Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тәрбие технологиясы



Жоспар:

Тәрбие технологиясының мәні және мұғалiм тұлғасы.

Тәрбие технологиялары (оқыту және тәрбие технологиялары, ақпараттық технологиялар, қарым-қатынас технологиясы).

Негiзгi түсiнiктер: тәрбие технологиялары, ақпараттық технологиялар, қарым-қатынас технологиясы.

Тәрбие технологиясының мәні және мұғалiм тұлғасы. Педагогикалық технологияларды жаппай ендіру 1960 жылдардан америкалық, кейіннен еуропалық мектептерден басталды. Педагогикалық технологияның белгілі авторлары Дж.Кэролл, Б.Блум, Д.Бруннер, Д.Хамблин, Г.Гейс, В.Коскарелли. Ресей ғалымдарының арасынан педагогикалық технология теориясы мен тәжірибесін өз еңбектерінде қолданған ғалымдар: П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина, А.Г.Ривин, Л.Н.Ланд, Ю.К.Бабанский, П.М.Эрдниев, И.П.Раченко, Л.Я.Зорина, В.П.Беспалько, М.В.Кларин, т.б.

Педагогикалық технологияны – педагогикалық мақсатты шешуге арналған немесе алдын ала жобаланған жоспарлы және бірізді педагогикалық үрдісті жүзеге асыратын бірімен-бірі тығыз байланысты педагогтың әрекет жүйесі деп түсінуге болады.

Педагогикалық технология – ғылыми жобаланған және педагогикалық үрдістің жетістігін қамтамасыз ететін іс-әрекет. Педагогикалық үрдіс белгілі принциптер жүйесіне бағынатындықтан, педагогикалық технология ішкі және сыртқы әрекет бірлігі ретінде қарастырылып, сол принциптерді шынайы өзара байланыста жүзеге асыратын педагог тұлғасынан көрінеді. Педагогикалық технологияның оқыту және тәрбие технологиясынан ерекшелігі осында. «Әдіс» түсінігі кешенді әдістерді, оқыту және тәрбиелеу тәсілдерін, оны іске асыратын адамнан тыс қарастыратын болса, онда педагогикалық технология - педагог тұлғасының алуан түрлі әрекетіне тәуелді. Осыдан барып, кез келген педагогикалық мақсат тиімді шешілуі үшін білікті педагог технологияға сәйкес, алуан түрлі әрекеттер жүйесін таңдап қолданады.

Педагогикалық технология оқыту және тәрбие технологиясы түрінде қарастырылады. В.В.Пикан педагогикалық технологияның маңызды белгілерін бөліп көрсетеді.

§ технология нақты педагогикалық ойды іске асыру үшін автордың әдіснамалық, философиялық ұстанымын айқындайды. Осыдан барып, білім беру үрдісінің технологиясы немесе жеке тұлғаны дамыту технологиясы екені анықталады;

§ педагогикалық әрекеттердің технологиялық тізбегі, операциялары, коммуникациялары қойылған мақсатқа сай жүйеленіп, алынатын нәтиже формасын белгілейді;

§ технология мұғалім мен оқушының өзара байланысты әрекетін келісім шарт негізінде саралау және даралау, адамдық және техникалық мүмкіндіктерді ескеріп, диалогтық қатынастарды оңтайлы шешу принциптеріне негізделеді;

§ педагогикалық технология элементі біріншіден, кез келген мұғалім қайталай алатындай болуы тиіс, ал екіншіден жоспарланған нәтижеге (мемлекеттік стандарт) барлық оқушыны жеткізуі тиіс;

§ педагогикалық технология мен диагностикалық процедуралар (өлшемдер, көрсеткіштер, әрекет нәтижесін өлшейтін инструментарилер) органикалық байланыста болуы тиіс.

Педагогикалық технология педагогикалық шеберлікпен өзара байланыста болуы керек. Педагогикалық технологияны жетік меңгеру дегеніміз шеберлікті білдіреді. Педагогикалық шеберлік, бір жағынан алғанда жоғары деңгейде педагогикалық технологияны меңгеру, ол тек операциялық компонентті меңгерумен шектелмейді. Педагогтар арасында орын алған пікірдің бірі - педагогикалық шеберлік тек жеке адамға ғана тән, оны бір қолдан екінші қолға беру мүмкін емес деп санайды. Дегенмен де педагогикалық технология мен шеберліктің ара қатынасын ескерсек, педагогикалық технологияны меңгеру, педагогтың жеке сапалық қасиетіне байланысты. Кез келген технологияны меңгерген педагогтардың біліктілігі мен шеберлігі әр түрлі болады.

Педагогикалық мақсатты шешуіне қарай педагогикалық технология жалпы және жеке технологиялар болып бөлінеді. Жалпы технологияға оқыту технологиясын құрастырып, оны іске асыру жатады. Жеке технологияға оқу немесе тәрбие мақсатының мынадай түрлерін шешу жатады: оқушылар әрекетіне түрткі тудыру, алынған нәтижені бақылау және бағалау, нақты мақсатты, мысалы, тәрбие ситуациясын талдап, оны шешу жолдарын анықтау.

Сонымен, біртұтас педагогикалық процесті жобалап, оны жүзеге асыруда оның барлық компоненттерінің бірлігін сақтау қажет, егер оның біреуі өзгеріске ұшыраса, онда басқа компоненттер де өзгеруге мәжбүр болады. Педагогикалық технологияның «әдістен» айырмашылығы тәрбиеленушілер әрекетінің мазмұнын және оны ұйымдастыру тәсілдерін жобалау керек. Педагогикалық технология қойылған мақсаттың диагностикасын және жеке тұлғаны тұтастай дамытатын педагогикалық процесті обьективті бақылауын қажет етеді.

