Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Сәулелік диагностика кабинетін (рентген кабинетін) ұйымдастыруға қойылатын гигиеналық талаптар. Дозиметрлік бақылау жүргізу



Сәулелік диагностика кабинеттерінің бөлмелерін таңдауға айрықша талаптар қойылады. Стационарлық рентген аппараттарын орнату үшін мемлекеттік санитарлық бақылау органдарымен келісілген жоба бойынша арнайы салынған немесе бейімделген бөлмелерді пайдалану қажет. Тасымалданатын (палаталық) рентген аппараттарын тек операциялық блоктарда және тасуға (рентген кабинетіне апаруға) болмайтын ауруларға процедуралар жүргізу үшін палаталарда қолдануға рұқсат етіледі. Тасымалданатын рентген аппараттарын, оны пайдалану жағдайына байланыссыз ауруларды жаппай тексеру үшін рұқсат етілмейді.

Сәулелік диагностика кабинеттерін едені нольдік деңгейден төмен бөлмелерде және де тұрғын, қоғамдық ғимараттарда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, оқу орындарында орналастыруға тыйым салынған. Дегенмен де сәулелік диагностика кабинеттерін тұрғын үй ғимараттарына жалғап салған құрылыстарда орналастыруға рұқсат етіледі, егер жалғап салынған құрылысқа көршілес бөлмелері рентген сәулелерінен табиғи радиациялық фонға дейін қорғалған болса. ЕАБ стационарларында сәулелік диагностика кабинеттерін ауруларға арналған палаталармен көлденеңінен және тігінен алғандағы көршілес бөлмелерде орналастыруға болмайды.

Арнайы комиссияның сәулелік диагностика кабинетін пайдалануға қабылдау актінің негізінде мемсанбақылау органдары оны бақылауға құқықты екеніне санитарлық төлқұжат береді. Актіге қосымша дозиметрлік бақылаудың хаттамасы, желдету тиімділігін, жерге қосу кедергілерін өлшеулердің хаттамалары, рентген аппаратын орналастыру схемасы тіркеледі. Аталған құжаттар сәулелік диагностика кабинетінде сақталады. Сәулелік диагностика кабинетін пайдалануға құқықты екеніне санитарлық төлқұжат алғанға дейін және оның іс жүзіндегі күші бар уақыты өткеннен кейін медициналық процедуралар жүргізуге тыйым салынады.

Санитарлық төлқұжат 2 жылға дейін беріледі. Төлқұжаттың күшін ұзартуды жұмыс істеп тұрған кабинетті тексеру актінің негізінде мемсанбақылау органдары жүргізеді.

Сәулелік диагностика кабинетінің бөлмелерінде жылыту жүйесі, орталықтандырылып сумен жабдықталған және канализациясы болуы тиіс. Сәулелік диагностика кабинеттерін пештен жылытуға тыйым салынған. Бөлмелердегі ауаның температурасы 20 градустан кем болмауы қажет.

Процедуралық және пульт орнатылған бөлмелерде табиғи және жасанды жарық болуы тиіс, ал фотозертханада табиғи жарықтың болуы міндетті емес.

Рентген сәулесін түсіріп қарайтын (рентгеноскопия) режимінде басқа барлық рентгенологиялық процедуралар күндізгі уақытта табиғи жарық жағдайында жүргізілуі қажет. Терезелер ауданының еден ауданына қатынасы 1:10 кем болмауы тиісті.

Сәулелік диагностика кабинеттерінің барлық бөлмелері механикалық қозғаушы барлық бөлмеге ауа енуін сағатына 3 есе, ауаны сорып әкетуін 4 есе қамтамасыз ететін, енбелі-сормалы желдету түрімен жабдықталуы керек. Желдеткіш қондырғыларды жұмысқа қосу сәулелік диагностика кабинетінің бөлмелерінен жүргізілуі тиісті. Енбелі желдету жүйесі ауаны жылытқыштармен және тазартатын сүзгілермен қамтамасыз етілген болу керек. Ауаны сорып әкету жоғарғы және төменгі зоналардан, ауа енуі бөлменің жоғарғы зонасына жүргізілу керек.

Сәулелік диагностика кабинеттерінің бөлмелеріндегі едені бір-бірінен бөліп тұратын (изоляциялаушы) заттардан болу керек: бетон табанының үстіне ағаш паркеттен, ағаштан жасалған боялған еден, төселген ағаштың үсті линолеум немесе поливинилхлоридтік затпен жабылу керек. Едені изоляциялаушы емес материалдан жасалған бөлмелерде тасымалданатын аппаратты пайдалану кезінде жұмыс орындарында еденге резинадан жасалған изоляциялайтын кілемше төселу керек. Фотозертхана бөлмелерінің және әжетханалардың едені керамика тақтадан жасалған болу керек.

Сәулелік диагностика кабинеттерінің қабырғалары мен шаңырағы (төбесі) ақ түске боялған болуы тиісті (әкпен ақтауға немесе суэмульсиялық сырмен сырлауға рұқсат етіледі). Қабырғаларының панелі майлы сырмен жабылған болу керек. Фотозертхана бөлмелерінің және әжетхананың панелі тақтамен қапталуы тиісті.

