Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Патриоттық тәрбие. Ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыру



Патриоттық тәрбие тұлғаның сапалық қасиеті ретінде өз Отанын сүюді, оған жанын аямай қызмет етуді білдіреді. Ұлтаралық қатынастардағы жоғары мәдениет үлгісі, ол интернационалистік сезім, оған барлық халықтардың теңдігі мен өзара әрекеттесуі жатады. Интернационализм ұлтшылдық пен шовинистікке қарсы. Патриоттық тәрбиеде өз Отаны мен отандастарын құрметтеу мен сүю идеясы жатыр. Ал интернационализм – басқа халықтарды, мемлекеттерді құрметтеу және солармен ынтымақтастықта болуды білдіреді.

Патриоттық тәрбие мен ұлтаралық қатынастарды қалыптастыру үшін оқушыларды өз Отанының мүддесіне қызмет етуге, отан тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеуге, отбасын, туған жерін сүюге тәрбиелейді. Отанын қорғауға әрқашанда даяар болуды, басқа халықтардың дәстүрі мен мәдениетін білу және құрметтеуді білдіреді. Патриоттық тәрбие Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін: елтаңба, ту, ән-ұран мен басқа да мемлекеттердің белгілерін білуге, оларды құрметтеуге тәрбиелейді.

Патриоттық, елжандылық пен интернационалистік тәрбие гуманитарлық және жаратылыстану пәндері арқылы жүргізіледі. Осы пәндік циклдардың мазмұнында патриоттық тәрбиеге қатысты материалдар алынуы тиіс. Өз елінің табиғатын сүю, тарихын құрметтеу оқушының көңіл-күйіне әсер етіп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады.

Ұлтаралық қатынастар мәдениетін меңгеру үшін оқушылар түрлі халықтардың әр саладағы жетістіктерінен хабардар болып, белгілі ғалым, конструктор, жазушы, суретші, өнер адамдарын білетін болады.

Азаматтық тәрбие Қазақстан Республикасының экономика, саясат, мәдениет, ғылым саласындағы жетістіктерін білуге, оны мақтаныш ету сезіміне бөлейді.

Құқықтық тәрбие және балалар арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу. Құқықтық тәрбиенің мақсаты оқушы санасына құқықтық қалыптарды орнықтырып, оларды күнделікті өмірінде қолдана білуге тәрбиелеу.

Жеке тұлға бойында кездесетін кемшіліктер мынадай тізбекпен көрінуі мүмкін: тұлғаның адамгершілі-еріктік кемшіліктері мен қате ұғымдырының санада тұрақты орнығып, көзқарас пен әдетке айналуы; қоғамға қарсы мақсатты түрде және белгілі құрал арқылы өзі ғана қалайтын әрекеттерді таңдауы; адамгершілік-құқықтық санасының қалыптан тыс өзгеруі; тәртіп бұзу; үнемі тәртіп бұзу; үнемі тәртіп бұзушылық әрекет ету; қылмыс жасау.

Тәртіп бұзу әрекетіне бейім оқушының санасында орныққан білімі, қызығушылығы, қажеттілігі, адамдар мен әлеуметтік құндылықтарға қатынасы дұрыс қалыптаспайды. А.С.Макаренконың пікірі бойынша “Сананың дұрыс қалыптаспауы - әлеуметтік құбылыс, ол әлеуметтік қатынастардың, бір сөзбен айтқанда тұлға мен қоғам және тұлға талаптары мен қоғам талаптарының арасындағы қатынастардың бұзылуынан болады.”

Оқушы санасындағы адамгершілік пен құқықтық түсініктерінің қалыптасуы отбасынан бастау алады. Отбасында кездесетін келеңсіз істер және көрер көзге жақсы көрінетін кейбір отбасыларда, біреуден пайда көздеу, амалын тауып пайда түсіру тәрізді теріс қылықтар орын алады. Осындай отбасында белең алған ахуал баланың еңбекке деген теріс көзқарасын қалыптастырып, жеңіл жолмен табыс табуға бағыттайды. Өз қажеттілігін кез келген амалмен қамтамасыз ету үшін, мұндай отбасыларда тәрбиеленген бала сөзсіз қылмыстық әрекетке барады.

Биресми топтардағы балалардың пікірі кез келген бала үшін маңызды болады. Сондықтан тәрбиеші биресми топтағы балалардың әрекетін қоғамдық құндылыққа бағыттау маңызды.

