Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып: Азаматтық құқықтар объектілері



Мақсаты: Субъективтiк азаматтық құқықтың объектiлерiнiң ұғымы мен түрлерiн ашу.

Сұрақтар:

1 Азаматтық қүқықтар объектілеріне жалпы сипаттама.

2 Мүлік - азаматтық құқықтар объектісі.

3 Азаматтық қүқықтар объектісі - мүлікті жіктеу.

4 Ақша - азаматтық құқықтар объектісі ретінде.

5 Бағалы қағаздар - азаматтық құқықтар объектісі ретінде.

6 Мүліктік емес өзіндік қүқықтар.

1. Азаматтық қүқықтар объектілеріне жалпы сипаттама. Мүліктік және мүлiктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтар азаматтық құқықтар объектілері бола алады (АК-ның 115-бабының 1-тармағы). АК азаматтық құқықтар объектілерін мынадай негізгі екі топқа бөлiнеді: мүліктік игіліктер мен құқықтар және мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтар.

Азаматтық құқық субъектілерінің материалдық және өзге де қажеттерін қанағаттандыра алатын, әдетте, ақшалай бағалауға жататын және азаматтық құқық реттейтін қатынастар саласына енгізілген материалдық заттарды және өзге құндылықтарды (атап айтқанда, энергияны, жұмысты және көрсетілетін қызметті) мүліктік игіліктер деп түсінеміз.

Мүліктік игіліктерге (атап айтқанда, мүліктік игіліктерді пайдалану, иелену және оларға билік ету) субъективтік азаматтық құқықтарды мүліктік құқықтар деп түсінеміз.

Азаматтық құқық субъектілерінің жеке тұлғасымен ажырамастай тығыз байланысты құндылықтар мүліктік емес өзіндік игіліктерге жатады, ал мүліктік емес өзіндік құқықтар дегеніміз - бұл аталған құңдылықтарға құқықтар болып табылады. Мысалы, адамның өмірі мүліктік емес өзіндік игіліктерге, ал өмірі сүру құқығы - мүліктік емес өзіндік құқықтарға жатады.

2. Мүлік - азаматтық құқықтар объектісі. АК-ның 115-бабының 2-тармағы құқық объектісі - мүліктің заңдық ұғымына мүліктік игіліктер мен мүліктік құқықтарды біріктіреді. АК жекелеген мүліктік игіліктер мен құқықтарды да, сондай-ақ олардың жиынтығын немесе кешенін де мүлік деп түсінеді. Соңғы жағдайда, мысалы, азаматтың немесе заңды тұлғаның мүлкі туралы айтылады да, олардың ішінен жекелеген игіліктер мен құқықтар бөліп көрсетілмейді.

Мүліктің мынадай негізгі түрлерін бөліп көрсетуге болады: 1) заттар; 2) ақша және бағалы қағаздар; 3) жұмыстар және көрсетілетін қызметтер; 4) шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелері; 5) ақпарат; 6) мүліктік құқықтар (құқық объектілері - ақша мен бағалы қағаздарға осы тараудың жеке параграфтары арналған).

Заттар мүліктің кең таралған түрлерінің бірі болып табылады. Заң әдебиеттерінде әдетте, адамға қатысты алғанда, сыртқы материалдық дүние заттарын - адам қолымен жасалған, сондай-ақ табиғаттың өзі жаратқан және табиғи қасиеттері бар нәрселерді заттар деп түсінеді. Алайда мүлік ретіндегі заттың мәні оның табиғи қасиеттерінде ғана емес (бұлар оның құқықтық режимінен көрініс табатын болса да), адамның қажеттерін қанағаттандыра алатын, тұтыну және айырбас құны бар, әдетте ақшалай бағасы болатын және, әдетте, айналымға қабілетті мүліктік игілік ретіндегі оның қоғамдық қасиеттерінде болып табылады. Зат мұндай қоғамдық қасиеттерді қоғамдық қатынастар арқылы, оның заттық нысаны ретінде, басқаша айтқанда, затқа айналдырылған қоғамдық қатынастар ретінде иеленеді.

