Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Оқушылардың эстетикалық мәдениетiн қалыптастыру



Жоспар:

Жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті туралы түсінік. Бала өмірінің эстетикасы.

Табиғатты эстетикалық тұрғыдан қабылдау.

Эстетикалық мәдениетті өнер құралдары арқылы қалыптастыру.

Негiзгi түсiнiктер: эстетикалық мәдениет, эстетикалық мәдениет құралдары.

Жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті туралы түсінік. Эстетикалық мәдениетті қалыптастыру – жеке тұлғаның айналадағы сұлулық пен өнерді толық және дұрыс қабылдау қабілетін дамыту процесі. Ол көркем бейнелер, көзқарастар мен сенім, сезім және талғам жүйелерін дамытуды көздейді. Оқушылардың бойындағы сұлулық, нәзіктік сезімдерін жетілдіріп, ұсқынсыздық пен төмен деңгейдегі талғамдардан жоғары тұруын қалыптастыру және өнер туралы өзінің білімін үнемі байытып отыруды іске асыру.

Бала өмірінің эстетикасы. Адам бойындағы сұлулық сезімі оның еңбек әрекетінен көрініп тұрады, өйткені ол әрекет арқылы өзін және айналасын өзгеріске түсіреді. Адамның сұлулыққа деген қатынасы еңбек барысында пайда болады. Еңбек барысындағы қимыл-әрекеті мен рухани қызметінен адамға пайдалы, қажетіне жарайтын әсем дүние жасалады, яғни еңбек арқылы жеке тұлғаның эстетикалық талғамының негізі қалыптасады.

Бала еңбектен тез жеріп кетпеуі үшін, оның атқаратын жұмысының қоғамдық мәні жоғары тұрғыдан түсіндіріліп, ептілік қимыл-әрекетпен, аз уақыт аралығында көтеріңкі көңілмен әсем нәрсе жасалуы шарт. Дене әрекетінің үйлесімді қимылы оқушының ішкі дүниесінде рухани сұлулықты тудырып, белгілі екпін, епті қимыл-әрекет арқылы өз еңбегінің нәтижесін көріп, қуанышқа бөленуі тиіс. Еңбектің нәтижесін бала үлкен эстетикалық құндылық деп қабылдап бағалайды.

Оқу барысында түрлі сабақ мазмұны арқылы оқушы эстетикалық сезімге бөлінеді. Мәселен, математикадан есеп шығару негізінде үйлесімділік жатыр. Оқушылардың мұғаліммен және өзара қарым-қатынасы, үлкен-кіші арасындағы адамгершілікке негізделген қатынастары да балалардың эстетикалық талғамына, нәзік сезімін оятады. Отбасындағы қарапайым, мейірімсіз, қатал қарым-қатынас бала жүрегін жаралайды. Балаларға әділ талап қойып, адамгершілік қатынас құру, жоғары эстетикалық талғам мен моральдық сезімді, ар-ұят, намысты дамытады.

Баланың тәрбиелік ортасы, оқитын және үйдегі сабақ даярлайтын орны эстетикалық тұрғыдан жабдықталуы, оның сұлулық сезімінің дамуына ықпал етеді.

Оқушылар кез келген тәрбиелік ортада: мектепте, үйде, бос уақыттарын өткізетін, тынығатын орындарында үнемі әсемдікті сезінуі тиіс. Сондықтан да оларды сыныпты, мектепті, пәтерді эстетикалық тұрғыдан жабдықтауға қатыстырудың маңызы зор.

Табиғатты эстетикалық тұрғыдан қабылдау. Табиғат тұнып тұрған сұлулық, ол адамның сезімін, бақылағыштығын, қиялын оятып, адам бойындағы адамгершілік қасиеттерін арттыра түседі. Табиғат сұлулығын сезіну, адамның адамгершілік қатынасын қалыптастырады. Табиғат - қоғамдық моральдың көрсеткіші болмаса да, баланы адамгершілік қатынасқа, үйлесімділік, сұлулық, үнемі жаңаруды сезінуге, табиғи заңдылыққа бағынуға, онымен үйлесім табуға, түрлі формалар мен бедерлер, табиғи бояаулар мен дыбыстар оқушының ішкі сезімін оятып, әсемдікті түсінуге, оны сүюге баулиды. Баланың табиғаттағы шынайы әсемдікті тануы, табиғаттың байлығын, үйлесімділігін қорғап сақтай білу сезімі сұлулықтың өміршеңдігін түсінуге, ал табиғатты бүлдіру ұсқынсыздыққа, апатқа әкелетінін саналы меңгереді.