Тәртіп бұзушылықтың алдын алу үшін мынадай жұмыстың сатылары жүзеге асырылуы керек:

§ тәртіп бұзушылыққа ықпал ететін жағдайлардың алдын алу (алғашқы профилактикалық жұмыс жүргізу);

§ оқушыға теріс ықпал ететін ортаны сауықтыру, жеке бастық ұстанымын түзету (профилактиканың бірінші сатысы);

§ тәртіп бұзған және құқық қорғау орындарында тіркелген (кәмелетке толмаған балалар инспекциясы мен комиссиясы, учаскелік инспекторлар) оқушылардың тәрбиелік ортасын ұйымдастыру, жеке бастық ұстанымын түзету және жетілдіру (профилактиканың екінші сатысы);

§ үнемі тәртіп бұзатын оқушыларға құқықтық ықпал ету, қылмысқа бару қауіпін алдын ала болжай білу (профилактиканың үшінші сатысы);

§ қылмыс жасаған оқушыларға жаза қолдану немесе ұжымнан ажыратылмай тұрып шара қолдану (бүліну профилактикасы).

Оқушылардың құқықты бұзуының алдын алу үшін мектеп, отбасы және қоғам құқықтық тәрбиені жүзеге асыруы шарт.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Мәдениетке қандай анықтама беруге болады?

2. Жеке тұлғаны қалыптастыру үшін мәдениетке ендіру дегенді қалай түсінесіз?

3. Базалық мәдениет түрлерін атаңыз?

4. Ғылыми көзқарастың қалыптасу негізі не?

5. Кіріктірілген көзқарастың мәні қандай?

6. Азаматтық тәрбиенің мақсатымен міндеттері және мазмұны қандай?

7. Азаматтық тәрбие мәдениетінің құрамды бөліктерін атаңыз.

8. Патриоттық тәрбие мен ұлтаралық қатынастар мәдениетінің мақсаты, міндеттері мен мазмұнын айтыңыз.

9. Құқықтық мәдениеттің мақсаты не?

10. Оқушылардың арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу жолдары қандай?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Жеке тұлғаның базалық мәдениеті ұғымын түсіндіріңіз.

2. Қазақстан Республикасы мектептерінің азаматтық мәдениетті қалыптастырудағы мақсатын, міндеттерін, мазмұнын тұжырымдап жазыңыз.

3. Қазіргі жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда қандай қиындықтар бар екенін айтыңыз.

4. Оқушылар қоғамдық ұйымдарының тәрбиедегі маңызын көрсетіңіз. Республикадағы оқушылар қоғамдық ұйымдарын атаңыз.

5. Қазақстан Республикасында ұлтаралық қатынастар мәдениетін насихаттап жұмыс жүргізетін қандай ұйым бар, соның жұмысымен танысыңыздар.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы тәрбие мен мәдениет арасындағы байланыстар.

2. Базалық мәдениеттің жеке тұлғаны дамыту, тәрбиелеудегі маңызы.

3. Азаматтық тәрбие бүгінгі ұпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселе.

4. Ұлтаралық қатынастар мәдениетіндегі патриоттық тәрбие.

5. Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Әдебиеттер

1. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. – Алматы. “Нұрлы әлем”, 2003.

2. Педагогика. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. - М.: Академа, 2003.

3. Иманбаева С.Т. Ерлік тағылымы. – Алматы. “РБК”, 1998.

4. Иманбаева С.Т. Ұлттық патриотизм негіздері. Алматы. ҚазМемҚыздарПИ. 2005.

5. Иманбаева С.Т. Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің ғылыми-теориялық негіздері. Алматы. ҚазМемҚыздарПИ, 2006.

6. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. Алматы. “Білім”, 2001.

7. Майгаранова Ш. Мектеп оқушыларын рухани дамыту мәселелері. –Алматы. “Ғылым” ғылыми баспа орталығы. 2002.

8. Үлгілі үйдің ұл-қызы /Құрастырушы С.Қалиев. – Алматы. “Санат”, 2000.

4.3 Жеке тұлғаның адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыру негiздерi

Жоспар:

Адамгершілік мәдениет теориясының негізгі түсініктері.

Гумандық тәрбие беру.

Саналы тәртіп пен мәдени қылықтар қалыптастыру.