Заттар мүлік ретінде барынша алуан түрлі және құқық субъектiлеріне ұдайы белгілі бір қатынастарда болады (мысалы, оларға меншік құқығы, пайдалану құқығы және т.с.с. ретінде тиесілі болады). Заң әр түрлі табиғат ресурстарын да, зат нысанында көрінетін адам еңбегінің өнімдерін де заттар деп түсінеді. Энергияның түрлері де (мысалы, жылу, электр энергиялары) заттардың қатарына кіреді. Өсімдіктер мен жануралар да заттар ретінде танылады.

Жеміс, өнім және табыс болып табылатын заттардың құқықтық режимінің кейбір ерекшеліктері бар. Мүліктерді пайдалану нәтижесінде алынған түсім (жемістер, өнімдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлікті пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлікті заңды негізде пайдаланушы адамға тиесілі болады (АК-ның 123-бабы). Әдетте, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілiк әрекетінің құндылығы бар табиғи өнімдерін, мысалы, жеміс ағаштарының жемістерiн, шайдың жапырағын, жануарлардың төлiн, жүн, сүт, жұмыртқа секілді өсімдіктер мен жануарлардан алынатын өнiмдерді, яғни түсімдерді зандық ұғым ретіңде жемістер деп түсінеді. Бірақ, мұнда тағы да заттардың зандық қасиеттері жөнінде, яғни мүліктің қасиеті жөнінде әңгіме болып отыр.

Еңбек барысында басқа заттарды өнімді пайдалану арқылы жасалған заттарды өнімдер деп түсіну керек (мысалы, наубайханада пісірілетін нан, тігін өндірісінде шығарылатын тігін бұйымдары және т.с.с.). Затты (заттарды) пайдаланудан немесе өнім шығару әрекетінен алынатын ақшалай және өзге түсімдерді табыстар деп түсіну керек. Бірақ, табыстар, заттар түрінде ғана емес, сонымен қатар, міндеттемелер бойынша ақшалай және өзге де талаптар түрінде болуы мүмкiн.

Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер -бұлар адамның мақсатты іс-әрекетінің элементтері, олар өзінше материалдық игіліктер болып табылады.

Олардың арасындағы айырмашылықтар мынада: жұмыстар, жұмыс процесінің өзінен бөлінетін материалдық нәтиже береді (мысалы, мердігерлік шарт негізінде жұмыс жүргізу нәтижесінде құрылыс жүргізіледі). Бұл жағдайда құрылыс жұмыстарының өзі құқық объектісі болады, бірақ бұдан әрі зат ретінде құрылыстың өзі құқық объектісі болады. Құқықтың дербес объектісі - қызмет көрсетудің қызмет көрсету жөніндегі іс-қимылдан басқа пайдалы нәтижесі болмайды (бұған нотариустың қызмет көрсетуі мысал бола алады).

Шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелері азаматтық құқықтар объектілерінің дербес түрі, мүліктің ерекше түрі болып табылады, ол объективті өмір сүретін болса да, заттардан өзгеше, материалдық емес, асқақ сипатта болады. Азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелеріне және оларға теңестірілген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына жеке немесе заңды тұлғаның өзі орындайтын жұмысының немесе қызметінің өнімдеріне (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және т.б.) ерекше құқығы танылады (АК-ның 125-бабының 1-тармағы).

Қазіргі уақытта азаматтық айналымға кеңінен енгізіліп отырған ақпарат а заматтық құқық объектілерінің ерекше түрі болып табылады. Азаматтық заңдар қызметтік немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты қорғайды (АК-ның 126-бабының 1-тармағы). Бір мезгілде мынадай үш белгісі бар ақпарат қана қоралуға жатады: үшінші жаққа белгісіз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны бар; үшінші жақтың ақпаратпен заңды негіздерде танысу мүмкіндігі жоқ; ақпарат иесі оның құпиялылығын сақтау шараларын қолданады.

