Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Педагогикалық шеберлiк және технологиялар



Жоспар:

Педагогикалық шеберліктің құрылымы.

Педагогикалық шеберліктің компоненттері.

Негiзгi түсiнiктер: педагогикалық шеберлік, педагогикалық міндеттер, кәсіби біліктілік.

Педагогикалық шеберліктің құрылымы. А.С.Макаренко “Оқушылар мұғалімнің қаталдығын, әр нәрсенің анығына жетуді көздейтін сұрау-тапсырмаларына мойын ұсынғанмен де, оның өз кәсіби ісін нашар меңгеруін кешірмейді”, - деп көрсетеді. Олар мұғалімнің өзіне деген сенімін, білімін, біліктілігін, икемін, өнерін, қолынан не нәрсенің келетінін, ойын анық түйіндеуін, тәрбие жұмысын біліктілікпен ұйымдастыра білуін жоғары бағалайды. Сонымен бірге, А.С.Макаренко “Менің тәжірибе жүзінде көзімнің жеткені, оқу-тәрбие ісі біліктілік пен іскерлікке негізделген шеберлік мәселесіне тіреледі”, - деп көрсетеді.

Әр педагогтың меңгеретін шеберлік деңгейі әр түрлі болады. Бірден шеберлікті меңгеру де оңай емес. Өкінішке орай, кейбір мұғалімдердің шеберлікті шыңдауына ұзақ уақыт пен тәжірибе қажет болса, ал кейбіреулерінің шеберлік деңгейін меңгере алмауы да мүмкін.

Шеберлікті жетік меңгеру үшін мұғалім педагогикалық процестің заңдылықтары мен тетіктерін білуі тиіс. Осыған орай, педагогикалық тұрғыдан ойланып, әрекет етуге, педагогикалық процесті құрамды бөліктеріне ажырата білуге, әр жеке педагогикалық процесс компоненттің тұтастықпен байланысын саналы түсінуге, оқыту мен тәрбиелеу теориясының идеясын, тұжырымдамасын, принциптерін қарастырып отырған құбылысқа сай анықтай білуі тиіс; педагогикалық құбылыстың диагностикасын анықтап, оның психологиялық және педагогикалық түсініктерінің қандай категорияға жататынын айқындай білуі керек; негізгі педагогикалық мақсатты белгілеп, оны тиімді шешуді көздеуі шарт.

Кәсіби шеберлік мұғалімнің өзі қаруланған теориялық білімін өз іс-әрекетінде қолдануына байланысты болады. Теорияны тәжірибеде қолдана білу, теориялық ойлауды қажет етеді, көбінесе мұғалім педагогикалық қызметтің осы қырын біле бермейді. Екіншіден, педагогикалық қызмет – біртұтас процесс, ол философия, педагогика, психология, методика, т.б. ғылымдардың синтезіне негізделеді, ал мұғалімнің білімі жеке түсініктерден тұратындықтан да, ол түсініктер басқарылатын жалпыланған дағдылар деңгейіне көтерілмейді. Осыдан барып, мұғалім педагогикалық қызметінде ғылымға қатысы жоқ күнделікті педагогикалық дағдыны ғана меңгеріп, теорияны тәжірибеде қолдануды білмейді.

Педагогика өзінің дамуы барысында түрлі екшелген педагогикалық нормативтер, пайдалы ұсыныстар мен оқу-тәрбие ережелерін қалыптастырған. Олардың көпшілігі теориялық білімді қажет етпесе де, кейбіреулері педагогикалық процесс заңдылықтарынан туындап, теория мен тәжірибенің дамуына қарай өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан нормтивтер - дәстүрлі және инструктивті, шартты және шартсыз, эмпирикалық және рационалдық болып бөлініп, педагогиканың қолданбалы бөлігіне айналады. Көп жағдайда педагогикалық қызметте, осы нормативтерді басшылыққа алуға тура келеді, демек, кез келген педагогикалық қызметтен шығармашылық әрекетті, жаңалықты талап етуге болмайды. Сонымен бірге осы сараланған нормативтердің педагогикалық қызметке тигізетін зиянын да айтуға болады, өйткені белгілі нормтивті сақтау, педагогикалық теорияны жоққа шығарып, педагогикалық ойды догмаға айналдырып, жоғары жақтан үнемі нормативті нұсқау күтуге мәжбүр етеді де, педагогикалық процестің даму диалектикасын ескермейді.

