Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Кіші жамбас қуысындағы жыныс мүшелерінің қабынуы



Босанғаннан кейінгі аурулардың ең жиі кездесетін түрі ­ метроэндометрит (жатырдың қабынуы). Ауру басталған кезде жатырдың ішкі және етті қабаты қабынып, жараланып іріңдейді.

Белгілері: а урудың негізгі белгілері әйел босанғаннан кейін 3-4-күндері, ал кесар тілігінен кейін 1-3-күндері пайда болады. Дене қызуы 38-39º дейін көтеріліп, тамырдың соғысы жиілеп, ауру безгек тигендей қалшылдайды. Тамыр соғысының жиілігі дене қызуына сәйкес келеді. Жатыр жиырылып, қайта қалпына келуі бәсеңдейді, оны қолмен ұстаған кезде ауырады. Босанғаннан кейін жатырдан шығатын сұйықтық қан, ірің аралас, жағымсыз иісті болады. Кейде жатырдың нашар жиырылуынан немесе оның мойын түтігінің бітеліп қалуынан сұйықтық зат жатыр ішіне толып, оны кереді. Жатырда толғақ пайда болады. Осы кезде дененің улануы күшейіп, қызуы көтеріледі. Қан құрамы өзгеріп, әсіресе, ақ қан түйіршіктері мен ЭТЖ жоғарылайды.

Емдеу жолдары. Ем жан-жақты болуы керек. Біріншіден, жатыр қуысында плацента бөліктерінің жоқтығын қынаптық зерттеу арқылы анықтайды. Егер плацента бөлігі анықталса, онда жатыр қуысын қырып, тазалайды. Екіншіден, жатыр үстіне мұз ұстап (10 минуттай), синтетикалық антибиотиктерді (канамицин, гентамицин, ампицилин, ампиокс), улануға қарсы сұйықтықтарды (гемодез, реополиглюкин), сонымен қатар аурудың әл-қуатын көтеру үшін белоктық заттар мен дәрумендерді кеңінен қолданады. Дененің тітіркеніп, түршігуін басу үшін димедрол, пипольфен, супрастинді, дененің қызуын, оның қабынуын саябырлату үшін амидопирин, аналгин, аспирин береді. Егер ауру оттегінсіз өмір сүретін микробтар әсерінен пайда болса, онда линкомицин, левомицитин, эритромицин жібереді. Ауру 8-10 күнге созылып, толық емделмесе, инфекция одан әрі асқынады.

Параметрит (жатыр маңының қабынуы). Бұл асқынудың белгілері босанғаннан кейінгі 10-12-күндері байқалады. Дене түршігіп, қызуы 39-400 жетіп, іштің төменгі жағы тартып ауырады және қан құрамы өзгереді. Қынаптық зерттеуде жамбас пен жатыр қабырғасы арасында қозғалмайтын қабыну ісігі анықталады. Бұл ісік 3-4 апта ішінде қайта сорылып немесе іріңдеуі мүмкін. Іріңдеген ісікті дер кезінде жарып, қынап арқылы сыртқа шығарады.

Жатырдың қосалқы бөліктерінің қабынуы. Бұл қабыну көбіне сол аурулардың әсерінен болады. Ауру белгілері босанғаннан кейін 7-10-күндері байқалады. Босанған әйелдің жалпы жағдайы нашарлайды, денесі түршігіп, қызуы 39-400 көтеріледі. Іштің төменгі жағы қатты ауырып, іш пердесінің тітіркену белгісі пайда болады. Қынаптық зерттеуде жатыр ісініп, үлкейіп, ісікке қарсы жаққа қисаяды. Жатырдың қосалқы бөліктерінде ауыратын шекарасыз қабыну ісігі анықталады.

Емдеу жолдары жан-жақты, жоғарыда аталған дәрі-дәрмектер кеңінен қолданылады. Ал ісік іріңдеген жағдайда, хирургиялық тәсілді қолданады.

Пельвиоперитонит (кіші жамбас қуысының ішкі пердесінің қабынуы). Бұл ауру көбіне соз ауруларының әсерінен болады. Аурудың белгілері босанғаннан кейінгі 3-4-күндері байқалып, жіті басталады, дене қызуы 39-40º көтеріледі. Іштің төменгі жағы қатты ауырып, жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Іш пердесі тітіркенеді. Қынаптық зерттеуде жатыр үлкейіп, ісініп, ауырсынады. Қабыну ісігі қайта сорылуы мүмкін немесе іріңді қуысқа айналады.

Емі жан-жақты. Іріңді қынаптың артқы күмбезін тесіп ағызады.

Жатыр мен жамбас қуысындағы қан тамырларының қабынуы. Бұл асқыну көбінде жатырдың қабынуынан кейін пайда болады (7-8 күннен кейін). Дене ыстығы 38-39º көтеріледі, тамыр соғысы дене ыстығына сәйкес келмейді. Қынаптық зерттеуде жатыр ісініп үлкейген, ауырады, оның қабырғасынан кеңейген көк тамыр жолақтары анықталады. Бұл аурудың асқынуы тромбының үзіліп, өкпе артериясының эмболиясына әкеліп соғады.

Негізгі емдеу жолдары ­ антибиотиктер, сульфаниламид, сонымен қатар, төсек тәртібін қатаң сақтап, гепарин, т.б. дәрілерін ішу қажет.