Мүліктік құқықтар құқық объектісі - мүліктің маңызды түрлерінің бірі болып табылады. Заттық құқықтар да (мысалы, жерді тұрақты пайдалану құқығы), сондай-ақ міндеттемелік құқықтар да (мысалы, құқықты беру кезінде несие берушінің борышқордан берешегiн алу құқығы) осыңдай объектілер болуы мүмкін. Интеллектуалдық меншік құқығы да мүліктік құқықтардың қатарына жатады.

Мүліктік кешендер. Көптеген жағдайларда мүлік жекелеген зат немесе құқық түрінде емес, мүліктік кешен ретінде көрінеді. Капитал осындай мүліктік кешендердің бір түрі болып табылады. Заңдық мағынада алғанда, кәсіпкерлік қызметке арналған мүліктік кешенді капитал деп түсінеді. Жеке кәсіпкердің кәсіпкерлік ісі заңда көзделген мүліктік кешеннің бір түрі болып табылады. Кәсіпкерлік іс, мүліктік құқықты қоса алған-да, жеке кәсіпкер соның негізінде және сол арқылы өз қызметін жүзеге асыратын мүлiктiң жиынтығы ретiнде анықталады. Қүқық объектісі - кәсіпорын - бұл кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын мүліктік кешен.

3. Мүлікті жіктеу өзінің міндеттерiне қарай алуан түрлі болып келеді:

1. Мүліктің айналым қабілеттілігі. Айналым қабілеттілігіне қарай мүлікті айналымнан алынып тасталған айналым қабілетті және айналым қабілеттілігі шектеулі мүлікке бөледі (АК-ның 116-бабы).

Иеліктен еркін шығарылатын немесе әмбебап құқық мирасқорлық тәртібімен бір адамнан екінші адамға ауыса алатын мүлік айналымға қабілетті мүлік деп танылады.

Айналымның белгілі бір мүшелеріне ғана тиесілі бола алатын және, екіншіден, сатып алуға және иеліктен шығаруға құзіретті мемлекеттік органдардың рұқсатымен (лицензиясымен) ғана жол берілетін заттар мен басқа да мүлік айналымы шектеулі мүлікке жатады.

2. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік. Заттар жылжымайтын және жылжымалы мүлікке бөлінеді. Жер учаскелері, үйлер, ғимараттар, көп жылдық желектер секілді және оларды мақсатына сай келмейтiн шығын келтірместен, тұрған орнынан ауыстыру мүмкін болмайтын өзге де мүліктер жылжымайтын мүлікке жатады. Құқық объектісі – кәсіпорындар да жылжымайтын мүлікке жатады. Мемлекеттік тіркеуге жата-тын әуе және теңіз кемелері, ішкі суларда жүзетін кемелер, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, ғарыштық объектілер жылжымайтын мүлікке теңестіріледі. Жылжымайтын заттарға жатпайтын мүлік, оның ішінде ақша мен бағалы қағаздар жылжымалы мүлік деп танылады (АК-ның 117-бабы).

3. Бөлінетін және бөлiнбейтін мүлік. Мүлік бөлінетін және бөлінбейтін мүлік болуы мүмкін (АК-ның 120-бабы). Бөлінетін мүлік дегеніміз - бұл бөлу нәтижесінде өзінің шаруашылық мақсатын (міндетін) жоғалтпайтын мүлік. Бөлінбейтін мүлік дегеніміз - бұл құқықтық көзқарас тұрғысынан алғанда, бөлу кезінде өзінің бұрынғы шаруашылық маңызынан айрылатын мүлік.

4. Күрделі зат ұғымы бөлінбейтін зат үғымына жуықтайды, күрделі зат заң жүзінде бөлінбейтін болғанымен, мақсаты жөнінен бірігетін бірнеше заттан тұрады.

5. Басты зат және керек-жарақ. Заттар жалпы шаруашылық мақсаты бойынша олардың біреуі (керек-жарақ) екіншісіне (басты затқа) қызмет ететіндей болып байланысуы мүмкін. Егер заңдарда немесе шарттарда өзгеше белгіленбесе, керек-жарақ басты затқа ілесіп жүреді (АК-ның 122-бабы).

