Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жеке тұлғаны дамытудағы, тәрбиелеудегі, қалыптастырудағы жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар



Тәрбие адамдарға тән әлеуметтік категорияға жатады және тұлғаны дамытуда шешуші рөл атқарады. Даму дегеніміз, ең алдымен адам ағзасындағы физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік ортада болады. Адам биологиялық жанды зат ретінде дүниеге келеді де, ол даму үрдісінде әлеуметтік қызметтерді (өмірге, адамдарға, еңбекке, тұтастай қоғамға қатысты, т.б.) атқару арқылы ғана тұлға болып қалыптасады. Тәрбие әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда қоғам бақылайтын және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып бағыттайтын, қоғамның қазіргі және болашақ өміріне қатысуға мақсаттылықпен даярлау ісі.

Тәрбие туралы түсінікке баланың жеке басының қалыптасуы мен дербес ерекшеліктерін ескерумен іске асырылатын толық қанды және толық құқылы тұлға тәрбиелеуге болады деп тануды талап ететін және педагогикалық процестің субьектісі ретінде тұлғаның қоғамдағы жаңа ұстанымы орнығады.

Тұлғаның «қалыптасуы» ұғымына баланың қоғамда өздігінен өмір сүруге қабілеттілігі, өз тағдырына өзі үкім ете білуі және өзінің қарым-қатынасын түсіне білу қабілетін меңгерген, сонымен бірге құндылық атаулыны тұрақты таңдай алу сияқты дамудың шартты түрдегі жетістіктері жатады. Тұлғаның қалыптасуы – тұлғаның шындықпен өзара әрекеті барысындағы өзгеріске түсу үрдісі және оның дене құрылысы мен әлеуметтік-психологиялық жаңаруындағы өзгерістердің пайда болуы.

Тәрбие жалпыадамзаттық мәдениеттің бір бөлшегі болғандықтан, оны культурологиялық тұрғыдан оқып, үйренуге тура келеді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды игеруде біріктіруші бастама - тәрбиенің маңызды құралы ретінде ана тіліне берілуі тиіс. Тіл арқылы кез келген халықтың даму дәрежесін, оның тарихын, мәдениетін түсінуге болады. Өз ұлтының тілін, музыкасын, әдет-ғұрпын, ауыз-әдебиетін, мақал-мәтелдерін білмеу, ол өз халқынан, өскен ортасынан, ұлттық менталитетінен жұрдай болып, қол үзу болып табылады. Өз халқымен рухани байланысы жоқ адам, тамырсыз өскен өсімдік, қуыс кеуде болып қалады. Ондай адамды космополит деп атайды. Өз халқының тілін, мәдениетін білмейтін адам өз халқының тарихын, әдет-ғұрпын мақтан ете алмайды. Тіл – ол тек ұлттардың қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сонымен қатар оның бейнесі, мәні, дүниетанымының шегі. Адамның сөйлеу мәнерінде ұлттық ерекшелік көрініп тұрады. Әр жеке тұлға өз ұлтының рухымен сомдалуы тиіс.

Құқықтық демократия құрып жатқан Қазақстан Республикасы үшін, оның ішінде құқықтық реформаның басты субьектісі болып отырған қазақ халқы үшін ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрлі құқықтық құндылықтардың ұлт менталитетінде алатын орны ерекше.

Қазіргі кезде философиялық әдебиеттерде құқықтың мазмұны мен табиғатын ашуға тұрақты екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші, тиым салу, немесе дәстүрлі құқық. Екіншісі, либералдық, яғни адамның табиғи құқы мен бостандығын паш ететін көзқарас. Дәстүрлі көзқараста құқық пен заң бір деп қарастырылады және олардың арасында айырмашылық жоқ. Құқық адамдардың мінез-құлқын реттейтін, мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып отыратын жүйе. Бұл жүйені бұзғандар жауапқа тартылып жазаласын алады. Бір ауыз сөзбен айтсақ ”ұлықсат етілмегендердің бәріне тиым салынады”. Екінші көзқарас ХVIII ғасырда ағартушылық философия шеңберінде пайда болды. Бұл бағыттың өкілдері И.Кант, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, Ч.Беккариа, т.б.

