Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жымдағы белсендiлер тобы – ұжымды нығайту орталығы



А.С.Макаренко ұжымның тұтастығын іске асыратын орталық - белсенділер тобы деп көрсетеді. Белсенділер тобына ұжымның тапсырмасын орныдаушылар мен орган мүшелері кіреді. Белсенділер тобына жолдастарының құрметіне бөленген оқушылар қамтылуы тиіс. Мұғалім белсенді топ мүшелігіне қоғамдық тәртіп бұзушы балалардың кіруіне жол бермеуі тиіс.

Белсенді топ педагогикалық жұмыстың мынадай түрлерін жүргізеді: ұжым мүшелеріне олардың міндеттері мен құқықтары туралы түсінік береді; күнделікті ұжымдық жұмыстың стратегиясын анықтауға көмектеседі; өзара тәжірибе алмасады; орындалған тапсырманы бақылап, баға береді. Белсенді топтың жұмысын мейілінше пайдалану арқылы ұжым мүшелерінің үйлесімді қарым-қатынасын, қалыптасқан дәстүрін сақтап, нығайтуға болады.

Ұжымның даму заңдылықтары. А.С.Макаренко ұжым қалыптасуының бірінші параметрі - педагогтың ұжымға қатаң талап қоюынан басталып, онан кейін әр ұжым мүшесі, өзіне талап қоя білуіне алмасуы тиіс деп көрсетеді.

Ұжым дамуының бірінші кезеңінде тәрбиеші тәрбиеленушіге қатаң талап қойып, оның орындалуын талап етсе, екінші кезеңінде ұжым талаптарын іске асырушылар - белсенділер тобы болса, үшінші кезеңінде тәрбиеленушілерге өзін-өзі басқару жүйелері талап қояды.

Қазіргі кезеңде ұжымның дамуына басқа көзқарас қалыптасты (Л.И.Новикова, А.Т.Куракин, т.б.). Бұл пікір бойынша ұжымның қалыптасуына ықпал ететін талаптармен қатар, басқа да тәрбие құралдары да қамтылады. Осыған орай, Л.И.Новикова ұжым дамуының үш кезеңін ажыратады: ұжымды біріктіру; ұжымды тәрбие құралына айналдыру; ұжым әлеуметтік тәжірибені түзетуші және әр тәрбиеленушінің шығармашылығын дамытушы.

Соңғы жылдары педагогикада даму деңгейлері жоғары, бірлестікке ұмтылған, кіріктірілген іс-әрекетке бейім, ұжымдық бағытта топтасқан адамдарды ұжым деп атау тенденциясы орын алуда (Я.Л.Коломинский, А.В.Петровский, Л.И.Уманский).

Топтың ең басты сапасы - оның әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан жетілуі. Жоғары деңгейде жетілген топ жаңа сападағы әлеуметтік топқа айналады.

Л.И.Уманский топтың әлеуметтік-топтық жетілуіне қарай, оны үш блокқа бөліп қарастырады:

Қоғамдық блоктың әлеуметтік құрылымының құрамдас бөлігінің бағыты, ұйымдасуы мен даярлығына қарай, топ өмірінің идеологиялық, басқарушылық және іскерлік қырын айтуға болады. Топтың бағыты белгілеген өмірлік мақсатында, атқаратын іс-әрекетінде, таңдаған құндылық бағдарында, идеологиялық санасында қалыптасқан әлеуметтік құндылықтарынан көрінеді. Топтың мықтылығы, өзін-өзі іс жүзінде тиімді басқаруымен сипатталады. Топтық іс-әрекет әр топ мүшесінен білім, білік, дағдыны және топтасып қызмет атқару тәжірибесін қажет етеді.

Тұлғалық блок құрылымының құрамдас бөлігі - зияттық, эмоциональдық және еріктік қарым-қатынас белсенділігінің бірлігі, яғни тұлға санасының үш қыры, топтың өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Зияттық қарым-қатынас – тұлғааралық түсіністік пен ортақ тіл таба білу, зияттық ақпарат алмасу, жалпы ұстанымдарын анықтау, топтық шешім қабылдау. Эмоциялық қарым-қатынас - тұлғааралық байланыстардан туатын топ мүшелерінің көңіл-күйі, топтың басыңқы көңіл-күйі, эмоциялық күш-қуаты. Эмоция топ өмірінде маңызды орын алады. Еріктік қарым-қатынас топтың түрлі кедергілер мен қиындықтарға қарсы тұруы, төтенше жағдайларға төтеп беру қабілетін білдіреді.