4. Ақша азаматтық құқықтардың ерекше объектісі болып табылады. Құқық объектісі болып табылатын ақшаға қатысты жалпы ережелердің барлығын қамтитын АК-ның 127-бабы осы объектіге арналған. Бұл бап Қазақстан Республикасының ақша бірлігі теңге болып табылады, ол Қазақстанның бүкіл аумағында өз құны бойынша қабылдануға міндетті деп белгілейдi. Ақша негізгі екі нысанда шығарылады: ақша белгiлері (қолма-қол ақша) нысанында және клиенттерінің банктегі есеп-шоттарындағы жазбалар түріңде банктердің ақшалай мiндеттемелері нысанында. Қолма-қол және қолма-қол емес ақшалардың төлемдерді және аударымдарды жүзеге асыру кезінде байқалатын мәнді ерекшеліктері болады. Төлемдер азаматтық-құқықтық мәмілелердің, ҚР заңдары нормаларының негізінде және олардың шарттарына сәйкес жене соттың шешімімен жүргізіледі. Қолма-қол акша заттардың ерекше түрі болып табылады. Бұдан ақшаға заттық құқықтың пайда болу ерекшелігі туындайды. Қолма-қол емес ақша иесінің мүліктік құқығы - банкінің клиенттің есеп-шотындағы (өзге шоттағы) ақшасын төлеу жөніндегi оның алдындағы міңдеттемелерінен туындайтын талап ету құқығы бар.

Сонымен, азаматтық құқық объектісі - ақшаға мынадай анықтама беруге болады: ақша дегеніміз - кез келген басқа мүлікке айырбасталатын ерекше қасиеті бар заттық құқық ретіндегі (қолма-қол ақша), сондай-ақ міндеттемелік қүқық ретіндегі (қолма-қол ақша) азаматтық құқықтар объектісі.

Ақшалардың түрі секілді шетелдік валютаны да бөліп көрсету керек. Шетелдік валюта ерекше объект ретінде валюталық құңдылықтарға жатқызылады. Өз иесінің шетелдік мемлекет объектісіне құқығын куәландыратын жағдайда және халықаралық ақша рыногында қайтымды болатын жағдайда бағалы қағаз валюталық құндылық деп танылады.

Валюта - бұл мемлекеттердің заңды төлем құралы ретінде қабылданған ақша бірлігі немесе банкроттар, қазынашылық билеттер мен тиындар, оның ішінде бағалы металдардан жасалған (айналымнан алынған немесе алынатын, бірақ айналымда - жүрген ақшалармен айырбастауға жататынын қоса есептегенде) түріндегі, қолма-қол және аудару нысаңдарындағы құндардың ресми стандарттары, соңдай-ақ есеп-шоттардағы, оның ішінде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрлiктерiндегi қаражаттар. Сонымен, шетел валютасы дегенiмiз – бұл шетелдiк мемлекеттердiң эмитенттерiнiң, яғни осы мемлекеттердiң ресми органдарының немесе ұйымдарының активтерiмен қамтамасыз етiлген шетелдiк мемлекеттердiң ақшасы.

5. Бағалы қағаз үғымы. Азаматтық кодекстің 129-бабына (2003 ж. 16 мамырдағы редакциясында) сәйкес мүліктік құқықтарды куәландыратын белгілі бір жазбалардың және басқа белгілердің жиынтығы бағалы қағаз болып табылады. Бағалы қағаздар, ең алдымен, мүліктік құқықтарды куәландырады, бұл, атап айтқанда, олардың құндылығын айқындайды. Бағалы қағаздар рыногы, шын мәнінде, мүліктік құқықтар рыногы болып табылады.

Оның мазмұны заң актілерінде белгіленген талаптарға сай келуге тиіс болатындықтан, бағалы қағаз - қатаң белгіленген жазба болып табылады.

Бағалы қағаздардың түрлері: 1) ұсынбалы; 2) атаулы және 3) ордерлік.

Ұсынбалы бағалы қағазда мұндай қағаз бойынша міндеттемені талап ету құқығы бар адам көрсетілмейді. Оның иесі ұсынбалы бағалы қағаз бойынша міндеттемені талап етуге уәкілетті, тиісінше ұсынбалы бағалы қағаз бойынша құқықтарды беру үшін қағаздың өзін ұсыну жеткілікті болады.