Эстетикалық тәрбие жаратылыстану пәндерін оқыту барысында, табиғат құбылыстарын бақылау арқылы қалыптасады. Табиғат аясына экскурсия, серуен құру, оқушылардың сұлулықты қабылдау сезімін, қиялын, бейнелі ойлау қабілетін арттырады.

Тәрбиешілер оқушының эстетикалық сезімі мен талғамын оятып, жетілдіру үшін жазушылардың табиғат сұлулығын бейнелейтін көркем шығармалары мен өнер туындыларын кеңінен қолдануының маңызы ерекше. Мәселен, көркем шығармалардың ішінен табиғат сұлулығын суреттейтін мәтінді тауып оқу, өздері ұнататын табиғат туралы көркем материалдарды жазып алу, табиғат мезгілдерін суреттеу, табиғат аясындағы өзінің іс-әрекетіне мән беріп ойлану, табиғатты қорғау, табиғат сұлулығын сезініп, оны өлең, шығарма, сурет арқылы бейнелеу.

Табиғатқа эстетикалық қатынас орнатуға әңгіме, конференциялар ұйымдастыру үшін, түрлі табиғат туралы көркем шығармаларды пайдалану. Мысалы, «Ұлылардың әсемдік жайлы ұлағаты» деген тақырыпта дәріс, баяндама жасауға болады. Ә.Қастеевтің «Көкшетау», «Бурабай» картиналарын таныстырудың тәрбиелік мәнін кеңінен қолдану.

Эстетикалық мәдениетті өнер құралдары арқылы қалыптастыру. Адамның көркемдікті қабылдау қабілеті өнер арқылы мейілінше жетіледі. Кез келген өнер адам еңбегінен туындап, кейінгі тарихи даму барысында материалдық өндірістен ажырап, арнайы іс-әрекет түріне бөлініп, қоғамдық сананың бір формасы ретінде дамыды. Өнер адамның болмыс шындығына деген эстетикалық қатынасын бейнелейді.

Мектептегі өдебиет, музыка, бейнелеу өнері пәндері көркемдіктің негізін қалайды. Педагогикада жеке тұлғаның өнер құралдары арқылы эстетикалық дамуын көркемдік тәрбиесі деп атайды. Көркемдік тәрбиесі тікелей өнер туындыларына сүйене отырып, адамның сұлулықтың түрлі қырын қабылдай білуге тәрбиелейді. Әр адам кәсіби суретші немесе өнер танушы, зерттеуші болмаса да, өнер туралы белгілі көлемде түсініктері болуы тиіс.

Әдеби көркем шығармаларды оқу, оны сезіну үшін оқушының оқу мәдениетін арттыру қажет. Оқушылар әдебиет сабақтарында көркем шығармалардағы кейіпкерлерді көзге елестете отырып, олардың мінез-құлқындағы ерекшеліктерді сезініп, сан-алуан әрекеттерінің төркінін түсініп, оларды ой елегінен өткізіп, сипаттама беруге үйренеді. Әдеби көркем шығарманы оқу мәдениетін меңгеру барысында, оқушы оқыған шығармасы туралы ойланып, оның неге үйрететінін, қандай көркем құралдар арқылы жазушы оқырманның сезіміне терең әсер еткенін түсінеді.

Оқушылардың көркемдік талғамының артуы, оларды эстетикалық әрекетке бағыттап, әсемдікті өмір бойы сезінуге дағдыландырып, оны өмірде қолдануға бейімдейді. Кез келген шығарманы баяндау барысында оқушы өз ойы мен сезімін қоса отырып, кейіпкердің көңіл-күйін суреттейді. Осындай кішігірім сезімдік дағдылар арқылы оқушы сезімі мен талғамы жетіліп отырады.