Олардың ойынша, құқықта бірінші тиым салу немесе жазалау, адамның іс-әрекетін шектеу емес, керісінше адамның еркіндікке, бостандыққа деген құқы. Құқық ұғымының алғашқы мәні: адамның өмір сүруге, меншікке, қауіпсіздікке, ар бостандығына, сөзге, көшіп-қонуға құқылы деді. Табиғи қарапайым құқыққа мемлекет ешқандай шек қоймауы керек.

Либералдық көзқарас адамдардың тәуелсіздігін басты құндылық деп жариялай отырып, “тиым салғанның бәріне руқсат” – қағидасын алға тартады. Сонымен құқық мәселесіне екі методологиялық көзқарас пайда болды, біріншісі, адамдардың іс-әрекетіне, мінез-құлқына тиым салу арқылы қоғамда тыныштық пен тәртіп сақтау, екіншісі, жеке бастың еркіндікке құқы. Әрине бұл екі көзқарастар бірімен-бірі тығыз байланысты, дегенмен де, бүгінде құқықтық мемлекет құру либералдық құндылықтар негізінде жүргізілуде. Қазақ менталитетіне либералдық құқық жақын екенін айтуға болады, оның тамыры тереңде жатыр. Олардың мазмұны мен ауқымы мемлекеттік құқыққа қарағанда әлде қайда әмбебапты. Егер мемлекеттік құқық мемлекетпен бірге бір мезгілде пайда болса, жеке бастың құқы мемлекет пайда болғанға дейін өмір сүрген. Ол мәдениеттің ажырамас бір бөлігін құрай отырып, халық даналығы негізінде, моральдық-этикалық қағида, салт-дәстүр, әдет арқылы реттеліп отырған. Сондықтанда құқықтық құндылықтардың жеке тұлғалық мағынасы адам мен дүние қатынасын қамтыса, мемлекеттік құқық, адам мен мемлекет институттарының ара- қатынасынан туындайды. Бірінші қатынас биресми, қалыпсыз, қалыпқа келе бермейтін немесе өте қиын келетін болса, екіншісі қалыпты сақтауға үнемі ынта танытып отыратын құбылыс. Әрине жеке бастың құқықтық құндылықтары мен мемлекет құқының арасында үнемі қайшылықтар болып тұрады. Бұл заңды құбылыс.

Құқықтық мәдениетті ұлт менталититеінің темірқазығына айналдыру дегеніміз – ұлттық сана-сезімнің құқықтық беріктігін күшейту, агрессиялық пиғылдағы ойлар мен іс-әрекеттерге заң жүзінде тойтарыс берудің рухани қамалын жасау. Халық болып Ата заңды қорғау, оны бұлжытпай орындау құқықтық мәдениеттің көзі болады.

Дін адамзат қоғамында адамзат санасынан тысқары өмір сүрген жоқ. Ол қоғамдық өмірдегі сананың бір бөлігі болып саналады. Сондықтан оны қоғамнан тысқары қарауға болмайды. Ол әлеуметтік өмірдің мәніне кірігіп кеткен құбылыс.

Қазақстан Республикасы білім беру заңында да мемлекеттік саясатының басты бағыты ретінде “мемлекеттік оқу орындарында жастарға діни ұғымнан тысқары ғылыми көзқараста білім беріледі және ол діни бірлестіктерден бөлектенген” деп мемлекеттің оқу-ағарту саласындағы дін жөніндегі саясаты ашық көрсетілген.

Ата-аналар өз баласын отбасында өз көзқарастарынша тәрбиелеуге құқықты, бірақ бұл істе баланы күштеп дінді мойындатуға жол берілмейді.

