Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Кесар тілігінің тәсілдері



Кесар тілігі жүктілік немесе босану кезеңдерінде де жедел немесе жоспарлы түрде жасалады.

1. Кесар тілігі жоспарлы түрде жасаатын болса, әйел кешкісін жуынып, тазалау клизмасы жасалады. Таңертең операциядан екі сағат бұрын әйелдің ішегін қайталап тазалап, премедикация алдында қуықтағы зәрді түтікшемен шығарады.

2. Кесар тілігі жедел жасалса – операция алдында ішекті, асқазанды тазартып, премедикация жасап, қуықты зәрден босатады.

Кесар тілігінің тәсілдері екі түрге бөлінеді: интраперитониалды және экстраперитониалды. Қазір дүниежүзі бойынша интраперитониалды түрі (жатырдың төменгі бөлігін көлденең тілу) жиі қолданылады.

Бұл операция 4 сатыдан тұрады. Алдымен құрсақ терісін кеседі. Теріні кесудің екі түрі бар: кіндік пен шат арасын тік кесу және шаттан 3 см жоғарғы көлденең кесу.

1. Біріншісінде теріні кескен соң басқа қабаттарды (шел, шандыр, құрсақ еттері және ішкі сірілік пердені) бірітіндеп кеседі, шандыр мойынағаш тәрізді кесіледі. Содан соң оны көтеріңкіреп, құрсақ еттерінен кіндікке дейін ажыратады. Құрсақ еттері мен ішкі сірілік перде керісінше тік кесіледі. Ішкі сірілік пердені ашқаннан кейін, жатырды екі жағынан сулы дәмекен орайды.

2. Қуық-жатыр қатпарын ашады, оны төменірек түсіріп, содан соң жатырдың төменгі сегментін көлденең 2 см тіледі.

3. Саусақтармен тілікті ұлғайтып (10-12 см дейін), жатыр қуысын ашады.

4. Қағанақ суын жарып, нәресте баспен жатса оны жатыр сыртына шығарып, қолтығынан тартып туғызады. Егер нәресте құйрық жағымен жатқан болса, оны шабынан, ал аяғымен жатса аяғынан ұстап тартып туғызады. Осыдан кейін бірден жатырдың жиырылуын жоғарлату, қан шығынын азайту үшін жатыр етіне метилэргометринді немесе окситоцинді жібереді, тез арада кіндіктен ұстап жайлап тартып, бала жолдасын жатырдан шығарып алады, жатыр қуысын қолмен тексеріп тазартады. Бірден жатыр тілігінің бұрыштарына мықтап жіп салады. Егер жатыр мойны өзекшесі ашық болмаса, Гегар кеңейткіштерімен кеңейтеді. Содан соң жатыр тілігін біртіндеп екі қабаттап тігеді (Ельцов-Стрелков тәсілі). Ең ішкі шырышты қабатты тіккенде жіпті жатыр қуысына қарай байлайды, ине жатыр қуысы жағынан кіріп, сол жатыр қуысымен шығады. Екінші қабатта тігіс жатыр сыртында болады. Содан соң қуық-жатыр қатпарымен тіліктің үстін жапсыра тігеді.

Құрсақ қуысынан дәкелерді алып, оның қуысын тазартып құрғатып, жатырды, жатыр түтікшелерін, аналық бездерді тексереді. Біртіндеп қабаттарды (ішкі сірілік пердені, құрсақ еттерін, шандыр және теріні) тігеді. Операция біткен соң зәрді арнаулы түтікшемен шығарады.

Операциядан кейінгі кезең

Операция бітісімен, құрсақ үстіне 2 сағатқа мұз қояды, 6-8 сағаттан кейін әйелге төсекте бұрылуға болады. Бірінші тәулікте тыныс алу жаттығуларын, қимыл әрекеттерін жасау, төсекте отыру рұқсат етіледі. Тамақтану тәртібі ­ № 0 үстел ­ сорпа, кисель, минералды су.

Екінші тәулікте тұруға болады. Алғашқы екі тәулікте инфузиялық емдер кеңінен жүргізіледі. Қанға 1-1,5 литр сұйық дәрілер құйылады (полиглюкин, гемодез, т.б.). Сонымен бірге инфекцияға қарсы және жансыздандыратын дәрілер кеңінен қолданылады.

Ең негізгісі ­ ішек қызметін жақсарту. Ол үшін 40 мл 10% натрий хлорий ерітіндісін көк тамырға, 1 мл 0,05% прозеринді тәулігіне екі рет тері астына жібереді.

Үшінші тәулікте әйелге жүруге болады, тамақтану тәртібі ­ № 1 үстел.

Жатырдың жиырылуын жақсарту үшін окситоцин, питуитрин, метилэргометринді бұлшық етке тәулігіне екі рет салады. Егер әйел үшінші, төртінші тәулікте өз бетінше үлкен дәретке отыра алмаса, тазарту клизмасын жасайды.

Төртінші тәуіліктен бастап жалпыға ортақ тамаққа көшеді. Егер ана мен баланың жағдайы жақсы болса, 2-3 күндері сәбиді емізуге болады, 7-8 күндері операциядан кейінгі тігісті алады. Ал 9-10 күндері қынаптық тексеруді жүргізіп, қанның, зәрдің құрамын қайта тексереді, 11-12 күн өткен соң үйіне шығаруға болады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 2068 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...