Жалпы сипаттағы блоктың (кешенділік, микроклимат, референттік, көшбасшы, топішілік және топаралық белсенділік) топ өміріндегі орны.

Топтың іс-әрекетін психологтар жан-жақты зерттеген. Кешенділік – топ мүшелерінің бірлігі, тұтастық өлшемі, ал егерде кешенділік болмаса, топ ажырап кетеді (А.Н.Лутошкин, А.В.Петровский, В.В.Шпалинский, т.б.); микроклимат - әр тұлғаның топта өзін үйлесімді сезінуі, топ ішіндегі өзінің орнына көңілінің толуы, өзін жайлы сезінуі (А.В.Лутошкин, А.А.Русалинов, т.б.); референттік - топ мүшелерінің топтық эталонды қабылдау дәрежесі, оны топтық құндылықтармен жақындастыру (Е.В.Щедрина); көшбасшы – топтың міндеттерін жүзеге асырудағы, жекелеген тұлғалардың топқа белсенді ықпалы (Е.М.Зайцева); топішілік белсенділік - топ мүшелерінің белсенділігі (Л.И.Уманский); топаралық белсенділік - бір топтың басқа топқа, мәселен бір сыныптың басқа сыныпқа әсері (А.И.Кузнецов, В.С.Агеев).

Жалпы сапалардың барлығы топтың ұжым ретіндегі даму деңгейін сипаттап, бірімен-бірі тығыз байланысты болады. Осылардың әрқайсысы алғашқы екі блоктың құрамды бөліктеріне де тән.

Топтың құрылымдық үш блогының өзара байланысы мен әрекеттестік қызметі көпқырлы. Л.И.Уманский эксперимент барысында балалар мен жастар тобының жоғарыда көрсетілген белгілердің тұрақты байланысын жоғары деңгейде қамтамасыз еткенде ғана, ұжым болып қалыптасатынын дәлелдеді.

Ең төмен деңгейдегі ұжым – құрама топ, бірімен–бірі таныс емес балаларды бір кеңістікте топтастыру, оның мысалы ретінде жаз мезгіліндегі демалыста тынығуға жан-жақтан келген балаларды айтуға болады. Егер де балалар алғаш рет бір мақсатқа топтастырылса, оны алғашқы ұжым деуге болады. Оларға тапсырма жүктелсе, онда олар ассоциациялық-топ аталады. Осы деңгейден бастап, ұжымның алғашқы белгілері - тұлғааралық байланыстары қалыптаса бастайды.

Кооперация тобы – құрылымы жағынан ұйымдасқан, бірігіп әрекет етуге даярлығы жоғары, тұлғааралық және топаралық қатынастары іс-әрекетке бағытталған, кез келген істе жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Бұл топтағы ең маңызды нәрсе, ортақ мақсатты іске асыру. Бұл жағдайда топтың қоғамдық бағыты мен психологиялық түсіністігі маңызды емес.

Автономды топ – топішілік байланыстардан басқа, құрамдас бөліктерімен берік байланыстар орнатып, жалпы ұжымдық сапаға ие болады.

Топ мүшелерінің санасында “Менің тобым” деген ұғым қалыптасады. Бірақ та, автономды топ, кейде ұжымдық құрылымнан қол үзіп, корпорацияға бет бұруы мүмкін. Жоғары автономдылық топты тұйыққа тіреп, “өз мүддесін” басқалардан жоғары санауынан, толықтай дербес болу ұмтылысынан, автономды топ - корпорацияға, яғни жалған ұжымға айналады. Ал егерде, топ топаралық қарым-қатынас пен өзара әрекеттестікке көшсе, онда қауымдастықтың ауқымды бөлігіне, онан кейін тұтас қоғамға айналса, ондай топтың ұжымдық бағытынан, топ - ұжымға айналады.

Балалар ұжымы – жеке тұлғаны белгілі бағытта әлеуметтендіру факторы болып табылады. Балалар ұжым мақсатын саналы түрде, өз мақсаты деп түсінген жағдайда әлеуметтік біліктер мен дағдыларды меңгереді. Жеке тұлғалық және әлеуметтік сапалардың бірлігі ұжымда қоғамдық пайдалы еңбек барысында және ұжымшылдықта қалыптасады.

