Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Оқиғаның кейбір түрлерінде сот-медициналық сараптамамен шешілетін негізгі сұрақтар



1. Мәйітті тексеру тәртібі және оны ұйымдастыру.

Мәйітті тапқан орнында тексеруге дәрігер қатысуының құқықтық аспектілері. Оқиға болған орынды тексеру қылмыс ізін, айғақтық (дәлелдік) заттарды тауып алу, оқиға деректерін және т.б. айқындау үшін жүргізілетін маңызды тергеулік әрекет болып саналады.

Сараптамаға (соның ішінде сот-медициналық) жолданған материалдардың артқа қайтарылу себептерінің 70% тергеушілердің оларды сапасыз дайындауы, ал қылмыстарды ашудағы қиындықтар көбіне алғашқы тергеулік әрекеттер жүргізгенде жіберілген кемшіліктерге байланысты.

Оқиға орнын тексеруге қойылатын негізгі талаптардың бірі - оны жүргізуді барынша қысқа уақытта дайындау, өйткені ол мүмкіндігінше көп іздердің сақталуын және толық ақпарат алуды қамтамасыз етеді.

Анықтығы жоқ қылмыстарға тергеу жүргізгенде оқиға орнын тексерудің маңыздылығы мейлінше артады. Әрине, әрбір нақты оқиғада, қалдырылған іздердің ерекшеліктеріне және оқиғаның өзіне байланысты, оқиға орнын тексерудің өзіндік ерекшеліктері болады.

Оқиға орнын тексеру туралы шешім қабылдағанда тергеуші болған оқиға мән-жайының негізгі кезеңдерін айқындайды, өйткені жедел-тергеу тобының құрамы соған байланысты болады. Оқиға орнына тексеру жүргізудің негіздері және оны жүргізудің тәртібі ҚР ҚІЖК-нің 221, 222, 224 баптарында көзделген.

Өлі адамның денесі болған жағдайда оқиға орнын тексеру әрқашан «бұл мәйіт пе?» деген сұрақты шешуден басталуы тиіс. Тұрмыстық жағдайда өлімнің туындауы туралы алғашқы диагноз маманмен емес, айналадағы кездейсоқ тұлғалармен шығарылады. Сот-медициналық тәжірибеде мұндай диагноз қате болған жағдайлар аз емес. Зардап шегушіде өмір белгілері болған жағдайда оны құтқаруға тез шаралар қолдану қажет. Дәрігер жәбірленушіге реанимациалық немесе басқа қажет көмекті көрсетуі керек (қан ағуын тоқтату, шиналар салу және т.б.). Тергеуші жәбірленушіге стационарлық жағдайда білікті дәрігерлік көмек көрсету үшін оны жылдам медициналық мекемеге апару шараларын қолдануы қажет.

Реанимациялық іс шаралар «жылдам медициналық көмек» келгенше немесе өлімнің нақты белгілері көрінгенше жасалуы керек. Жасалынған реанимациялық іс шаралар жетістігін бермеген жағдайларда тексеру хаттамасында тірілту үшін қандай шаралар қолданылғаны, олардың басталу және аяқталу уақыттары көрсетілуі қажет.

Оқиға орнын тексеру жәбірленушіні немесе өлі денені алып кеткен жағдайларда да жүргізілуі (немесе жалғастырылуы) мүмкін. Егер мәйіт алдында басқа жерде болды деп есептелсе, ол орынды тексеруге қатысуға сол дәрігер-маман тартылуы мүмкін.

Оқиға орнын алғаш тексеру қолайсыз жағдайларда өтуі мүмкін (жарықтың жетіспеуі, қатты жаңбыр және т.б.). Мұндай тексеру онан әрі қайта жүргізілуі мүмкін. Тергеу барысында оқиға орнынан жаңа деректер және қосымша дәлелдер немесе іздер табылатыны туралы мәліметтер алынған жағдайда қосымша тексеру қажеттілігі пайда болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда сот-медициналық сарапшы немесе басқа дәрігер, алдын-ала және сот тергеуі барысында, маман ретінде мәйіттің табылған (оқиға) орнын қайта тексеру үшін шақырылуы мүмкін.