Оқушылардың экологиялық мәдениеті.

Негiзгi түсiнiктер: адамгершілік мәдениет, мораль, қалып, адамгершілік идеал, гуманистік тәрбие, гумандық тәрбие, толеранттық, саналы тәртіп, экологиялық мәдениет.

Адамгершілік мәдениет теориясының негізгі түсініктері. Қоғамдағы кез келген адамның іс-қимылына үнемі адамдар тарапынан баға беріліп немесе сынға алынып отырады. Оны бір сөзбен мораль десек те болады. Мораль дегеніміз салт, мінез-құлық, ереже. Кейде мораль ұғымын этика немес әдептер жүйесі деп те атауға болады. Философияда этика ғылымы моральды зерттейді. Адам өз сенімі мен іс-қимылын қоғамдағы моральмен үйлестіре білсе, онда оның адамгершілік деңгейі туралы айтуға болады. Адамгершілік – қайырымдылық, адалдық, шыншылдық, еңбексүйгіштік, тәртіптілік, ұжымшылдық, жеке басқа тән мінез-құлықтарын реттей білетін сапа мен қасиеттерді біріктіретін тұлғалық сипат.

Адамның іс-қылықтары белгілі ережеге бағынады. Егер ондай ережелер болмаса, кез келген адам қылығының жағымды немесе жағымсыз екенін анықтау қиын болар еді. Сондықтан да, ортақ сипаты бар ережелер адамгершілік қалыптары деп аталады. Қалып - кез келген жағдайда адам не істеу керек деген ереже немесе талап. Адамгершілік қалып адамды алдын ала өрескел әрекеттен сақтандырып немесе жақсы, ұнамды әрекертке бағыттауы мүмкін. Қоғамдағы адамгершілік қалыптар адамның қоғаммен, ұжыммен, басқа адамдармен ара қатынасын анықтайды.

Қалыптарқатынастарға топтастырылып (кәсіби, ұлтаралық, т.б.) адамгершілік принциптерге бағынады. Мәселен, әр ұлт өкілдерінің қарым-қатынасы белгілі принциптерге негізделеді.

Мораль түсінігі жалпы барлық қарым-қатынастар жиынтығын қамтиды, оны барлық жағдайда, түрлі жердегі қарым-қатынастарда басшылыққа алады. Оларды адамгершілік ұғымдары деп атайды. Оған жақсылық, шындық, парыз, намыс, қадір-қасиет, бақыт ұғымдары жатады.

Қоғам өмірдегі мораль талаптарын қабылдай отырып, адамгершілік идеал түсінігін қолданады, яғни адамгершіліктің үлгісі, оны үлкен-кішілер тегіс пайдалы, ойға қонымды, әдемі санайды. Белгілі бір әлеуметтік топқа қатысты адамдар, моральдық қалыптар, себептер, ұғымдар, идеалдарды қоғамдық адамгершілік сана формасы ретінде қабылдайды. Мораль қоғамдық сана формасы ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның адамгершілік санасының да формасын бейнелейді, адамға рухани адамгершілік және өзіндік ерекшеліктері, сезімдері тән. Әр тұлғаның жеке басына тән сезімдері қоғамдық санамен жетіліп отырады. Әр адамның қабылдаған принциптері, қалыптары, идеалдары, ұғымдары сол адамның басқаларға, өзіне, еңбегіне, табиғатқа қатынасын білдіреді.

Оқушылардың адамгершілік мәдениетін қалыптастыру мазмұнына төмендегі қатынастарды қалыптастыру енеді.

Басқа адамдармен гуманистік, яғни ізгі қатынас құру - оларды құрметтеу, өзара көмек көрсету, ұжымшылдық, отбасында үлкендер мен кішілерге қамқор болу, мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, т.б. гуманды қатынасты, яғни адамшылықты білдіреді. Жеке тұлғаның өзіне деген қатынасы - қоғам алдындағы жауаптылығын ерекше түсіне білу, өз қадыр-қасиетін білу, қоғамдық парызын орындау сезімі, тәртіпке бой ұсыну, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық, парақорлық пен жемқорлыққа қарсы тұру, үлкендерді құрметтеу және басқа да моральдық-еріктік сапалар. Еңбек пен оқуға қатынасы – қоғам игілігіне адал еңбек, қоғамдық сана, қоғамдық игілікті сақтау, оқуды тыңғылықты, жауапты деңгейде меңгеру, еңбекті шығармашылықпен атқару, өз еңбегі мен өзгенің еңбегінің маңыздылығын бағалау, қоғамдық мүлікті сақтау. Табиғатқа қарым-қатынасы – табиғат байлықтарын үнемді пайдалану, табиғатты қорғау және сақтау, оны бүлдіруге жол бермеу.

