Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып 1: Азаматтық құқық ұғымы



Мақсаты: Оқушыларды құқық саласы ретiнде азаматтық құқықтың түсiнiгiмен таныстыру.

Сұрақтар:

1 Азаматтық құқығының түсінігі.

2 Азаматтық құқық принциптері.

3 Азаматтық заңдар.

4 Азаматтық қүқық ғылым ретінде.

1. Азаматтық-құқықтық нормалар реттеп отыратын қоғамдық қатынастар ауқымын азаматтық қүқықтың нысанасы деп түсінеді.

Мүлікті - заттарды, заттар мен өзге де материалдық игіліктерге қатысты құқықтар мен міндеттерді иелену және пайдалану жөніндегі қатынастарды мүліктік қатынастар деп түсінеді. Әдетте, мүліктік қатынастар объектісін ақшамен бағалауға болады.

АК-ның 1-бабы сондай-ақ мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік қатынастарды да атайды. Бұл ең алдымен интеллектуалдық меншік объектілерін - ғылым, өнер, техникалық шығармашылық туындыларын, азаматтық айналымға қатысушыларды дараландыру құралдарын және т.с.с. жасаудан туындайтын қатынастар. Бұл объектілер мен құқықтардың өздігінен тікелей мүліктік мазмұны мен ақшалай бағасы болмайды. Бірақ олар, бұл мүліктік емес өзіндік қатынастар мүліктік қатынастармен тығыз байланысты болғандықтан, азаматтық-құқықтық реттеу саласына жатады, оларды азаматтық құқықтарды қорғау құралдары қамқорлығына алады.

АК-ның 1-бабы азаматтық құқықтың нысанасы болып табылатын қатынастардың ішінен мүліктік қатынастарға байланысы жоқ өзіндік қатынастарды да атайды. Мысалы, азаматтың есіміне, оның ар-намысына, тұрғылықты жерді таңдау мүмкіңдігіне, жеке жазбаларын (күнделіктерін, хаттарын) жарияламауға, бейнесіне қол сұғылмайтынына, денесіне тиіспеушілігіне және т.с.с байланысты қатынастар. Азаматтық құқық кейбір шарттар сақталғанда мұндай қатынастарды өзі реттеп отырады, айталық: егер оларды құқықтың басқа салалары (мысалы, қылмыстық құқық) реттемейтін болса, егер олар мүліктік емес өзіңдік қатынастардың мәніне (мысалы, ішкі сырлас жақындық саласында) қайшы келмейтiн болса.

Сонымен, қатынастардың осы нысанасын құрайтын мүліктік және (немесе) мүліктік емес сипаты азаматтық құқық нысанасының бірінші айқындайтын белгісі болып табылады.

Құқықтың салаларына сипаттама беру үшін оның нысанасын ғана емес, сонымен бірге азаматтық-құқықтық реттеу әдісін де анықтаудың маңызы зор.

Қатынастарға қатысушылардың керекті мінез-құлқын қалыптастыра алатын құралдар мен әдістер жүйесін реттеу әдісі деп түсінеді. Тыйым салу және міндеттеу әдістерінен өзгеше, азаматтық-құқықтық реттеу әдісінің жалпы сипаттамасы жалпыға рұқсат ету ретінде түсіндірілуі мүмкін, яғни азаматтық айналымға қатысушылардың өздері қалайтын кез келген іс-әрекетті жасауына мемлекеттің рұқсат етуі ретінде көрсетілуі мүмкін.

2. Азаматтық құқық принциптері деп оның негізгі бастауларын, яғни заңмен тұжырымдалған немесе оның ұйғарымының мағынасынан туындайтын, азаматтық-құқықтық нормалардың мазмұны мен мәтінін дұрыс түсінуге, оларды бара-бар түсіндіруге, арасындағы қарама-қайшылықтарды шешуге септігін тигізетін, заңдардың олқы тұстарын толықтыруға жәрдемдесетін іргелі идеяларды түсінеді.

Азаматтық құқықтың мынадай принциптерін атауға болады:

- азаматтық-құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтық мәртебесінің тендігі;

- меншікке қол сұғылмайтындығы;

- азаматтық-құқықтық шарттың еркіндiгi;

- мемлекеттің және барлық үшінші тұлғалардың жеке істерге және жеке өмірге араласпауы;

- азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері – кәсіпкерлермен тұтынушыларды қорғау;

- несие берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

- азаматтық құқықтардың қорғалуы.