2. Мәйітті тексерудегі дәрігермен шешілетін негізгі сұрақтар.

Сыртқы тексеру деректерінің негізінде оқиға орнында дәрігер-маман ауызша түрде тергеушіге келесі сұрақтарға жауап бере алады:

1. Қандай уақыт бұрын және қандай (ең мүмкін) себептен өлім туындаған?

2. Мәйітте сыртқы зақымдар бар ма, қандай затпен келтірілген?

3. Бұл зақымдар тірі кезінде немесе өлгеннен соң келтірілген бе?­

4. Жәбірленушінің өз-өзіне бұл зақымдарды келтіруі мүмкін бе?

5. Зақым келтірілген соң жәбірленуші белсенді бағытталған әрекеттер жасауға мүмкіндігі болды ма?

6. Мәйіт қалпы өзгергендігінің белгілері бар ма?

Дәрігер-маман, қажеттігі туындаған жағдайда, өзінің құзыретінен аспайтын және қосымша зерттеулерді қажет етпейтін басқа да сұрақтарға жауап бере алады.

Әрине, дәрігер-маманның мәйітті сырттай тексеру мәліметтеріне негізделген пікірлері алғашқы бағыттаушы болып табылады және сараптамалық қорытынды ретінде қаралмауы тиіс, өйткені ол мәйітті мәйітханада жан-жақты зерттеген соң ғана құрылуы мүмкін.

3. Оқиғаның кейбір түрлерінде сот-медициналық сараптамамен шешілетін негізгі сұрақтар.

Мәйітті тапқан орнында тексерген соң тергеуші сараптама тағайындау туралы қаулы қабылдайды және оны мәйітханаға жолдайды. Мәйітханаға мәйітпен бірге сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы (немесе сот-медициналық зерттеуге жолдама) және мәйітті тапқан орнында тексеру хаттамасының көшірмесі апарылуы тиіс.

Оқиға орнында дәрігер-маман, қажеттігі болса, тергеушіге мәйітке сот-медициналық сараптама жүргізу барысында шешілуі қажет сұрақтарды құрастыруға көмек береді.

Сот-медициналық сараптама жүргізу кезінде, барлық оқиғаларға ортақ сұрақтардан басқа, нақты оқиғаның деректерімен анықталатын бірнеше арнайы сұрақтар да шешілуі мүмкін.

Қатты доғал затпен келтірілген зақымдарда:

Зақымдар (жарақаттар) қандай затпен келтірілген?

Зақымдардың барлығы бір затпен келтірілген бе?

Зақымда (жарақатта) заттың формасы, көлемі, салмағы және басқа жалпы немесе жеке белгілері туралы жоруға мүмкіндік беретін белгілер бар ма және қандай белгілер?

Зақымдар адам денесінің мүшелерімен келтірілуі мүмкін бе?

Зақым келтіру уақытының ұзақтығы?

Зақымдар құлау нәтижесінде пайда болуы мүмкін бе?

Жәбірленушінің денесінде күресудің және қорғанудың жарақаттары бар ма?

Өткір (үшкір) заттармен келтірілген зақымдарда:

Егер зақым шанышпалы-кескіш затпен келтірілген болса, оның жүзінің ерекшеліктері, бір немесе екі жүзді ме, оның ұзындығы және ені қанша?

Егер зақымдар шанышпа заттармен келтірілген болса, зақымның қандай ерекшеліктері бар, оның ұзындығы және көлденең қимасы қанша?

Зақымдардың қанша уақыт бұрын келтірілген?

Егер бірнеше зақым болса, олар бір немесе әртүрлі затпен келтірілген бе?

Жәбірленушінің денесінде күресуден және қорғанудан пайда болатын жарақаттарға ұқсас жарақаттар бар ма?

Зақымдарда зақым келтірген затты ұқсастыруға мүмкіндік беретін іздері бар ма?