Педагогикалық шеберлік - педагогикалық қызметтің жоғары даму деңгейін, педагогикалық технологияны жетік меңгерумен бірге, педагогтың тұлғалық сапасын, тәжірибесін азаматтық және кәсіби ұстанымын анықтайды.

Педагогикалық шеберліктің компоненттері. Педагогика ғылымында педагогикалық шеберлікке түрлі көзқарас бар. Бір топ ғалымдыр педагогикалық шеберлікті меңгерген мұғалімнің интуициясы мен білімі жетік, ғылыми жағынан беделді, педагогикалық қиындықтарды жеңе білетін, басшылыққа икемді, баланың жанын түсінетін дарынды қабілеті бар, оқушы тұлғасына нәзік және аялаулықпен ықпал етіп, даналық пен шығармашылық тұрғыдан ойына түрткі туғызатын, ғылыми талдауға қабілетті, қиялы жетік болуы шарт деп санайды.

Педагогикалық шеберлікке педагогикалық біліммен бірге, интуиция, аз күш жұмсап, тиімді нәтижеге жететін педагогикалық техниканы таңдай білу де қамтылады. Педагогикалық шеберлік дегеніміз үнемі жеткен межеден арыға қол созу. Педагогикалық шеберлік кез келген іс-әрекетті жүзеге асыруы үшін арнайы білім, дағды, әдетті меңгеруге байланысты. Осы айтқандарды ескере отырып, педагогикалық шеберліктің төрт құрамды бөлігін ажыратуға болады: оқушылардың жеке және ұжымдық қызметін ұйымдастыру шеберлігі; оларды сендіру шеберлігі; білім және іс-әрекет тәжірибесін меңгерту шеберлігі; педагогикалық техниканы меңгеру шеберлігі. Педагогикалық қызметте осылардың бәрі тығыз байланысты болады.

Мұғалімнің шеберлік деңгейін қалыптастыруда педагогикалық техниканың орны ерекше. Ол жеке оқушыға немесе оқушылар ұжымына тегіс тиімді ықпал ету әдістерінің жүйесін құрайтын іскерлік пен дағдылар жиынтығы: тәрбиеленушілермен қарым-қатынас орнатудағы үйлесімді дауыс ырғағы мен қарым-қатынас стилін таңдау, олардың назар салуын басқару, қажетті екпін таңдау, басқару дағдыларын меңгеру және оқушы қылығына өзінің қатынасын көрсете білу,т.с.с.

Педагогикалық техника негіздерін меңгеру міндетті түрде қарым-қатынас технологиясын білуді қажет етеді. А.С.Макаренко “Мен нағыз шебер педагог болу үшін “бері кел” деген сөзге 15-20 түрлі рең беріп үйрендім, бет әлпетімді, дауысымды, сөйлеу мәнерімді 20 түрлі кейіпте құбылтуға машықтандым. Сондықтан да мен айтқан сөзімді тыңдатуға және оны орындатуға қол жеткіздім” - деп жазады. А.С.Макаренконың осы пікірінен педагогикалық техниканың тіл дамытумен тығыз байланысты екені байқалады.

Сөйлеу мәдениеті - әр дыбысты нық айту, дауысы екпінін таңдау, дұрыс тыныс алып, бет әлпеті мен қимылын үйлесімді пайдалану.

Педагогикалық міндеттердің мәні мен ерекшеліктері. Педагогикалық міндет дегеніміз алға қойылған педагогикалық жағдаяттың мақсатын танып, оны жүзеге асыру. Субьекті педагогикалық жағдаятты саналы тануы арқылы оны іске асыруды көздейді. Кез келген педагогикалық жағдаят күрделі болады. Педагогикалық міндет саналы қабылданғаннан соң педагогикалық процестің нақты міндетіне айналады да, тәрбиеленушіні сапалық жағын өзгертеді.

Педагогтың кәсіби әрекетін ұйымдастыру үшін педагогикалық міндеттерді уақыт көрсеткіші бойынша үш топқа жіктеуге болады – стратегиялық, тактикалық және жедел (оперативтік).

