Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып: Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру. Құқықтарды қорғау



Мақсаты: азаматтық құқықты жүзеге асырудың түсiнiгi және шегiмен таныстыру, құқықты терiс пайдаланудың мәнiн, сонымен қатар субъективтi құқықтарды қорғаудың тәсiлi мен нысанын қарастыру.

Сұрақтар:

1 Азаматтық қүқықтарды жүзеге асыру. Міндеттерді атқару.

2 Азаматтық қүқықтарды қорғау.

1. Азаматтық қүқықтарды жүзеге асыру. Міндеттерді атқару. Құқықтық қатынастарға катысушылардың белгілі бір қажеттерін қанағаттандыру үшін азаматтық құқықтар мен міндеттер белгiленеді. Субьективтік қүқықтын мазмұнын құрайтын әрекеттер жасауды қүқықтарды жүзеге асыру деп түсінеді.

Мәселен, билік ету өкiлеттігі субъективтік меншік құқығының мазмұның құрайды, ал аталған өкілеттікті әр түрлі мәмілелер (сату, сыйға тарту, айырбастау, жалға беру және т.б.) жасау жолымен жүзеге асыруға болады. АК-ның 2-бабы азаматтық заңдардың негізгі бастаулары (принциптері) ретінде азаматтар мен занды тұлғалар өздерінің азаматтық құқықтарына өз еркімен және өз мүдделерін көздей отыра ие болып, оларды жүзеге асыратынын (2-тармақ), азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру қажеттігін (1-тармақ) баянды етеді.

Азаматтық құқық субъектілері өздерінің құқықтарына өз еркімен және өз мүдделерін көздей отыра ие болу принципін жүзеге асыруы үшін АК-ның 8-бабының 1-тармағы азаматтар мен заңды тұлғаларға өздеріне берілген азаматтық құқықтарды, оның ішінде өздерін қорғау құқығын өз қалауынша пайдалану мүмкіндігін береді. Ең алдымен, құқықты жүзеге асыру немесе жүзеге асырмау құқығы құқық берілген тұлғаға байланысты. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырудан бас тартуы, заң құжаттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқтырмайды. Құқықты жүзеге асырудан бас тартуды құқықтан бас тартудан айыра білу керек. Адам заң актілерінде тыйым салынған жағдайлардан басқа реттерде өзіне тиесілі құқықтардан бас тарта алады.

Құқықты жүзеге асыру осымен бір мезгілде құқық берілген адамның міндеті бола алмайды, өйтпеген жағдайда құқық мәжбүрлі түрде жүзеге асырылған болар еді. Алайда құқықты жүзеге асырмау, заң актілерінде көзделген жағдайларда, құқықтың тоқтатылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Мәселен, жалға алушы дәлелді себептерсіз тұрғын үйде алты айдан астам тұрмайтын жағдайда сот оны тұрғын үйді пайдалану құқығынан айрылған деп тануы мүмкін (Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 87-бабы).

Қүқықты нақты жүзеге асыру әдістері оның түріне байланысты. Субъективтік құқық мүмкін болатын мінез-құлық өлшемі ретінде құқық берілген адамның белгілі бір тәртіппен өз бетінше әрекет ету (өз әрекеттеріне құқығы) мүмкіндігі не міңдетті адамнан белгілі бір әрекеттер жасауды талап ету (талап ету құқығы) мүмкіндігі болуы мүмкін. Құқық берілген адамның белгілі бір әрекеттер жасауы нәтижесінде субъективтік заттық құқық жүзеге асырылады. Заттық құқықты (өз әрекеттеріне өзге құқықты) жүзеге асыруда құқық субъектісінің мінез-құлық нұсқаларын тандау еркіндігі мол болады. Мұндай жағдайда, әдетте, ол заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген әрекеттерді жасауға құқылы болады. Міндетті адамның белгілі бір әрекеттерді жасауы арқылы міндетті субъективтік құқық жүзеге асырылуы мүмкін.