Атаулы бағалы қағазда бағалы қағаз куәлаңдырған міндеттемелердің орындалуын талап ету құқығы бар адам көрсетіледі. Атаулы бағалы қағаз куәландырған құқықтар талаптан қайту (цессия) үшін белгіленген тәртіп бойынша беріледi.

Куәландырылған ордерлік бағалы қағазда көрсетілген адам, ал оны заңда көрсетілген тәртіппен басқаға беруде - осы қағаз берілген адам бұл қағаз куәландыратын құқықтардың субъектісі болып табылады. Ордерлік бағалы қағаз бойынша құқықтарды беру осы қағазға берілген жазу - индоссамент арқылы көрсетіледі. Берілетін жазулар, әдетте, құжаттық бағалы қағаздың сыртқы бетіне түсіріліп, белгіленген нысанда не электронды жазба түрінде арнайы парақпен бағалы қағазға қоса ұсынылады.

Бұған қоса, эмиссиялық және эмиссиялық емес бағалы қағаздар болады. Бір эмиссия (шығарылым) шегіңде осы эмиссия үшін бірдей жағдайларда орналастырылатын және пайдаланылатын біртекті белгілері мен реквизиттері бар бағалы қағаздар эмиссиялық бағалы қағаздарға жатады.

Бағалы қағаздар мемлекеттік және жеке бағалы қағаздарға бөлінеді. Мемлекет эмитент, яғни мемлекеттік бағалы қағазды шығарушы және ол бойынша міндетті тұлға болып табылады. Жеке бағалы қағаздың эмитенті, тиісінше, жеке тұлға болады.

Егер бағалы қағазды шығару шарттары бойынша оны осы эмитенттің басқа түріндегі бағалы қағазға ауыстыру құқығы көзделген болса, ол айырбасталатын бағалы қағаз деп аталады.

Өз ұстаушысының (акционердің) акционерлік қоғамның таза табысының бір бөлігін дивидендтер түрінде алуына, акционерлік қоғамның істерін басқаруға қатысуға және ол таратылғаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігіне құқығын куәландыратын бағалы қағаз акция деп танылады (АК-ның 139-бабының 1-тармағы). Заңдарға сәйкес, акционерлік қоғам құжатталмаған нысанда атаулы акцияларды ғана шығара алады. Акциялар жай және артықшылықты акцияларға бөлінеді. Жай акция өзінің иесіне барлық жағдайларда қоғамдық басқаруға құқық береді. Артықшылықты акциялар дегеніміз Акционерлік қоғамдар туралы заңда тікелей белгiленген жағдайлардан басқа реттерде дауысы жоқ, дивидендтерінің мөлшері ең аз акциялар болып табылады.

6. Мүліктік емес өзіндік қүқықтар – азаматтық құқықтар объектісі болып табылады. Азаматтық заңдар мүліктік емес өзіндік қатынастардың екі тобын реттейді және қорғайды: мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік қатынастар және мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастар.

Мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік қатынастарды азаматтық құқық нормалары реттеп отырады, өйткені мүліктік емес өзіндік -қатынастардың өмір сүруінің өзі субъект үшін мүліктік қатынастар пайда болуының мүмкіндігі мен керектілігін көздейді.

Мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастарды азаматтық заңдар реттеп отырады, өйткені бұл заң актілерінде өзгеше көзделмеген не материалдық емес өзіндік қатынастардың мәнінен туындамайды.

Мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастар дегеніміз - бұл рухани немесе материалдық емес игіліктерге қатысты қалыптасатын қоғамдық қатынастар.

АК-ның 115-бабына сәйкес, азаматтық құқықтар объектілеріне мүліктік игiліктермен және құқықтармен қатар, мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтар жатқызылған: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, игі атақ, іскерлік бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпау құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар жатады.

Бұл арада мүліктік емес өзіндік құқықтардың есім алу құқығы, еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерді тандау құқығы секілді түрлері АК-ның 15 және 16-баптарымен реттеледі.