Ұжымшылдық – топтың ынтымақтастық сезімі, яғни өзін топтың, қоғамның мүддесі үшін әрекет ететін бөлігі екенін саналы түсінуі. Ұжымшылдық мектепте түрлі жолдар мен құралдар арқылы қалыптастырылады: оқу мен еңбектегі өзара көмек; мәдени, спорттық іс-шараларға қатысу; балалар ұйымының жұмысын белсендіру.

Оқу-тәрбие ұжымы – ұйымдастырылған топ, олай болса, топ мүшелері ортақ құндылықтар мен мақсатқа жету іс-әрекеттерімен бірігіп, өздері үшін маңызды, тұлғааралық қатынастарда тұлғалық және әлеуметтік мәнді істермен араласады.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. А.С.Макаренко бойынша ұжымның қалыптасу.

2. Л.И.Новикованың ұжым дамуының үш кезеңі.

3.Л.И.Уманскийдің біріккен балалар тобының қалпын жіктеуі.

4.Л.И.Уманскийдің топтың әлеуметтік-топтық жетілуіне қарай, оны қандай блокқа бөліп қарастырады?

5. Белсенді топтың іс-әрекетін психологтардың жіктеуі.

6.А.В.Лутошкин, А.А.Русалинов, т.б. Микроклиматқа қандай түсінік береді?

7. Е.В.Щедринаның топ белсенділерінің референттігі, ол…

8.Е.М.Зайцеваныңтоп бесенділерінің ішіндегі көшбасшының міндетін анықтауы.

9.Л.И.Уманскийтоп ішілік белсенділікті қалай түсіндіреді?

10.А.И.Кузнецов, В.С.Агеев зерттеулері топаралық белсенділікке берген анықтамасы.

11.Ұжымшылдықтың анықтамасы.

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Сынып ұжымын қалыптастырудың кезеңдерін нақты мысал арқылы жобалап көрсетіңіз.

2. Өзіңіздің оқу тобыңызға ұжым тұрғысынан сипаттама беріп, оның психологиялық жағдайын психологтардың берген сипаттамасына қарай талдаңыз.

3. Өз бойыңызда ұжымшылдықтың қандай көрсеткіштері бар, соны талдап көрсетіңіз.

4. Ұжымның белгілері мен көрсеткіштері және деңгейлері туралы өз пікіріңізді жазыңыз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. А.С.Макаренконың ұжымды қалыптастыру теориясын жалғастырушы ғалымдар және олардың қосқан жетістіктері.

2. Сынып ұжымның қалыптасу көрсеткіштері.

3. Ұжымның тұлғаны қалыптастыруға және жеке тұлғаның ұжымның дамуына тигізетін ықпалы.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “Дарын”, 2004.

2. Болдырев Н.И. Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. – Алматы. “Мектеп”, 1987.

3. Гликман И.З. Теория и методика воспитания. – М.”Владос Пресс”, 2002.

4. Коротов В.М. Самоуправление школьников. – М., 1976.

5. Макаренко А.С. Избранные педагогические сочинения. В. 2т. - М.,1977.

6. Новикова Л.И. Педагогика детского коллектива. - М.,1978.

7. Сухомлинский В.А. Избранные педагогические сочинения. Т.3. – М., 1981.

8. Синица И.Е. Педагогикалық әдеп және ұстаздық шеберлік. – Алматы. “Мектеп”, 1987.

9. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. Педагогика. - М.: Академа, 2003.

6..3 Оқушылар ұжымын нығайту және тұлғаны әлеуметтендiрудiң маңызы

Жоспар:

Балалар ұжымын зерттеу әдiстерi.

Мұғалiм мен оқушылар арасындағы бiрлескен iс-әрекет - қарым-қатынас құралы ретiнде.

Негiзгi түсiнiктер: диагностика, ұжымдық iс-әрекет, қарым-қатынас құралы.

