Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып: Өкілдік және сенімхат



Мақсаты: сенiмхатпен өкiлдiктiң түрлерi мен мәнiн қарастыру.

Сұрақтар:

1 Өкілдік ұғымы және түрлері.

2 Сенімхат.

1.Өкілдік ұғымы. Жалпы ереже бойынша, азаматтық құқық субъектілерінің басқа тұлғалардың - өкілдіктің жәрдеміне жүгінбей-ақ мүліктік айналымға өз бетінше қатысу мүмкіндігі болады. Солай болса да, азаматтық айналымда өкілдік институты кеңінен қолданылады. Азаматтық құқықта бір адамның екінші адамның атынан жасаған мәмілелері немесе басқа да заңдық маңызы бар әрекеттері (мысалы, сотқа талап-арыз беру немесе сот отырысына қатысу) тікелей екінші адам үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызатын, өзгертетін немесе тоқтататын құқықтық қатынастар өкілдік деп аталады. Басқа адамның мүдделері үшін мәміле жасайтын адам өкіл деп, оның мүддесіне мәмiле жасалатын адам - сенім білдіруші немесе өкілдік беруші деп, ал сенім білдірушінің (өкілдік берушінің) мүдделері үшін өкіл мәміле жасайтын адамдар - үшінші жак деп аталады.

Бірқатар мәмілелер немесе заңдық маңызы бар әрекеттер, мысалы, некелесу, еңбек шартын жасасу, өмір бойы күтіп-бағатын келісіммен үйді иеліктен шығару шартын жасасу заң актілерінде тікелей тыйым салынбағанның өзінде өзінің сипаты бойынша өкілдің өзі қатысуын талап етеді, сондықтан оларды өкіл арқылы жасау мүмкін емес.

Өкілдің өкілдік беруші адамның мүддесіне заңцық мәмілелер жасауы өкілдіктің елеулі қызметі болып табылады. Бұл АК-ның өкілдікке анықтама беретін 163-бабында тікелей баянды етілген.

Өкілдік өкілдiң сенім білдіруші адамның атынан мәміле жасалуын көздейді.

Өкілдік қатынастардың субъектілері. Өкілдікте өкіл, өкілдік беруші (сенім білдіруші) және үшінші тұлға арасында қатынастар туындайды. Өкілдікте және өкілдіктің көмегімен жасалған мәміле бойынша қатынастардың тууы үшін үш тұлғаның бірлескен және үйлесімді еркі болуы қажет: өкілдік беруші адам арқылы құқықтар мен міндеттерді белгілеу үшін - өкілдің; өкілдік беруші адаммен қатынас орнату үшін - үшінші адамның; өкіл арқылы мәміле жасауға өз келісімін ертерек немесе кешірек беру үшін - өкілдік берушінің еркі болуы керек.

Өкіл мен өкілдік беруші адам арасындағы құқықтық қатынас өкілдіктiң өзі болады, оны ішкі қатынас деп атайды. Өкіл мен үшінші адам арасындағы қатынас сыртқы қатынас болады, ол өкiлдік бойынша өкілеттікті жүзеге асыру болып табылады, оның дербес сипаты жоқ, өйткені өкілдіктiң мәні - өкіл жасаған мәміле бойынша тікелей өкілдік берушіде құқықтар мен міндеттер пайда болады. Бір тарабы өкіл болатын мәміледе өкілдік беруші адам құқықтар мен міндеттер субъектісіне айналады, ал үшінші жақ үшін өкіл фигурасының айтарлықтай мәні болмайды, өйткені үшінші жақ өкіл арқылы тікелей өкілдік берушімен құқықтық қатынас орнатады.

Өкілдің мәмілесі - бұл заңдық факт, ол өкілдік беруші мен үшінші адам активті және пассивті субъектілері болып табылатын қатынастарды туғызады.

Өкілдік өкілеттіктер. Өкілдің жасауына рұқсат етілген мәмілелер ауқымын өкілеттік деп атайды. Өкілеттік өкіл үшін ғана емес, сондай-ақ оның өкілдік берушінің атынан құқықтық қатынас орнататын адамдары үшін де міндетті, өйткені кейін оларды өкілдік беруші мақұлдайтын жағдайлардан басқа реттерде өкілеттігі жоқ немесе өкілеттігі көп өкілдік заңдық салдар туғыза алмайды. Сондықтан, жалпы ереже бойынша, өкілдің өкілеттігі оларды үшінші жақтың танысуына және тексеруіне болатын әдістермен бекітіледі. Өкілдің өкілеттігі, әдетте, өкілдікке негіз болған заңдық фактінiң мазмұнынан туындайды.