Дінді оқытуда оны адамзат мәдениетінің бір бөлігі ретінде қарастыру керек. Барлық дінде де сүйіспеншілік, үміт, бейбітшілік, әділдік, ізгілік, қайырымдылық деген ұғымдарға бірыңғай көзқарас бар. Жастарды адамгершілік қасиеттерге, құндылықтарға тәрбиелеуде діннің таза ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейтін ұстанымдарына ден қоюға болады. Мектептерде діннің осы ұстанымдарын ұстана отырып, бірақ оқудың ғылыми негізіне баса көңіл бөлуге тура келеді. Яғни білім және тәрбие беру ісінде ғылымилық, оның күнделікті өмірмен байланыстылығы, баланың жас және жеке бас ерекшеліктерін ескеру, еріктілік ұстанымдарын басты қағида етуді үнемі есте сақтау қажет.

Кез келген халықтың рухани-адамгершілік өмірінің барлық кезеңінде халықтық педагогика үлгілері бай және сан-алуан, өйткені ол түрлі этникалық ұлыстардың мыңдаған жылғы тәжірибесімен жасалған педагогикалық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Халықтық дәстүрлер әрқашан адамзаттық дамудың барысында, өзін этикалық халықтық сананың табиғи құрамдас бөлігі екенін көрсетті. Соған қарамастан дәстүрдің ескісі мен жаңасы да өзгеріске ұшырауда. Бірақ олардағы басты нәрсе - өтіп бара жатқан ұрпақ пен келер ұрпақтың арасындағы жанды байланыс болып сақталып келеді. Сондықтанда осы заманғы тәрбиенің мәні - халықтардың озық ізгілік дәстүрлерін қайта жандандыру арқылы ұрпақтардың адамгершілігін нығайту болып табылады.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Жалпыадамзаттық құндылықтар дегеніміз не?

2. Жалпы әлемдік құндылықтар нені білдіреді?

3. Жеке тұлғаның дамуы дегенді қалай түсінесіз?

4. Тәрбие туралы қандай түсінік қалыптасқан?

5. Тұлғаны қалыптастру деген не?

6. Жеке тұлғаны жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде қалай дамытуға болады?

7. Жеке тұлғаны қалыптастыруда қандай құндылықтар маңызды?

8. Құқықтық демократия принциптерін ұстануды қалай түсінесіз?

9. Халықтық педагогиканың жеке тұлғаны дамытып, қалыптастырудағы маңызы қандай?

Студенттің оқытушы басшылығымен жүргізілетін өзіндік

жұмысына арналған тапсырмалар

1. Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы әдебиеттермен танысып, қысқаша аннотация жазыңыз.

2. Жеке тұлғаның дамуына, тәрбиесіне ықпал ететін жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды ажыратып, тезистер жазыңыз.

3. Адам құқығын қорғайтын халықаралық құжаттармен танысып, конспект жазыңыз.

4. Жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесін бейнелейтін кесте жасаңыз.

5. Ұлттық құндылықтар жүйесін бейнелейтін сызба жасаңыз.

Студенттің өзіндік жұмысына арналған реферат тақырыптары

1. Педагогикалық әдебиеттердегі жеке тұлғаны дамыту, тәрбиелеу, қалыптастыру ұғымдарын салыстырып, қорытынды жасаңыз.

2. Жеке тұлғаны жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу.

3. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық өзгерістерге сай ұлттық құндылықтардың жеке тұлғаны қалып-тастырудағы маңызы.

Өзіндік жұмысқа арналған әдебиеттер

1. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. – Алматы. “Нұрлы әлем”, 2003.

2. Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең. – Алматы. “Ғылым”, 1999.

3. Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. – Астана. “Елорда”, 2001.

4. Қалиев С., Майгаранова Ш., т.б. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері. Алматы. “Білім”, 2001.

5. Майгаранова Ш. Мектеп оқушыларын рухани дамыту мәселелері. –Алматы. “Ғылым” ғылыми баспа орталығы, 2002.

