Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Және олардың тоқтауы



Мақсаты: Жеке меншiк құқығының тоқтатылуы және пайда болу негiздерiмен таныстыру.

Сұрақтар:

1 Меншік қүқығы пайда болатын кез.

2 Меншік қүқығының және өзге заттық қүқықтардың туындауының жекелеген негіздері.

3 Мешіктік қүқығының және өзге де заттық қүқықтардың тоқтауы.

1. Меншік қүқығы пайда болатын кез. Меншік құқығының пайда болатын кезін анықтаудың практикалық маңызы зор. Иеліктен айыратын заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупі, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгіленбесе, сатып алушыда меншік құқығы пайда болуымен бір мезгілде соған көшеді (АК-ның 190-бабының 1-тармағы).

Меншік иесі, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзіне тиесілі мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығын көтереді және біржақты тәртіппен мұндай ауыртпалықты үшінші жаққа ауыстыра алады (АК-ның 189-бабының 1-тармағы). Мүліктің үшінші жаққа келтірген залалын да меншік иесі өтейді.

Шарт бойынша мүлік алушының меншік құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берілген кезден бастап пайда болады (АК-ның 238-бабының 1-тармағы). Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшін көлік ұйымына өткізу және иеліктен айырған заттарды жеткізіп беру мiндеттемесінсіз алушыға салып жіберу үшін почтаға өткізу - берілу деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкімші құжат беру заттарды беруге теңестіріледі. (АК-ның 239-бабы). Мысалы, шартта меншік құқығының иеленушіге затты беруден бұрын немесе кейін өтуі туралы ереже көзделуі мүмкін. Халықаралық практикада Коммерциялық терминдерге түсініктеме берудің халықаралық ережесі (ИНКОТЕРМС) жасалған, оны пайдалану меншік құқығының және кездейсоқ жойылу қаупінің алушыға өту кезін анықтауға мүмкіндік береді.

АК-ның 238-бабының 2-тармағына сәйкес, егер мүлікті иеліктен айыру туралы шарт мемлекеттік тіркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншік құқығы тіркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартта нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тіркеу де қажет болған жағдайда - ол тіркелген кезден бастап пайда болады. Мысалы, АК-ның 118-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік құқығы және жылжымайтын мүлікке басқа құқық, олардың туындауы, өтуі және тоқтауы мемлекеттік тіркеуге жатады. Жылжымайтын мүлікке заттық құқықтардың ішінен, меншік құқығынан басқа, шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы, бір жылдан артық мерзімге жер пайдалану құқығы, бір жылдан артық мерзімге пайдалану қүқығы, кепіл, рента, сенімгерлік басқару мемлекеттік тіркеуге жатады. Пайдалану құқығы деп, бұл жерде, жалдау, төлеусіз пайдалану құқығын, бөтеннің жылжымайтын мүлкін шектеулі пайдалану құқын беретін сервитуттарды айтамыз.

Сонымен, аталған заттық құқықтар үшін белгіленген жалпы ереже бойынша ол құқықтардың пайда болу кезі мүлікті берген кезбен емес, оларды құқықтық кадастрда тіркеген көзбен анықталады. Бірақ, заң актілерінде көзделген кейбір жағдайларда, мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқық тіркеген кезден емес, басқа кезден бастап туындайды. Мысалы, мұрагерлік құқық нормаларына сәйкес мұраланатын мүлікке мұрагерлер құқығы мұра ашылған кезден бастап туындайды. Бұл, мұралау тәртібінде өткен жылжымайтын мүлікке, құқық тіркелген күнге қарамастан, мұрагерде мұра ашылған кезден бастап туындайды. Бірақ, тіркелмейінше мұндай мұрагердің құқығы туындады деп саналмайды. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж, т.б.) кооперативтерінің үй-жайына меншік құқығының пайда болу кезін анықтағанда бұл баяндалған ережеден өзгеше жағдай қаралады. АК-ның 235-бабының 4-тармағына сәйкес, пай жарнасын толық төлегенде ғана, пай жинақтаушы мұндай үй-жайға меншік құқығын алады.

Жылжымайтын мүлікке меншік құқығының немесе өзге заттық құқықтың туындау кезін анықтағанда жылжымайтын мүлікке құқықтарды міндетті мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенше, заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқық мемлекеттік тіркеусіз-ақ заңды деп танылғанын ескеру керек. Бұдан шығатын корытынды - АК-ның 118-бабында көрсетілген, тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған құқықтар, жылжымайтын мүлікпен жасалған кейбір мәмілелердің тіркеуін сол кездегі заңнама талап еткен жағдайлардан басқа реттерде, тіркеусіз-ақ заңды деп саналады.

Меншік құқығының пайда болу кезін заңнама бойынша анықтайтын ереже, мұндай құқықтардың туындау ерекшеліктері ескеріліп, басқа заттық құқықтарға да қолданылады. Заңнамада бұл ереже оралымды баскару немесе шаруашылық жүргізу құқықтарының туындау негіздеріне де таралады. Сонымен қатар ескерілетін бір жағдай - құқық шарт негізінде туындамаса, оның пайда болу кезі нақты жағдай ескеріліп анықталуы тиіс. Мысалы, затты жасағанда жасаушының құқығы зат жасалған кезден бастап туындайды.