Жас буынды өнер сүюге баулуда айырықша орын алатын – айтыс. Айтыс өнердің ақындық мектебін қалыптастырады. Бүгінгі айтыскерлік дәстүрді таныту, оның тәрбиелік мәнін түсінуге оқушыларды тәрбиелеу. Оқушылардың айтысын өткізудің, жеңіл тақырыптарды жырлауға баулып, сөз өнеріне, шешендікке тәрбиелеудің ұлттық ақыл-ой жүйесіне ықпалын қолдану.

Сөз өнері, сөз құдіреті, тіл тазалығы, көркемсөз туралы оқушылар түсінігін қалыптастырып, мәнерлі таза, мәдениетті сөйлеуге, шешендік өнер мен ақындыққа бейімдеудің маңызын түсіндіру.

Қазақ халқының көне музыкалық аспаптарымен таныстырып, домбыра, қобыз, шаңқобыз, жетіген, керней, адырна, тұяқтас, дауылпаз, сазген, асатаяқ, дабыл, уілдек, шартылдауық, дүңгіршек секілді аспаптарының ұлттық және фольклорлық болып екі топқа бөлінетінін түсіндірген жөн. Қорқыт ата есімімен, Кетбұғының “Ақсақ құлан” күйімен, Т.Молдағалиевтің “Боз інген” поэмасының аңыздар мазмұнымен байланысты тууы, оларды балалар жүрегіне жеткізудің тәрбиелік мәніне тоқталуға болады.

Қазақтың әйгілі күйшілерінің тарихтағы, мәдениеттегі орны. Асанқайғы, Қазтуған, Байжігіт, Абылайхан, Махамбет, Боғда, Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Қазанғап, Дина, т.б. күйшілік өнерімен таныстыру.

Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптары оркестірінің мәдени өмірдегі орнын, оны ұйымдастырудағы А.Жұбановтың еңбегі.

Жырау, сал-сері, суырып салма ақын туралы балалар түсінігін тереңдетудің қажеттігі.

Музыкалық тәрбиенің негізі - хормен ән айту арқылы ерлік және лирикалық сезімді дамытуды, музыкалық талғам, ес-жады, үйлесім, ән айту дағдысы мен көркемдік талғамды қалыптастыруды қамтиды. Мектептегі ең басты нәрсе - оқушыларды музыкалық шығармаларды тыңдауға және алғашқы музыкалық сауаттылыққа үйрету.

Жас ұрпақты көркем мәдениетке тәрбиелеу бейнелеу және сәулет өнері арқылы да дамытылады. Бейнелеу өнері оқушылардың көркемдік ойын, шығармашылық қиялын, көргенін есте сақтау, кеңістікті қабылдау, бейнелеу қабілеттерін дамытады. Ол үшін балаларға бейнелеу сауаттылығы мен сурет салу, сұңғат, мүсіндеу, қолданбалы-қол өнерімен айналысу дағдыларына үйрету көзделеді. Шындықты бейнелеу үшін оқушы қолданатын материалдың сапалық жағы, түсі - сызбасы-көлемі, жарық рең бере білу, ырғақ, форма, пропорция, кеңістік, композиция тәрізді көркемдікті бейнелейтін құралдарды қолданады.

Педагогикалық процесте ұлттық бейнелеу өнер туындыларымен бірге басқа халықтардың озық үлгідегі көркем туындыларымен таныстырып, суретшінің көркем ойын түсіну, көркем мазмұны мен оны бейнелеу формасының байланысын, көңіл-күйге ықпал ететін көркем туындыларға сұлулық қатынасын тәрбиелеу.

Өнер туындыларының өміршеңдігін оқушылардың санасында қалыптастыру үшін түрлі тақырыптар көлемінде, мысалы, Қ.Телжановтың «Бүркітпен аңға шығу», М.Қисамединовтың «Махамбет» картиналары, Х.Наурызбаевтың «Құрманғазы» атты мүсіні, Құрманғазының «Кішкентай» күйлерімен Х.Ерғалиевтің «Күйші» поэмасымен таныстыратын тәрбие сағаттарын белгілеуге болады.