Стратегиялық міндеттер – білім берудің жалпы мақсатынан “жоғары мақсатты” көздейді, ол базалық мәдениет түрінде қалыптасады. Стратегиялық міндет сыртқы ықпалдан, қоғам талабынан туындайды. Алғашқы көздеген мақсатқа жетуге және қажетті педагогикалық әрекет нәтижесімен анықталады. Шынайы педагогикалық процесте стратегиялық міндеттер тактикалық міндеттерге алмасады. Соңғы нәтижеге жетуді көздей отыра, статегиялық міндеттің бір кезеңін іске асыруды қарастырады. Жедел (оперативтік) міндеттер - педагогтың алдында әр сәт сайын туындайтын міндеттер.

Стратегиялық міндеттерді шығармашылықпен шешу – біртұтас тұлға қалыптастыру А.А.Захаренко, Н.Н.Дубинин, В.А.Караковский, А.А.Католиковтардың білім беру ұйымдарының тәжірибесінде анықталды. Тактикалық міндеттерді шығармашылық, ұйымдастырушылық-әдістемелік тұрғыдан шешу жаңашыл-педагогтар тәжірибесін зерттеген В.И.Загвязинский, М.М.Поташник, Л.М.Фридман, т.б. еңбектерінде көрсетілді. Оперативтік міндеттерді шешу үлгісін А.С.Макаренко, С.Т.Шацкий, В.Н.Сороко-Росинский, В.А.Сухомлинский еңбектерінен көруге болады.

Біртұтас педагогикалық процестегі “педагогикалық міндеттерді” дидактикалық және тәрбиелік міндеттер деп ажыратуға болады. Дидактикалық міндеттер - оқу-танымдық міндеттерді басқару, яғни оқыту. Тәрбиелік міндеттер өте күрделі. Өмірге дайындау, үнемі үлкен-кішілі мәселелерді жедел шешуді алға қояды. Тұлға тек әрекет барысында дамитындықтан, тәрбиеші оның өздігінен тәрбиелік міндеттерді шешуіне түрткі тудырып, қажет бағытта дамытуды көздеуі керек. Педагогикалық процесте дидактикалық міндеттер, яғни оқу-танымдық міндеттермен қатар тәрбиелік міндеттер, яғни еңбек, ойын, көркемдік, құндылық-бағдарлы міндеттер түрінде бірлікте іске асырылады.

Педагогикалық міндеттерді шешу үшін танымдық және тәжірибелік міндеттерді шешудің негізгі төрт кезеңін басшылыққа алған жөн:

1) нақты жағдайға байланысты жағдаятты талдап, соның негізінде педагогикалық міндеттерді белгілеу;

2) педагогикалық ықпал ету тәсілін жобалау:

3) педагогикалық міндеттерді тәжірибе жүзінде шешу:

4) шешілген педагогикалық міндеттердің нәтижесін талдау.

Кәсіби шеберлігі жоғары мұғалімдер бір типті міндеттерді шешуді өз жадында қалыптасқан үлгі бойынша жүргізеді. Педагогикалық міндеттерді шешудің түрлі әдістері бар. Әрине, жас мұғалім үшін педагогикалық міндеттерді шешу үлгісі әлі қалыптасып үлгермегенін байқауға болады. Педагогикалық міндеттерді шешу әр мұғалімнің өзінің “Мен –тұжырымдамасына” лайық болады.

Педагогикалық міндеттерді шешу - шығармашылық процесс. Онда теориялық білім мен тәжірибе алмасып отырады. Бірінші кезеңде педагогикалық жағдаят талданып, атқарылатын іс-әрекеттер, диагностикалық шешімдер анықталады. Жалпы диагностика ішінде жеке тұлғаның және топтың іс-әрекет диагностикасын анықтап, жеке тұлға мен ұжымның оқу-тәрбиеде жетуге қажетті межесі белгіленеді, сонымен бірге оқушылардың алдында пайда болатын қиындықтары мен жіберетін қателіктері және педагогикалық ықпалға жауабы ескеріледі.

Осындай теориялық талдау барысында мұғалім нақты педагогикалық жағдаятты зерттей отырып, педагогикалық міндеттердің теориялық анықтамасын жасайды, оны тәжірибелік тұрғыдан шешу амалдары қарастырылады.

