![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
2. Көркемдік амал-тәсілдер
Мақсаты: Көркем шығарманың көркемдік тәсілдерін, тілдік айшықтарын меңгерту.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: көркем туынды, көркемдік тәсіл, троп, теңеу, айқындау, ауыстыру, кейіптеу.
Дәріс мәтіні (тезис)
Поэзия ойдың көркем бейнесі болғандықтан, онда көркемдік құралдар мол кездеседі. Поэтика әдебиеттанудың көнеден келе жатқан салаларының бірі. Зерттеу нысаны әдеби туындыдағы бейнелеу құралдарының жүйесі.
Теңеу. Екі нәрсені немесе құбылысты салыстыру. Кейде айтылып отырған зат тұтас салыстырылса, кейде оның бір белгісі, бөлшегі ғана алынады. Сол сияқты кейде өзара табиғаты үйлес заттар салыстырылса, кейде салыстыруға бір‑бірінен мүлдем алшақ ұғымдар алынады. Мысалы: “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” (Абай), “Алақандай ақ бәтес” (Мағжан), “Солдаттың етігіндей жаным сірі” (Қасым). Алғашқы теңеуде бір қарағанда теңеліп тұрған ұғымдардың арасында байланыс жоқ сияқты. “Қақтаған ақ күміс” сызатсыз, тегіс болатын болса, жас қыздың маңдайы да әжімсіз, мінсіз болады. Ендеше теңеліп тұран екі ұғым арасында үйлесімділік бар екен. Адамның алақанының жылуы мол болса, ақ бәтес тазалықтың бейнесі. Сонда “алақандай ақ бәтес” алдымен оның шағын ғана көлемін білдірсе, екіншіден қардай аппақ бәтесті бойжеткен көңіліне жақын тұтқан адамына сыйлайды. Сол сияқты “солдаттың етігіндей жаным сірі” деген тіркесті Қасым ақын соғыс тақырыбындағы өлеңінде алып отыр. Әрине, мұндайда жырларда кездесетін “арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты” деген дағдылы тіркестер қажет секілді. Алайда, от пен оқтың ортасында майдан кезген жауынгер үшін үстіндегі шинелі мен аяғындағы етігінен мықты зат жоқ. Тап осы әскери лирикада “солдаттың етігі” мықтылықты, төзімділікті бейнелеп тұр.
Теңеуге метафора (ауыстыру) жақын келеді. Негізгі айырмасы – метафорада салыстырылған екі нәрсе бірігіп, бір ұғымды береді, ал теңеуде екі нәрсе ұқсастырылады. Мәселен,
Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы (Абай).
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам (Сұлтанмахмұт).
Мен – тауда ойнаған қарт марал (Махамбет).
Алғашқы ауыстыруда өлең секілді дерексіз ұғым патшаға айналды. Сұлтанмахмұттың өлеңінде ақынның романтикалық тұлғасы аспанға өрлеген күнге баланды. Яғни, көз алдымызға ауыстырылған екі ұғымның біреуі ғана келеді (патша, күн, қарт марал). Метафорада ауыстырылған екі ұғымның біреуі ғана аталады.
Эпитет (айқындау) бір нәрсенің ерекшелігін айқындай түседі. Мысалы, қамыс құлақ, қой мойын, қоян жақ, бөкен қабақ. Көбіне, айқындау теңеумен, ауыстырумен қоса қабат қолданылады. Мысалы:
Қаптаған қара бұлттай,
Қайнап біткен болаттай,
Мен – тауда ойнаған қарт марал.
“Қаптаған қара бұлт” – айқындау, “қаптаған қара бұлттай” – эпитетті теңеу. “Тауда ойнаған қарт марал” – айқындау, “мен – тауда ойнаған қарт марал” – эпитетті метафора.
Символ – балама бейне. Мұнда негізгі ой, құбылыс сол балама бейне арқылы беріледі де, шарттылық басым болады. Ақын‑қаламгерлер шығармаларының атауында да символдық ұғымды қолданады. Мәселен, Ә.Нұрпейісовтің романы “Қан мен тер” деп аталады. Сәкеннің шығармаларында “асау тұлпар”, “экспресс”, “дауылпаз құс” секілді балама бейнелер аталады.
Аллегория – көркем тұспалдау деген сөз. Онда айтылып отырған нақты нәрсе түгелімен ауыспалы мағынада беріледі. Аллегория шешендік сөздерде, мысал өлеңдерде, толғау‑термелерде, салт‑дәстүрге байланысты өлеңдерде беріледі. Мәселен, мысал өлеңдерде адам қатыспайтыны белгілі. Оның орнына аң, құс, өсімдік алынып, адамның әрекеті соларға телінеді. Олар адамша сөйлеп, ойлап, әрекеттер жасайды. Яғни, өздерінде жоқ қасиеттермен көрінеді. Аллегория мен символ кейде ұқсап жатады. Негізгі айырмасы символда тұтас мәтіндегі жекелеген ұғымдар ғана балама түрінде алынады. Ал, аллегорияда тұтас мәтін ауыспалы, жұмбақтау түрінде беріледі. Мәселен, халықтың жұбату өлеңінде “қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ” деп адамның ауыр қазасына жұбату айтады. Бұдан басқа өлеңде қайталау түрлері мол. Олар сөз, дыбыс қайталауы, тармақтың басында немесе соңында келетін қайталаулар болады. Мәселен, ұлт ақыны Мұқағалида:
Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар!
Орын сайла ортаңда жұмысым бар.
Ата болып не маған ұрысыңдар.
Адам болып немесе ығысыңдар, ‑ деген өлең жолы бар. Мұндағы “ығысыңдар” деген сөз үш рет қайталанып, өлеңге лептілік, үстемелік дарытып тұр. Ал, К.Ахметованың “Сарыөзек сағыныш” жырында “сары” сөзінің мәнді қайталауын жасаған. Мұнда К.Ахметова дәстүрлі он бір буынды өлеңді 4,7,7,4 буындарына бөліп тастап, өлеңнің интонациялық ырғағын өзгерткен.
Абай әлеміне еркін еніп, өлең дәстүрін лайықты жалғастырған қазақ ақындары (Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт т.б.) көркемдік‑рухани дүниелерді терең толғаса, ұлттық поэзияның ұлы мұраттарын бар қырынан ашқан Ә.Тәжібаев, Т.Әбдірахманова, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбай, М.Айтхожина, Ф.Оңғарсынова, А.Бақтыгереева, О.Сұлейменов, Қ.Мырза Әлі, Қ.Бұғыбаева, М.Шаханов, Т.Медетбек, Ж.Әбдірашев т.б. ізденістері, көзқарас эволюциялары, жырлау тәсілдері көптің көңілінен шығып, рухани нәр сыйлады.
Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 2680 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!