Сабақтан тыс уақыттағы оқушылардың эстетикалық мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыруда әңгіме, дәріс, дөңгелек үстел, мәдениет университеті, өнер қайраткерлерімен кездесу, т.с.с. Музыкалық фонотека жинақтау, қазақ өнер шеберлерінің түрлі саладағы музыкалық шығармаларын жинақтау, оларды тыңдау, түрлі өнер саңлақтарының шығармашылық өмірімен танысу, олардың ерекшеліктерін білу. Ерлік пен лирикалық музыкалық әндер арқылы балалардың рухын шыңдап, олардың эстетикалық мәдениетін арттыру жүзеге асырылады.

Кино, теледидар, бейне фильмдерді оқушылардың тәрбиесінде педагогикалық тұрғыдан басшылық жасап, эстетикалық мәдениетін жетілдіруге болады.

Сонымен, эстетикалық тәрбие тұтас педагогикалық процестің құрамды бөлігінің бірі ретінде оқушының эстетикалық мәдениетін қалыптастырып, өз өмірін сұлулыққа негіздей білуге үйретеді.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті туралы түсінік беріңіз.

2. Табиғатты эстетикалық тұрғыдан қалай қабылдауға болады?

3. Өнер арқылы қалай эстетикалық мәдениетті қалыптастыруға болады?

4. Ұлттық мәдени дәстүр негізінде эстетикалық мәдениетті қалыптастыру құралдарын айтыңыз.

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Жалпы қоғамның эстетикалық мәні туралы және адамзаттық өмірдегі эстетикалық мұраттар туралы түсінікті түйіндеп айту.

2. Адамның табиғатқа қатынасының әлеуметтік мәнін түсіндіру.

3. Қоғамның талап-мұраттарына сай эстетикалық талғам мен сән-сымбат туралы ұғымдарын түсіндіру.

4. Қазақтың қолданбалы өнері арқылы көркемдік тәрбие беру.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Эстетикалық мәдениет негіздерін қалыптастыру құралдары.

2. Бейнелеу өнері арқылы көркемдік тәрбие беру.

3. Қазақ халқының музыкалық аспаптарының оқушылардың эстетикалық сезімін дамытуға ықпалы.

4. Айтыс өнері арқылы жас ұрпаққа көркемдік тәрбие беру.

5. Табиғат арқылы оқушылардың көркемдік мәдениетін жетілдіру.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “Дарын”, 2004.

2. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. Педагогика. - М.: Академа, 2003.

3. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. – Алматы.“Нұрлы әлем”, 2003.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. - Алматы. “Білім”, 2001.

5. Неменский Б.М. Мудрость красоты. – М., 1987.

6. Лихачев Б.Т. Теория эстетического воспитания школьников. – М., 1985.

7. Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тәрбие. – Алматы. “Білім”, 1995.

4.6 Жеке тұлғаның дене мәдениетiн тәрбиелеу және оны игерудегi оқушылардың жетекшi iс-әрекеттерi

Жоспар:

Дене мәдениетін қалыптастырудың мақсаты мен мазмұны.

Дене мәдениетін тәрбиелеудің құралдары.

Негiзгi түсiнiктер: дене мәдениеті, дене тәрбиесі.

Дене мәдениетін қалыптастырудың мақсаты мен мазмұны. Оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыруды ұйымдастыру жұмысы негізгі мынадай мақсаттарды алға қояды:

§ оқушылардың дене түзілісін дұрыс қалыптастыру, дене күшінің дамуына айрықша мән беру, денесін шынықтыру, денсаулығын нығайту;

§ негізгі қимылдарының сапасын жетілдіру. Кез келген үйлесімді қимылды атқару үшін күш, төзімділік, ептілік, жылдамдық тәрізді сапаларды дамыту. Төзімділік сапасын қалыптастыру үшін өз күшіне сену, шаршау, денені ауырсынуды жеңу, оқушының тәндік және моральдық қасиеттерін жетілдіреді;