Педагогикалық міндет теориялық жағынан шешілгеннен кейін, келесі кезең - оны тәжірибе жүзінде іске асыру керек. Дейтұрғанмен де, осы кезеңде теориялық ойлау екінші орынға ығысып, реттегіш және түзеткіш қызметін атқарады. Соның нәтижесінде педагогикалық процесс үнемі жаңа ақпаратпен толығып отырады.

Педагогикалық міндетті шешуді аяқтау кезеңі жаңа теориялық оймен алмасады. Бұл кезеңде қорытынды есеп және алынған нәтижелерді бағалау, оны бұрыннан қалыптасқан үлгімен салыстыру іске асырылады. Осы талдау нәтижелері өз кезегінде жаңа педагогикалық міндеттерге теориялық негіздеме жасауға қажетті арқау болады.

Тәрбиешінің пән мұғалімі екенін де естен шығармау керек. Педагогикалық процесте мұғалім үнемі оқушыларды танымдық әрекетке үйрете отырып ойлау, танымдық дағдыларын қалыптастырады.

Тәрбиеші оқушылардың іс-әрекет түрлерін ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге олармен тікелей қарым-қатынас орнатады. Сондықтан тәрбиешінің оқушыға тікелей ықпал етуінің маңызы зор.

Оқушылар өмірін дұрыс ұйымдастыра білу үшін тәрбиеші басқа педагогтармен өз жоспарын үйлестіріп, ата-аналармен де тығыз қарым-қатынас орнатады. Тәрбиеші осындай үйлестіру жұмысын жүргізуде оқушылардың әрекетін, тәртібін, отбасында және айналамен қарым-қатынасын ескеріп, сабақта және сабақтан тыс кездегі теріс әлеуметтік істердің алдын алып, тәрбие процесінің белгілі арнада жүруін қадағалайды.

Тәрбиеші кейде мектептің басшылық жұмысына да араласуына тура келеді. Мектеп басшылығының тапсырмасы бойынша оқушылардың мектептегі тәртібін қадағалап, олардың іс-әрекеттерін бақылайды.

Тәрбиеші мектеп оқушылармен жұмыс жасайтындықтан, олардың өміріне, денсаулығы мен қауіпсіздігіне де жауапты екенін естен шығармауы тиіс.

Тәрбиеші жұмысының алуан қырлы болуы, оның үнемі барлық жағдайдан хабардар бола отырып, оқушылардың теріс әрекетін дер кезінде ескеріп, өз ісін мектеп қызметкерлерімен және ата-аналармен үйлестіріп, жүргізетін жұмысының бағытын талдап отырғаны абзал. Ол үшін тәрбиеші күнделікті күнделік-жоспар жүргізуі керек.

Сонымен, мектеп ұстазының қызметі көп қырлы. Ол оқушылардың іс- әрекетін, қарым-қатынасын, өзара іс-әрекеттерін ұйымдастырып, олардың іс-әрекетіне, өзара әрекеттесуіне, қарым-қатынасына, тәртібіне және дамуына тікелей ықпал етіп, өзінің тәрбиелік қызметін мектеп мұғалімдерімен, ата-аналармен үйлестіре отырып, педагогикалық процесті басқарады, сондай-ақ кейбір басшылық қызметке де араласып, оқушылардың өмірін қауіпсіздендіріп, олардың денсаулықтарын қорғайды.

Педагогикалық міндеттерді шешу барысындағы кәсіби біліктілік мен шеберліктің көрінісі. Педагогтың кәсіби біліктілігі мен шеберлігі педагогикалық міндеттерді шеше білуінен, ең бастысы өз іс-әрекетін қалай теориялық тұрғыдан негіздей алатынан көрінеді. Оның іс-әрекет деңгейі тәжірибені жинақтай алуымен тығыз байланысты. Кәсіби біліктілігі жоғары педагог өз тұлғасының мықты қырына, яғни теориялық ойлау қабілетіне сүйенеді.