Балалар ұжымын зерттеу әдiстерi. Диагностика (грек сөзі – диа –айқын және гнозис - білім) зерттелініп отырған обьекті немесе үрдіс туралы алдын ала ақпарат алудың жалпы әдісі. Мысалы, әлемдік тәжірибеден адамның тұлғалық дамуын анықтау үшін арнайы жасалған тестер (өлшемдер) қолданылады. Ол дамудың жалпы және арнаулы сапаларын өлшейді. Ұсынылған тапсырмаларды адамның қалай орындауына байланысты жан-жақты дамудың нақты өлшемдеріне орай қол жеткен деңгей туралы қорытынды жасалады. Сонан кейін алынған мәліметтер тұлғаның жалпы дамуының жас ерекшелік мүмкіндіктерімен салыстырылады. Мысалы, оқушының дене күшіне сенімділігін арттыру үшін әдетте денсаулығы жайын кешенді түрде тексеру, антропометрикалық әлеуметтік және психикалық мәліметтерді жинау пайдаланылады. Алайда, ол арнаулы жабдықталған клиникалар мен лабороториялардың, арнайы даярланған қызметкерлерінің болуын талап етеді.

Мектеп мұғалімдері мен тәрбиешілері үшін басты мақсат - оқушылар ұжымын зерттеу, олардың ақыл-ой қызметін, мінез-құлықтың өзгеру себептерін, талаптану деңгейін, белсенділігін, тұлғааралық қатынастарын, әлеуметтік мінез-құлқының және басқа да маңызды сапаларының дамуын білу болып табылады. Бұл жағдайда тұлғаның қажетті сапаларын зерттеп білудің барынша кең тараған түрі - тестімен жұмыс жүргізу. Тәрбие ісі қарама-қайшы және ұзақ үрдіс екені белгілі.

Тәрбиелік үрдіс нәтижелері деп тұлғаның немесе ұжымның қол жеткен тәрбиелік деңгейін айтамыз. Оның жоспарланған іске сәйкес болуы немесе одан ерекшеленуі мүмкін.

Ұжымның тәрбиелік деңгейін анықтауға диагностика көмектеседі. Диагностикалық зерттеудің мәліметтері тәрбиеленушілердің бастапқы сипаттамаларымен салыстырылады, бастапқы және ақтық нәтижелер арасындағы айырмашылық тәрбие үрдісінің тиімділігін айқындайды.

Тәрбиелілік қалай айқындалады? Тәрбиенің қол жеткізетін нәтижелерін айқындау үшін тәрбиелік өлшемі пайдаланылады. Тәрбиелілік өлшем - ұжымның немесе тұлғаның түрлі сапаларының қалыптасу деңгейінің теориялық тұрғыдан жасалған көрсеткіштері. Әдетте олар, атаулар шкаласы ретінде реттелінеді. Егер тәрбиелік сапаның қалыптасу дәрежесіне шартты сандық баға алынатын болса, онда оқу ісінде қол жеткізген табыстар тестін жүргізу кезінде жасалатындай, тәрбиелілік деңгейін сандармен көрсету арқылы салыстыру есебін жүргізуге болады.

Осы күнге дейін педагогикада тұлғаның немесе ұжымның барлық сапасын қамтитын тәрбиелік өлшемін жасау тың мәселе ретінде қалып отыр.

Тәрбиеліліктің көптеген өлшемдерінің ішінен екі топты, мазмұндық және бағалау деп бөліп алуға болады. Біріншісі зерттелінетін сапаның көрсеткіштерін бөліп алумен, екіншісі - (диагностка жасалатын) анықталатын сапаның қарқынды тепе-тең көрінісін жазып алу мүмкіндігімен байланысты.

Соңғы нәтижелердің диагностикасы – тұлғаның немесе ұжымның тәрбиелілік деңгейі үшін тағы да жалпы өлшемдерді, жекелеген қасиеттерді, белгілерді және сапаларды айқындаумен байланысты аралық нәтижелерді талдау үшін жекелік өлшемдер бар.

Біріншісі мақсатты айқындауға арналып жазылған талаптарды, екіншісі – тәрбиелік үрдістің нақты міндеттерін көрсетеді. Бағыттылығы, әдісі және өлшемді қолдану орны жөнінен тәрбиелілік шартты тұрде екі топқа бөлінеді:

- тәрбие нәтижелерінің сыртқы пішінінде - пікірлесуде, бағалауда, мінез-құлықтарда, тұлғаның әрекеттерінде көрінумен байланысты;

- тәрбиешінің көзінен тыс құбылыстармен – дәлелдермен, сенімдермен, жоспарлармен, бағалармен байланысты болады.

