Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тәрбие құралдары, әдiстерi және оны ұйымдастыру формаларының өзара байланысы



Жоспар:

Тәрбие құралдары, әдiстерi және оны ұйымдастыру формаларының өзара байланысы.

Тәрбие формаларын сабақ барысында және сабақтан тыс пайдалану ерекшелiктерi.

Негiзгi түсiнiктер: тәрбие құралдары, әдiстерi, формалары, оқыту мен тәрбие әдiстерiнiң байланысы.

Тәрбие құралдары, әдiстерi және оны ұйымдастыру формаларының өзара байланысы. Жеке тұлғаны қалыптастыру мақсаты тәрбиелік процестің тұтастығын тұрақтандыруға назар аударады. Осыған орай, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің ортақ мақсатқа жетуге бағытталған өзара тиімді әрекеті, яғни ынтымақтастығы деуге болады.

Тәрбиенің мақсаты - қоғамды ізгілендіру мен демократияландыру үрдістеріне, нарықтық қатынастарға, жалпыадамзаттық құндылықтарға және тәрбиенің осы заманғы теориясына сүйенумен, Қазақстанның ұлттық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін есепке алумен, өзінің ішкі мүмкіндігін өздігінен толық пайдалануға даяар, белсенді, іскер, қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін сезінетін, сонымен бірге қайырымды және тапқыр, қоғамдық талаптарға икем, жеке басының мүдделерін қоғамдық мүддемен ұштастыруға қабілетті, жеке басының құнын бағалай білуші, жоғары ойлы, адал, ұлттық санасы оянған, басқа да ізгі қасиеттері жетілген, мәдениетті азамат тәрбиелеу.

Тәрбие мақсатын жүзеге асыру нақтылы тәрбие формаларын қажет етеді. Тәрбие формасы - тәрбиешінің арнайы тәрбиелік істерді ұйымдастыруы. Тәрбие үрдісі рухани қарым-қатынас барысындағы тәрбиелік істер тізбегінен құралады. Сабақ, экскурсия, кештер, таза ауадағы және мектепте ұйымдастырылатын ойындар, табиғат аясындағы серуен, сынып жиналысы, ұзақ мерзімді жорықтар, жазғы экспедиция осының бәрінде мұғалім мақсатты түрде тәрбиелік процесті іске асырса ғана, ол тәрбие формасына айналады.

Кез келген тәрбиелік істер педагог тарапынан белгілі мақсатқа бағытталып, бақыланбаса, ондағы атқарылатын істер жүйесіз болғандықтан оқушылардың сапалық қасиеттерін қалыптастыруда ешқандай пайдасы болмайды. Оқушылар тәрбиелік істерге қатысып, белгілі бір іс атқарғанымен де, ол нақты тәрбие формасына сәйкеспейді. Сондықтан нақты тәрбиелік істерді өткізуге тоқталып, оқушылардың атқаратын істерінің мазмұнын бақылайық. Белгіленген мақсат оқушыға түсінікті ме, ол оқушыларды түгелдей қызықтыра алды ма, жалпы атқарылатын істерде оқушы өзінің орнын таба біле ме, онда тәрбиенің белгілі принциптері іске асырылды ма, педагог тәрбие әдістерін дұрыс таңдай алды ма, оқушылардың өзара әрекеттесуі мен қарым-қатынасы дұрыс белгіленді ме, сол тәрізді айналадағы адамдармен қарым-қатынас құрып, іс-әрекетке түсе алды ма, атқарылған тәрбиелік шара оқушыларды қанағаттандырды ма? Міне осы көрсетілген мәселелер дұрыс шешімін тапса ғана тәрбиелік процестің жүзеге асқанын көруге болады.

Тәрбие формасы – тәрбиешінің тәрбиеленушілерді қатыстыруымен ұйымдастыратын тәрбиелік істері. Осы тәрбиелік істер оқушының айналадағы обьектілермен қарым-қатынасын тәрбиелейтін (сыныптық-сабақ, үйірме, әңгіме, жорық, т.б.) тәрбиелік процестің үздіксіз тізбегін құрайды.

Тәрбие формаларын сабақ барысында және сабақтан тыс пайдалану ерекшелiктерi. Оқыту формасы белгілі мақсатқа сәйкес ұйымдастырылып, мазмұндық және әдістемелік жағынан танымдық және тәрбиелік қарым-қатынас орнату, өзара әрекеттесу және мұғалім-оқушы қарым-қатынасынан тұрады. Оқыту формасы - оқыту мазмұны, оқыту құралдары мен әдістерінің тығыз бірлігі арқылы іске асырылады. Бірегей оқыту формасы (сыныптық-сабақ, дәріс, лабораториялық сабақ, семинар, экскурсия, т.б.) оқу-тәрбиелік мәнге ие. Осы оқу-тәрбиелік сабақ формалары балалардың нақты фактілерді, жалпылама түсініктерді, тұжырымдарды, белгілі білім, білік, дағдыларды меңгеруін қалыптастырады. Түрлі тақырыптар мен тарауларды, теориялар мен тұжырымдамаларды, бірімен-бірі байланысты білім, білік, дағдыларды пайдалана білудің жалпы оқу-тәрбиелік маңызы жоғары, олар оқушылардың жүйелі білімі мен жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады. Оқытудың тиімділігі оқыту формасының жеке бір түрімен ғана емес, алдын ала таңдалып алынған, өзара байланысты формалар жүйесі арқылы іске асырылады. Түрлі оқыту формаларының жүйесі: жеке, топтық, сыныптық-сабақ, бригадалық, т.б.