Мұндай мүлікке құқық сот шешімінің негізінде туындағанда құқықтың туындау кезі сот шешімінің күшіне кірген кезі болып табылады, егер шешімде құқық зат жасалған кезден бастап туындайды деп көрсетілмеген болса.

2. Меншік қүқығының және өзге заттық қүқықтардың туындауының жекелеген негіздері. Заңнамада көзделген белгілі бір заңдық фактылар заттық құқықтың туындауына негіз бола алады. Әдебиетте заңдық әрекеттер деп саналатын заттық құқықтардың туындау негіздері иелену тәсілдері деп аталады. Меншік құқығының туындау негіздері меншік титулдары деп те аталады. Осылардың негізгілерін қарастырайық.

1. Жаңадан жасалып жаткан қозғалмайтын мүлікке меншік қүкығының пайда болуы. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлікке құқық АК-ның 236-бабында белгіленген ережелерге сәйкес пайда болады. Мысалы, егер заң актілерінде немесе шартта біткен құрылыс объектілерін қабылдап алу көзделген болса, оңда тиісті мүлікті жасау сондай қабылдау болған кезден бастап біткен деп саналады. Мұндай объектілерге меншік құқығы құқық тіркеуші органдарда тіркелген кезден бастап пайда болады. Жаңадан жасалып жатқан жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу құрылыс объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды құқық иеленуші (уәкілетті өкіл) ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады. Тіркеуші органға, құқық белгілеуші құжат ретінде, уәкілетті орган қол қойған, құрылысы біткен объектіні пайдалануға қабылдау актісі ұсынылады.

2. Меншік қүқығын және өзге заттық құқықтарды өндеу жолымен алу. АК қабылданғанша қолданыста болған республика заңнамасында өңделген затқа құқықтың туындауын реттейтін нормалар болмады. Практикада мұндай қатынастар басқа ұқсас қатынастарға қарап шешiмін тапты. АК алғаш рет өңделген заттардың тағдырын шешетін нормалар енгізді. АК-ның 237-бабының 1-тармағына сәйкес, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, адам өзіне тиесілі емес материалдарды өндеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншік құқығын материалдың меншік иесі алады. Өңделген затқа меншік құқығы мына жағдайларда өндеген адамға өтуі мүмкін:

1) өндеген адам адал жұмыс істеп, өңдеуді өзі үшін жүзеге асырса;

2) өндеу құны материал құнынан едәуір асып кетсе.Сонымен, заңнамада өнделген затқа меншік құқығының материалдық меншік иесінде де, өндеген адамда да туындауы мүмкін екендігі көзделген.

3. Иелену көнелігіне байланысты меншік құқығын иелену. Иелену көнелігіне байланысты меншік құқығын (басқа заттық құқық) алу үшін мыналар болуы шарт: ескіру мерзімінің өтуі (жылжитын мүлік үшін бес жыл, жылжымайтын мүлік үшін он бес жыл), адалдық, ашықтық және басқаның атынан емес, өзі үшін иеленудің үзіліссіздігі.

4.Иесіз заттарға қүқық алу. АК-ның 242-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік иесі жоқ, немесе меншік иесі белгісіз зат не меншік иесі оған меншік құқығынан бас тартқан зат иесіз болып табылады.

5.Меншік иесі бас тартқан жылжитын заттар. АК-ның 243-бабында меншік иесі бас тартқан жылжитын заттарға меншік құқығын алудың ерекше тәртібі белгіленген. Меншік иесі тастаған немесе оларға меншік құқығынан бас тарту мақсатында басқадай жолмен тасталған қозғалатын заттар, жалпы ереже бойынша, иесіз заттар деп танылады, ал оларға құқық иелену көнелігіне байланысты алынады (АК-ның 240-бабы, 242-бабының 2-тармағы, 243-бабының 2-тармағы). Бірақ, тасталған заттардың кейбір санаттары иелену көнелігіне байланысты емес, 243-баптың 2-тармағында белгіленген тәртіпте иелікке алынады. Құны тиісті жиырма айлық есептік көрсеткіштен анық төмен тасталған зат, не тасталған металл сынықтары, жарамыз өнім өзінің меншігіндегі,иеленуіндегі не пайдалануындағы жер учаскесінде жатқан адам бұл заттарды пайдалануға басқа әрекеттер жасап осы заттарды өз меншігіне айналдыруға құқылы екендігі жоғарыда аталған бапта көзделген. Көрсетілген нормада аталмаған тасталған мүлік иелену көнелігі үшін белгіленген тәртіпте иелікке алынады.