Оқушылардың тәрбиелілік дәрежесін табу, олардың білімі мен мінез-құлқының біздің демократиялық құқылық қоғамда қабылданған негізгі өлшемдерге сәйкес келетінін, не келмейтінін айқындау болып табылады.

Оқушылардың тәрбиелілігінің басты өлшемі – олардың іс-әрекеттері. Оқушылардың тәрбиелілігі күн сайын және сағат сайын тексеріліп отыруы тиіс. Тәрбиеленушінің кез келген қылығы, оның мінез-құлқы, үлкендермен, құрбыларымен қарым-қатынасы, оның тәрбиелілік деңгейін сипаттайды.

Оқушының тәрбиелілік деңгейін дұрыс бағалау - оның өмірінің түрлі жағдайларындағы әлеуметтік қарым-қатынастартарындағы мінез-құлқына әділ баға беру болып табылады.

Педагог оқушыларды зерттеуге кіріскенде нені зерттейтінін, не нәрсеге көңіл бөлу керектігін өзі айқын біліп алуы керек. Оқушының тұлғалық қыры неғұрлым кең және жан-жақты зерттелетін болса, соғұрлым оған дұрыс жол табуды қамтамасыз ету жеңіл болады.

Оқушыларды зерттеудің үлгі бағдарламасы

- Оқушы туралы жалпы мәлімет, аты-жөні, туған жылы, айы, күні;

- Жалпы даму деңгейі (жоғары, орта, төмен)

- Әлеуметтік- адамгершілік келбеті, еріктілік, еркіндік негізінде атқаратын жеке-топтық жұмысы

- Жеке басының негізгі белгілері

Тәрбиелілік деңгейді бағалауға пайдаланылатын диагностиканың кейбір тәжірибелік әдістерінің мазмұнын ашып көрейік (тәрбиеленушілердің мінез-құлық қалыптары жөніндегі пікірлері, түсініктері, баға беруі, өзін қызықтыратын басқа да мәселелердің көрінісін бағалаудың өлшемдері мен ережелері туралы түсініктері зерттелінеді).

Тәжірибеде бәрінен гөрі “Адамға адамгершілік неге керек?” және т.б. сұрақтар пайдалынылады. Оларға берілген жауаптар түрлі сапаларды тәрбиешіге және тәрбиеленушінің өз қасиеттерін жақсы талдауға және оларды санада сақтауға көмектеседі.

Бағаланған пікірді айқындау үшін оқушыларға “Менің замандасым маған несімен өнегелі?” “Қайырымдылық және оны мен қалай түсінемін?” т.б. тақырыптарға шығарма жаздыртуды кеңінен қолдануға болады Бұндай жұмыстар оқушылардың көзқарасын, күмәндәрін, толқуын және ой-пікірлерін көрсетуімен құнды. Басқа әдістердің де, соның ішінде оқушының ішкі көзқарасын анықтауға көмектесетін социометриялық әдістердің диагностикалық мәні зор. Диагностикалық әдістердің кешені ғана оқушылардың бойында қажетті тұлғалық сапаларының қалыптасуы туралы түсінікті дұрыс құруға мүмкіндік береді.

Оқушылардың тәрбиелілігінің негізіне Л.С.Выготскийдің баланың жас ерекшелігі мен жеке бас қасиеттерінің дамуы туралы негізгі ұстанымын басшылыққа алуға болады. Бұл ұстаным бойынша, оқушылардың тәрбиелік деңгейін анықтауда баланың әр жас кезеңіндегі орталық психологиялық жаңа құрылымының, яғни өзіндік санасының қалыптасуын ескеруді керек етеді. Оқушылардың өзара қарым-қатынасы олардың тәрбиелік деңгейін анықтауда басты рөль атқарады деп түйіндейді.

Оқушының тәрбиелік деңгейі жас ерекшелігіне, меңгерілген білім, білік, іскерлік дағдыларына лайықты әлеуметтік және әдептілік-адамгершілік қарым-қатынастағы жеке басының мінез-құлық көрінісімен анықталады. Олай болса, тәрбиелік өлшемнің көрсеткіші әр сыныпта өзгеріп отыратындықтан, педагогикалық тұрғыдан субьективтік баға беріледі. Бұрынғы мектеп тәжірибесінде оқушының тәрбиелік деңгейі оқушылардың ережесімен сәйкес келетін, сол арқылы оқушыларға мінездеме берілетін. Оқушының тәрбиелік деңгейін бір көрсеткіш арқылы анықтау мүмкін емес.