Мектепте ұйымдастырылатын тәрбие жұмысының негізгі формасы – сынып немесе тәрбие сағаты. Сынып сағаты оқушылардың дүниетанымын, мәдениетін, іс-әрекетін қалыптастырады. Сынып сағаты ағартушылық, бағыттаушылық, болжамдық және қалыптастырушылық қызмет атқарады.

Тәрбиенің ағартушылық қызметі оқыту формаларының түрлі жүйесінде іске асырылатын жетекші идея мен әрекет түрлерін, білім жүйесі мен дүниетанымды меңгеруге, біліктер мен дағдылардың қалыптасуына көмектеседі. Тәрбиенің ағартушылық қызметі оның болжамдық қызметімен тығыз байланысты. Болжамдық қызмет оқушыларда өмір шындығына белгілі бір қарым-қатынас орнатуға, рухани және материалдық құндылықтар жасауға талпындырып, оларды бағалай білуге үйретеді. Тәрбие формасының бағыттаушылық қызметі оқушылардың өмірін тәжірибелік әрекетке бағыттайды. Нақты бағытты белгілеудің тәрбиелік ықпалы жоғары болады, ол оқушының мінез-құлқын жетілдіре түседі. Қалыптастырушылық қызмет тәрбие формасының алдыңғы аталған қызметтерінің іске асырылуымен байланысты, атқаратын ісін ойланып іске асыруға, өз өміріне керекті құндылықтарды бағалай білуге, өзгелермен тіл табысуға, өз пікірін дәлелді жеткізуге тәрбиелейді.

Сыныптық сабақтарда басты екі мәселе қарастырылады. Оқушылардың апта бойындағы оқу үлгерімдері, тәртібі, қоғамдық істері, бірімен-бірінің қарым-қатынасын қарастыратын сынып жиналыстары мен әр аптада атқарылатын тәрбиелік шаралар.

Сыныптан және мектептен тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары да сынып немесе тәрбие сағаттары деп аталады. Онда түрлі мәдени, сәулет орындарын тамашалауға, табиғат аясына, өзіне жақын айналасындағы өндіріс және шаруашылық орындарымен танысуға, т.б. шараларға кеңінен қамтылады.

Сынып сағаты белгілі жоспарға байланысты нақты белгіленген уақытта өткізіліп отырады.

Біртұтас педагогикалық процестегі оқыту мен тәрбие формаларының ортақ түрлері бар. Дәстүрлі формалары: сабақ, дәріс, әңгіме, экскурсия, дәстүрлі емес формалар: конференция, пікірталас, саяси хабарлама, дөңгелек үстел, оқырмандар конференциясы, тақырыптық конференция, баспасөз конференциясы, конкурстар, т.б.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

2. Осы заманғы жеке тұлғаны қалыптастырудың мақсаты қандай?

3. Тәрбие мақсаты қалай жүзеге асырылады?

4. Тәрбие құралдары, әдiстерi және оны ұйымдастыру формаларының сабақтастығының қандай маңызы бар?

5. Тәрбие формаларының қандай дәстүрлі түрлерін білесіз?

6. Оқыту формаларының атқаратын қызметі қандай?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Бастауыш сынып оқушыларының жеке тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеу мақсатын, мазмұнын, міндеттерін жазып көрсетіңіз.

2. Негізігі мектеп және жоғары сынып оқушыларын тәрбиелеу мақсатын белгілеп, оны іске асыру формаларын көрсетіңіз.

3. Сыныптан және мектептен тыс тәрбие формасының үлгісін жазыңыз.

4. Оқыту формасы мен тәрбие формасының байланысын сипаттап кесте жасаңыз.

5. Тәрбиелік істер тізбегін құрастырыңыз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Адамгершілік тәрбиесінің құралдары, әдістері, формаларының байланысы.

2. Еңбек тәрбиесінің құралдары, әдістері, тәрбие формаларының еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпалы.

3. Патриоттық тәрбие құралдары, әдістері, тәрбие формаларының патриоттық мәдениетті қалыптастыруға ықпалы.

4. Эстетикалық мәдениетті қалыптастырудағы тәрбие құралдары, әдістері мен формаларының рөлі.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Иманбаев Т., Иманбаева С.Т. Батырлар тарихы –ел тарихы. Алматы. 2009. 260 б.

2. Гликман И.З. Теория и методика воспитания. – М. ”Владос Пресс”, 2002.

3. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. Педагогика. - М.: Академа, 2003.

4. Қалиев С., Майғаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. - Алматы. “Білім”, 2001.

5. Қалиев С., Майғаранова Ш., Иманбаева С.Т., т.б. Мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі. – Алматы. “Рауан”, 1999.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 4398 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...