Заң немесе шарт өкiлдіктің пайда болуының негізі болып табылады. Заң арқылы пайда болатын өкілдік заңды немесе қажетті өкілдік деп аталады. Шарттың негізінде пайда болатын өкілдік шарттық немесе ерікті өкілдік деп аталады.

Белгілі бір адам кемістіктерінің немесе әрекетке қабілетсіздігінің орнын толтыру қажет болатын жағдайларда заңды өкілдік пайда болады. Әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған кәмелетке толмағандарға (есі ауысқан, нашақор, маскүнем және т.с.с. науқастарға) қамқоршылық белгілеу заңды өкілдікке мысал болады. Заңды өкілдіктің пайда болу жағдайлары зандарда баянды етілген. Заңда заңды өкілдіктің пайда болуына қажетті заңдық фактілердің белгілі құрамы көрсетілген.

Заңды өкілдік тікелей мынадай заңдық фактілердің негізінде пайда болады:

- өкілдік қатынастардың басталуына себепші болатын оқиғалар, мысалы, заң баланың туылуына байланысты ата-аналарға өкілдік қызметін атқару уәкілеттігін береді;

- өкілдік қатынастарды белгілейтін сот шешімі, мысалы, соттың шешімімен азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану және оған қамқоршылық белгілеу әрекетке қабілетсіз азамат пен оның қамқоршысы арасында өкілдік қатынастар орнатады;

- заңға сәйкес өкілдік қатынастар туғызатын әкімшілік акт, мысалы,бала асырап алушылықты ресімдеу.

Коммерциялық өкілдік. Құқықтық реттелуінде елеулі ерекшеліктер бар коммерциялық өкілдік ерікті өкілдіктің ерекше түрі болып табылады, оның құқықтық реттелу ерекшеліктері АК-ның 166-бабында баянды етілген. Коммерциялық өкілдіктің айырым ерекшелігі - өкілдікке ерекше субъект - коммерциялық өкілдің қатысуында. Кәсіпкерлер өкілдік беруші адаммен еңбек қатынастары жоқ, өкілдік беруші адаммен жазбаша түрде жасасқан шарттың негізінде жұмыс жүргізетін, өзінің қызметі үшін сыйақы алатын және өзіне берілген тапсырманы орындауда әдеттегі кәсіпкердің қамқорлығындай әрекет етуге міндетті кәсіпкерлік қызмет саласында шарт жасасуда кәсіпкерлердің атынан ұдайы және өз бетінше әрекет ететін адам коммерциялық өкіл деп танылады. Коммерциялық өкілдік кәсіпкерлік қызметтің дербес түрі болып табылады.

3. Сенімхат дегеніміз бұл - бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші (сенім білдірілген) адамға берген жазбаша уәкілдігі (АК-ның 167-бабының 1-тармағы). Бұған дейін айтып өткеніміздей, өкілеттіктер жеке құжат - сенімхатта, сондай-ақ өкілдікті белгілеу туралы шарт - тапсырма беру шартында, коммерциялық өкіл шартында және т.с.с. баянды етілуі мүмкін. Өкілеттік шарттың талаптарына қосылатын реттерде шарттың өзі сенімхат болады. Мұндай шарт заңның шартқа қоятын барлық талаптарына сәйкес болуға тиіс.

Жеке жазбаша құжат - сенімхат біржақты мәміле болып табылады. Сондықтан сенімхатқа мәміле жөнiндегі заңдардың барлық ережелері қолданылады. Сенімхат берудің сипаты бір адамның - сенім білдірушiнiң (өкілдік берушінің) ерік білдіруінің және екінші адамның - сенім білдірілген адамның (өкілдің) ерік-жігер әрекеттерінің бар екенін көрсетеді. Сондықтан сенім білдіруші мен сенім білдірілген адам толық әрекетке қабілетті болуы тиіс. Сенім білдірушіде немесе сенім білдірілген адамда әрекет қабілеттілігінің болмауы немесе шектеулі болуы сенімхаттың жарамсыздығы немесе тоқтатылуы үшін негіз болады. ҚР АК-нің нормаларына сәйкес сенімхаттың үш түрі болады.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Коммерциялық өкілдік

2. Сенімхат мерзімі.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 5585 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...