Мысалы, оқушылардың адамгершілік қасиеттерін зерттеу барысында оның жеке басының жетістіктерін анықтау кезінде мына жағдайларды ескеру қажет.

Оқушының адамгершілік жағынан тәрбиелілігі - адамгершілік жайлы білімімен (адамгершілікті адам болу түсінігі), оған деген қатынасымен, өз мінез-құлығымен анықталады.

Оқушының мәдени қалпы білімі, қарым-қатынасы және іс-әрекетінің өзара біртұтастығымен сипатталады. Ол ұжымшылдық, жауапкершілік, өзін-өзі сынаушылық, т.б. сапалардан көрінеді. Осындай сапалар оқушы бойындағы адамгершілік тәрбиенің өлшемі болып табылады.

Жеке бастың бойындағы адамгершілік сапасының кез келген қырының деңгейін анықтау үшін, оның түсінігін ( білімін), адамгершілік қатынасын, ол қатынастың күші мен тұрақтылығын нақты іс-әрекет үстінде зерттеу керек. Соған сәйкес төмендегідей дүниелерді бөліп қарастыруға тура келеді.

І - деңгей. Адамгершілік сапасының мәнін құрайтын қалыптар (өлшемдер) жайлы түсінік. Бірақ бұл өлшемдер жеке бастың мінез-құлқына кірікпеген. Оған деген қарым-қатынас қарама-қайшы және тұрақсыз, болып келеді.

ІІ- деңгей. Адамгершілік мінез-құлық қалыптары жөнінде дұрыс және айқын түсінігі бар. Бірақ, бұл өлшемдер жеке бастың қасиетіне толық айналып кетпеген.

ІІІ - деңгей. Адамгершілік мінез-құлық қалыптарын саналы меңгерген.

Сонымен, жеке бастың белгілі бір адамгершілік сапасын айқындайтын қалыптар жөнінде түсінік деңгейін анықтап алып қана, баланың адамгершілік тәрбиелілігінің өлшемін анықтадық. Оны сұхбаттасу, сауалнама жүргізу, әңгімелесу, бақылау, тест, тапсырмалар беріп, оны орындату арқылы жүзеге асырдық. Сабақта, сабақтан тыс уақытта оқушылардың мәдени, тәрбиелік деңгейін зерттеп оқу жылының басы мен соңында жоғарыда айтылған үлгі бойынша үш түрлі деңгейде бағалайды, да әр оқушы туралы мінездеме жасалды.

Жеке тұлға біртұтас құрылым. Сондықтанда оны бойындағы барлық сапаларымен кешенді түрде қарастыру керек. Жеке тұлғаның бітім-болмысын көп қырынан бірдей зерттеп танытатын өлшемді әлі ешкім жасаған жоқ. Бұл - келешектің ісі.

Тұлғаның ішкі көзқарасы оқушының мінез-құлық әрекетінде ашылады. Әдетте адам қалай тәрбиеленген болса, солай әрекет етеді. Сонымен бірге педагог тәрбиеленушілік ситуация туғызу әдісі сияқты мінез-құлықты айқындаудың диагностикалық тиімді тәсілін де қолданады. Ол екі міндетті бірлікте шешуге мүмкіндік береді:

- талап ететін сапалардың даму деңгейін диагностикалау;

- осы сапаларды тәрбиелеу.

Тәрбиелеуші жағдаят (ситуация) – табиғи немесе тәрбиеленуші әрекет етуге және өзінің әрекеттерінде өз бойындағы белгілі бір сапалардың қалыптасу деңгейін көрсетуге мәжбүр болуға әдейі жасаған жағдай.

Соңғы жылдары педагогикада проблемалық тәрбиелеуші жағдайларды жасауға көңіл бөлуде. Осылайша балалар алға қойылған жасанды проблеманы шешуге мәжбүр болады, ал тәрбиеші бұл кезеңде ұжымның және оның әрбір мүшесінің қандай жағдайда болатынын айқындап, нәтижесінде тәрбиелік үрдісті дұрыс құратын болады.

