.

Меншік иесінің белгілі бір нысандағы еркінсіз заңды тұлғалардың құрылуы мүмкін емес. Осыған сәйкес заңды тұлғалар құрылуының өкімдік, рұқсат ету және нормативтік әдістерін бөліп көрсетуге болады.

Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі ол мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап пайда болады. Қандай түрге жататынына қарамастан, заңды тұлға міндетті түрде тіркелуге тиіс. Оларды тіркеу тәртібі Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы жарлықта және осы жарлықтың негізінде қабылданған Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы ережеде белгіленген. Аталған заң актілерінде заңды тұлғаларды тіркеуге қажетті құжаттардың толық тізбесі және заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарын қарау мерзімдері көрсетілген. Тіркеу кезінде заңды тұлғаларды құрудың тиімділігі мәселелеріне назар аударылмайды, олардың өндірістік-шаруашылық қаржы қызметіне бақылау жасау және араласу мақсаты көзделмейді.

Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеудің қажеттігі мынада, ол:

- заңды тұлғаның пайда болу фактісін растайды;

- заңды тұлғаларды бірыңғай мемлекеттік тізілімге тіркегеннен кейін барлық заңды тұлғалардың мемлекеттік есебін жүргізуге мүмкіндік береді;

- жариялылық жағдайларын туғызады, өйткені кез келген мүдделі адам құпия немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерден басқа заңды тұлғаны сипаттайтын барлық материалдармен тіркеуші органдар арқылы танысуға құқылы.

Шетелдіктер және шетелдік заңды тұлғалар мен олардың өкілдіктері қатысатын кәсіпорындарды тіркеудің ерекше тәртібі бар. Мұндай ұйымдар тікелей ҚР Әділет министрлігінде тіркеледі.

Қайта тіркеу заңды тұлғаның құрылуын емес, қызмет етіп тұрған тіркелген заңды тұлғаны қолданыстағы заңдардың талаптарына сәйкестендіруді білдіреді. АК-ның 42-бабының 6-тармағына сәйкес заңды тұлға мынадай жағдайларда қайта тіркелуге тиіс: 1) акционерлік қоғамның жарғылық капиталының және жарияланған жарғылық капиталының мөлшері азайғанда; 2) заңды тұлғаның атауы өзгергенде; 3) шаруашылық серіктестіктеріндегі және жабық акционерлік қоғамдардағы қатысушылардың құрамы өзгергенде және басқа негіздер бойынша.

Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуы. Заңды тұлғаның қайта құрылуы (АК-ның 45-бабы) және таратылуы (АК-ның 49-бабы) нәтижесінде заңды тұлғаның қызметі тоқтатылады.

Заңды тұлғаны қайта құру оның мүлкінің меншік иесінің немесе меншік иесі уәкілеттік берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешімі бойынша, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттары уәкілеттік берген органның шешімімен, немесе заң құжаттарында көзделген жағдайларда сот органдарының шешімі бойынша жүргізіледі. АК-ның 45-бабының 1-тармағы бойынша қайта құрудың басқа да нысандары көзделгеніне қарамастан, заң шығарушылар заңды тұлғаларды қайта құрудың бес нысанын - қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, өзгерту - атап көрсетеді.

Заңды тұлғаны қайта құру ерікті түрде немесе ықтиярсыз жүргізілуі мүмкін. (АК-ның 45-бабының 2-тармағы). Заңды тұлғаны ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешімімен және заң құжаттарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін. Ықтиярсыз қайта құру тек бөлу, бөліп шығару немесе өзгерту нысанында ғана жүзеге асырылады. Ол монополияға қарсы заңдар бұзылған кезде; банкроттық жағдайында; заңды тұлғалардың кейбір түрлеріне қойылатын заңның талаптары бұзылғанда және басқа да кейбір жағдайларда жүргізілуі мүмкін.

Ерікті түрде қайта құру шаруашылық серіктестіктің, акционерлік қоғамның, өндірістік кооператив қатысушыларының (құрылтайшыларының) шешімі бойынша қолданыстағы заңдарға сәйкес және осы заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары бойынша жүргізілуі мүмкін.

Заңды тұлғаларды ықтиярсыз тарату соттың шешімімен жүргізіледі. АК-ның 49-бабының 2-тармағына сәйкес, соттың шешімі бойынша заңды тұлға:

1) банкрот болған;

2) заңды тұлғаны құру кезінде заңдардың түзетуге келмейтін сипатта бұзылуына жол берілуіне байланысты оны тіркеу жарамсыз деп танылған;

3) заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызмет үнемі жүзеге асырылған;

4) тиісті рұқсат алынбаған (лицензиясыз) қызметті не заң құжаттарында тыйым салынған қызметті жүзеге асырған не қызметін заңдарды бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргізген жағдайларда;

5) заң құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.

Сонымен, заңды тұлғаларды ықтиярсыз тарату негіздерінің тізбесі толық емес. Уәкілетті орган, мысалы, монополияға қарсы комитет заңды тұлғаны ықтиярсыз тарату жөніндегі талаппен сотқа қайырыла алады, оған мұндай талап қою құқығын заң актілері берген, ал банкроттық жағдайында несие иелері берген (АК-ның 49-бабының 3-тармағы).

Заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына дереу жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Олар тарату комиссиясының мүшелерін бекітеді АК-ға сәйкес тарату тәртібі мен мерзімін белгілейді (АК-ның 50-бабының 1, 2-тармақтары).

Заңды тұлғаның мүлкін меншіктенуші немесе оны тарату туралы шешім қабылдаған орган тағайындайтын тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкі мен істерін басқару жөнінде өкілеттік қабылдайды, сотта таратылатын заңды тұлғаның атынан әрекет етеді.

ҚР Әділет министрлігінің ресми басылымдарыңда заңды тұлғаны тарату, оның несие берушілерінің талаптарын білдіру тәртібі мен мерзімі, несие берушілерді, сондай-ақ заңды тұлғаның борышқорларын анықтау және олардан берешекті алу шараларын қабылдау туралы материалдар жариялау тарату комиссиясының міндеттеріне жатады. Тарату комиссиясы осындай мақсатпен таратылатын кәсіпорынның борышқорларына талаптар қояды, ол орындалмайтын жағдайда - сотқа талап қояды. Несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру үшін ақша жетіспейтін жағдайда тарату комиссиясы таратылатын заңды тұлғаның мүлкін сатумен айналысады. Бұл ереже мекемелерге таралмайды. Мекемелер, мемлекеттік мекемелер өздерінің қолында бар ақшамен ғана жауап береді, ал олар жетіспейтін реттерде - міндеттемелер бойынша жауапкершілік Үкіметке немесе жергілікті атқару органына жүктеледі. Мемлекеттік мекемелер шарттық міндеттемелер бойынша заңдарға сәйкес мемлекеттік мекемені ұстауға арналып бекітілген сметаның шегінде жауап береді (АК-ның 44-бабының 1-тармағы).

Талап қою өтініштерін беру мерзімі заңды тұлғаны тарату туралы мәлімет жарияланған сәттен бастап екі айдан кем болмауы тиіс. Бұл мерзім өткен соң тарату комиссиясы аралық тарату балансың жасайды, онда таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамы туралы мәліметтер, несие берушілер қойған талаптардың тізбесі және оларды қараудың нәтижелері көрсетіледі. Аралық тарату балансын мүліктің меншік иесі немесе оны тарату жөнінде шешім қабылдаған орган бекітеді.

Заңды тұлға банкрот болатын жағдайда оны таратудың біраз өзгеше тәртібі қолданылады. Банкроттық - борышкердің соттың шешімімен танылған, оны таратуға негіз болып табылатын дәрменсіздігі (АК-ның 52-бабы). Заңды тұлғалардың банкроттығын жүзеге асыру процесі 1997 ж. 27 қаңтардағы Банкроттық туралы заңда толық баяндалған [4]. Алайда заңды тұлғалардың барлық түрлері бірдей банкрот процесіне ұшыратуға жатпайды. Атап айтқанда, қазыналық кәсіпорындарға, мекемелерге, мемлекеттік мекемелерге банкроттық институты қолданылмайды, өйткені бұл заңды тұлғаларда несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру үшін ақшасы жетіспейтін жағдайларда мүліктің меншік иесі ортақ жауапты болады.

Заңды тұлға таратылған кезде оның несие берушілерінің талаптары, АК-ның 51-бабында көзделгеніндей, бекітілген кезек бойынша қанағаттандырылады.

4. Заңды тұлғалардың түрлері. АК нормаларына сәйкес заңды тұлғалардың түрлері мынадай негіздер бойынша жіктеледі:

- заңды тұлғаларға немесе олардың мүлкіне қатысты құрылтайшылардың (қатысушылардың) құқықтары;

- заңды тұлғалар қызметінің мақсаттары;

- заңды тұлғаның мүлкі негізделетін меншік нысаны.

Заңды тұлғаның оқшау мүлкіне қатысты оның құрылтайшылары міңдеттемелік немесе заттық құқықтарын сақтауы мүмкін.

ҚР АК-ның 36-бабына сәйкес, қатысушылар оларға қатысты міндеттемелік құқықтарын сақтайтын заңды тұлғаларға акционерлік қоғамдар, шаруашылық серіктестіктер және кооперативтер жатады.

Өздерінің құрылтайшылары олардың мүлкіне меншік құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтайтын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар және оралымды басқару құқығыңдағы мүлкі бар қазыналық кәсіпорындар, оның ішінде еншілес кәсіпорындар, сондай-ақ құрылтайшы қаржыландыратын мекемелер және мемлекеттік мекемелер жатады.

Қоғамдық ұйымдар, діни ұйымдар, қайырымдылық және өзге де қорлар олардың құрылтайшы-қатысушыларының ешқандай мүліктік құқықтары болмайтын заңды тұлғаларға жатады.

Қызмет ету мақсаттарына қарай заңды тұлғаларды жіктеу АК-ның 34-бабының негізінде коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар бойынша жүргізіледі.