Мүліктік емес өзіндік құқықтардың негізгі сипатты белгілері мыналар:

- біріншіден, олар абсолютті, яғни белгілі бір уәкілетті тұлғаға оның мүліктік емес өзіндік құқықтарын қандай да болсын құқық бұзушылықтан қалыс қалуға міндетті тұлғалардың белгісіз тобы қарсы тұрады;

- екіншіден, олар бөлінбейді, яғни заң бойынша қарастырылатын құқықтардың азаматтық құқыктық қатынастардың бір субъектілерінен екіншісіне ауысуына жол берілмейді. үшіншіден, олар мүліктік мазмүнынан айрылған, яғни өзіндік, мүліктік емес сипатта болады. Олардың экономикалық немесе құндық мазмұны жоқ;

- төртіншіден, олар азаматтың немесе заңды тұлғаның жеке басымен тығыз байланысты. Бұл игіліктердің кейбіреуі азамат туылған кезден бастап пайда болып, ол өлген соң тоқтатылады;

- бесіншіден, олар осы игіліктердің иелерінен ажырағысыз, яғни нақты жеке немесе заңды тұлғаға нақты мүліктік емес өзіндік құқықтар тиесілі (өз есіміне, өзінің ар-намысына және қадір-қасиетіне, өз атауына және т.с.с. құқық);

- алтыншыдан, бұл игіліктер қандай да болсын азаматтық-қүқықтық мәмілелердің нысанасы бола алмайды, өйткені өркениетті адамзат қоғамының өмір сүруі және дамуы жағдайларында жеке адамның өмірі, денсаулығы, есімі, ар-намысы, қадір-қасиеті тауар бола алмайды.

Сонымен, мүліктік емес өзіндік қүқықтар дегеніміз - бұл мүліктік емес сипаттағы игілікке қүқық. Мұнда экономикалық мазмұны жоқ және иесінің жеке басынан ажырағысыз, қолданыстағы заңдар таныған, реттейтін және қорғайтын игiліктер мен бостандықтарды мүліктік емес өзіндік құқықтар ретінде түсінеді.

Соңғы жылдары заң әдебиеттерінде моральдық зиян ұғымына және моральдық зиянның өтемі проблемаларына біршама көңіл бөлінуде. Кең мағынада алғанда, жеке адамға оның құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер арқылы тән азабын немесе жан азабын келтіруді моральдық зиян деп түсінеді.

ҚР Жоғарғы Соты «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңдарды қолдануы туралы» 2001 ж. 21 шілдедегі №3 Нормативтік қаулысында моральдық зиян ұғымына барынша толық әрі дұрыс анықтама және түсінік берген [2]. Моральдық зиянды өтеу материалдық емес игіліктер мен мүліктік емес өзіндік құқықтарды қорғау құралдарының бірі болып табылады. Моральдық зиян тек ақшалай түрде өтеледі, ал өтемнің мөлшерін сот анықтайды. Егер моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтауда сот азаматтың мүліктік емес өзіндік құқықтарының бұзылуына байланысты нақты мән-жайлардың барлығын ескерген болса, моральдық зиянды ақшалай өтеу мөлшерін әділ әрі жеткілікті деп есептеу керек. Моральдық зиян өтелуге тиісті мүліктік зияннан тәуелсіз өтеледі.

Мүліктік емес өзіндік және мүліктік құқықтар бір мезгілде бұзылған жағдайда мүліктік емес өзіндік құқықтардың бұзылғаны үшін жәбірленушіге тиесілі өтем ескеріле отырып, мүліктік зиянның орнын толтыру мөлшері ұлғаяды (АК-ның 142-бабы). Сонымен қатар, олардың қандай мән-жайларда немесе қандай әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілгенін; зиян келтіруші кінәсының дәрежесін, оның денсаулық жағдайын, отбасылық, тұрмыстық, материалдық және назар аударуға тұрарлық басқа да жағдайларды анықтау қажет.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Азаматтық қүқықтар объектісі - мүлікті жіктеу.

2. Ақша - азаматтық құқықтар объектісі ретінде.

3. Бағалы қағаздар - азаматтық құқықтар объектісі ретінде.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 9782 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...