Мұғалімнің кәсіби біліктілігі педагогикалық міндеттерді шешуді (жағдайы, қолданатын құралдары және шешу тәсілдері, т.б.) талдаудан байқалады. Педагогикалық міндеттерді шешу тәсілдері мен құралдарын бөліп анықтауға болады. Олар, біріншіден, міндетті түрде орындалуы тиіс, екіншіден, ұсыныс түрінде айтылатын, үшіншіден, тиым түрінде де қолданылатын тәсілдер. Кәсіби біліктілігі жетік мұғалім педагогикалық міндеттерді шешу үшін, барлық ақпаратты назардан тыс қалдырмай талдайды, сондықтан да педагогикалық міндеттер өз шешімін табады.

Педагогикалық міндеттерді интуиция деңгейінде шешу, мұғалімнің теориялық шешім жасауға қалыптаспағанын көрсетеді. Оның түрлі жағдаяттарды саналы түрде емес немесе білместіктен талдай алмауы, педагогикалық әрекеттерді дұрыс негіздеп түсіндіре білмеуін, мәселен, неліктен басқа шешім емес, осы шешім қабылданды дегенді түсіндіре алмауы теориялық дайындығының қалыптаспағанын көрсетеді. Белгіленген педагогикалық міндеттерге талдау жүргізбеу себебін, уақыттың тығыздығына нұсқап, педагогикалық міндеттерді шешу кезеңдерін жүйелі ұйымдастыра алмауы теориялық дайындығының шамалы екенін көрсетеді.

Н.В.Кузьмина педагогикалық қызметте тәрбиеші жедел міндеттерді шешуді тактикалық және стратегиялық міндеттермен тығыз байланысты қарастырудың нәтижелі екенін атап көрсетеді. Егер де педагогикалық міндеттер жеке шешілетін болса, онда жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесінің назардан тыс қалуына себеп болатынына тоқталады. Педагогикалық процестегі пәндік және тәрбиелік міндеттер тығыз байланыста шешімін табуы тиіс.

Педагогикалық міндеттерді шешудегі жоғары кәсіби біліктілік балалардың психологиясын, ұжымдық өмір заңдылықтарын, жас және жеке бас ерекшеліктерін білуді қажет етеді. Тәжірибесі аз мұғалім педагогикалық міндеттерді шешу үшін шешімнің көп түрін белгілейді. Ал шеберлігі жетік мұғалім педагогикалық міндеттерді шешу үшін қалыптасқан дайын шешімдерді қолданбайды, ол нақты жағдайға сәйкес өз іс-әрекетінің бағдарламасын анықтайды.

Педагогикалық міндеттерді біліктілікпен шеше білу кез келген технологияда педагогикалық процесс субьектілерінің өзара белсенді әрекеттестігімен қамтамасыз етіледі.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Педагогикалық шеберліктің құрылымы қандай?

2. Педагогикалық шеберліктің компоненттерін атаңыз.

3. Педагогикалық техниканы қалай түсінесіз?

4. Педагогикалық міндеттерді шешу неше кезеңнен тұрады, оларды атаңыз.

5. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі немен сипатталады?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Педагогикалық технология мен педагогикалық шеберлік түсініктерінің ара қатынасын ажыратыңыз.

2. Педагогикалық міндеттерді шешу кезеңдерінің сызбасын жасаңыз.

1. Тәрбиелік міндеттерді шешудің кезеңдерін бейнелейтін мысал келтіріңіз.

4. Мұғалімнің біліктілігі мен шеберлігін көрсететін педагогикалық міндеттерді шешу үлгісін сипаттаңыз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы педагогикалық шеберлік үлгілері.

2. Қазіргі кезеңдегі жаңашыл педагогтардың жеке тұлғаны қалыптастырудағы авторлық бағдарламалары мен технологиялары.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “Дарын”, 2004.

2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. – Алматы. “Дарын”, 2004.

3. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. –М., 1989.

4. Кузьмина Н.В. Профессионализм деятельности преподавателя и производственного обучения профтехучилища. – М., 1990.

5. Методика воспитательной работы: Учеб. пособие / Под ред. Л.И.Рувинского. М., 1989.

6. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. Педагогика. - М.: Академа, 2003.

7. Шахгулари В.В., Иманбаева С.Т., Мухамединова Н.А., Муратханова Р.М. Педагогика школы. Алматы. 2006. 260 б.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 12990 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...