Барлық азаматтық-құқықтық нормативтік актілер, ең алдымен - ҚР АК аталған принциптерге сай келеді (сай келуі тиіс). Олардың көпшілігі АК-ның 2-бабында көрсетілген және «Азаматтық заңдардың негізгі бастаулары» деп аталады. Бұл принциптердің барлығы өзара тығыз байланысты, бiрiн-бiрi толықтырады және бiртұтас заңды жүйе болып табылады.

3. Азаматтық заңдар. Азаматтық құқық нормалары көпшілікке түсінікті болуы үшін ерекше жазбаша мәтіндермен бейнеленуі тиiс, құзыретті органдар қабылдайтың нормативтік құқықтық актілер осындай мәтіндер болып табылады. Белгілі шектерде құқық нормалары өзге (тіпті ауызша) нысанда да бейнеленуі мүмкін. Бірақ бұл - айтарлықтай сирек кездесетін жағдай, оны кейінірек қарастыратын боламыз.

Азаматтық-құқықтық нормалардың негізгі бөлігі жазбаша түрде нормативтік құжаттарда жазылады - заңдар, Президенттің жарлықтары, ҚР Үкіметінің қаулылары және т.с.с. шығарылады. Нормаларды олардың аяқталған күйіне дейін жеткізудiң мұндай түрі олар арналған адамдарды, яғни оларды орындаушыларды нормалармен толығырақ таныстыруға мүмкіндіктер туғызады. Бұл нормаларды жүзеге асырудың және олардың міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етудің маңызды құралы болады. Біріншіден, жазбаша мәтiн құқықтық норманың мазмұнын нақ, анық әрі бір мағыналы етіп баяңдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл кез келген мүдделі адамды норманың дәл мазмұнымен таныстыруды оңайлатады. Үшіншіден, бұл оның түрліше түсінілуін және қарама-қайшылықтарын жою мақсатыңда нормаларды асқан дәлдікпен салыстыруға мүмкіндік береді.

Құқық пен заңдардың айырмашылығы мынада: құқық дегеніміз - бұл заңдық нормалардың жиынтығы, ал заң дегенiміз - осы нормаларды білдіретін нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы.

Құқық пен заңдардың құрылымында өзара айырмашылықтар бар. Құқық нормаларының тобы бір ғана іргелі заң - Азаматтық кодекске сүйенетіңдіктен және барлық нормалар үшін бірыңғай обьективтік белгі - реттеу нысанасы мен әдісі бойынша құрылатындықтан, құқықтың бір саласы - азаматтық құкық аталған белгілер бойынша біртекті нормаларды ғана қамтиды.

Заңдар болса, заң актiлерін қабылдау мақсаттарын, оларды қолдану міндеттері мен жағдайларын ескере отырып, субъективтік жолмен қалыптастырылады. Сондықтан нақты заң шығару актісі немесе өзгеше нормативтік құқықтық акт азаматтық, әкімшілік, iс жүргізу және құқықтың өзге де салаларының нормаларын қамтуы, яғни кешенді сипатта болуы мүмкін. Мысалы, Кеден кодексі осыған мысал бола алады.

Заң актілерінің оларды неғұрлым тиімді зерттеу және қолдану мақсаттарын көздейтін кешенді тобы да болуы мүмкін. Заңдардың кешенді салалары (сала тармақтары) - құрылыс заңдары, көлік заңдары, кооперативтік заңдар және т.б. субъективті қалыптастырылады.

АК-ның 3-бабы азаматтық заңдардың құрамына, біріншіден, ҚР Азаматтық кодексі, оған сәйкес республиканың өзге де заңдары, ҚР Президентінің Заң күші бар жарлықтары, Парламенттің және оның палаталарының қаулылары; екіншіден ҚР Президентінің нормативтік жарлықтары және Үкіметтің қаулылары кіреді деп анықтайды.

Аталған нормативтік актілердің бірінші тобы заң актілері деген ұғымға бірігеді. Екінші тобы, заң актілерімен қатар, заңдар деген едәуір кең ұғымға кіреді. Заң актілерімен, заңдармен және өзге нормативтік құқықтық актілердің арасын межелеудің зор практикалық маңызы бар, өйткені ол белгілі бір құқықтарды немесе міндеттерді нақ қандай нормативтік актілердің белгілеуге құзіретті болатынын тікелей көрсетуге мүмкіндік береді.

Азаматтық заңдардың толып жатқан актілерінің ішінен іргелі және жүйе түзуші заң актісі - Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін бөліп көрсету керек.