Перитонит (іш пердесінің қабынуы мен септикалық шок). Босанғаннанкейінгіәйелде іш пердесінің қабынуы 2-3-8-күндері басталады. Іш пердесінің қуысында іріңді, іріңсіз сұйықтық пайда болады. Ауру белгілері: дене ыстығының көтерілуі, тамыр соғысының жиілеуі, іштің төменгі жағының ауыруы, жүректің айнуы, құсу, үлкен дәреттің іште қатуы. Іш қатты кеуіп, іш пердесінің тітіркену белгілері пайда болады. Бұл аталған ауру белгілері жасырын түрде өтуі мүмкін.

Соңғы жылдары кесар тілігінен кейін іш пердесінің қабынуы өте жиі кездеседі (0,47-0,6%). Негізгі себептері:

1) Қағанақтың мезгілсіз жарылып, сусыз уақыттың 12 сағаттан артуы;

2) Операция алдындағы көптеген қынаптық тексерулер;

3) Босанудың ұзаққа созылуы;

4) Жатырдағы тігістің нашарлығы.

Аурудың өрбіреуі үш сатыдан тұрады:

1. Қорғаныс сатысы. Бұл кезде іш қуысында сары су жиналып, оған қанның ақ түйіршіктері мен фибрин қосылып, қоюланып, қан аралас ірің сары суға айналады. Осыған байланысты бүйректер қызметі ұлғайып, қан құрамындағы норадреналиннің, адреналиннің, дофаминнің мөлшері көбейеді. Сары су қайтадан ішекке сіңбегендіктен, қан айналымы бәсеңдеп, онда натрий мен калийдің мөлшері азаяды да, ол ішектің қимылын әлсіретеді (атония).

2. Дененің улануы. Бұнда қан айналымы бұзылып, құрсақ көк тамырларында бөгеледі, дененің қорғаныс қабілеті, бүйректің, бауырдың қызметі төмендеп, улану ұлғая түседі, ішектің қимылы тоқтап, жиі құсып, жасушалар мен тіндерде оттегі жетіспейді.

3. Соңғы сатысы. Қан қысымы, жүрек соғысы қатты төмендейді, бүкіл дененің улануынан науқас сандырақтап, есінен танады. Клиникалық белгілері анық білінбейді.

Бұл ауру операциядан кейінгі 1-2-күндері байқалады. Әйелдің жалпы жағдайы нашарлап, іштің төменгі жағы әр түрлі сипатта ауырады. Ішек қимылы нашарлап, жел толып, салданады. Ішті перкуссиялық зерттеуде оның қуысында су жиналуына байланысты перкуссия дыбысы нашар естіледі. Құлақпен тындағанда (аускультация) ішек қимылы өте төмен немесе жоқтың қасы. Іш пердесінің тітіркену белгілері анықталмайды.

Кесар тілігінен кейінгі жараны қолмен ұстап көрген кезде, ол қатты ауырады, жыныс жолдарынан қан және ірің аралас жағымсыз иісті сұйықтық ағады.

Қан құрамы өзгереді – гемоглобин төмендеп, ақ қан түйіршіктері жоғарылайды, қанның нейтрофиль формуласы солға жылжиды, ЭТЖ жоғарылайды. Улану салдарынан зәрде белок пайда болып, бүйрек қызметі төмендейді. Кесар тілігінен кейінгі іш пердесінің қабынуындағы негізгі ерекшеліктер:

1. Аурудың жасырын түрінде дене ыстығы көтерілмейді, іш пердесінің тітіркену белгілері өте төмен немесе болмайды.

2. Қорғаныс сатысынан улану сатысына тез көшеді.

3. Дәрігерлік көмектен кейін ауру белгілері қайталанады. Сондықтан кесар тілігінен кейін, 1-2-күндері улану белгілері пайда болса, оған үлкен көңіл бөлу қажет. Кесар тілігінен кейін іш пердесінің қабынуын тек операциялық жолмен емдейді – жатырды және жатыр мойын түгел алып тастайды (экстрипация матки) Қынаптың шетін бөлек тігіп, оны ашық және төрт түтік қалдырады. Операциядан кейін бүкіл ағзаның қажеттілігін қамтамасыз ететін мүшелер қызметін қалпына келтіретін жан-жақты емдер қолданылады: диализ (іш қуысын дәрі-дәрмекпен шаю); қан және қанның әр түрлі құрамдарына (стафилококқа қарсы плазма, мұздатылған эритроцитарлық масса, глюкоза, гемодез, реополиглюкин, белок сұйықтықтары); десенсибилизаторлар (димедрол, супрастин, пипольфен); қанның әр түрлі қасиетіне әсер ететін дәрілер (трасилол, контрикал, гепарин); шек қимылын реттейтін (прозерин, церукал, гипертониялық клизма); жүректің, өкпенің, бауырдың қызметін қолдаушы дәрілер және аурудың бетін қайтаратын тағы басқа емдер қолданылады. Бір тәулікте тамырға құятын сұйық дәрі- дәрмек мөлшері үш литрге жуық болуы қажет. Сонымен қатар, бұл дәрілердің мөлшері тәулікте шығатын зәрмен қадағаланып, сәйкестендіріліп отырады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 4106 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...