Ситуациялық жағдайдың мына түрлері ерекшелінеді: сынайтын, тәрбиелейтін, бақылайтын, бекітетін, тәрбиеші ойластырмаған, бірақ көмектесуші; тәрбиеші тарапынан ескерілмеген, бірақ бөгет жасайтын немесе зиянды жағдайлар болады.

Диагностиканың нәтижелерін тіркеу ісі түрлі үлгіде жүзеге асырылуы мүмкін. Цифрлы индекстер, шкалалар, түрлі шартты белгілер өте сақтықпен және сыпайылықпен пайдаланылуы керек.

Тәрбиелік баға негізіне оның жекелеген сапалары емес, тұлғаның жалпы адамгершілік бағыттылығы жатқызылуы керектігін әрқашан есте сақтаған жөн.

Мұғалiм мен оқушылар арасындағы бiрлескен iс-әрекет - қарым-қатынас құралы ретiнде. Мектептегі педагогтар мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас бүкіл қоғамдық, саяси, құқықтық, моральдық қатынастарды қамтып, педагогтың басшылығымен бағыты айқындалып, шешімін тауып отырады. Мектептегі педагогтар мен оқушылар арасындағы қалыпты қарым-қатынас ізгілікті немесе басқа сөзбен айтар болсақ, педагогикалық мақсатты қатынастар болып аталады. Мұндай қарым-қатынастың орнығуы тәрбиеліктің нәтижесін көрсетеді, ол оқушылардың педагогтың беделін, құқын, тәжірибесін құрметтеп, мүмкіндігінше сондай педагогқа ұқсауға еліктейді.

Мұғалім оқу процесінде, оқу бағдарламаларын іске асыру барысында оқушылармен өзара қатынастарын нығайтады. Онда оқушылардың оқу ісіне, еңбекке оқушылармен саналы қарым-қатынасын қалыптастыру көзделеді. Мұғалім оқушылардың өзіндік қызметі мен белсенділігін арттырып, олардың әлеуметтік тәжірибесін ізгілік негізінде дамытады. Оқушының өзіндік өмірлік ұстанымы қалыптаспай, кез келген күрделі жағдайда, адамгершілікке негізделген шешім қабылдай алмайды. Педагог осы жағдайды педагогикалық процесті басқару ісінде ескеруі тиіс.

Біріккен қарым-қатынас іс-әрекет барысында қалыптасады. Педагог кез келген қызметке кірісуі үшін алдын ала қойылатын талаптарды ескереді. Педагогикалық талапты орындау ғана педагогикалық мақсатты қатынастардың нәтижелі болуын қамтамасыз етіп қоймайды. Балалар ұжымындағы шағын топтардың пікірі мен беретін бағасы және іс-қылықтары да маңызды.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Диагностиканың анықтамасы.

2. Оқушылар ұжымын зерттеудің мақсаты.

3. Тәрбиелік үрдіс нәтижелері.

4. Тәрбиелілік өлшемді сипаттаңыз.

5. Тәрбиеліліктің басты өлшемі.

6. Диагностикалық әдістердің кешені нені қамтиды?

7. Тәрбиелік ситуация туғызу әдісі.

8. Тәрбиеші мен оқушының біріккен қарым-қатынасын ұйымдастыру.

9. Оқушының өзіндік өмірлік ұстанымын қалыптастыру.

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Сынып ұжымының адамгершілік тәрбиелік өлшемін қалай анықтауға болады?

2. Сыныптық ұжымның адамгершілік өлшемінің көрсеткіштерін анықтаңыз.

3. Сынып ұжымның адамгершілік деңгейін көрсететін мысалдар келтіріңіз, оларға сипаттама беріңіз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Жеке тұлғаның тәрбиелілігін анықтау.

2. Мұғалім мен оқушы арасындағы бірлесіп атқарылатын педагогикалық ситуациялар.

3. Педагогикалық ситуациялардың мәні және тәрбиелік ситуацияларды шешу.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “Дарын”, 2004.

2. Гликман И.З. Теория и методика воспитания. – М.”Владос Пресс”, 2002.

3. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “РБК”, 1999.

4. Новикова Л.И. Педагогика детского коллектива. - М., 1978.

5. Шилова М.И. Учителю о воспитанности школьников. – М.: Педагогика, 1990.

6. Щуркова Н.Е. Вы стали классным руководителем. – М., 1986.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 3547 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.025 с)...