6.Өз бетімен салынған құрылысқа, АК-ның 244-бабының 1-тармағына сәйкес, бұл мақсат үшін заңда белгіленген тәртіпте бөлінбеген жер учаскесінде салынған, сондай-ақ оған қажетті рұқсат алынбай салынған жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, ғимарат немесе өзгедей құрылыс) жатады. Мысалы, жылжымайтын мүліктің құрылысы жеке меншіктегі, тұрақты немесе уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерінде іске асырылуы мүмкін. Өз жер учаскесінде болса да, бірақ тиісті рұқсат алынбаған құрылыстар да өз бетімен соғылған деп саналады. Тұрғызған кезде сақталуы міндетті құрылыс және қала тұрғызу нормалары мен ережелері елеулі бұзылып тұрғызылған құрылыстар да әдебиетте қажетті рұқсаттар болмаған деп түсініледі.

7. Олжа. Меншік иесі немесе өзге құқық иесі жоғалтқан немесе ұмытып тастап кеткен жылжитын заттар ғана олжа деп танылады. Затты тапқан оған меншік құқығын иеленбейді. Оған затты жоғалтқан адамды, оның меншік иесін немесе оны алуға құқығы бар басқа адамдарды ол жайында хабардар ету және тапқан затты қайтару міндеті жүктеледі. Затты үй-жайда немесе көлікте тапқан жағдайда оны осы үй-жайдың немесе көліктің иесін білдіретін адамға тапсыру керек. Бұл ретте тапқан адамның құқықтары мен міндетін кейінгі адам алады. Егер табылған затты алуға құқығы бар адам болмаса немесе оның қайда екені белгісіз болса, онда затты тапқан адам ол жайында милицияға немесе жергілікті атқару органына хабарлауы тиіс. Заңды иесі табылып, зат оған берілгенше олжа оны тапқан адамда сақталады немесе милицияға, жергілікті атқару органына немесе олар көрсеткен адамға сақтауға беріледі. Тез бұзылатын затты немесе сақтау шығыны өз құнынан асып түсетін затты, оны тауып алушы, түскен соманы растайтын жазбаша дәлелдеме алып, сатып жіберуі мүмкін. Түскен сома затты алуға құқығы бар адамға немесе заттың өзін беру үшін белгіленген тәртіпте және жағдайда басқа адамның меншігіне беріледі.

Олжа туралы хабарлаған кезден бастап алты ай өткенше оны алуға құқығы бар адам анықталмаса және ол өзінің затқа құқығын тауып алған адамға, милицияға немесе жергiлікті атқару органына хабарламаса, олжаға меншік құқығы тауып алған адамға өтеді. Тауып алған адам затты меншігіне алудан бас тартса ол коммуналдық меншікке өтеді.

Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып беруші сол адамнан, зат коммуналдық меншікке өткен ретте - тиісті жергілікті атқару органынан, затты сақтауға, өткізуге, сатуға байланысты қажетті шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетіп алуға құқылы. АК-ның 245-бабының 6-тармағында көзделген жағдайлар болса, тауып алушы адам сыйақы алуға құқылы.

3. Мешіктік қүқығының және өзге де заттық қүқықтардың тоқтауы. Меншік құқығының тоқтауы, оның пайда болуы сияқты, заңда көзделген зандық фактылардың болуын керек етеді. Мысалы, АК-да «Меншік құқығының және өзге заттық құқықтардың тоқтауы» арнайы 14-тарауда көзделген. 249-баптың 1- тармағында меншік құқығы меншік иесі өз мүлкін басқа адамдарға берген, меншік иесі меншік құқығынан бас тартқан, мүлік қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлікке меншік құқығынан айырылған жағдайда тоқтатылады делінген.

Жекешелендірген жағдайда (249-баптың 3-тармағы) мемлекеттік меншік құқығы мүлікті жеке тұлғалардың немесе мемлекеттік емес тұлғалардың меншігіне ақылы немесе ақысыз беру туралы шарттың негізінде тоқтайды. Жекешелендіру мемлекеттік меншік құқығын тоқтатудың айрықша негізі болып табылады, себебі ол арнайы заңмен белгіленген ереже бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар ескеретін бір жағдай - тараптар арасындағы қатынастарға, керекті жағдайларда, тиісті шарттарды реттейтін нормалар қолданылуы мүмкін. Меншік құқығын және өзге заттық құқықтарды мәжбүрлеп тоқтатудың негіздері осы баптың 2-тармағында көзделген. Оларға мыналар жатады: меншік иесінің міндеттемелері бойынша өндіртіп алуды мүлікке аудару; заң актілеріне сәйкес сол адамға тиесілі бола алмайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен алу; реквизиция; тәркілеу; жер учаскесін алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлікті иеліктен алу; күтімсіз ұсталған мәдени және тарихи қазыналарды сатып алу; Азаматтық кодексте көзделген өзге де жағдайлар.

АК-ның 249-бабының 4-тармағында меншік құқығын мәжбүрлеп тоқтатудың тағы бір негізі - ұлт меншігіне айналдыру көзделген. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды тоқтатудың АК-ның 14-тарауында көзделген негіздерін толықтай берілген деп айтуға болмайды. Меншік құқығын иеленудің туынды тесілдерінде біреуде құқықтың пайда болуы екіншіде құқықтың тоқтауын білдіреді.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Меншік құқығынан бас тарту.

2. Реквезициялау.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 1984 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...