Азаматтық қүқықтарды жүзеге асыру шегі. Заң азаматтық құқық субъектілеріне өздерінің құқықтарын жүзеге асыру бостандығын бере отырып, осымен бірге оларды жүзеге асыруға белгілі бір талаптар қояды. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыруға қойылатын талаптар АК-ның 8-бабында баяндалған. Ең алдымен, субъективтік азаматтық құқықтар құқықты жүзеге асыру құралдарына, әдістеріне, оның субъектілеріне, оны қорғаудың мүмкін болатын әдістері мен нысандарына қатысты заңдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтарды жүзеге асыру қоғамның ізгілік принциптерін бұзбауы тиіс, ал кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда, сонымен қатар, іскерлік әдеп ережелері сақталуға тиіс. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне тиесілі құқықтарын адал, парасатты әрі әділ жүзеге асыруы тиіс. Заң теріс пиғылды, қисынсыз не әділетсіз әрекеттердің бәріне бірдей сипаттама бере алмайды.

Құқықты жүзеге асыру барысында басқа субъектілердің құқықтары және заңмен қорғалатын мүдделері бұзылмауға тиіс. Заң құқықты өзінің тікелей мақсатына қайшы бағытта жүзеге асыруға тыйым салады. Құқықтың мақсатын заң, құқықтық қатынастарға қатысушылардың келісімі белгілеуі мүмкін немесе ол субъективтік құқықтың мәнінен туындайды және көзделген нысана болып табылады. Құқықты жүзеге асыру қоршаған табиғи ортаға залал келтірмеуі тиіс.

Басқа адамдарға зиян келтіруге тыйым салу құқықты жүзеге асыру жағдайларына да таралады. Құқықты жүзеге асыру барысында зиян келтіру құқықты теріс пайдалану деп танылады. Құқықты тек басқа адамға зиян келтіру мақсатында пайдалану құқықты теріс пайдаланудың жеке жағдайы (шикана) болып табылады Құқықты теріс пайдаланудың өзге де түрлеріне, атап айтқанда, тауарлар және қызмет көрсету рыногында өзінің монополиялық жағдайын асыра пайдалануға да тыйым салынады..

Азаматтық міндеттерді атқару. Субъективтік міндеттерді атқару азаматтық құқықтарды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Тиісті мінез-құлық шарасы ретінде субъективтік міндет белгілі бір әрекеттер жасау немесе оларды жасамау міндеттерінен тұруы мүмкін. Заттық азаматтық-құқықтық қатынастарда міндетті субъект әлде бір әрекеттер жасамауға тиіс, оған құқық берілген адамның өз құқығын жүзеге асыруына кедергі жасамау міндеті жүктеледі. Мұндай міндетті атқару міндетті адамның енжар әрекет етуін көздейді. Міндеттемелік құқықтық қатынастарда, керісінше, міндетті адам құқық берілген адамның пайдасына белгілі бір әрекеттер жасауға тиіс. Белгілі бір әрекеттер жасаудан тартыну да міндеттемелік құқықтық қатынастардың мазмұнына кіруі, тек белгілі бір әрекеттерді (жұмысты орындау, қызмет көрсету, мүлікті беру) жасау міндеттерімен қоса кіруі мүмкін.

2.Азаматтық қүқықтарды қорғау. Өз әрекеттеріне құқықпен немесе талап ету құқығымен қатар, субъективтік құқықты қорғау құқығы кез келген субъективтік құқық мазмұнының құрылымдық элементі болып табылады. Заңда көзделген, қүқықтың қол сүғылмаушылығын қамтамасыз етуге, бүзылған қүқықты қалпына келтіруге және қүқықты бүзатын әрекеттердің жолын кесуге бағытталған шаралар жүйесін азаматтық қүқықтарды қорғау деп түсінеміз.

Азаматтық қүқықтарды қорғау әдістері. Азаматтық құқықтарды қорғау АК-ның 9-бабында көрсетілген мынадай әдістермен жүзеге асырылуы мүмкін: құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейінгі болған жағдайды қалпына келтіру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупін туғызатын әрекеттерге тыйым салу; міндетті заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, төленетін айыпты өндіртіп алу; мәмілені жарамсыз деп тану; моральдық зиянның өтемін төлету; құқық қатынастарын тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттік басқару органының немесе жергілікті өкілді не атқарушы органның заңдарға сәйкес келмейтін құжатын жарамсыз немесе орындауға жатпайды деп тану; азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергі жасағаны үшін мемлекеттік органнан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндіртіп алу арқылы, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де әдістер. Олардың тізбесі мұнымен аяқталмайды, Азаматтық кодекс, басқа заң актілері АК-ның 9-бабында көзделгендерден басқа да әдістер ұсынуы мүмкін.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Азаматтық қүқықтарды жүзеге асыру.

2. Міндеттерді атқару.

3. Азаматтық қүқықтарды қорғау.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 6021 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...