Өз қызметінің негізгі мақсаты табыс келтіруді көздейтін заңды тұлға коммерциялык ұйымға жатады. Мұндай мақсатты көздемейтін және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін ұйым коммерциялық емес ұйым деп есептеледі.

Коммерциялық ұйымдар акционерлік қоғам, шаруашылық серіктестік, өңдірістік кооператив, мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылуы мүмкін.

Мекемелер, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, тұтынушылар кооперативтері, қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестіктері заңды тұлғалардың коммерциялық емес түрлеріне жатады.

Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады (АК-ның 63-бабының 1-тармағы).

Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік сенім серіктестігі деп танылады (АК-ның 72-бабының 1-тармағы).

Жауапкершiлiгі шектеулі серіктестік шаруашылық серіктестіктердің ең көп таралған нысаны болып табылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бірлескен кәсіпорындардың бірі болып саналады. Корпорация дегеніміз - бұл оның құрушылары осымен бір мезгілде бірлесе және заңдық тең негізде әрекет ететін қатысушылар болып табылатын өзін-өзі ұйымдастырған заңды тұлға. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметін АК және ЖШС туралы Заң реттейді [5].

Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік (бұдан былай - ЖШС) деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді.

Қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретін, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда, өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде енгізген салымдар арқылы жауап беретін серіктестік қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады (АК-ның 84-бабының 1-тармағы) [5].

Қазақстан Республикасының акционерлік заңдары АК-ның ережелерінен және 2003 ж. 16 мамырда қолданысқа енгізілген «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңынан тұрады [6]. Акционерлік қоғамдар туралы заңды қабылдау кезек күттірмейтін қажеттілік болды. АК-ның 85-бабының 1,2-тармақшаларына сәйкес, «өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады».

Өндірістік кооператив дегеніміз - бұл бұрынғы кезде де, қазіргі уақытта да кеңінен қолданылатын, адамдардың ұжымдық еңбегін ұйымдастырудың ескі түрлерінің бірі. Азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі өндірістік кооператив деп танылады (АК-ның 96-бабының 1-тармағы) [7].

Басқа мемлекеттік кәсіпорын құрған кәсіпорын еншілес мемлекеттік кәсіпорын ретінде қарастырылады.

Мүліктiк кешен ретінде мемлекеттік кәсіпорын жылжымайтын мүлік деп танылады.

Өз қызметінің негізгі мақсаты кіріс түсіруді көздемейтін және алынған таза кірісті қатысушылар арасында бөлмейтін Заңдарда «кәсіпорын» термині екі мағынада қолданынады. Алғашқысында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктік кешенді (зауыт, фабрика, шахта және т.с.с.) кәсіпорын деп түсінеді. Бұл мағынада алғанда, мысалы, кооперативтік, жеке, отбасылық кәсіпорын және т.с.с. туралы айтуға болады. Демек, мүліктік кешен ретінде қарастырылатын кәсіпорын жеке меншікке де, мемлекеттік меншікке де жатуы мүмкін. Екінші мағынада «кәсіпорын» термині заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысандарының бірін білдiреді және бұл мағынада тек мемлекеттік кәсіпорын болуы мүмкін (АК-ның 34-бабы).

Заңды тұлға ретінде мемлекеттік кәсіпорын өзіне тиесілі мүліктің меншік иесі болып есептелмейді - оның меншік иесі мемлекеттің өзі - және осы кәсіпорындар иеленіп отырған мүлікке заттық құқыққа қарай өз қызметін жүзеге асырады, олар АК-ның 102-бабының 1-тармағына сәйкес: 1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген; 2) оралымды басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсiпорындарға бөлінеді. Мұның кейінгісі «қазыналық кәсіпорын» (яғни қазынаға, фискіге (мемлекетке) тиесілі кәсіпорындар) деген арнайы терминмен аталады.

Мемлекеттік меншіктің түріне қарай кәсіпорындар:

а) республика меншігіндегі кәсіпорындар - республикалық мемлекеттік кәсіпорындар; б) коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар - коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар болып бөлінеді [8].

ұйым коммерциялық емес ұйым болып табылады. Коммерциялық емес ұйымдардың қызметін АК, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңы [9], коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлері туралы заңдар және заңға тәуелді нормативтік актілер реттеп отырады.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестік нысанында құрылуы мүмкін (АК-ның 34-бабының 3-тармағы). Коммерциялық ұйымдардың тізбесіне қарағанда, бұл тізбені толық деуге болмайды. Заң актілерінде коммерциялық емес ұйымдардың өзгеше нысаны белгіленуі мүмкін. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес нотариалдық; палаталар, адвокаттар алқалары, сауда-өнеркәсіп палаталары, аудиторлар палаталары, меншік пәтер иелері кооперативтері және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрыла алады.

Коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткізу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани және өзге қажеттіліктерін қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, денешынықтыру мен спортты дамыту; заң көмегін көрсету үшін, сондай-ақ қоғамдық игіліктерді және өз мүшелерінің (қатысушылардың) игіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкін [6].

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Заңды түлға ұғымы..

2. Заңды түлға атауы.

3. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 5921 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.02 с)...