Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Саналы тәртіпті және мәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру



Адамгершілік тәрбиесінің маңызды элементтерінің бірі, саналы тәртіп және мәдени дағдыларды тәрбиелеу. Тәртіп дегеніміз - адамның кез келген әрекетін ұйымдастыра білуі. Тәртіп адамның қоғамдық ережелер мен тәртіпке сәйкес іс-қимылы мен өмір сүруін бейнелейді. Тәртіптілік жеке тұлға сапасы ретінде оның түрлі өмірлік әрекеті мен қызметіндегі ұстамдылығын, ішкі тәртібіне бейімдігін, жеке бастық және қоғамдық мақсатқа, мәдени қалыпқа, принципке бой ұсынуын көрсетеді.

Мектеп тәртібі қоғамдық тәртіп көрінісінің бірі. Оқу орнында қабылданған тәртіп, оқушылар мен мұғалімдердің және оқушылардың өзара қарым-қатынастары мен ұжым мүшелері қабылдаған ереже мен талап етілетін шарттарға мойын ұсынуы. Тәртіп адамгершілік тәрбиенің бір қыры болғандықтан, оқушы мектепте орныққан тәртіпті саналы түсініп қабылдауы тиіс. Мектепте орныққан тәртіп, баланы әлеуметтік өмірге тәрбиелейді. Қалыптасқан тәртіп, баланың іс-қимылын, мінез-құлық дағдыларын анықтайды. А.С.Макаренко тәртіпті адамгершілік және саяси құбылыс деп санайды, сондықтанда ол тәртіпсіздік пен қоғамдық тәртіп бұзуға қайшы келеді.

Мектеп тәртібін қадағалау, көпшіліктің талабын мойындауды білдіреді. Тәрбиеші оқушыға, саналы тәртіп пен мәдени дағдыларды меңгерудің, оқушының өзі, ұжым және қоғам үшін маңызды екенін түсіндіруі керек. Жеке тұлғаның тәртібі, оның еркі мен қабілетін ұйымдастыра білуіне, өз мақсатына жетуіне байланысты болады. Оқушының өз атқаратын ісіне жауапкершілікпен қарауға, кез келген жағдайға байланысты дұрыс шешім қабылдай білуге құқылы. Тәртіптілік жеке тұлғаның сапасы ретінде, мәдени дағдыларда бейнеленеді.

Оқушылардың экологиялық мәдениеті. Дүниежүзінде табиғатты қорғау мәселесі кең өріс алуда. Табиғи апаттармен бірге, адам қолымен жасалған техногендік апаттар күн сайын өрбіп, адам өміріне қауіп төндіруде. Демек, табиғатты қорғауға әр адам міндетті. Қазіргі кезеңде ғылымда “экология” түсінігі адам өмірінің биологиялық, әлеуметтік, техникалық, гигиеналық қырларының бірлігін қамтиды. Осыған орай әлеуметтік, техникалық, медициналық экология, адамның табиғат аясындағы іс-әрекетін зерттейді.

Оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсаты - табиғатты сақтау және қорғау жауапкершілігін арттыру, адам мен қоғамның табиғатқа тигізетін ықпалының тетіктерін ғылыми негізде білу; табиғатқа қатысты экологиялық құндылық бағдар, қалып, ереже, дағдыларды біліп, оны қорғау. Оқушыларды табиғатты қорғаудың әдістерімен және табиғат байлықтарын пайдалану құқықтарының үлгілерімен таныстыру.

Оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру сабақ процесі мен онан тыс уақытта жүргізіледі. Педагогика ғылымында экологиялық тәрбиенің негізгі принциптерін И.Д.Зверев, А.Н.Захлебный, И.Т.Суровегина, т.б. анықтады. Ол принциптер: экологиялық мәдениетті қалыптастыруға пәнаралық байланыстарды кеңінен қолдану; экологиялық материалдарды жүйелі және үздіксіз оқыту; экологиялық мәдениетті қалыптастыруда ақыл-ой мен эмоцилық–жігерлік бастауларды бірлікте пайдалана отырып, қоршаған ортаны жақсарту; оқу үрдісінде аймақтық, ұлттық, жаһандық экологиялық мәселелердің деңгейлерін ашып көрсету.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Адамгершілік мәдениет теориясының негізгі түсініктерін айтыңыз.

2. Гуманистік тәрбие принципіне анықтама беріңіз.

3. Гумандылық, яғни адамшылық деген не, оның сипаттамасын айтыңыз.

4. Адамгершілік мәдениетін қалыптастыру мазмұнына не жатады?

5. Толеранттық деген не?

6. Саналы тәртіп пен мәдени дағдылардың маңызы неде?

7. Экологиялық мәдениеттің мақсаты, міндеттері, принциптері деген не?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Гуманистік тәрбие және гумандылық деген түсініктердің қандай ерекшеліктері бар екенін айтыңыз.

2. Адамгершілік мәдениетті қалыптастыратын негізгі қатынастардың кестесін жасаңыз.

3. Қазіргі кезеңдегі адамгершілік тәрбиенің құлдырау себептерін түсіндіріңіз.

4. Этиканың адамгершілік тәрбиесімен байланысын анықтаңыз.

5.Түрлі мысалдар арқылы саналы тәртіп қалыптастырудың жолдарын көрсетіңіз.

6. Бір парақты ортасынан екіге бөліп, екі бағанаға мінез-құлығыңыздағы жағымды және жағымсыз қасиеттеріңізді тізіп жазыңыз. Мінезіңізде қандай қасиеттер басым?

7. Адамгершілік мәдениеті жоғары ұстаздың үлгісін сипаттаңыз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Гуманистік педагогикаға сай адамгершілік мәдениеттің мақсат, міндеттері мен мазмұны.

2. Адам өмірінің құндылығы - гуманистік тәрбие негізі.

3. Қазақстан Республикасындағы техногенді экологиялық апат аймақтарында адам өміріне туғызатын қауіп-қатердің алдын алу.

4. Ұлттық әдеп үлгісінің бүгінге өмір талаптарымен үйлесуі.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы. “Дарын”, 2004.

2. Педагогика. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. - М.: Академа, 2003.

3. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. – Алматы. “Нұрлы әлем”, 2003.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. - Алматы. “Білім”, 2001.

5. Майгаранова Ш. Мектеп оқушыларын рухани дамыту мәселелері. – Алматы. “Ғылым” ғылыми баспа орталығы, 2002.

6. Тәжібаева С.Ғ. Болашақ ұстаздарды оқушыларға адамгершілік тәрбие беруге дайындау. – Алматы, 2000.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 3416 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...