§ өмірлік мәні маңызды қимыл-әрекеттерді қалыптастыру. Оларды арнайы жаттығулар мен дағдыларды меңгеру. Алғашқы қимыл-әрекет біліктерін меңгеру барысында оқушы кез келген жағдайда өз денесін басқара алатын болады. Табиғи қимыл-әрекеттер: жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, жүзу, т.с.с. және өмірде сирек болса да кездесетін адамды дамытатын және тәрбиелейтін қимыл әрекеттері: жаттығулар мен гимнастика, акробатика элементтерін меңгеру;

§ дене қимылдарын меңгеруге тұрақты қызығушылық арттыру. Салауаттылық негізінде үнемі өзін-өзі үздіксіз жаттықтыруға бейімділік қабілетін тәрбиелеу. Бала табиғаты көп қимыл әрекетті қажет етеді, сондықтан оның бойындағы күшін меңгеруге жағдай жасау, қимыл-қозғалысын дұрыс бағытта ұйымдастыруды көздеу;

§ тазалық, гигиена, медицина, дене тәрбиесі мен спорт туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру. Күн тәртібі, жеке бас гигиенасы, дене тәрбиесі мен спорттың денсаулық сақтау және дене күшін арттыру үшін маңызы, жаттығу жасау кезіндегі гигиена, қимыл тәртібі, денені табиғи сауықтыру, өзін-өзі бақылау, темекі шегудің зияны, т.б.

Дене мәдениетін тәрбиелеудің құралдары. Оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру құралдарына дене жаттығулары, табиғи және гигиеналық факторлар жатады.

Дене жаттығулары дегеніміз дене тәрбиесінің заңдылықтары мен мақсатын іске асыруға бағытталған, арнайы ұйымдастырылатын және саналы орындалатын қимыл-әрекеттер.

Дене жаттығуларын жіктеуге түрлі көзқарастар бар. Кеңінен тараған тарихи қалыптасқан жіктеменің бірі - тәрбие құралдарының жүйесі. Оның құрамына гимнастика, ойындар, туризм, спорт жатады.

Гимнастика ағзаның кейбір дене мүшелерінің қызметін дамытуға арнайы ықпал етуі. Гимнастаика гигиеналық, спорттық, көркемдік, емдік болып бөлінеді. Мектеп бағдарламасы бойынша гимнастика негіздері (түзу тұру, жалпы ағзаны дамытатын түрлі нәрселерді - доп, таяқ, жіп, жалауша қолдану арқылы жаттығу жасау; затқа өрмелеу, тепе-теңдікті сақтап жүру, жүгіру, секіру, лақтыру; қарапайым акробатикалық жаттығулар жасау, т.с.с.).

Ойын баланың дене күші жетілідіреді, қолының күшін қатайтып, денесін икемдейді, көзімен бағдарлап, аңғарымпаздық және ұсыныс таба қою қабілеттерін дамытады. Ойын балалардың қимыл-күшін дамытумен бірге ұжымдық қатынасты сезінуге, бірінің –бірі қолдауын, бірігіп атқаратын әрекеттерін, олардың жолдастық, достық қатынастарын нығайтады. Бастауыш сыныптарда қимылды ойындар, ал орта және жоғары сыныптарда спорттық ойындар кеңінен қолданылады.

Туризм - оқушыларды туған өлке табиғаты, тарихи және мәдени ескерткіштермен таныстыру мақсатындағы серуен, экскурсия, саяхат ұйымдастыру. Туристік серуен құру оқушылардан дене күшін, төзімділігін, кеңістікті бағдарлай алу қабілетін, күрделі жағдайда өзін алып жүруін, ұжымдық өмір мен іс-әрекет тәжірибесін, басқару және бағыну, табиғат аясында өзін ұстай білу тәжірибесін қалыптастырады. Оқушылардың туристік топтары түрлі саяхат, жарыс, слеттерге қатысады.