Әрбір процедура бөлмесінде бір рентген аппарат орнатылу керек. Бір бөлмеде бір-бірімен функционалдық байланысы жоқ екі рентген аппаратын орнатуға тыйым салынады. Дентальдық рентген аппараттарына мұның қатысы жоқ, оларды диагностикалық аппаратпен бірге орналастыруға рұқсат етіледі.

Фотозертхана, заңды түрде, сәулелік диагностика кабинетіне көршілес бөлмеде орналасу керек және процедуралық немесе пульт орнатылған бөлмеден кіретін есік болуы тиісті.

Басқару (пульт тұрған) бөлмесі процедуралық бөлмемен, ауруды бақылау үшін сөйлесетін құрылғымен, сондай-ақ, есікпен, қорғайтын шынымен жабдықталған қарайтын тереземен байланысқан болу керек. Терезенің орналасуы мен өлшемі ауруды бақылауға ыңғайлы болуы тиісті.

Рентген процедуралары кезінде медицина қызметкерлері және басқа да адамдар тікелей рентген сәулесінің және де радиациялық емес (қорғасын, ацетон, толуол, озон, азот тотықтары, жоғары деңгейдегі шу) факторлардың әсеріне ұшырауы мүмкін. осыған байланысты көрсетілген факторлардың зиянды әсерлерінің алдын алу жөніндегі талаптарды сақтау қажет.

Мекеменің әкімшілігі радиациялық қауіпсіздік жөнінде нұсқау дайындауға және мемсанбақылау органдарының келісімін алуға міндетті. Бұл нұсқауда рентген процедураларын, оның ішінде тасымалданатын және жылжымалы рентген аппараттарымен орындалатын процедураларды жүргізу тәртібі, персонал мен пациенттердің радиациялық қауіпсіздік шаралары және апаттылық жағдайлардың алдын алу және жою шаралары жазылады. Нұсқау әрбір сәулелік диагностика кабинетінде көрінетін жерде болуы тиісті.

Рентген аппараттарымен жұмыс істеуге жасы 18-ден кем емес, иондағыш сәулеленулермен жұмыс істеуге медициналық тұрғыдан қарсы көрсетулері жоқ, қауіпсіздік техникасы жөнінде нұсқау алған, адамға рұқсат етіледі.

Сәулелік диагностика кабинеттерінде кабинеттегі қызметкерлерге, кабинетке көршілес бөлмелердегі адамдарға және рентген процедуралары жүргізілетін пациенттерге түсетін сәулелік жүктемелерге бақылау жүргізілуі тиісті.

Қызметкерге түсетін сәулелік жүктемені бақылау жұмыс орнындағы экспозициялық доза қуатын өлшеуді және жеке адамның алған дозасын өлшеуді қамтиды. Жұмыс орнындағы доза қуатын өлшеу кезінде және стационарлық қорғану құралдарына дозиметрлік бақылау жүргізіледі.

Сәулелік диагностика кабинетіне көршілес бөлмелерде жұмыс істейтін адамдарға түсетін сәулелік жүктемені бақылау, рентген аппаратымен жұмыс істеу кезінде көршілес бөлмедегі экспозициялық доза қуатын өлшеуді қамтиды.

Қызметкердің (персоналдың) жұмыс орнындағы және көршілес бөлмедегі экспозициялық доза қуатын өлшеудің кезеңділігі екі жылда бір рет. Жеке адамның алатын дозаларын өлшеуді тұрақты жүргізеді, нәтижелерін әрбір үш ай сайын тіркеп отырады.

Іс жүзінде дені сау адамдарға алдын алу мақсатында медициналық рентгенологиялық *зерттеулер және ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде осы адамдардың сәулеленуге ұшыраудан алатын жылдық эффективті дозасы 1 мЗв аспауы керек.

Алдын алу мақсатында сәулеленуге ұшыратудың орнатылған жылдық нормативінен артық болуы қосымша зерттеулер жүргізуді қажет ететін немесе үлкен доза жасайтын әдістерді қолдануды қажет ететін тек қолайсыз эпидемиологиялық жағдайларда ғана болуы мүмкін. Алдын алу мақсатында сәулеленуге ұшыратудың бұл нормативінен уақытша амалсыз асыру туралы шешімді облыстық өлкелік (республикалық) денсаулық сақтау басқармасы қабылдайды.

Емдік мақсатта ағзасына радиофармацевтикалық препараттар енгізілген пациенттен 1 м қашықтықта гамма-сәулеленудің доза қуаты, аурухананың радиологиялық бөлімінен шығуы кезінде 3 мкЗв/сағаттан артық болмау керек.

Экспозициялық доза қуатын және қызметкердің жеке басының алған дозаларын өлшеу 20 кэв-тен 100 кэв-ке дейінгі диапозонда рентген сәулесін тіркейтін прибормен жүргізілуі тиісті.

Жеке адамның алған дозасын өлшеу үшін термолюминесценттік дозиметрлерді қолдану ұсынылады.