Дүниетанымның базалық мәдениеттi белсендi игерудегi маңызы. Базалық мәдениеттi қалыптастыру жүйесiндегi азаматтық тәрбие

Жоспар:

Базалық мәдениет туралы түсінік.

Базалық мәдениеттi қалыптастыру жүйесiндегi азаматтық тәрбие.

Патриоттық тәрбие. Ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыру.

Негiзгi түсiнiктер: базалық мәдениет, азаматтық тәрбие, патриоттық тәрбие, интернационалистік тәрбие, ұлтаралық қатынастар мәдениеті.

Базалық мәдениет туралы түсінік. Әдетте, мәдениет дегенді біз тарихи даму барысында адамзат жасаған материалдық және рухани игіліктердің жиынтығы деп түсінеміз. Алайда, мұндай анықтама беру бір жақтылықты көрсетеді, өйткені мәдениет туралы айтқанда оған қатып-семіп қалған және аяқталған, қандай да болмасын ықпалға берілмейтін нәрсе деп қарауға болмайды. Сонымен бірге адамдардың қолымен жасалынып жатқан жаңа құндылықтар, мәдениетті жасау, адамдардың құндылықтармен өзара байланысы, олардың оны игеруі мәдениеттің аса маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Осы факторларды ескере отырып, мәдениетке жаңаша анықтама беруге болады.

Мәдениет дегеніміз адамдардың бірлесе ғылыми, моральдық-әлеуметтік, көркем және техникалық құндылықтар жасаудағы қарым-қатынастар жиынтығы деген анықтама беруге болады. Сөйтіп, мәдениеттің мәні адамның өзіндік адамдық еңбегімен байланысты туындайтын дүние деуге болады.

Адамды әлеуметтендіру үрдісінде, жеке адамға жалпыадамзаттық мәдениеттің жиынтығын бүгінгі нарықтық экономиканың талаптарына негіздей отырып меңгерту көзделеді. Осыған байланысты педагогтың кәсіби біліктілігі артуы тиіс. Жеке тұлғаны қалыптасыру процесін ұйымдастыру үшін оның үнемі мәдениетке енуіне зер салу, бүгінгі мәдени жетістіктер дәрежесінде әлемдік мәдениетпен қарым-қатынас жасауы арқылы жеке тұлғаның әлеуметтік өмірдің мағынасына енуін қарастыру көзделеді. Олай болса, жеке тұлғаның осы заманғы тәрбиесінің негізіне адамзаттық мәдениеттің бүкіл дүниежүзілік қоры алынуы керек. Атап айтқанда, ол оның барлық түрін: ақыл-ой мәдениетін, тұлғаның кәсіби бағдары мен политехникалық және еңбек мәдениетін, адамгершілік, саяси-құқықтық, эстетикалық, экологиялық, экономикалық және денесінің даму мәдениетін қамтиды. Мәдениеттің осы түрлерінің бәрі олардың өзара әрекеті арқылы адамның дүниені, табиғатты, қоғамды, техниканы, өнерді біріктіре қабылдауының, оның тұтас көзқарасын қалыптастырудың негізі болады.

Ғылыми көзқарас дегеніміз ол ғылыми негізделген сенімнің, көзқарастың, адамның табиғатпен, қоғаммен қарым-қатынасындағы мінез-құлқын, эмоционалдық сезімін, танымдық қызметін айқындайтын кешен. Тәрбиеші көзқарастың осы сипаттағы мәнін ашу үшін, жалпы мәдениеттің жүйеге келтірушілік, кіріктірушілік рөлін түсініп, өзінің бойында жалпы әлемдік мәдениеттің барлық түрін жинақтап, алдын ала оларды кіріктіре пайдалануы тиіс. Кіріктірілген (интеграциялы) көзқарас осы заманғы оқушының біртұтас тұлғасын қалыптастыру мақсатында тәрбиелік қызметтің негізгі компоненттерінің ара қатынасын күшейтуге және оны жүзеге асыруға мұғалімді бағыттайтын методологиялық ұстаным ретінде қарастырылады.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 5586 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...