Спорт- үнемі дене тәрбиесінің белгілі бір түрінде жоғары нәтижеге жетуді көздейді. Спорттық-техникалық нәтижеге және жеңімпаздарды анықтау үшін жарыстар ұйымдастырылады. Жарыстарда күрделі спорттық бәсекеге қатысушының, ұжым алдындағы жауапкершілігін сезінуінен дене күші мен нерв жүйесіне салмақ түсіп, қимыл-әрекет және моральдық-еріктік жағынан үлкен жүк көтереді. Төменгі сынып оқушылары үшін оқу бағдарламасына сәйкес спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Орта және жоғары сыныптарда спорттық жарыстар жеке спорт түріне байланысты болады. Оқушылардың дене тәрбиесі мен дамуына ықпал ететін біз көңіл аудара бермейтін табиғи құралдар - күн, ауа, су. Оларды дене жаттығуларымен кешенді қолданудың оқушыларды сауықтырудағы маңызы зор.

Дене тәрбиесі мен денені дамыту сабақтары гигиеналық жағдай мен тиімді күн тәртібін, спорт залының жарық, жылы болуын, ауа алмасуын гигиеналық-санитарлық талаптарға сай жабдықталуын қамтамасыз ету шарт.

Дене тәрбиесі сабақтарында қолданылатын құрал жабдықтардың оқушының жас және жыныстық ерекшеліктеріне сәйкес болуы ескеріледі.

Күн тәртібі баланың өмірі мен еңбек әрекетін, сабақтан тыс және бос уақытын тиімді пайдалануды, гигиеналық қалыптарға сәйкес еңбек ету мен тынығуды қатаң реттеуді білдіреді. Баланың күн тәртібіне бой ұсынуы, оның шығындаған күш-қуатын қалпына келтіруді қатаң сақтап, денсаулығын нығайтып, өзін тың, көтеріңкі көңіл-күйде болуын, ұқыптылық, нақтылық, ұйымшылдық, уақытты сезіну, өз мүмкіндігіне орай атқаратын әрекетін таңдауды қалыптастырады.

Күн тәртібі әр оқушының еңбек қабілетіне, нақты өмір жағдайына, денсаулығына қарай белгіленеді. Дегенмен де, күн тәртібін құрастырудың барлық адамдарға міндетті ережелері бар. Барлық оқушыларға ортақ таңертеңгі сергіту жаттығулары, жуыну, мектептегі сабақ, түскі ас, түстен кейінгі тынығу, үй тапсырмасын орындау, қоғамдық жұмыс, таза ауада серуендеу, көңіл көтеру шаралары, кешкі ас, кешкі серуен, түнгі ұйқы уақыттары белгіленеді.

Оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру мектеп ішілік басқарудың бір түрі. Ол бүкіл педагогикалық ұжымның жұмысын үйлестіруді қажет етеді.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Дене мәдениетін қалыптастырудың мақсаты, міндеттері және мазмұны қандай?

2. Қандай ұлттық дене тәрбиесінің құралдарын білесіз?

3. Туристік жорықтар мен әскери ойындардың мақсаты қандай?

4. Күн тәртібін құру қандай мақсаттарды көздейді?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар

1. Дене тәрбиесінің құралдарын сипаттаңыз.

2. Спорттың дене тәрбиесінен ерекшелігін көрсетіңіз.

3. Оқушыларды сауықтыру жұмысындағы табиғи құралдардың маңызын негіздеп айтыңыз.

4. Гимнастиканың маңызы не?

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Ұлттық спорттың - ат жарысының дене тәрбиесіндегі маңызы.

2. Қазақ халқынан шыққан спорт шеберлерінің шеберліктері.

1. Қазақтың ұлттық ойындарының дене мәдениетін қалыптастыруы.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған әдебиеттер

1. Иманбаева С.Т. Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің теориясы мен практикасы. Алматы. 2007.-310 б.

2. Иманбаев Т., Иманбаева С.Т. Батырлар тарихзы –ел тарихы. Алматы. 2009. 260 б.

3. Педагогика. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. - М.: Академа, 2003.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. - Алматы. “Білім”, 2001.

5. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. - Алматы, 1994.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 6660 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.022 с)...