ЖКО (жол-көліктік оқиғалар) жағдайында келтірілген зақымдарда:

Мәйіттегі зақымдар көлік құралының әсерінен келтірілген емес пе, егер олай болса қандай көлік құралымен және оның қандай бөлігімен келтірілі мүмкін?

Жәбірленушінің денесінде және оның киімінде қандай да бір көлік құралының жарақат келтіру әсеріне тән зақымдар немесе іздер бар ма?

Зақымдар автомобильдің соққысынан пайда болуы мүмкін бе, егер мүмкін болса дененің қай мүшесіне, қандай биіктікте, қандай бағытта және автомобильдің қандай бөлігімен алғашқы соққы жасалынған?

Зақымдар доңғалақпен өтуден пайда болуы мүмкін бе, егер мүмкін болса дененің қандай мүшесінен, қандай қалпында және қандай бағытында автомобильдің доңғалақтары домалаған?

Зақымдар жәбірленушінің көлік құралымен соғыспай, тұрған қалпында жол бетіне құлауынан пайда болуы мүмкін бе?

Зақымдар автомобиль ішінде (салонында) жарақаттанудан пайда болған ба, мүмкін болса жәбірленуші көлік ішінде қандай орында отырғанын анықтауға бола ма?

Жәбірленушінің көлік құралынан жол бетіне құлауынан зақымдар пайда болуы мүмкін бе?

Мәйітте және киімінде денесін сүйрету белгілері бар ма, болған жағдайда сүйреген кездегі дененің бағыты қандай?

Жоғарыдан құлағанда:

Анықталған зақымдардың бәрі жоғарыдан құлау әсерінен пайда болған ба?

Дене қай бөлігіне құлаған?

Мәйітте өлгеннен соң пайда болған зақымдар бар ма, олар жоғарыдан құлау барысында пайда болған ба?

Оқ тигеннен пайда болған зақымдарда:

Ату қашықтығы қанша?

Денедегі жара каналы қандай бағытта?

Мәйітте табылған зақымдардың барлығы оқ тиюден бе?

Оқ тию жарақатарының сипаттары (тесіп өткен, соқыр, жанама)?

Жаралар бір-бірлеп атудан немесе автомат қаруынан кезектеп атудан келтірілген бе?

Мәйітте қанша жарақат табылды, олардың кіру және шығу жаралары қай жерде орналасқан?

Жарақат оқпен немесе бытырамен келтірілген бе?

Зақым бос оқтан алынуы мүмкін бе?

Судан алынған мәйітті зерттеуде:

Мәйіт суда қаншалықты ұзақ жатқан?

Суға өлі дене тасталған ба, егер мүмкін болса жәбірленуші өлімінің себебі?

Омыртқаның жарақаты бар ма, егер болса суға құлаудан және су тоғанының түбімен соқтығудан пайда болуы мүмкін бе?

Улану күдігі бар мәйітті зерттеуде:

Мәйітте улану туғызатын заттар табылды ма, қандай және қанша көлемде?

Бұл заттар ағзаға қандай жолмен түскен, олар денеге өлгеннен кейін түсуі мүмкін бе?

Өлім неден туындаған: уланудан немесе басқа себептен (мұндай жағдайда қандай)?

Жәбірленушіде уланудан өлім туындататын немесе оның ағымына әсер ететін аурулары немесе жағдайлары болған ба?

Мәйітті зерттеуден табылған улы заттар мен жәбірленушінің өлімі арасында тікелей себептік-нәтижелік байланыс бар ма?

Ағзаға у түскен соң жәбірленуші қандай да бір белсенді бағытталған әрекеттер жасай алды ма, егер мүмкін болса қандай уақыт ішінде?

Ағзаға у түскеннен кейін қанша уақыттан соң жәбірленушінің өлімі туындады?

Суық өтіп кетуден өлгенде:

Жалпы суық өтіп кетуден өлімнің туындауына не мүмкіндік туғызды?

Жалпы суық өтіп кету салдарынан өлім қаншалықты жылдам туындаған?

Табылған зақымдар қалай пайда болған?