АК-ның Жалпы бөлімі 1995 ж. 1 наурыздан, ал Ерекше бөлімі - 1999 ж. 1 шілдеден қолданысқа енгізілді. 1124 баптан тұратын, Қазақстан Республикасының көлемі жөнінен ең үлкен заң актісі - Азаматтық кодекс азаматтық-құқықтық реттеу нысанасының құрамына кіретін - жалпы ережелер бөліміңдегі және жеке институттардың ерекшеліктері бөліміндегі - қоғамдық қатынастардың барлық салаларыңдағы маңызды барлық азаматтық-құқықтық нормаларды қамтып, жүйелеп отырады. Нақ осы әрекет азаматтық құқықты біртұтас, іштей үйлестірілген құқық саласы ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Ал бұл, өз кезегінде, Азаматтық кодекстен басқа заң актілерінде қамтылған азаматтық-құқықтық нормалардың оған қайшы келмеуін талап етеді, АК-ның 3-бабының 2-тармағында бұл жөнінде тікелей айтылған.

Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы туралы ережелердің практикалық маңызы мынадай бірнеше принциптік қағидаларға сыяды:

а) егер азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызатын, өзгертетін немесе тоқтататын заң актілері жаңа заң бойынша оның құқықтық қатынастар пайда болғанға дейінгі түрінен өзгеше анықталған болса, онда мұндай құқықтық қатынастардың заңдылығы олар пайда болған кезде қолданылған заңдармен бағаланады;

б) заңдардың өзгеруі өздігінен азаматтық-құқықтық қатынастарды өзгерте бермейді, олар заңды түрде пайда болған күйінде сақталады;

в) егер заң бұған дейін тыйым салынбаған әлде бір әрекеттерді жасауға тыйым салатын болса, онда мұндай әрекеттер тоқтатылуы тиіс.

Бұл ережелер «заңның кері күші болмайды» деген принциптің мазмұнын құрайды.

Алайда аталған принциптен мынадай кейбір ауытқуларға жол беріледі, оларды заң белгілейді: 1. заңға кері күш беру және оны ол қабылданғанға дейінгі қатынастарға тарату. Мысалы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1994 ж. 27 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін (Жалпы бөлім) қолдануға енгізу туралы» Қаулысы АК-ның қолдануға енгізгенгедейін пайда болған коммерциялық заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысандары 1998 ж. 1 қаңтарға дейін АК-да көрсетілген нысандарға өзгертілуі тиіс деп көзделген; 2. жаңа заң қабылданғанға дейін пайда болған қатынастарды сақтайтын ережелердің нұсқаулары сақталғанымен, олардың мазмұны өзгереді. Мысалы, пәтер ақы, коммуналдық төлемдер мөлшерінің өзгеруі жене т.с.с.

Қазақстандық азаматтық заңдардың кеңістікте қолданылуына келетін болсақ, онда бұл жерде бір ғана бастапқы ережені қолдануға болады:

- бұл заң халықаралық шарттарға немесе жалпыға бірдей қабылданған халықаралық әдеттерге байланысты мемлекеттің аумағына жататын жер көлемін немесе жер бетін қоса алғанда, (аумақтағы сулар, Қазақстан Республикасының туы астында жүзетін кемелер) Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады.

ҚР Конституциясы 12-бабының 4-тармағына және АК-ның 3-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан заңдары бұл аумақта Қазақстан азаматтарына, қазақстандық заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік азаматтар мен шетелдік заңды тұлғаларға бірдей дережеде таралады. Тікелей заң актілерінде белгіленетін жағдайларда ғана бұл ережеден ауытқушылық орын алуы мүмкін.

4. Азаматтық қүқық ғылым ретінде. Азаматтық құқық және азаматтық заңдар ұғымына, жүйесіне және олардың қолданылуына қатысты барлық мәселелер көлемін зерттейтін құқықтық ғылым саласын азаматтық құқық ғылымы деп атайды.

Азаматтық құқық ғылымының міндеті - азаматтық-құқықтық нормалар жүйесінің және оның жекелеген буындарының пайда болуы мен мазмұнының ерекшеліктерін анықтайтын жағдайларды зерттеу. Егер азаматтық-құқықтың пәні қоғамдық қатынастардың белгілі бір саласы болса, азаматтық құқық ғылымының пәні құқықтық нормалардың жиынтығы - нақ азаматтық-құқықтың өзі болып табылады.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Азаматтық қүқықтың нысанасы.

2. Азаматтық құқық принциптері.

3. Құқық пен заңдардың айырмашылығы.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 3109 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...