Рентген сәулесінің экспозициялық доза қуатын өлшеуді міндетті түрде шашыртатын дене – рентген сәулесінің энергиясын адамның денесіне эквивалентті сіңіретін аудан немесе парафиннен жасалған фонтом болуы кезінде жүргізілуі керек. Фонтом - өлшемі 250*250*150 мм, қабырғалары жайпақ бір-біріне паралелді ыдыс.

Қызметкердің жұмыс орнындағы доза қуатын өлшеуді басы, жамбасы, аяқтары (1,5 м – 0,7 м – 0,3 м) деңгейінде, көршілес бөлмелерде рентген сәулесі шоғырының ең қолайсыз бағыты болуы мүмкін 0,7 м биіктікте жүргізіледі.

Қызметкердің жұмыс орнындағы және көршілес бөлмелердегі рұқсат етілген доза қуаты кестеде көрсетілген

Сәулелік диагностика кабинетінің түрі (типі) Иондағыш сәулелену әсер ететін уақыты Рұқсат етілген доза қуаты мкр/сек
А санаты Б санаты Ғимараттың
Диагностикалық 15 сағ/апта (700 сағ/жыл)   0,2 0,06
Флюрографиялық 1,5 сағ/апта (70 сағ/жыл)     0,06
Терапиялық 25 сағ/апта (1175 сағ/жыл) 1,2 0,12 0,06
Дентальдық 1 сағ/апта (47 сағ жыл)     0,06
Палаталық 1 сағ/апта (47 сағ/жыл)     0,06

Көрсетілген мәндер жылжымалы рентген қондырғыларына да қатысты.

Радиациялық қауіпсіздіктің жаңа нормаларын енгізу кезінде немесе иондағыш сәулеленуді шығаратын орташа жылдық фактіге негізделген уақытынан артық жағдайларда А санатының жұмыс орнындағы және көршілес бөлмелердегі рұқсат етілетін доза қуаты мына формула бойынша есептеледі:

Р=Д/Т

мұндағы: Р – рұқсат етілген доза қуаты;

Д – А санатына арналған шектік рұқсат етілген доза мкр/жыл;

Т – секундпен берілген жыл ішіндегі сәулелену шығаратын уақыты.

Рентген сәулесінен қорғануды есептеу кезінде рұқсат етілетін деңгейлерге қатысты 2 тең қор коэффицентін енгізу қажет, яғни есептеп тапқан доза қуаты 2 есе аз болу керек.

Рентгенологиялық зерттеулер жүргізу кезінде қорғасынның және басқа да радиациялық емес факторлардың әсерлерінен қорғану шаралары қолданылу керек, сондай-ақ қажетті көлемде эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуі де қамтамасыз етілуі қажет.

Мысалы, рентген пленкалары, рентгенограммалар қақпағы (есігі) жабылатын, металдан жасалған жәшіктерде немесе шкафтарда сақталуы керек. Сәулелік диагностика кабинетінде 2 кг-нан артық рентген пленкалары мен рентгенограммаларды сақтауға рұқсат етілмейді.

Сәулелік диагностика кабинеттері қызметкерлерінің ағзасына қорғасын түсуінің алдын алу үшін мына шаралар жүргізілуі керек:

· қорғасыннан, қорғасын араластырған резинадан жасалған жеке басты қорғайтын заттарды пленка материалдардан немесе клеенкадан жасалған қаптың ішінде сақтау керек;

· техникалық шартында көрсетілген пайдалану мерзіміөткен жеке басты қорғайтын заттарды пайдаланбау (қолданбау);

· қорғасыннан жасалған стационарлық қорғайтын құрылғылар мен бейімделген заттардың беттерін екі қайтара майлы немесе эмаль сырмен сырлау керек;

· қорғасын араластырған резинадан жасалған қолқаптың ішінен мақта-матадан жасалған жұқа қолқап кию керек;

· қорғасын араластырған резинадан жасалған жеке басты қорғайтын заттарды қолданып істеген жұмысты бітірген соң, қолды жылы сумен сабындап мұқият жуу керек;

· сәулелік диагностика кабинетінің процедура бөлмесінде тамақ ішуге, темекі тартуға, косметика пайдалануға тыйым салу керек.

Сәулелік диагностика кабинетінде жұмысты бітіргеннен соң еденін жуып ылғалдап сүрту алу және зерттеу кезінде пациент пен дәрігер ұстаған рентген аппаратының элементтері мен жабдықтарын мұқият дезинфекциялау керек. Айына кем дегенде 1 рет сірке қышқылының 1-2% ерітіндісін қолданып ылғалдап сүртіп алу керек.

Сәулелік диагностика кабинетінің процедура бөлмесінде рентгенологиялық зерттеу жүргізер алдында немесе зерттеу кезінде ылғалдап жинау (жуу, сүртуге) жүргізуге тыйым салынады.

Сәулелік диагностика кабинеттері бөлмесінің ауасында азот тотықтарының концентрациясы 0,085 мг/м3-тен, озонның – 0,005 мг/м3-тен, қорғасынның – 0,0007 мг/м3-тен аспауы керек.





Дата публикования: 2015-04-06; Прочитано: 2556 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...