Тәрбие технологиялары (оқыту және тәрбие технологиялары, ақпараттық технологиялар, қарым-қатынас технологиясы)

ХVII ғасырда ең алғаш оқыту технологиясының концептуалдық негізін Я.А.Коменский қалыптастырды. Оның басты принциптері: ғылымилық, бірізділік, жүйелілік, беріктілік, белсенділік арқылы сапаға жету, көрнекілік, теорияның тәжірибемен байланысы, оқушылардың жас ерекшеліктері мен дара ерекшеліктерін ескеру.

Оқыту технологиясы сыныптық - сабақ жұмысын ұйымдастыру арқылы іске асады. Оқыту технологиясының басты белгілері: бір жас мөлшеріндегі оқушылардың тұрақты құрамы мен олардың дайындық деңгейлері ескеріледі; жылдық жоспар мен оқу бағдарламасы негізінде оқыту жүргізіледі; әр оқу пәнінің сабақтары тақырыптарға бөлінеді; тұрақты сабақ кестесі жасалып, мұғалім оқуды ұйымдастырады.

Оқыту мақсатына байланысты жеке тұлғаны дамыту белгілі білім, білік және дағдыларды меңгертуге негізделеді. Дәстүрлі оқыту технологиясы екі топқа бөлінеді: 1) иллюстративті – түсіндіру әдістері (лекция, баяндау, әңгімелесу, тәжірибелер көрсету, еңбек операцияларымен таныстыру, экскурсиялар, т.б.) арқылы мұғалім түсіндіреді және оқу материалдарын көрнекі түрде көрсетеді; 2) репродуктивті әдіс: мұғалім білім мазмұнын, іс-әрекет тәсілдерін, тапсырмаларды шешу үшін тапсырмалар құрастырады; оқушы оқу материалдарын есіне (сұрақ-жауап, есептер шығарады, т.б.) түсіреді.

Оқыту технологиясының артықшылығы: оқыту материалын қисынмен беріп, оны дұрыс ұйымдастыру; оқушыға мұғалімнің эмоциялық деңгейде ықпал етуі; оқуға бөлінген қаржыны дұрыс пайдалану.

Оқыту технологиясының кемшіліктері: біркелкі оқыту; сабақ уақытын тиімсіз пайдалану, оқушылардың бірімен-бірінің қарым-қатынасын шектеу; оқушының даралық ерекшелігін ескермеу; оқушы іс-әрекет белсенділігінің төмендігі, оларды сөйлетпеу; оқушыларға орта өлшем деңгейінде қарау; даралап оқытуға назар аудармау; мұғалім мен оқушы арасындағы нашар кері байланыс.

Сыныптық сабақ технологиясы оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастырудың басқа формаларымен толықтырылады.

Ақпараттық технологияларға компьютерлік оқыту технологиясы жатады. Арақашықтықтан оқытатын технологиялар әр түрлі оқушыларға үздіксіз білім беру жүйесінің бір формасы ретінде білім алуға мол мүмкіндіктер жасайды. Қазіргі деңгейде дамыған коммуникациялар ақпарат тасқынын меңгеруге үлкен мүмкіндіктер ашып отыр.

Қарым-қатынас технологиясы. Педагогикалық процесті жүзеге асыру үшін педагогикалық міндетті шешуді көздеу керек. Біріншіден, педагогикалық міндетті шешуге екі субьект (педагог пен тәрбиеленуші) қатысады. Екіншіден, көзделген міндетті жүзеге асырумен бірге тәрбиеші өз ісіне сырт көзбен қарап, өз ісін бағалай білуі тиіс. Үшіншіден, педагогикалық міндет үнемі оқыту міндетімен диалектикалық тұрғыдан тығыз байланысты болғандықтан, тәрбиеленушінің оқу міндетін шешуімен байланысты. Педагогикалық міндет педагог басшылығымен, оқушының іс-әрекетін белсендірумен жүзеге асады.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Педагогикалық технологияның мәнін қалай түсінесіз?

2. Педагогикалық технологияның оқыту және тәрбие технологиясынан ерекшелігі неде?

3. Педагогикалық технологияның маңызды белгілерін В.В.Пикан қалай ажыратады?

4. Жалпы технологияға не жатады?

5. Жеке технологияларға оқу немесе тәрбие мақсатының қандай түрлерін шешу жатады?

6. Қандай тәрбие технологияларының түрлерін білесіз?

7. Оқыту технологиясының артықшылығы мен кемшіліктерін атаңыз.

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Педагогикалық технологиялардың дамуын және тәрбие технологиясының ерекшеліктерін ажыратып, баяндаңыз.

2. Оқыту және тәрбие технологияларын қолдану жолдарын көрсетіңіз.

3. Ақпараттық технологияларды тәрбие жұмысында пайдалану мәселелері.

4. Қарым-қатынас технологиясын жүзеге асыру тетіктерін атап көрсетіңіз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Педагогикалық технологиялардың жіктемесі.

2. Тәрбие технологияларының басты мақсаты.

3. Қарым-қатынас технологиясына сипаттама.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Шахгулари В.В., Иманбаева С.Т., Мухамединова Н.А., Муратханова Р.М. Педагогика школы. Алматы. 2006. 260 б.

2. Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. – Алматы. “Дарын”, 2004.

3. Болдырев Н.И. Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. – Алматы. “Мектеп”, 1987.

4. Гликман И.З. Теория и методика воспитания. – М. ”Владос Пресс”. 2002.

5. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. - Алматы. “Білім”, 2001.

6. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі. – Алматы. “Рауан”, 1999.

7. Кусаинов Г.М. Новая педагогическая технология: методология, теория и практика. –Усть-Каменогорск, 1997.

8. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. Педагогика. - М.: Академа, 2003.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 16821 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...