Адамгершілік және мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу үшін педагогикалық процесте адамгершілік мәселелерін білуге және барлық істерде оны сақтауға оқушыларды бағыттау қажет. Оқушыларға мәдени дағдыларды игеруге тәрбиелеу барысында адамдар арасындағы қарым-қатынас, сөйлеу мәдениетін меңгерту де маңызды.

Оқушылардың адамгершілік мәдениетінің негіздері мектеп, отбасы, қоғам арқылы дамып, жетіліп отырады.

Гумандылыққа тәрбиелеу. Гуманизм (латын сөзі - адамгершілік) дүниетаным принципі. Оның негізіне адам мүмкіншілігінің шексіздігіне, өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету қоғамның түпкілікті мақсаты деген мұрат жатады. Гуманизм XIV-XVI ғ.ғ. қоғамдық ой-пікірде, әдебиетте, өнерде, ғылымда алдыңғы қатарлы прогресшіл идеялық ағым ретінде қалыптасқан. Бертін келе адамды барынша ардақтайтын, адамгершілік қасиеттерін, бас бостандығын қорғайтын біртұтас көзқарастар жүйесіне айналды.

Гумандылық адамды құндылық ретінде екі қырынан қарастырады, бірінші қыры - әр индивидтің табиғи өмірінің және екінші қыры - әлеуметтік тұрғыдан қоғамда атқаратын қызметі мен оның тұлғалық сапасының дамуы.

Гумандылықжеке тұлғаның адамгершілік-психологиялық қасиеттерінің бірлігі, адамды жоғары құндылық деп саналы қабылдауы мен сезіну қатынасын білдіреді.

Гумандылықтұлғаның сапасы ретінде өзгелермен және тұлғааралық қарым-қатынаста қалыптасады. Тұлғаның бұл сапасына рахымдылық, достық, адамға дер кезінде көмекке келу, адамға мейірімділік көрсету тәрізді қасиеттер жатады. Рефлексия - басқа адамның мұқтаждығы мен көңіл-күйін сезіне білу, оның орнына өзін қойып, оның басынан өткен жағдайды сезіне білу, ол қиналғанда демеу көрсету. Толеранттық - өзгенің ой-пікіріне, сенімі мен қылықтарына төзімділік таныту.

Гумандылықты тәрбиелеу түрлі іс-әрекеттер мен тұлғааралық қатынастарда іске асады. Оқушы өзгелердің жеке басындағы түрлі жағдайларға түсіністікпен қарап, жолдастарының көңіл-күйімен бөлісе білуі тиіс. Оқушының басқалардың басына келген жағдайларға қаталдық танытуы мен бейжай қалып көрсетуі тәрізді жағдайлар, үнемі мұғалімнің назарында болуы керек. Мұғалімнің гуманитарлық кәсіби мәдениеті оқушыларда гумандылық сапаны тәрбиелеумен бірге, оны үнемі оқушылармен қарым-қатынаста қолдана білуі шарт. Ұстаздың оқушыға гуманды қарым-қатынасының тәрбиелік ықпалы өте жоғары болады. Сонымен қатар оқушылармен моральды-этикалық ағарту жұмыстарын да жүргізуі қажеттігін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Гумандылық, яғни адамшылықты тәрбиелеудің басты жағдайлары ұжымдық оқу жұмысы мен қоғамдық пайдалы еңбекке оқушыларды үнемі қатыстыру, әсіресе, біріне-бірі қамқорлық, көмек көрсететін, әлсіздерді қорғайтын ситуацияларды жиі пайдалануды қарастыру керек. Тәрбие барысында жақсылық пен жамандық, абстрактілі және практикалық гуманизм, әлеуметтік әділеттілік пен әділетсіздік туралы пікірлер, оқушылардың адамдар қарым-қатынасындағы гуманистік принциптерді түсінуіне мүмкіндік береді. Гуманистік дүниетаным жалпыадамзаттық сипатқа ие.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 3186 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...