Жоғары температура (ыстық) әсерінің белгілері бар мәйітті зерттегенде:

Жалынның әсері тірі кезінде немесе дененің өртенуі қайтқаннан соң болған ба?

Табылған зақымдар (мысалы, шеттік сүйектердің, қабырғалардың сынуы, бас сүйекке қан құйылуы және т.б.) жоғары температураның әсерінен пайда бола алды ма немесе олардың пайда болу механизмі басқа ма (қандай)?

Күйіктер ненің әсерінен пайда болды — жалынның, ыстық сұйықтықтың немесе қызған газдардың?

Өртеніп кеткен сүйектердің қалдықтары кімге тиесілі — адамға немесе жануарға?

Күл қалдықтары бойынша қайтқан тұлғалардың санын анықтауға бола ма?

Криминалдық түсік тастауға (абортқа) күмән туғанда:

Жәбірленуші жүкті болған ба, егер болса жүктіліктің мерзімі қанша?

Жүктілікті жасанды тоқтату белгілері бар ма, егер болса қандай белгілері?

Жасалынған абортпен өлімнің туындауы арасында тікелей себептік-нәтижелік байланыс бар ма?

Бөлшектелген (фрагменттелген) мәйіттің бөліктерін зерттегенде:

Оқиға орнын тексергенде табылған сүйектер адамға немесе жануарға тиесілі ме?

Дененің табылған бөліктері бір немесе бірнеше тұлғаларға тиесілі ме?

Адам денесінің табылған бөліктерінде тірі кезінде алынған зақымдар бар ма, егер болса олардың саны қанша, пайда болу механизмі және өлімнің туындауымен себептік-нәтижелік байланысы қандай?

Денені фрагменттеу (мүшелеп тастау) қандай әдіспен жасалған?

Фрагенттеу (мүшелеп тастау) көрсетілген құралмен жасалуы мүмкін бе?

Жәбірленуші тірі кезінде қандай аурулармен ауырған?

Жәбірленушінің жынысы, жасы, бойы және қан тобы қандай?

Мәйітте жәбірленушінің белгілі бір дағдыларына және қызметінің түріне нұсқайтын белгілер бар ма?

Жәбірленушіге тірі кезінде қандайда бір хирургиялық операциялар жасалынған ба, егер болса қандай және қанша уақыт бұрын?

Көрсетілген дене бөліктерінде фрагменттеуші (мүшелеуші) тұлғаның анатомиядан және секциялық техникадан белгілі бір кәсіби дағдысы және хабары болғанына нұсқайтын белгілер бар ма?

Әйелдердің мәйітіне байланысты бұрынғы босанулары, өлім кезінде жүкті болғандығы туралы сұрақтарды қоюға болады.

Қаңқаланған мәйітті зерттегенде:

Оқиға орнын тексергенде табылған сүйектер адамға немесе жануарға тиесілі ме?

Дененің табылған бөліктері бір немесе бірнеше тұлғаларға тиесілі ме?

Жәбірленуші тірі кезінде қандайда бір сүйек ауруларымен ауырмаған ба?

Жәбірленушінің жынысы, жасы, бойы және қан тобы қандай?

Мәйітте бұрын алынған зақымдардың ізі бар ма, егер болса ол қандай зақымдар және олар қашан келтірілген?

Көрсетілген тізім тек ұсыныстық сипатқа ие және нақты жағдайға, ұынылатын ойларға сәйкес сұрақтарды құрастырудағы бастапқы бағыт (позиция) ретінде қарастырылуы тиіс.

Тақырыпқа бойынша әдебиет

1. В.Н. Крюков, Сот медицинасы, - Москва: «Норма», 2004 ж.

2. В.Л. Попов, Сот-медициналық сараптама; Анықтамалық, - Санкт-Петербург: «Питер», 1997 ж.

3. В.Л. Попов, Сот медицинасы, - Санкт Петербург: «Питер», 2002 ж.

4. Г.С. Шанаева, Сот-медициналық сараптама, - Алматы:- «Дәнекер», 2003 ж.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 934 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.016 с)...